Мемлекеттік қызметшілер қаламгерлермен кездесті
04.03.2025
57
0

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметке еңбегі сіңген ардагер қаламгерлермен жиі кездесулер ұйымдастырады. Мемлекеттік қызметтің қыр-сырын жетік білетін жазушылар, ғалымдар жас мамандармен кездесіп, жас буынмен емен-жарқын ой-пікір алмасады. Жуырда Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, қаламгер мемлекеттік қызмет ардагерлері Қойшығара Салғараұлы, Төлен Әбдік, Әлібек Асқаровпен кездесті.
Кездесуге ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушы-профессорлары, докторанттары мен магистранттары, мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Жалпы, әрбір мемлекеттік қызметші – мемлекеттік идеологияның тетігі. Мемлекет басшысы айтқандай, озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Іс-шараның мақсаты да мемлекеттік қызметтің даму тарихын саралап, ардагерлердің тәжірибесін жаңа буын мамандарға ұсыну, мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру және жаңа құндылықтарға сай адал азамат болмысы мәселелерін талқылауға арналды.
Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратын кәсіби маман ғана емес, олар әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет екенін атап айтқаны белгілі.
Дархан Жазықбайдың айтуынша, әдебиет – қоғамды тәрбиелейтін, жас ұрпақтың жүрегіне ізгілік дәнін себетін ұлы күш. Есті қоғам әдебиетін насихаттауға тиіс. Осы ретте әдебиет пен мемлекеттік қызметті қатар алып жүрген, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға үлес қосқан аға ұрпақтың қаламгерлік және қайраткерлік болмысына үңілудің жас ұрпаққа берер тәлімі мол. Дархан Медеғалиұлы өз сөзінде: «Мемлекеттік қызметшілер үшін кәсіби маман болу жеткіліксіз, сонымен қатар тұлғалық қасиеттерге ие болуы маңызды», – дей келе, олардың рухани болмысын қалыптастыруда көркем әдебиет маңызды рөл атқаратынын атап көрсетті. «Әдебиет адамды моральдық және этикалық құндылықтарға, ұлттық рух пен
патриотизмге тәрбиелейді», – деді.
Адал азамат – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық болмысы жайында жазылатын кітап, әдебиетті оқу жас ұрпақтың бойында мемлекетшілдікті, кәсіпқойлықты, ізгілікті күшейтуге тиіс.
«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп халқымыз айтқанындай, жылы атмосферада өткен кездесуде мемлекеттік қызмет ардагерлерінің тәжірибесі ұрпақтар сабақтастығы үшін қашан да маңызды екені айқын көрініс тапты.
Жазушы-ғалым Қойшығара Салғараұлы: «Сөздің сыртқы формасына ғана қарамай, құдіретіне мән беру керек» десе, қазақтың қабырғалы жазушысы, таңғажайып еңбектердің авторы Төлен Әбдік: «Мемлекеттік қызмет бойымды тіктеп, ұстанған тәртібімді шыңдады» деген ойын ортаға салды. «Ал әдебиет адамның бойына парасат, биік адамгершілік қасиеттерін ұялататынын айтып, жастарды гуманизмге, тарихты білуге шақырды және оны білу аз, зерделеп, түсіну керек», – деп сөзін жалғады.
Жазушы, дәуірді тұлғалар жасайтынына сенімді қаламгер Әлібек Асқаров мемлекеттік қызметтегі тәртіп пен іскерлік, жауапкершілік туралы танымды ойларын ортаға салды, қызықты пікірлерімен бөлісті.
Кездесуде қаламгерлер мемлекеттік қызметтің – ұлтқа қызмет екенін тағы да айтып, жастарды жаңашыл болуға шақырды. Осы ретте өздерінің кәсіби жолы мен қызметі туралы әңгімелеп берді.
Мемлекеттің ісі алға басуы үшін мемлекеттік қызметтегілер мүлтіксіз жұмыс істеуі керек. Сонда ғана халықтың сенімі оянады. Мақсаты – айқын, мұраты – биік, адал мемлекеттік қызметші Отанының да мәртебесін биіктетеді. Міне, осындай мемлекетшіл тұлғалардың образы әдебиетте де көрініс тауып жатса қуанарлық жайт.
Ардагерлер мемлекеттік қызметтегі жас буынға кеңес бере отырып, олардың мемлекет мүддесі жолындағы маңызды қадамдарына табыс тіледі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір