Шекара сарбаздарымен кездесті
Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жетісу облыстық департаменті мен Қазақстан Жазушылар одағы арасында жасасқан меморандум аясында ҚЖО-ғы атынан мен- Бақытбек Бәмішұлы, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облыстық департаменті атынан баспасөз хатшысы, әскери журналист, подполковник Манарбек Қарекеновтің басшылығындағы Алакөл аудандық шекара басқармасына сапарлап қайтқан еді.

Бұл біріккен жобаның негізгі мақсаты – шекаралық аймақтарда еліміздің түкпір-түкпірінен келіп шекара қорғап жүрген сарбаздармен бетпе-бет кездесу өткізу. Кездесу барысында шекарашы сарбаздардың қызметі, көңіл күйлері, жағдайымен жете танысу, олармен бабалық дәстүрлі Отан қорғау сабақтастығы, ұлттық дәстүр жайында тәрбиелік мазмұнды сабақ жүргізіп, ата-бабалардың ерлік жолын насихаттау, шекарашыларымыздың мәртебесін, ұлттық рухын көтеріп, отаншылдық, патриоттық рухта шығармашылық өнер өкілдерімен келелі кездесу өткізу еді.
Алакөл ауданының орталығы Үшарал кентіне көз байлана жеткен біз Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік комитеті, Шекара қызметінің Жетісу облыстық департаменті Алакөл аудандық шекара басқармасының бастығы подполковник М.Рысдаулетов мырзаның қабылдауында болып, іссапар барысын таныстырдық. Біздің келетінімізден күні бұрын хабардар отырған басшы ары қарайғы сапарымыздың ойдағыдай орындалуы үшін барлық жағдай жасалатынын айтып, жылы жүзбен, сәт сапар тілеп аттандырды. Біз кештетіп Достық шекара бөліміне бет түзедік. Бұл – еліміздің қиыр шығысындағы Қытай мен аралықтағы Достық кеден бекеті. Жеткен күні кешкі уақытқа қарамастан, «Жетісу» шекара бөлімшесінің жеке құрамымен кездесу ұйымдастырылды.
Достық кеден бекетінің заманауи жаңа қонақүйінде демалып, ертеңгісін Достық шекаралық бақылау бөлімінің сарбаздарымен кездесу өткіздік. Одан кейінгі жолымыз Жалаңашкөл, Айдала, Шыңдалы, Селті және Алакөл ауданы орталығындағы Кәсіби техникалық қайта даярлау бөлімінде жалғасты.
Шекара бөлімшелеріне апаратын жол тақтайдай, дірілдек, шоқалақтың бәрін қырып тастаған, ойлы-шұңқыр түгел тегістелген, шашын тықырлап ұстарамен алған бастай жып-жылтыр майда жол асфальттай, тұяқ ілер тассыз, тап-тақыр. Жол солай болса да бізге тау тасқа жүйрік екі су жаңа авто көлігін дайындап қойған екен. Тізгінде шопыр-сарбаздар әрі автомеханик.
Әр бөлімшеде бізді сақадай сай, тап-тұйнақтай киінген, жұтынып тұрған жас сарбаздар қарсы алды. Сарбаздардың жай-күйі, жағдайы, ішкі жан дүниесі көз қарас, қабақтарынан-ақ көрініп тұрды. Көңілдері сергек, көздерінде от! Һәм қағылез. Қимылдары ылдым. Олардың тап-таза жатын орын, кітапхана, асхана, оқу-жаттығу бөлмелерімен танысып, емен-жарқын ашық әңгіме өткіздік. Аспаз-сарбаздардың өздері жасаған сорпа-суынан ішіп, өздері пісірген иісі бұрқыраған нанын, тәтті салаттарын сүйсініп жедік.
Біз әуелі амандасқанда «ел аман, жұрт тыныш па?» дейтін халықпыз. Тілек тілегенде, көпке бата бергенде «ел іргесі аман болсын!» дейміз. Ел іргесі дегеніміз – шекара. Шекара аман болса, шекара қыл өтпестей берік болса ел аман, жұрт тыныш. Бұл амандықты көзінің қарашығындай сақтаушы біздің шекарашыларымыз. Шекарашы болу – ең қасиетті, ең мәртебелі, ең құрметті, ең абыройлы іс. Ол – екінің біріне бұйыра бермейтін, жігіттің жігітінің маңдайына жазылған бақ. Ертең әскери міндетін аман-есен абыройлы атқарып елге оралғанда ел қорғағанын, жер қорғағанын мақтанышпен жыр қылып айтады. Елдің тағдыры, жердің бүтіндігі шекарашылар қолында екенін жеткізуді өзімізге біз де міндет, борыш санағанбыз. Әрбір азамат үшін мемлекетшілдік сана басты ұстаным, ол от басынан, бесіктен, ана сүтімен бойға қонатын рухани байлық екенін әр кездесуімізде, шекарашы сарбаздар алдында сөйлеген әр сөзімізге арқау еттік.
Рухты өлеңдерімізді оқып, өнерлі, өнерпаз сарбаздарымыздың ән-күйін, өлең-жырларын тыңдап, бір атаның баласындай берекелі, ынтымақты, жұмылған жұдырықтай, ертеңіне деген сенімі зор, көңілдері тоқ Отан шебіндегі шекарашы жастарымызды көріп көзайым болып, бұндай кездесулер жыл-жыл сайын жүзеге асып, жалғасын тауып жатса құба-құп болар еді деген ізгі тілекпен оралдық.
Б.Бәмішұлы
ПІКІРЛЕР1