ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ
25.02.2025
83
0

Биыл Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ауылда тұрып шығармашылықпен айналысатын қауымды қолдау меморандумына қол қойған болатын. Қазақстан Жазушылар одағына мүше ақын-жазушыларға грант бөлу, оларды таныстыру мақсатында библиографиялық кітап шығару да жоспарланған. Сондай-ақ ауылдан шыққан қаламгерлерді өңірдегі мектеп оқушыларына таныстыру іс-шаралары да қарастырылған.

Жақында Қаратұрық ауылдық округіне қарасты, Достық ауылындағы Социалистік Еңбек Ері Алтынбике Бертаева атындағы орта мектепте, ауданның Шелек өңірінде туып-өскен ақын-жазушылар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Иминжан Тохтияров, Авут Масимов және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Анарбек Бердібаевтардың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті.
Ауыл әкімшілігінің қолдауымен, мектеп директоры мен Қаратұрық ауылдық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен өткен «Өнерімді еліме арнаймын» атты кездесуге қонақтар мен қатар, ауыл ақсақалдар алқасының және әйелдер кеңесінің басшылары мен ауыл белсенділерін де шақырып, салтанатты түрде қарсы алды. Қаламгерлердің кітап көрмелерімен таныстырылған соң, игі шара еліміздің Әнұранын қатысушылардың орындауымен бастады.
Қаламгерлердің өмірбаяндары мен шығармашылықтағы жетістіктерімен таныстырды. Атап айтқанда, ақын, Байсейіт ауылының тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, мәдениет саласының қайраткері, Құрмет орденінің иесі, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Иминжан Исмайлұлы – оншақты жыр кітабының және екітомдық таңдамалы жинағының авторы. 200-ге жуық ән мәтінін жазуымен де танымал. Қазақтың танымал ақыны Шөмішбай Сариевтің «Дүниені жалт қаратсам деп едім» деген өлеңдер жинағын аударумен де ұйғыр ұлтын да жыр құдіретіне жалт қаратқан болатын.
Балалар жазушысы, Қаратұрық ауылының тумасы, Жазушылар одағының мүшесі, Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының ұйғыр әдебиеті бойынша кеңесшісі Авут Даутұлы – «Дастарқан», «Белгілер бәсекестігі», «Апта және он екі ай» «Ақмихан» ертегілер жинағы мен «Саусақтар ойыны», «Бес күн бос, екі күн демалу» кітаптарының авторы. Республикалық «Құлагер» бәйгесінің балалар әдебиеті номинациясының жүлдегері. Ол әрі драматург, «Сиқырлы сезім» фильмін, «Өмір шырыны» спектаклін, тағы басқаларын жазған.
Анарбек Мөкішұлы – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ғұмыр – көш» жыр жинағының авторы. Аудармашы, бірнеше ұйғыр ақындарының өлеңдерін қазақ тілінде «сөйлеткен», соның ішінде, Иминжан Тохтияровтың да өлеңдері бар. Сондай-ақ Авут Мәсимовтың «Ақмиқан» атты ертегісі мен «Айқасқа» повесі мен мақалаларын аударған. Оннан аса әндердің мәтінін жазған. Тарихи мақалалар жазумен де айналысады.
Мектеп оқушылары осы үш қаламгердің өлеңдерін жатқа оқыды, мәтініне жазған әндерді шырқады, сахналық қойылым көрсетті, қазақ, ұйғыр, түрік халықтарының билерін биледі. Қаламгерлерге сұрақ қойып, тұшымды жауаптар алды.
Екі ұлт арасында халықтар достығына дәнекер болып, ұйғыр ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ халқына таныстырып, жасампаздық пен жарқын жұмыс атқарып жүрген Анарбек Бердібаевты Республикалық ұйғыр этно-мәдениет орталығы Алматы облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының облыстық кеңесінің мүшесі Әркинжан Жұмаев Алматы қалалық филиалының «Қамқор» медалімен марапаттады. Ал жазушы Авут Даутұлы Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің шараны ұйымдастырған мектеп ұжымына жылы лебізін жеткізді. Сонымен қатар ұйғыр әдебиетін қазақ тіліне аударып, ерен еңбек етіп жүрген аудармашы, ақын Анарбак Мөкішұлына Қазақстан Жазушылар одағы атынан шапан жапты. Ал Қаратұрық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гүлнәр Тұрсынбек округ әкімінің алғысхатымен қаламгерлерді марапаттаса, мектеп директоры Нұркен Қойбағаров ұлттық құндылықтар бейнеленген панноларды сыйға тарту етті. Ауыл ақсақалдары жылы лебіздерін білдірді.

Музаффар ЗАЙЫТОВ, жазушы,
Еңбекшіқазақ ауданы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір