«Әдебиет.Рух. Қоғам» халықаралық әдеби байқауының ережесі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық» деп атап өткен болатын. Осы орайда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге ала отырып, Ақтөбе облысы әкімдігі әдебиет пен өнерді қолдау, таланттарды анықтау мақсатында поэзия, проза, драматургия, көркем аударма, сатира, балладалар мен дастандар және балалар әдебиеті бағыттары бойынша халықаралық әдеби байқау жариялайды. Әр жылға байқау шартына тұлғалардың мерейтойына орай номинацияларға өзгеріс енгізіледі. Осы ЕРЕЖЕ Ақтөбе облысы әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып, жүзеге асырылады.
Әдеби байқаудың құрылтайшысы:
– Ақтөбе облысының әкімдігі;
– Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы.
Әдеби байқаудың ұйымдастырушысы:
– Ақтөбе облыстық халық шығармашылық орталығы;
– С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы;
– Қазақстан Жазушылар одағы.
Қазылар алқасы:
Қазақстан Жазушылар одағы мен Ақтөбе облыстық әкімдігі бірлесе отырып жасақтайды. Қазылар алқасының үш мүшесін Жазушылар одағы ұсынады. Төрт мүшесі жергілікті тұлғалардан құрылады.
Әдеби байқаудың мақсаты мен міндеті:
Мақсаты – әрбір сөздері ұранға айналып, қазақ әдебиетінде көрнекті із қалдырған, айтулы тұлғаларымыздың атын ұлықтау, насихаттау; Қазақ әдебиетінде әртүрлі жанрлар мен бағыттарда жазылған шығармалар қатарын толықтыру;
Міндеті – ел мәдениетіне, қазақ әдебиетіне үлес қосып жүрген қаламгер тұлғаларымыздың шығармаларын жас ұрпаққа үлгі ету, ұғындыру, олардың патриоттық сезімдері мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға жол ашу.
Әдеби байқаудың шарттары мен марапаттау уақыты:
Халықаралық әдеби байқауға жас шамасына қарамастан, қазақ тілінде (көркем аударма номинациясынан бөлек) поэзия, проза, драматургия, әдеби көркем аударма және балладалар мен дастандар жанрында жазылған үздік шығармалардың авторлары қатыса алады. Бір қатысушы 3 номинацияға дейін шығармалар ұсына алады.
«Әдебиет.Рух. Қоғам» әдеби байқауының бұрынғы жеңімпаздары қатыса алмайды.
Байқауға 1 номинация бойынша бірнеше үміткер қатысып, ішінен бір жеңімпаз анықталады.
Байқауға автордың бұрын еш жерде жарияланбаған шығармалары ғана ұсынылады. Әдебиет саласының мамандарынан құрылған әділқазы мүшелері байқауға түскен шығармаларды талқылап, сараптап, жеңімпаздарды анықтайды.
Әділқазы мүшелерінің көпшілік дауысын жинаған шығарма ғана үздік деп танылады. Қазылар алқасының шешімімен таңдалған жеңімпаз марапаттау шарасына шақырылады.
Байқаудың өткізілу мерзімі:
Байқауға қатысу үшін өтінім 2025 жылдың 31 мамырына дейін adebiet.ruh.kogam@mail.ru электрондық поштаға жіберілуі тиіс.
Байқау жеңімпаздары секретариат мүшелерінің шешімімен ағымдағы жылдың 15 тамызына дейін анықталады.
Жеңімпаздардың жол ақысы, орналасуы мен тамақтануы өз есебінен төленеді.
Әдеби байқау жеңімпаздарына төмендегі номинациялар бойынша жүлделер беріледі:
Поэзия номинациясы бойынша Сағи Жиенбаев атындағы жүлде 1 000 000 теңге, медаль және куәлік. Бұл номинация төмендегі критерилер бойынша тағайындалады:
«Тал бесігім – туған жер» тақырыптық өлең топтамалары;
Шығармалар көлемі 7–15 парақ аралығында болуы шарт;
Лирикалық түйіндері мықты, шешімдері өзгеше өрнектермен өрілген өлең жолдары;
Адамзаттық үлкен мақсаттар мен мұраттарды сюжеттік толғаныстармен шебер суреттеген шығармалар.
Поэзия номинациясы бойынша Төлеген Айбергенов атындағы жүлде 1 000 000 теңге, медаль және куәлік. Бұл номинация төмендегі критерилер бойынша тағайындалады:
«Жас толқын» лирикалық жырлар топтамасы ұсынылады:
Жасы 30-ға дейінгі жастар қатысады;
Жас дәуреннің жалынды жырлары;
Елге, Отанға сүйіспеншілік;
Автордың бұрын еш жерде жарияланбаған шығармасы қабылданады;
Шығармалар көлемі 7–15 парақ аралығында болуы шарт.
Проза номинациясы бойынша Тобық Жармағанбетов атындағы жүлде
1 000 000 теңге, медаль және куәлік. Бұл номинация төмендегі критерилер бойынша тағайындалады:
Мифологиялық бағыттағы әңгіме немесе повесть ұсынылады;
Стереотиптік таным, дәстүр, наным, сенім, ұлттық үрдістер бейнесін айшықтайтын;
Әңгіме, повесть желісі мазмұнды, тартымды, ұтымды болуы шарт;
Автордың бұрын еш жерде жарияланбаған шығармасы қабылданады.
Драматургия номинациясы бойынша Тахауи Ахтанов атындағы жүлде
1 000 000 теңге, медаль және куәлік. Бұл номинация төмендегі критерилер бойынша тағайындалады:
Қазақ драматургиясының дамуына үлес қосатын драмалық шығармалар ұсынылады.
Ұлттық рухқа тәрбиелейтін бағыттағы бүгінгі қоғамдағы келеңсіз жайларды, айтулы оқиғаларды драматургиялық шығармасына арқау еткен;
Елдің бірлігі, ынтымағы, ұлттық рухани серпілісін оятуды мақсат еткен пьесалар;
Тартымды оқиғалары мен қызықтырар кейіпкерлері ел жадында сақталып, көрерменнің ой түзеуіне септігін тигізетін;
Автордың бұрын еш жерде жарияланбаған шығармасы қабылданады.
Сатира жанры номинациясы бойынша Үмбетбай Уайдин атындағы жүлде
1 000 000 теңге, медаль және куәлік. Бұл номинация төмендегі критерилер бойынша тағайындалады:
Тапқыр теңеулерімен, әсерлі сөздерімен қоғамның ащы шындығын жеткізе білген сатиралық шығармалар ұсынылады;
Шығарма саны – 7–15 парақ аралығында болуы шарт;
Юморлық шешімдері, сарказм, сатиралық түйіндері арқылы тәлім-тәрбиелік үлгі көрсете білген;
Өмірде күнделікті кездесетін жайларды әжуа арқылы жеңіл тілмен, ұғынықты сөзбен жеткізген;
Автордың бұрын еш жерде жарияланбаған шығармасы қабылданады.
Көркем аударма номинациясы бойынша Қуандық Шаңғытбаев атындағы жүлде 1 000 000 теңге, медаль және куәлік. Бұл номинация төмендегі критерилер бойынша тағайындалады:
Қуандық Шаңғытбаевтың өлеңдерін ағылшын және түркі тілдеріне аударған нұсқалар ұсынылады;
Шығарма 7–15 парақ аралығында болуы шарт;
Аударма тілінің көркемдігі, төл туындының мазмұнының толық берілуі;
Аударылып отырған тілді де грамматика, сөздік қор және дыбыстық ерекшеліктер жағынан танып, орынды қолданған;
Балаларға арналған шығарма номинациясы бойынша Ізтай Мәмбетов атындағы жүлде 1 000 000 теңге, медаль және куәлік. Бұл номинация төмендегі критерилер бойынша тағайындалады:
Автор балаларға арналған шығармаларын ұсынады;
Шығарма 7–15 парақ аралығында болуы шарт;
Балалардың жас ерекшелігіне орай ұсынылған шығарманың қай жас аралығына бағытталғаны белгіленіп, көрсетілуі тиіс (мысалы: 3–5 жас, 12–15 жас т.с.с.).
Балалар әдебиетіндегі басты қасиеттердің бірі оларды ер жүрек, өз Отанының патриоты, белсенді болуға жетелейтін, өнеге беретін батыр, адал адамдардың образын жасау;
Автордың бұрын еш жерде жарияланбаған шығармасы қабылданады.
Проза номинациясы бойынша Қажығали Мұханбетқалиев атындағы жүлде
1 000 000 теңге, медаль және куәлік. Бұл номинация төмендегі критерилер бойынша тағайындалады:
Тарихи шығармалар ұсынылады;
Сөздері нық, ойға қонымды етіп жеткізе білуі шарт;
Автордың бұрын еш жерде жарияланбаған шығармасы қабылданады;
Қазіргі өмір шынайылығының заманауи өзгерістермен астасуы.
Поэзия номинациясы (баллада жазу) бойынша Өтежан Нұрғалиев атындағы жүлде 1 000 000 теңге, медаль және куәлік. Бұл номинация төмендегі критерилер бойынша тағайындалады:
«Өтежан-өлең. Оның тылсым табиғаты» танымдық зерттеу шығарма ұсынылады;
Шығарма 10 парақтан кем болмауы тиіс;
Шығарма Өтежан Нұрғалиевтің шығармашылығы, бұрын еш жерде жарияланбаған тың ақпараттық зерттеулер болуы шарт;
Өтежан тілінің ерекшелігін айшықтау.
Драматургия номинациясы бойынша Бәкір Тәжібаев атындағы жүлде
1 000 000 теңге, медаль және куәлік. Бұл номинация төмендегі критерилер бойынша тағайындалады:
Автордың өлеңдеріне жазылған әндерді қамтитын, жастарға арналған мюзикл, музыкалық қойылым (Б. Тәжібаев әндерін қамтуы шарт);
Автордың бұрын еш жарияланбаған туындысы қабылданады.
Поэзия номинациясы бойынша Есенбай Дүйсенбайұлы атындағы жүлде 1 000 000 теңге, медаль және куәлік. Бұл номинация төмендегі критерилер бойынша тағайындалады:
Есенбай Дүйсенбайұлына арнау және еркін тақырыптағы топтамалары;
Шығармалар көлемі 7–15 парақ аралығында болуы шарт;
Автордың бұрын еш жерде жарияланбаған шығармалары қабылданады.
Әдеби шығармашылық байқауға келетін мәртебелі қонақтар:
Байқауға республика көлемінде танымал ақын-жазушылар қонақ ретінде шақырылады. Олардың жол шығыны, жатын орыны, тамағы ұйымдастырушылар тарапынан.
Ұйымдастырушылармен байланыс:
Қатысушылар түсінбеген сұрақтары мен ұсыныстар жөнінде төмендегі байланыс нөмірлеріне хабарласа алады.
Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы
8 (7132) 23-10-29;
Қазақстан Жазушылар одағы
Құрманқұлов Бауыржан Мырзахметұлы, 8-701-555-19-54.
Ақтөбе қаласы, 11-шағынауданы, құрылыс 112 «Е», 8(7132) 23-74-00,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы