Мемлекеттік стипендия тапсырылды

Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин 2024 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны әдебиет және өнер қайраткерлеріне табыс етті. Мемлекеттік стипендия әдебиет пен өнер саласындағы 75 адамға берілді.
Олардың қатарында Әкім Тарази, Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдікұлы, Қойшығара Салғараұлы, Серік Тұрғынбекұлы, Алтыншаш Жағанова секілді көрнекті ақын-жазушылар бар.
Жыл сайын тағайындалатын бұл стипендия – мемлекеттің әдебиет және өнер қайраткерлерін, шығармашылық қызметкерлеріне және жас дарындарға көрсетілген қолдауы мен қамқорлығының айғағы. Сондай-ақ олардың ұлт мәдениетін өркендетіп, әлемге танытуға қосқан елеулі үлесіне көрсетілген құрмет.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мемлекеттік стипендия иегері атанған әдебиет, өнер қайраткерлерін құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Алматыда Достық үйінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен әдебиет пен өнер қайраткерлеріне мемлекеттік стипендия табыстау салтанаты өтті.
Стипендияға ие болғандар қатарында Асанәлі Әшімов, Марфуға Айтқожа, Бексұлтан Нұржекеұлы, Кәдірбек Сегізбаев, Тынымбай Нұрмағанбетов, Сейфолла Оспан, Бибігүл Иманғазина, Ақұштап Бақтыгерева, Ханбибі Есенқарақызы, Смағұл Елубай, Зейнеп Ахметова және басқа да көрнекті мәдениет пен әдебиет қайраткерлері бар.
Шара барысында министр руханияттың көшін алға сүйреп келе жатқан аға буынның лебізі мен ұсыныс-тілектерін тыңдап, олардың ел бірлігін нығайту және ұлттық құндылықтарды насихаттау ісінде маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.
Стипендия иегерлері мемлекеттің қаржылай қолдауы арқасында, шығармашылықпен алаңсыз айналысуға мүмкіндік алады. Бұл стипендия еліміздегі әдебиет және өнер саласының дамуына ықпал етіп қана қоймай, тың идеялар мен жобалардың іске асуына септігін тигізері хақ.
ПІКІРЛЕР1