Бәкір Тәжібаевтың домбырасы музей қорына тапсырылды
Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде қазақтың көрнекті ақыны, драматург, әнші, сазгер Бәкір Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Бәкір Тәжібаев: жүректен шыққан жыр, ғасырға жеткен ән» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Әдеби-сазды кешті «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі ашып, ұлттық музыкалық шығармаларды орындады.
Кешке Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов бастаған қаламгерлер қатысып ақынның артына қалдырған мол мұрасы мен автордың қазақ ән өнеріндегі орнына тоқталып, өз естеліктерін айтты.
Сондай-ақ дәстүрлі әнші, ҚР Халық артисі Айгүл Қосанова, композитор, пианист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еркен Ынтықбаев, Санат Асуат және Бостандық ауданы №3 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Алтын жас» хоры өнер көрсетіп, Бәкір Тәжібаевтың әндерін орындады.
Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктер айтылып, оның өнердегі дара жолы туралы сыр шертілді.
Бәкір Тәжібаевтың домбырасы музей қорына тапсырылды. Тарихи жәдігерді музейге ақынның ұлы Тәжібаев Жасұлан Бәкірұлы табыстады.