Әдебиет­ті насихат­таудың әлемдік үрдісі
26.11.2024
34
0

Апта басында Қазақстан Жазушылар одағында ҚР Мәдениет министрлігі мен Алмания сыртқы істер министрлігінің және әл-Фараби атындағы Ұлт­тық университет­тің қолдауы бойынша елімізге сапарлап келген Франкфурт кітап көрмесінің Президенті және бас редакторы Юрген Боос және осы ұйымның негізгі клиент­терді басқару және кітап өнімдерін сату жөніндегі менед­жері Владка Купска қазақ қаламгерлерімен жүздесті.

Алқалы басқосуды ашып, жүргізіп отырған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жиналғандарға қонақтарды таныстырып, талқылаудың тақырыбы жайлы айтып өтті. Әлемдегі ең үлкен кітап көрмесінің жетекшілері көркем әдебиет­ті насихат­тау, кітап шығару мен оны сатудың әлемде қалыптасқан дәстүрлері мен алдағы болашақта қазақ қаламгерлерінің шығармаларын халықаралық деңгейге көтеру жөніндегі ойларымен бөлісті.
Өз шығармаларын орыс және қазақ тілдерінде жазатын фантаст-жазушы Тұрсынбай Жандәулет кітаптарын шет тілдерге аударып, басудың жолдарын сұрап, соңынан қонақтарға екі кітабын сыйға тартса, жуырда ғана «Меценат» жүлдесінің жеңімпазы атанған қаламгер Сәуле Досжан әңгіме-романдары әлемнің 10 тіліне аударылғанын айта келіп, әдеби агент­термен жұмыс жасау­дағы өз тәжірибесімен бөлісті. Нұрлан Қами бүгіндері Батыста әдебиет­тің қай бағыты үстем болып тұрғаны жайлы сұрақ қойып, қазақ қаламгерлерінің туындыларын әлемдік нарыққа шығару жайлы пікірлерін ортаға салды.


Жиын барысында Мереке Әбдешұлы елімізде қаламгерлерді қолдау, оларды ынталандыру, жазушылардың кітаптарын шығару бағытында атқарылып жатқан қадау-қадау жұмыстар жайлы баяндап, батыстық тәжірибені пайдаланудың артықшылықтарына да тоқталып өткен. Өз кезегінде Юрген Боос пен Владка Купс­ка қойылған сұрақтарға жауап беріп, кітап көрмесінің жұмысы және қазақ қаламгерлерімен болашақта атқарылар шаралар жайлы ойларын ортаға салған.
Жиын соңында мәдениет министрлігіне қарасты архив, құжат­тама және кітап ісі жөніндегі комитет­тің басшысы Рустам Әли қадірлі қонақтарға мазмұнды әңгімелері үшін алғысын білдіріп, қазақ руханиятының алтын діңгегі – ақын-жазушыларға көрсетіліп отырған қолдау мен алдағы жоспарлары жайлы айтып өт­ті. Рустам Әли шет елдік меймандарға министр Аида Балаеваның Алғысхатын табыс етсе, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбдешұлы ұлт­тық нақыштармен айшықталған кәдесый ұсынды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір