«ОТБАСЫН ЖОСПАРЛАУ» ҮЛКЕН САЯСАТ
19.11.2024
63
0

«Тағам» деген асханада түстік ішіп отырғанбыз. «Апа, апа! Әне үстел бар екен», – деген дауысқа жалт қарасам, екі ұл, бір қыз баласын ерткен жап-жас келіншек әріректегі үстелдің жанына қолдорбасын қойып, жайғасып жатыр екен. Үстінде тобығына түскен кең етек, қынама бел көйлек киген, басында бетінің қос қапталын жапқан ақ шәйі орамал. 

Қарсы алдымда жасы елудің етегіне жармасып, әжім түсе бастаған омырауы жартылай көрініп тұратын, жеңі иығына жетер-жетпес шілтер көйлекті тоқтасқан әйел әлгілерге қарап, ал қызыл далап жаққан бетін тыржит­ты:
– Ой, осындайлар көбейіп кет­ті ке­йінгі кез­де. Анау шұбатылған көйлегінің өзіне 4-5 метр кететін шығар. Сонысына қарамай, жап-жас болып үш бала туып шұбырып жүр. Осыларға тоқтау салу керек қой, үкімет қайдап қарап отыр, – деді.
– Сонда сіз не деп отырсыз, үкімет ұзын көйлек киіп, көп бала тууға тыйым салуы керек пе? Бұл, тіпті халықаралық адам құқы туралы заңнамаға да қайшы ғой. Бір үйге үш баланы көп көріп отырсыз ба, қойыңыз, – дедім қоза бастаған «жынымды» басқан болып. «Дастарқандасым» тұрып кетіп қалды. Ішіп-жегеніне мәз жануар емес әйтеуір, адам-пенде болған соң тағы да ойға кет­тім.
Иә, мүмкін, шынымен қоғамға деген үлкен жанашырлық па, оған қоса үлкен саяси ұран ба, кім білсін, әйтеуір көшеге шыққанда «Адам – мемлекет­тің ең басты қазынасы» деген қасиет­ті де киелі ұстаным жазылған тақталарды көргенде, болмашы нәрсеге балаша мәз боласың. Ал дербестік алған соңғы онжылдықтар мұғдарында Қазақ­станда көпбалалы өсімі жоғары ұлт­тың бірі – қазақ ұлты дегенді естігенде, әлгі сәби жүрек, бала мінез көңілі түспегір көлдей шалқиды. Өйткені біз ойда-жоқта өзі келген болмашы ғана бақытқа да жылай салатын пенделер қауымынанбыз ғой…
Әт­тең, өмір шіркін жақсы мен жаманды, жарық пен қараңғыны, қуаныш пен қайғыны, ақ пен қараны қатар, жұп қылып жаратқаны сияқты осындайда қазекемнің бүгінгі ержеткен ұлы мен бойжеткен қызы бүгін үйленіп, ертең-ақ от құшақтарының ыстық лебі басылмай жатып ажырасып жататыны, ажыраспағандары жарық дүниеге бір-екі сәбиден артық перзент әкелмейтіні немесе қолдан түсік жасатып жататыны есіңе түскенде, әлгі алып-ұшқан көңілің су сепкендей басыла қалады. Өзбекстандағыларды қоя тұрыңыз, осы өзіміздің Қазақ­станда ғұмыр сүріп жатқан өзбек бауырларымызға қарап отырсақ, олардың әрқайсысының үйінде кем дегенде 4-5 баладан және өзбек отбасыларында қолдан түсік жасату деген жоқ деуге болады дейді олармен аралас-құралас болып қоңсылас отырғандар.
Ендеше, ала-бәле бізге не көрінді? Ау, біз де сол өзбектер тәрізді бір Аллаға сыйынатын, басқа халықтарда жоқ дерлік обал, сауап, иман деген киелі қос ұғымды ұстанған, қасиет­ті Құранда «Түсік жасап бала алдыру, тірі жазықсыз адамды өлтірумен бірдей күнәлі іс» деп жазылғанын білетін мұсылман ұлты емеспіз бе?!. Әлде біз өткен ғасырдың 70 жылдан астамын елден ерекше коммунистік рухпен өткіздік пе?
Иә, Кеңестер Одағы дәуірінде Мәскеуден шығатын орталық баспасөз бет­терінде де, теледидар мен радио арқылы да еліміздегі «аға ұлт» – орыс ұлтының саны азайып барады, оның орнына әзербайжан, өзбек, тәжік, түркімен, солардан ке­йін қазақ пен татар көбейіп барады деген ашу-ызаға толы жымысқы да арамза сөздерді, мақалалар мен көрсетілімдерді талай мәрте оқып та, көріп те, естіп те жүрдік. Сол кез­дегі үкімет жағындағыларды қайдам, ал қитабан қара қазақтың саяси санасы әбден уланғаны сондай біз көпбалалы болып көбейіп келе жатқанымызға қуанудың орнына, соған ұялып, көп балалы келіншектер қысылып-қымтырылатын болды. Ол ескінің шырмауынан шыға алмағандықтың, білімсіздіктің, мәдениет көшінен ке­йін қалушылықтың нақты нышаны болып есептелді. Сөйтіп жүргенде, сол жымысқы да зымиян саясат­ты, яғни қазақ, татар, өзбек сияқты бұратана халықтардың санын азайту, қолдан келсе «великий русский народтың» совет халқы деп аталатын бір боданына («подданныйына») айналдырып жойып жіберудің өте қуат­ты құралы.

«Отбасын жоспарлайық» деген қаулы-қарар шықты Мәскеуден. Ұтыры келгенде айта кетейік, осы бір «Отбасын жоспарлау» деген астары қырық қабат сөз бізде әр кез­де, әр тұстан әлі де қылаң беріп қалатын болып жүр.
Сол қаулы-қарарды жүзеге асыру бойынша айтылатын арнаулы дәйек, дерек-сымақтар ойлап табылды. Мысалы, дамыған, мәдениет­ті, өркениет­ті елдер («цивилизованные страны») қашанда «отбасын жоспарлап» отырады-мыс. Сол «жоспарлау» арқылы әр мемлекет­тің, әр ұлт­тың халқының санын көбейтіп те, шектеп те отыруға әбден болады екен. Бір қарағанда бұл көкейге қонымды, ақылға сыйымды ешқандай ерсілігі жоқ ниет тәрізді көрінуі де ықтимал. Бірақ бұл жерде қандай мемлекет­тің, қай ұлт­тың санын көбейту мен шектеу мәселесі сол мемлекет­ті билеп отырған ұлт өкілдерінің қолында болуы керек екені өз-өзінен-ақ ұғымды.
Сөзіміздің басында әлгі дастарқандас әйел айт­қан көп баланың керегі не деген түйсік, Қазақ­станда осыдан жарты ғасырдан астам уақыт басталған болатын. Сол жылдары Қазақ­станды көпұлт­ты мемлекетке айналдырып, мұнда қазақтың санын азайтуға – «Отбасын жоспарлауға» Ресейден арнаулы белсенді күрескерлер, үгітші, насихатшылар жіберілді. Оған медицина саласы, тіпті жай жергілікті дәрігерлер де көптеп тартылды. Ал дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы – ВОЗ дегеннің дабырасын Мәскеу ала-бөле Қазақ­станда күшейт­ті. Сол ВОЗ-дың КСРО-дағы мәжілісі де Алматыда өткізілді. Қазақ газет­тері мен теледидары үйреншікті отаншылдығымыз бен ұраншылдығымызға басып, бұл біздің республикамыздағы адам денсаулығына айрықша мән берілуінің айғағы деп дүбірге-дүбір қосты. Осы мәселенің ыстық-суығы басылмай жатып онда белгіленген бағдарламаларды «дер кезінде табыспен Қазақ­станда жүзеге асыру жолында» арнайы мекемелер құрылып «Айтақ!» десе, тұра шабатын қазақ коммунистер қызу іске кірісті.
Ал сол кез­де Қазақ­стандағы «игі­лікті бастама» атанған осынау халық­аралық сұмпайы да зұлым бағдарламаның түп-төркіні қайдан шықты дейсіз ғой?

Ол былай болған еді

Сонау бір жылдары АҚШ-тың Ұлт­тық Қауіпсіздік Кеңесінің өте құпия мәжілісі болып, онда «NSSM-900» деген шифрмен өте құпия жоба қабылданды. Кейбір саясаткерлердің айтуынша, бұл жобаны АҚШ-та өте беделді, бай бір ұлт өкілдері осында да, басқа Еуропа елдерінде де абырой-беделі артып, кең таралып бара жатқан мұсылман халықтарына қарсы жасап ұсынған дейді. Сонымен бірге еуропалықтар арасында бала туу өте азайып, өсім тоқтауға жақын күйге түскені, олардың бұл ұсынысын қабылдауға тәп-тәуір сылтау болған көрінеді. Сөйтіп, бұл жоба бойынша алпауыт елдер немесе Ресей «үшінші әлем» («третий мир») деп атайтын, әсіресе мұсылмандар көп елдерде бала тууды азайту арқылы олардың санын азайтудың құпия жолдары көзделді. Әуелі сол елдерде «Отбасын жоспарлауды» үгіт­тейтін мекемелер ашылып, оларды қаражатпен қолдау қызу басталып та кет­ті. Ол мекемелердің ел ішінде, әсіресе әйелдер арасында үгіт-насихат­ты қалай жүргізу тәсілдері мен әдістері, міндет­тері белгіленді. Ал ең басты мақсат – әрі арзан, әрі денсаулыққа залалы байқала қоймайтын, әрі ұзақ уақыт әсерін, күшін жоймайтын дәрілер арқылы әйелдердің жүкті болуын тежейтін дәрілерді қолдану. Осы құпия кеңестік меморандумның 33-бабында біздің бұл ісімізді енді ғана даму жолына түскен елдер өздеріне жасалып отырған қастандық деп ойламауының барлық амал-айлаларын ойластыруымыз керек деп жазылған. Солай дей келіп егер біздің бұл жобамыз жүзеге аса қалса, жер шарындағы адам саны 2000 жылы 500 миллионға, ал 2050 жылы 3 миллиардқа азаяды деп ап-анық көрсетілген.
Иә, бұл құпия жобаның негізгі мақсаты осы еді. Осындайда біздің «Айтақ!» десе тұра шабатындарға қай кез­де де, кенде болмағанымыз тағы да еске түседі. Сол жылдары-ақ бізбен көршілес республикалардың да ақпарат құралдарында бұл жобаның бізге керегі жоқ деген назалы пікірлері жарияланды. Ал Қазақ­станда ол жобаның зымияндық астарына мән беріліп, тіл қатқан тірі жан болған жоқ. Ресейден жобаны жүзеге асыратындар келіп, мекемелер ашып, көп бала тууға қарсы үгіт-насихат өрістей бастады. Оған дәрігерлер де араласты. Біз Ресейден не көрсек, соны іліп әкетіп, ілгеріге ұластыратын әдетімізбен бұл істі қуана қарсы алдық.
Таңданатын түгі де жоқ, «отбасын жоспарлау» ат­ты бұл жымысқылық жобаны жүзеге асыруға Мәскеу дереу зор ынта, ықыласпен қабылдады да оны тікелей, қазақ, өзбек, түркімен, татар, башқұрт сияқты ұлт­тар санында азайтуға құлшына қолдануға кірісті. Бірақ өзбек, әзербайжан елдері дәл қазақтарға ұқсап, «тапсырманы табыспен орындауға» кірісе қойған жоқ. Көбіне-көп Қазақ­станда орыс және қазақ дәрігерлері қазақ әйелдерін бала тумауға үгіт­тей бастады. Енді бала тусаң өлесің немесе кеселге душар боласың деп, ал жүкті әйелдерге құрсағындағы баланы алдырмасаң өміріңе қауіп төніп тұр дегенге ше­йін барды. Қазір «он екіде бір гүлі ашылмаған» бойжеткендердің өзі хабардар «кесарево» әдісімен бала алдыру да қазақ арасында сол шақта басталды дейді дәрігерлер. Мәскеудің «Правда», «Известия», «Комсомольская правда» газет­терінде, телехабарларда қазақ, өзбек, әзербайжан, татар көбейіп барады, орыс халқы азайып барады деп жалған зар илеген мақалалар мен көрестілімдер қаптап кет­ті. Қазақ баспасөзі де олардан қалысқан жоқ. Көпбалалы ерлі-зайыптылар көненің көзқараспен, ескіліктің шырмауынан мұсылмандықтан шыға алмаған, білімі төмен адамдар болып есептелетін болды. Ал сол кез­де Қытайдың әйелдері бір жылда бір мемлекет­тің халқының санына барабар бала туып отырған екен.
Әт­тең біздің қазақы жас отбасыларында бұл сұрқиялық дақпыртқа сенетіндер әлі де жоқ емес. Сол сұрқиялық бағдарламаны жүзеге асыруға дүниежүзілік Банк, Денсаулық жөніндегі халықаралық Ұйым (ВОЗ), ЮНЕСКО, Рокфеллер қоры да атсалысып келеді.
Әрине, «Отбасын жоспарлау» халық­аралық ауқымдағы, яғни алпауыт, қуат­ты мемлекет­тер арасындағы саяси тартыстар болуы да ықтимал. Бірақ онда қай ұлт­тардың, қай діндегі мемлекет­тердің келешегін ойластыруға мән берілгеніне тереңірек көз жіберу де артық болмайды. Сондықтан нағыз адами имандылық – обал мен сауап деген ұғымдар тұрғысынан алып қарағанда, Жер бетіндегі халық, миллет (ұлт) атаулының аман-саулығын бір-бірімен тең дәрежеде ойластыру керек емес пе?! Мұндайда олардың әрбірінің жер көлемі, табиғи қазынасы, діні, ғадет-ғұрпы, дәстүрі, климаты, адам саны есепке алынуы керек қой! Мысалы, «отбасын жоспарлағанда», өзі жеріне сыймай жатқан халықтарға шектеу қойса қойсын, ал Қазақ­стан сияқты небір қу медиен далада тірі пенде ұшыраспайтын жерлері бар ұлт­тарға шектеу қою кімдерге қажет болды? Қазақ­стан үшін бұл проблема қайдан шықты немесе кімдер ойлап тапты ол проблеманы? Өздерін оқу-тоқуы мол халық деп есептейтін қазекем бұл залымдық саясатқа неліктен тез илана қалды. Жай иланғаны былай тұрсын әнебір жылдары Түркістан қаласындағы үлкен жиында бір ханымның Оңтүстік уәлаят­тың қазақтарына «баланы неге көп туасыңдар?!» деп ұрысқанын да көрді бұл жұрт. Дәрігерге барған қазақ әйелдеріне қаны аздық, анемия, бала көтеруге болмайды деген диагноздар көптеп қойылды, ол үрдіс әлі де бар. Ұзын сөздің қысқасы, осындай алуан түрлі арамзалықпен жүргізілген үгіт, насихат­тың салдарынан бала көтермеу, көтерсе түсік тастату, бойға бала бітірмейтін дәрілерді ішу жаппай етек жайды. Қазақ­станда бала туу аз ғана уақыт ішінде екі есе азайды. Нақты деректер бойын­ша, 1000 қазаққа 14-ақ баладан келді. Бұл 2-дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақ санымен барабар еді. Сол төрт жылдық соғыс кезінде 500 мыңнан астам қазақ шаһид болған болса, ке­йін айдың-күннің аманында 7 жыл ішінде, одан үш есе көп қазақ сәбилері жарық дүниеге жете алмай құрсақта жатып қыршын кет­ті.

Өмірден бір ұлға зар екенін білдірмей ішінен тынып өткен бір қаламгер ағамыз «сол әйел «давай сохраним вот этого ребенка» дегенін тыңдамай «ой, зачем нам ребенок», – деп алдыртып тастап едім, оның ұл екенін ке­йін дәрігерлер айт­ты ғой. Мен қандай «безжалостный дурак» болғам деп маңдайын түйгіштегенін көзіміз көрді. Ал демограф жігіт­тердің айтуынша, әлгіндей құрсақта жатып жарық дүниеге жете алмай кеткен сәбилеріміз тірі қалғанда бас-аяғы 10–14 жылда 700 мың отбасын құрады екен. Бұл дегеніңіз, бүгінгі Қазақ­станның екі уәлаятының тұрғынымен бірдей. Осы қасірет­ті жағдаят­тарды көзімен көріп отырған біздің қазекеңдердің кейбір қолында ірілі-уақты билігі бар белсенділері мен психолог, әлеумет­танушы атанып жүргендер әлі де «отбасын жоспарлауды» қолдайды. Қазақ әйелдері арасында «әркім өзі үшін өмір сүруі керек» деген қиямпұрыс қағидат­ты феминистер, гейлер, ЛГБТ-шылар емін-еркін таратуда. Атам қазақтың «қой егіз туса, жусанның басы екі айрық боп шығады» деген хадистердегі «жарық дүниеге келген әр пенденің өз ризық-несібесі болады» деген қасиет­ті қағидат­тарды айтсаң, «цивильный қазақтың» әжуасына қалуың да ықтимал. Бізге ұқсап еуропаша боламыз, отбасын рет­теп, өркениет­ті ұлт боламыз деп өзін-өзі әуреге салмай дінін, тілін, ғадет-ғұрпын саф күйінде сақтайтын чечен миллеті Ресеймен ұзақ жыл соғысып отырып та 3 есеге көбейіпті. Өзбек ағайындар 36 миллион болыпты. Осы орайда айтпасқа болмайтын бір жағдаят еске түседі. Әнебір жылы біз қазақтың саны 10 миллион болды деп алты әлемді дүрліктіріп той жасап жатқанда, өзбек бауырлар 20 миллионға жақындап тұрған екен. Бірақ олар ешқашан бізге ұқсап халқының өсімін, бала туу көп екенін айтып мақтанбайды, еш нәрсені бізше дабыра қылмайды. Жалпы, мұсылман халықтарында отбасындағы баланың санын айтпайтын, қанша балаң бар деп сұрамайтын ілтипат бар.
Ал бүгінде еліміз балалар өлімі, олардағы әртүрлі психикалық-жүйкелік және басқа да адам естімеген түрлі кеселдердің көптігі жөнінен алдыңғы қатарда келе жатқаны жасырын емес, айтылып та жүр. Оған отбасын жоспарлау, өзің үшін өмір сүр, гендерлік саясат деген «алпыс екі айлалы» саясат­тардың қиянат, кесірлері қосылып жатқанын көзі ашық кез келген қазақ жақсы біледі. Кешегі бір ғана Кеңес заманының өзінде КСРО-да оннан астам ұлт жойылып кет­ті немесе орыс ұлтының құрамына сіңіп кет­ті. Соның бәріне жоғарыдағы келтірілген алуан түрлі жағдаят­тар, демографиялық саясат­ты дұрыс жүргізе алмау немесе кейбір алпауыт елдердің әдейі бұрмалауы себеп болды. Біз тәуелсіз ел атанғанымызға 34 жыл болған, ішкі де, сыртқы да саясатымызды өзіміз ғана жүргізіп, саны да көп, сапасы мен санасы да биік ұрпақ өсуін Жаратушыдан тілеп қана қоймай, оны әрқайсымыз әрдайым есте тұтсақ дейміз.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір