ҚАЛАМГЕРЛЕР ІШКІ САЯСАТ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
24.11.2025
90
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 5 қарашада қол қойған «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлығы Жазушылар одағы ғимаратында кеңінен талқыланды. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкеновтің төрағалығымен өткен жиында қаламгерлер қоғамдық сана, рухани даму және ұлттық идеологияны нығайтуға бағытталған бұл құжаттың мән-маңызына тоқталып, ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Талқыға Қазақстанның халық жазушысы Смағұл Елубай, жазушы, публицист, ғалым Бейбіт Қойшыбаев, жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаев, Қазақстанның халық жазушысы Любовь Шашкова, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Жанғара Дәдебаев, ғалым, филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлы, жазушы, публицист, журналист Мағира Қожахметова, жазушы-сыншы Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы Авут Масимов, ақын, «Простор» журналының бас редакторы Фархат Тамендаров, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының кеңесшісі Әміржан Қосанов, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай, балалар жазушысы Елдос Тоқтарбай қатысты.
Жиынды Мереке Құлкенов ашып, күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігіне тоқталды. 

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы,
Ұлттық Құрылтай мүшесі:

– Құжатта елдің ішкі саясатының басты бағыттары мен Жаңа Қазақстанның символдарына айналған бірқатар қағидаттар бекітілген. Соның ішінде, «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақ­стан» сынды тармақтардың маңызы зор. Байқап отырсақ, осы қағидаттардың біразы өмір заңына айналып келеді, біразы әлі де болса қоғамның қолдауы мен мемлекеттік органдардың жігерлі қимыл-әрекетін талап етеді.
Әрине, осы қағидаттардың бәрінің дерлік Жазушылар одағы секілді бір ұйымға қатысы бар деп айту қиын болар, өйткені әр салаға жауапты әртүрлі ұйымдар мен мемлекеттік органдар бар. Десек те, Жазушылар одағының әрбір мүшесі – ең алдымен, Қазақстан Республикасының азаматы, сол себепті тікелей шығармашылыққа қатысы болмаса да, аталған қағидаттардың бәрін өміршең ету біздің, Жазушылар одағы мүшелерінің азаматтық парызы деп санаймын.
Сонымен бірге құжатта, бізге, Жазушылар одағына тікелей қатысты бірнеше мәселе мен мақсаттар аталған. Мәселен, «Әлеуметтік-гуманитарлық салада ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Ғылым, білім және мәдениет озық ойлы ұлт болуға ықпал ететін басты үш тірек ретінде жарияланды», – дейді Президент. Мемлекет басшысының бұл тұжырымы руханияттың еліміздің өміріндегі орны қандай екенін айқындап берсе керек. Жазушылар одағының осы орайдағы ең басты міндеті – ішкі саясаттың басты мақсаты – мемлекеттік және ұлттық құндылықтарды, отансүйгіштік пен патриотизмді орнықтыру ісіне шығармашылық серпін беру деп санаймын.
Мәселен, құжатта аталған «мәдениетті, әдебиетті және өнерді дамыту, сондай-ақ креативті индустрияны қолдау» және «елдің тарихи-мәдени және деректі мұраларын сақтау» бағыттары қаламгерлердің тікелей атсалысуын қажет етеді.
1) Ұлттық құндылықтарды, Қазақстанның тарихы мен руханиятын қоғам санасында орнықтыратын, ұлт бірлігін нығайтатын, қоғамда болып жатқан алуан түрлі процестерге қазақ ұлты мүддесінен баға беретін әртүрлі жанрдағы шығармалар жазу.
2) Ішкі саясат қағидаттарын оқырманға жеткізу бағытында ағартушылық іс-шаралар ұйымдастыру, осы құндылықтарды кеңінен насихат­тауға арналған көпшілік оқуларын, ақын-жазушылардың оқырмандармен кездесулерін, әдеби фестивальдар мен форумдар өткізу.
3) Оқу-ағарту бағдарламаларына аталмыш қағидаттарды нықтай түсетін әдеби шығармаларды енгізу, қаламгерлермен кездесулерді мектеп және жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізу. Мәселен, аталмыш қағидаттарды тарқатып айтып берген қаламгерлердің видеосабақтарын дайындап, оқу орындарында таныстыруға болар еді.
Алдымен, мына бір сұраққа жауап беруіміз керек. Ұлттық құндылықтарды насихаттауда Қазақстан Жазушылар одағы мен қазақ қаламгерлері не істей алады? Мен бұл сұраққа жоғарыда біршама жауап беріп өттім ғой деп ойлаймын.
Мәселен, ұлттық құндылықтардың ішінде халқымыздың рухани мұрасында айрықша орын алатын «Қырымның қырық батыры» жырлар топтамасының маңызы ерекше. Бұл жыр – қазақ эпикалық дәстүрінің биік шыңы, елдік пен ерліктің, әділдік пен ынтымақтың көркем шежіресі. Бүгінде оның насихатталуын айтпағанда, жырларға берілген ғылыми баға да кемшін. Дегенмен Мұрын жыраудың мұрасы бүгінгі күні де ұлттық бірегейлікті күшейтуде, жас буынның тарихи санасын қалыптастыруда аса құнды. Қырғыз халқы «Манасты» қалай қадірлесе, біз де «Қырымның қырық батырын» дәл солай насихаттауымыз қажет.
Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағы жанынан әдеби байланыстар кеңесін құру – кезек күттірмейтін шаруа. Кеңес жанынан шетелге шығаруға лайық әдеби шығармаларды іріктеп, сараптайтын жұмыс тобын құруымыз керек. Алдағы уақытта жоспарлап отырған Әдебиет академиясы да – біздің жұмыс жоспарымыздың бір бағыты.
Тағы бір мәселе: ұлт мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің қазіргі жай-күйі. Бүгінде елімізде неміс, француз, тіпті тек ағылшын тілінде білім беретін мектептер жұмыс істеп жатыр. Алайда сол мектептердің ешқайсында қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын біртұтас, жүйеленген, ғылыми-әдістемелік негізі берік бағдарлама қалыптаспағаны – үлкен кемшілік. Бұл – кейінге қалдыруға болмайтын, елдік маңызы жоғары мәселе.
Қазақ тілінің мәртебесін нақты іспен көтеру, ұлттық әдебиетті терең әрі сапалы оқыту – білім саласының ғана емес, жалпы руханиятымыздың басты міндеттерінің бірі. Сондықтан осы саланың олқылықтарын толтыру үшін Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан балама, мазмұны бай, заманауи талаптарға сәйкес келетін бірыңғай оқу бағдарламасын ұсыну – уақыт талабы.
Осы мақсатта тәжірибелі жазушыларды, әдіскер-ғалымдарды, әдебиеттанушыларды, оқулық авторларын, жас педагогтерді біріктіретін арнайы жұмыс тобын құру қажет. Мұндай топ тек бағдарлама әзірлеп қана қоймай, болашақта ұлттық әдеби білімнің бағытын айқындайтын кәсіби орталыққа айналар еді.
Президент бекіткен, бүгін біз талқылауға жиналып отырған бұл құжатта мемлекеттік органдардың бірлесе жұмыс атқаруы талабы қойылған. Біз, Жазушылар одағы, өз тарапымыздан сол бірлескен жобалар мен бағдарламаларға қоғамдық ұйым ретінде қатысуға әзірміз.
Өз ой-пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды бүкпей, ірікпей айтуларыңызды сұраймын.

Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның халық жазушысы:

– Ішкі саясат – Отанымыздың бір осал тұсы. Кеселді тұсы. Бұл туралы әңгіме қозғамас бұрын сыртқы саясаттағы бірер сүйкімді тұстарымызға тоқталып өтелік.
Осыдан екі жыл бұрын Ақордада Президент бір топ қаламгерге салтанат­ты түрде «Халық жазушысы» атағын берді. Кезек бізге келгенде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жазғандарыңызды оқып тұрамыз!» – деді. Біз: «Сіз кеше Пекинде қытайша сөйлеп бір жарым миллиард халықты таңғалдырып едіңіз. Енді сіз басқарып отырған Қазақстан бүкіл әлемді таңғалдыратын күнге де жетейік!» – дедік. Бұл тілекті аузымызға Құдай салды ма, кім білсін, әйтеуір, осылай айтылды. Содан бері Қазақстан туралы бір жерде бір жылы сөз жылт етсе, елең ететін болдық. Америкада өткен саммитте АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ Үй аллеясында бүкіл Орталық Азия президенттерінің ішінен тек Тоқаевпен ғана оңаша жүріп сырласқанын көрдік. Қазақстан басшысы туралы сұраққа: «Ол – керемет Президент!» – деп, жауап берді.
Содан кейін Қазақстан басшысын Мәскеу дүрілдетіп қарсы алды. Мәскеу көшелерінде бұрын-соңды болмаған қазақша билбордтар пайда болды. Кремльдің табиғатына тән емес Қазақстанға деген бұндай құрмет астарында не жатыр деп таңғалдық. Украинаға басып кіргелі Кремль дегенде суып қалған көңілімізге ұрланып жылы сезім кіргендей болды.
Бұлар, әрине, сыртқы саясатымыздың әлем елдерінің көз алдында өтіп жатқан сүйкімді тұстары. Оның жетістіктері көп тіл білетін кәсіби дипломат президент Тоқаевтың сан қырлы тұлғасына тікелей байланысты екені белгілі. Яғни сыртқы саясатымыз шүкіршілік етуге лайық.
Алайда ішкі саясатымызға назар салсақ, оның көлеңкелі тұстарынан көз сүрінеді. Ескі Қазақстаннан еріп келе жатқан көлеңкелі тұстар. Оның бірі әрі ірісі – жемқорлық. Қоғамды жайлаған бұл дерттен аяқ алып жүргісіз халге жетіппіз. Бұл дерттің жайламаған саласы жоққа тән. Бұл дертке қолында билігі барлардан бастап, қолында байлығы барларға дейін түгелге жуық шалдыққан-ау дейміз. Оның зардабын кімдер шегеді? Миллиондар шегеді. Сол миллиондармен жұмыс істейтін мемлекет шегеді. Оның аты – Қазақ­стан. Отанымыз – Қазақстан. Ендеше, жемқорлық – Отанымызды іштей жеп жатқан жегіқұрт екені айғақ. Ішкі саясатымызды іреп, ірітіп жатқан жегіқұрт. Қазақстан тәрізді алтын көмбе үстінде отырған мемлекет қаламгерлері неге қайыршының күнін кешуге тиіс? Егер Президентіміз айтумен келе жатқан әділетті Қазақстан, жемқорлықтан таза Қазақстан орнар болса, қаламгерлер қаламақы деп бебеу қақпай, баспана деп бебеу қақпай жазу үстелінде жайбарақат отырып, жаңа заман жауһарларын жазбас па еді?!
Жемқорлықтың зардабынан жайбарақат жазу үстелінде отырып жау­һар өнер тудыра алмай жүргендер жалғыз жазушылар ма екен?! Оны ойласақ, тым алысқа кетеміз. Сөз арасында: «Қазақстан – алтын көмбе үстінде отырған мемлекет» дедік. Ол деген сөз – бақытты, креативті өмір сүруге қазақстандықтардың толық мүмкіндігі бар деген сөз. Қайдағыны айтып кеттіңіз деп күлерсіз. Жоқ. Күлмеңіз! Шынында да, солай. Жемқорлықтан ада, адал Қазақстанда өмір сүрер болсақ, шынында да бақытты, бақуатты өмір сүруімізге толық мүмкіндігіміз бар. Қараңыз! Бүгінде жалғыз Қазақ­станның жалпы ішкі өнімі – 310 млрд доллар. Салыстырыңыз. Орталық Азиядағы барлық көршілеріміздің жалпы ішкі өнімі – 200 млрд доллар. Оның ішінде, халқы бізден екі еседей көп Өзбекстанның жалпы ішкі өнімі – 130 млрд доллар. Яғни экономикалық тұрғыдан Қазақстан – басы ашық Орталық Азия көшбасшысы. Ядролық өндіріс отыны – уран. Осы удай қымбат минералдық байлықты өндіріп сату жөнінен Қазақстан әлемде бірінші орында тұр. Бұл аз ба?! Ең қымбат сирек кездесетін жер асты байлығының бірі және бірегейі – осмий. Оның Қазақстан жеріндегі көлемі мемлекеттік құпия. Өйткені бұл – әлемдегі ең қымбат минералдық байлық. 1 граммы – 200 мың АҚШ доллары. «Қазақстан алтын көмбе үстінде отырған мемлекет» деуімізге негіз болған осы деректер. «Жыртық үйдің де Құдайы бар» дейді халқымыз. Қазақтың пешенесіне жазылған Ұлы Даланың бұл байлықтары, әзірше ашылған, ғылымға белгілі байлықтары ғана. Ұлы Дала өз еліне әлі талай тосын сыйлар тартары хақ. Оның қызығын, әділетті Қазақстан орнар болса, біз көрмесек те, біздің ұл-қыздарымыз көрері хақ, яғни Қазақстан болашағы жарқын екені хақ. Демек, Қазақстан күндердің күнінде өзінің экономикалық дүмпуімен әлемді таңғалдырып жатса, оған таңғалмауымыз керек екен. Қол қусырып отырмасақ, жасампаз креативті еңбекпен айналыссақ, бәрі мүмкін екен.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, қоғам қайраткері:

– Білім беру саласында, әсіресе мектептерде, айтарлықтай кемшіліктер бар. Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бүгінде мүмкіндік көп. Мемлекеттік органдар тек қазақ тілінде жұмыс істеуі тиіс. Біз тәуелсіздік алғанымызбен, орыс тілінің үстемдігінен толық ажырай алмай келеміз. Бұл – орысқа қарсы шығу емес, мемлекеттік тілге деген құрметті күшейту. Бұған мәжбүрлі түрде де баратын уақыт келді. Тәуелсіздікке дейінгі құлдық санадан арылмайынша, тіл мәселесі шешілмейді. Ешкімді қарсы қоймай, ешқандай дауға бармай, мемлекеттік органдардың қазақ тілінде жұмыс істеуі – уақыт талабы. Тілге жанашырлық танытатын кез әлдеқашан жетті. Бұл жолда бәріміз атсалысуымыз қажет. Дегенмен шешуші қадам – билікке байланысты екені анық.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы, драматург:

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты – қоғамдық сұраныстарға жауап берудің басты тетігі. Осы тұрғыда әдебиет саласында шешімін күтетін мәселелер аз емес.
1916 жылы кітап шығару жөнінде заңда бап болды. Мәдениет туралы заңда да әлеуметтік маңызы бар әдебиетті шығару және тарату туралы талап бар. Жазушылар кітабының қалай шығатынын, қандай механизмдер барын білуі керек.
Ең бастысы – кітаптың тиражын қалай көбейтеміз? Бұл мәселені Жазушылар одағы осы құжатқа сүйене отырып нақты қолға алуы керек. Біз тұжырымдаманы мұқият оқып, тиімді пайдалануымыз қажет деп ойлаймын.

Любовь ШАШКОВА,
Қазақстанның халық жазушысы,
Ұлттық Құрылтай мүшесі:

– Бұл бағдарлама – Президент жолдаған нақты әрі айқын тұжырымдалған саяси бағыт. Үкімет, қос палаталы Парламент талқылаған бұл құжатта негізделген ойлар толық, түсінікті әрі жүйелі. Сонымен қатар Ұлттық құрылтайда қозғалған мәселелердің де осы құжатта жинақталып, жүйеленгенін айта кетуіміз керек. «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Ықпалды парламент», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» сияқты ұғымдар, ең алдымен, жастарға бағдар беретін маңызды бағыттар. Біз Президенттің Жолдауларын да, Құрылтайдағы сөздерін де «Простор» журналында үнемі жариялап, талдап келеміз. Бұл тұжырымдама көпұлтты мемлекетіміздің әрбір адамына қажет. Жастардың патриоттық тәрбиесіне ерекше ықпал етеді. Біз, жазушылар, қоғам болып осы бағдарламаны қолдауымыз керек деп ойлаймын.

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор:

– «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» – сая­си, әлеуметтік, мәдени маңызы зор мақсаттар мен міндеттер негізделген маңызды құжат. Онда адал азамат қалыптастырудың, әділетті Қазақ­станды құрудың негізін айқындайтын тұжырымды ойлардың тұтас жүйесі тиянақталған. Аталған құжатты насихаттаудың, оның мәнін түсіндірудің өзектілігінде сөз жоқ. Бұл орайда тиісті бағдарламалар жасалып, қажетті зерттеулер мен зерделеулер жүргізіледі деп білеміз.
Еліміздің ішкі саясатының негізгі қағидаттары мен құндылықтарын саналы азаматтарымыздың, әсіресе елдің өсер өркенінің игілігіне айналдырудың баянды құралдарын, тиімді тетіктерін табудың маңызы өте жоғары. Ондай құрал, ондай тиімді тетік қызметін атқара алатын өнімдеріміз бар ма?
«Бар, мінеки!» – деп жарқ еткізіп көрсете қоятын даяр тұрған құрал немесе тетік қолымызда тұрмағаны рас. Әйтсе де «жоқ» деп айту орынсыз. Ондай құрал, ондай тетік үлгісі бар. Сондай үлгілердің бірі – Абайдың Кісілік кодексі. Абайдың Кісілік кодексі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында құрастырылып, университеттің Ғылыми кеңесінде бекітілген, Қазақстан Жазушылар одағы Әдеби сын кеңесі мақұлдаған.
Кісілік кодекс он тоғыз баптан тұрады.
Құдайдан қорық, пендеден ұял.
Адал жүріп, адал тұр.
Пайда ойлама, ар ойла… – деп басталып, мына баппен аяқталады:
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп.
«Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» аясында туындайтын бүкілхалықтық, мемлекеттік міндеттерді іс жүзіне асыруда Абайдың Кісілік кодексі қолда тұрған басты құрал, тиімді тетік қызметін атқарады. Осы ретте Абайдың Кісілік кодексін еліміздің білім беру жүйесінде, мәдени-гуманитарлық қызмет саласында өндіріске енгізудің, цифрлық форматта кең ауқымда көрнекі қолданудың өмірлік маңызы бар деп білеміз.
Ішкі саясатымыздың негізгі қағидат­тары, құндылықтары мен бағыттары аясында туындайтын бүкілхалықтық, мемлекеттік міндеттерді іс жүзіне асыруда басты құрал, тиімді тетік қызметін атқаруға қабілетті екінші өнім – «Абайдың ілімі» оқу пәні. Бұл да әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында жасалып, университеттің жоғары білім беру бағдарламаларының таңдау пәні ретінде оқу үдерісіне енгізілді. Оқу пәнінің мазмұнында ұлттық және жалпыадамзаттық мәні зор рухани құндылықтар негізінде дәйектелген тұжырымдар көрініс тапқан. «Абай ілімі» оқу пәнінің бағдарламасын «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» бойынша байытып, жоғары білім беру бағдарламаларына міндетті оқу пәні ретінде енгізуге Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының ықпал етуі туралы ұсыныс жасаймын.
Абайдың Кісілік кодексін, «Абай ілімі» оқу пәнін республика көлемінде өндіріске енгізу талқыланып отырған құжаттың ережелерін іске асыруға, адал азамат қалыптастыруға, әділетті Қазақстанды құруға игі ықпалын тигізеді.

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Ішкі саясаттың мемлекет үшін шешуші маңызы бар. Ішкі саясатын жүйелей алмаған ел ертең орға жығылуы мүмкін, ал ұлттық идеология ішкі саясатсыз қалыптаспайды. Мен бұл тұжырымдаманы Қаңтар оқиғасынан кейінгі төрт жылдық қорытынды ретінде қарастырып отырмын.
Бұл – өте маңызды құжат. Президент қол қойып, ресми түрде жариялап отырған дүниеге жоғары мән беруіміз қажет. Қағидаттар ішінде айтылған құндылықтардың барлығы заң мен тәртіптен басталады. Адал азамат, адал еңбек, имандылық – бәрі бір-бірімен сабақтас. Бірінші рет ғылым құндылығы айрықша айтылды. Демек, кәсіби білікті, адал еңбегімен танылған адам бірінші орынға шығуы керек. Мен тұжырымдаманы мұқият оқып шықтым. Бұл құжаттың болашақта ел жүретін бағытты айқын көрсететінін атап өткім келеді.

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,
жазушы, публицист:

– Президенттің тұжырымдамасын талдап отырып өзім үшін жаңалық аштым. Мен өзім осы қағидаттардың бәрін жасап жүр екенмін. «Таза Қазақстан» ба, «адамды тану» ма, «жастарды ғылымға баулу, тәрбиелеу» ме – осы істе газет-журнал шығарып жатқан жазушылардың бәрі Президентке көмектескен екенбіз. Біз Мемлекет басшысы келгелі осының бәрін орындап жатырмыз. Ұлттық идеологияны жүзеге асырып жатқан – шын мәнінде ақындар, жазушылар, сосын кітапханашылар. Жазушылар одағы мен кітапханалардың тындырып жатқан істеріне қарасам, әрқайсымыздың шығарған кітаптарымыз, телевизиялық жобаларымыз, газет-журналымыз осының бәрін ескеріп, Сіздер өздеріңізді осы тұжырымдаманың авторы ретінде сезініңіздер. Болашақта да біз осы Президент бекіткен қағидаттар аясында бірге жұмыс істей береміз деп сенемін.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,
жазушы, журналист:

– Соңғы уақытта сыртқы саясатта үлкен қадамдар жасалды ғой. Соның жаңғырығы ішкі саясатқа барып тіреліп отыр. Ішкі саясатқа өте көп нәрсе байланысты. Мұны ел болып, Президент болып, осы жазушылар болып жүзеге асыруымыз керек. Тек ішкі саясаттың басшылығымен жұмыс істесек, кейбір қателер де орын алуы мүмкін.
Бұрын бізде Ақсақалдар институты болған. Сол институтты қайта қалыптастырса деген ұсынысым бар. Жаңа толқын келе жатыр дегендей. Білім министрлігіне қарайтын оқу орындарына ішкі саясат жаңа мамандықтар дайындау жөнінде алдына міндеттер қою керек. Медиакоммуникациямен, әлеуметтік желімен айналысатын мамандар керек бізге.
Содан кейін Жазушылар одағы бас болып, әлеуметтік желіге жұмыс істейтін адамдарды дайындау керек. Әлеуметтік желіде кім не болса соны айтып жатады, бұл бетімен ертең хаос болып кетуі мүмкін. Әлеуметтік желі әлемде бесінші билік деп мойындалды. Білім министрлігі үсті-үстіне журналистерді дайындай бергенде не болады? Сондықтан медиакоммуникацияға, әлеуметтік желіге де бей-жай қарауға болмайды. Мұның бәрі де тұжырымдаманы оқығанда туған ойлар.

Авут МАСИМОВ,
жазушы:

– Өте құнды пікірлер айтылып жатыр, барлығын қолдаймын. Президентіміздің бағдарламалары, Жолдауы, Құрылтайдағы сөздері – осы құжаттағы идеялармен үндес. Енді осының әр тармағын нақты орындау қажет.
Бізде ұйғыр мектептері, ұйғыр қаламгерлері, мәдени орталықтары, ұйғыр театры бар. Осы іске атсалысып, өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Біз бұл құжаттағы мәселелерді сахналандыру арқылы да қолдау көрсетеміз.

Фархат ТАМЕНДАРОВ,
«Простор» журналының бас редакторы:

– Заң мен тәртіп болмай алға баса алмасымыз анық. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы – еліміздің жарқын болашағын құру үшін аса маңызды тетік» деді Президент. Шын мәнінде, Конституция – елдігіміздің айнасы, тәуелсіздігіміздің тұғыры, мемлекетіміздің басты құжаты. Президент айтқандай: «Ата заңнан биік ештеңе жоқ». Әрине, Конституцияға әр жылдары әртүрлі өзгерістер енгізілгені белгілі. Ол – заман қажеттілігінен туындаған түзетулер. Бірақ солардың қатарында 2022 жылғы толықтырулардың орны бөлек. Мемлекет басшысы «Адал азамат» бағдарламасына ерекше мән береді. Оны елдің рухани және қоғамдық дамуының негізі ретінде қарастырады. Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанды» құру үшін әрбір азаматтың адал болуы қажет екенін атап өтті. Мен бұл тұжырымдаманы толық қолдаймын. Әрбіріміз адал азамат бола алсақ қой, болуға тырыссақ қой.

Әміржан ҚОСАНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының кеңесшісі, ҚР Парламенті Мәжілісі Қоғамдық палатасының мүшесі:

– Тақырыптың екі жағы бар деп санаймын. Біріншіден, тұжырымдамада айтылған жайттардың Жазушылар одағына тікелей қатысты тұстары бар. Шенділерге деген көзқарас ел ішінде әртүрлі, сол себепті мемлекеттік, ұлттық қағидаттарды ел ішінде насихаттауда ақын-жазушылардың әлеуетін кеңінен пайдалану керек сияқты. Құжатты тек қана қолдай салу емес, оны шығармашылық жағынан дамыту – басты мақсат. Қаламгердің ең басты миссиясы – көркем шығарма жазу. Ұлы ұлттарды ұлы кітаптар тәрбиелейді.
Өзіме символдар туралы соны тұжырымдар ұнады. Енді әрбір символды елге, әсіресе, өскелең ұрпаққа таныстыруда, санасына сіңдіруге қаламгерлер белсенділік таныту қажет деп ойлаймын. Бәлкім, символдарға қатысты балалар арасында арнайы конкурстар өткізу керек болар. Ондай тәжірибе Жазушылар одағында бар, мәселен, жыл сайын өткізіле бастаған «Жас қаламгер» конкурсының аясында осыны қолға алуға болар еді.
Отансүйгіштік, патриотизм сезімдері ресми құжатпен қалыптаспайды, олар адамға ананың сүтімен беріліп, оқыған кітабы арқылы тереңдей, нығая түседі.
Сонымен бірге, Некрасов айтқандай, «ақын болмасаң, болма, бірақ азамат болуға міндеттісің». Сол себепті қаламгерлер қоғамда болып жатқан оқиғалардан тыс тұра алмайды. Кемшілік көрсе, сын айтып, оң дүниелер көзге түссе, оны қолдауы керек деп санаймын.
Мәселен, бізде бүгінде патерналистік көңіл күй орнығып қалған, яғни, қоғам осындай құжаттарды немесе басқа шешімдерді тек қана билік дайындап беру керек деп санайды. Олай емес, кез келген мемлекеттік шешімнің негізінде қоғамның, әрбір азаматтың пікірі ескерілуі тиіс.
Тағы бір кесел бар, ол қоғамның да, биліктің де бойында бар, оның аты – тұрпайы популизм. Одан да арылуымыз керек.
Тұжырымдамадағы «Алуан түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидаты да толық мәнінде жүзеге асып жатыр деу қиын. Әсіресе, төменгі деңгейдегі әкімдер сын айтып, балама пікір білдірген белсенді азаматтарды қуғындап жатады. Ол дұрыс емес.
Бұл құжаттың бір ерекшелігін айтуымыз керек. Мұнда ұлттық құндылықтар туралы жақсы айтылған. Ендігі жерде сол ұлттық құндылықтар тек қана қазақ ұлтына ғана емес, Қазақстан Республикасының барлық азаматына қатысты екенін санаға сіңдіруіміз керек.

Бейбіт САРЫБАЙ,
Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары:

– Тұжырымдаманың жыл сайынғы Жолдаулар мен Ұлттық құрылтай шешімдерінің көлеңкесінде қалып қоймауын қадағалауымыз керек. Бұл 30-50 жылдықтың құжаты деп есептеймін.
Иә, біз жоғарыда айтқандай балаларға арналған байқаулардың неше түрін өткізіп, ұйымдастырып, жүлдегерлерді марапаттап жатырмыз. Бірақ, жас бүлдіршіндердің өзіне шығарма, эссе, әңгіме жаздыру мүлдем бөлек әңгіме ғой деймін.
Бір ғана мысал: әр өсіп келе жатқан баланың бойында арман болады. Әсіресе, «Еліме не беремін, не бере аламын?» деген арман. Менің бір шығармамның кейіпкері де осы арманның жетегінде жүретін. Сондықтан «Қазақстанда жасалған» деген идеяға негізделген республикалық балалар байқауын ұйымдастыру туралы бастама көтергім келеді. Әр бала өзі «Қазақстанда жасалған» жаңа дүниені армандап, ұсынуы тиіс. Мұны ғылыми-фантастикалық бағыттағы әңгімелер байқауы қылып ұйымдастырсақ деген ойым бар.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
балалар жазушысы:

Тұжырымдама, шын мәнінде, Жолдаудың көлеңкесінде қалып қалмауы керек. Бұл – үлкен стратегиялық жоба болғандықтан, бұл тарихи құжаттың қадірін қашырып алуға болмайды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының логотипін көрінген жерге жапсырып, абыройын кетіргеніміз секілді, бұған да немқұрайлы қарауға болмайды. Біз көп шындықты көркем шығармаға айналдыра отырып, осы тұжырымдаманың негізінде халыққа жеткізу үшін шығармалар антологиясын жасауымыз керек. Мұның өзі патриоттық тәрбие берудің жаңа жолы болмақ. Сондықтан біз отбасылық құндылықтарға көңіл бөлудегі насихаттау жұмыстарын жүргізу үшін креативті индустрияға көшуіміз керек. Тұжырымдамаға сәйкес ақын-жазушылардың, жастардың пікірін тұрақты беріп отыру керек. Бұл өте маңызды нәрсе, сондықтан тұжырымдаманың ішіндегі әр бағытқа, әр тармағына жеке-жеке тоқталуға болады.

Жиын соңында Мереке Құлкенов Жазушылар одағы атынан ерекше ұсыныс айтты. Нақтырақ айтқанда, Басқарма Төрағасы қазақ әдебиетінің жеті көрнекті қаламгерінің шығармаларын БҰҰ-ның алты тіліне аудару керектігін жеткізді. «Шетелде кітап шығару емес, сол елде шығарылған кітапты насихаттау маңызды. Бізде қаншама жазушы аударылса да, ол аудармалар шетел оқырманына жетпей жатыр. Сол үшін жүйелі бағдарлама керек», – деді. Ұсыныс ретінде ол тізімде Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин, Жүсіпбек Қорғасбек, Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулет және Ерлан Жүніс бар екені айтылды.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір