Алихан БАЙМЕНОВ: САЯСАТ –ҚҰНДЫЛЫҚТАР МАЙДАНЫ
30.01.2025
1902
6

Мемлекет­тің ішкі, сыртқы ахуалы елде жүргізіліп жатқан саяси реформалармен тығыз байланысты. Астана мемлекет­тік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы, Акаде­мияның құрмет­ті профессоры, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы прези­денті, Мем­лекет және қоғам қайраткері Алихан Байменов саясат пен саясаткер, руханият, ел мүддесі туралы ой қозғап, ұлт­тық идеологияның алғышарт­тары жөнінде тарқата айтып берді.

– Аға, саясаткер ретіндегі баспалдағыңыз қалай басталды? Жалпы, саясатқа келем деген ой, мақсат болды ма?
– Жастық шағымыз жабық қоғам, ашық саяси бәсекесі жоқ жүйеде өт­ті. Ол мемлекет­те азамат­тық белсенділік тұсалып, тарихи сана тұмшаланды. Дегенмен, ресми оқулықтар мен тарих ғылымы тұншықтырылған заманда да кезіндегі Мұхтар Әуезов пен Ермұхан Бекмахановтардың ісін жалғастырған Ілияс Есенберлин, Дүкенбай Досжан, Морис Симашко, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбай, Софы Сматаевтардың шығармалары біздің көне мәдениет өкілі, айбынды бабалар ұрпағы екенімізді еске салу арқылы азамат­тық сезімді оятуға түрткі болды. Аталған және басқа еңбектер Желтоқсан рухын да қалыптастыруға үлес қосқаны сөзсіз.
Мен туып-өскен Қарсақбай мен Жезқазғанның өзіне тән айырықша сипат­тары болды. Бір жағынан, жұмысшылар мен ғылыми-техникалық интеллиген­ция­ның рөлі жоғары, екінші жағынан, ұлт­тық дәстүр мен мәдениет сақталған әрі екеуі ұштасқан орта болды. Үшіншіден, әкемнің тағдыры да әсер ет­ті. Ол 1931 жылы, содан кейін 1950 жылы екі рет қудаланған, әділет­тілік пен имандылық жолынан айнымаған діни қайраткер еді. Осы үш фактордың синтезі бойымызда тарихи жауапкершілік, азамат­тық ұстаным қалыптастыруға негіз болды. Сонымен қатар қазір саралап отырсам, олар қоғамдық-саяси іс пен мемлекет­тік қызмет­те романтика мен технократ­тық тәсілдің де ұштасуына әсер еткен секілді.
Институт­та Қазбек старостамыздың тапсырмасымен (басқаларға сұрақ қоюға уақыт қалмау үшін) біз Шәміл деген бакулық курстас екеуміз жүйенің кемшін тұстары туралы мұғалімдермен пікірталас ұйымдастыратынбыз.
Кейін аспирантураға Мәскеуге бар­ғанда Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен, әсіресе Балтық жағалауы, Кавказ, Украинадан келген азамат­тармен пікір алмасудың әсері болды. Диссертацияны жазу және ғылыми зерт­теулеріміздің нәтижесін қолданысқа ұсыну кезінде экономикалық жүйенің де қасаң, жаңалыққа селқос екеніне көзіміз тағы да жет­ті. Сөзсіз, Желтоқсан көтерілісі бәрімізді дүр сілкіндірді.
Біз, Мәскеуде жүріп, петиция ұйымдастырып, оны ақтөбелік Ербол деген азамат Мұхтар Шахановтың шығармашылық кешінде Евтушенкоға тапсырды. Араға 20 жыл салып мен Ерболды Мұқаңмен телефонмен байланыстырдым. 1989 –1991 жылдары халық депутат­тары съезінің теледидардан ашық көрсетілуі қоғамдық санаға соны серпін берді.
Осы факторлардың бәрі тоғыса келе, 1989 жылы елге оралып «Ұлытау» қозғалысын құруға ықпал ет­ті. «Невада – Семейдің» облыстық бөлімшесін басқарып, «Азат» қозғалысы және «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайларына да қатыстым. Инженерлік білім және ғылыми жұмыс бойымызға жүйелі талдау негіздерін сіңірді. Соның көрінісі болар, 1990 – 1991 жылғы митингілерде және мақалаларымда Конституцияны өзгерту керегін айтқан едім. Бұл саясат­тың алғашқы баспалдақтары болды, бірақ мемлекет­тік қызметке тек тәуелсіздіктің арқасында келдім.
Тәуелсіздік болмаса, мен мемлекет­тік қызметші болмас едім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бізде үш түрлі романтика болды: Тәуелсіздік романтикасы, Демократия романтикасы және Нарықтық экономика романтикасы. Біз сол романтиктер толқынының өкілі едік.

– Сіздің түсінігіңізде саясат, саясат алаңы дегеніміз не, саясаткер кім?

– Жалпы айтқанда, саясат – адамдарға, олардың көзқарастары мен шешімдеріне ықпал ету ісі. Оның тетіктері әртүрлі. Саяси ұйым мен саясаткер өзінің құндылықтары, көзқарастары, білімі мен тәжірибесіне сүйеніп, елдің өзекті мәселелерін шешуге бағыт­талған бағдарламалар мен шешімдер ұсынады. Мемлекет­тік саясат – құндылықтарға негізделген бағдарлама мен шешімдерді билік өкілеті мен халық қазынасын пайдалана отырып жүзеге асыру жүйесі.
Ұлт мүддесіне жұмыс жасау үшін саясат жасампаздық бәсекесінің алаңы болуы тиіс. Алайда адамдарға ықпал мен билік үшін бәсеке болғандықтан саясат кейде жасампаздықтан ауытқып, тіпті мақсаты теріс айналып кететін кез­дер кез­деседі.
Кейбіреулер атын шығару үшін жер өртеуге дайын. Тағы біреулерде билікке құмарлық – нәпсінің бір түрі. Олар үшін билік құру ләззаты бәрінен ыстық. Төртінші топ – бағдарламалар жасап, халық өмірін жақсартуға тырысатындар. Соңғылар көп болса, саясат­тың ұлтқа берері де мол болады.
Саясат пен саясаткерлердің сапасына әсер ететін екі маңызды фактор бар. Біріншіден, пікірсайыс, пікір алмасу алаңдары және БАҚ-та сөз еркіндігі, пікір алуандығы қажет. Саясаткер мен саяси партиялар ұзақ мерзімді ұлт мүддесін түсініп, қорғауы үшін олар ішкі саяси додаларда шындалуы қажет. Сондықтан шешуші шарт – әділ сайлау болуы. Әділ сайлауларда тұлпарлар, көсемдер, шешендер қалыптасады. Әділ сайлау халықтың саясаткерге қоятын талабын да қалыптастырады. Таңдау болмаса, талғам болмайды. Дамыған елдерде саясаткерлердің басым көпшілігі сайлау арқылы іріктеледі. Сондықтан да бұрын Үкімет­те жұмыс жасамаса да 30 жасында министр, 35 жасында премьер-министр болғандар саясат сахнасында өздерін еркін де, батыл да сезінеді.
Халық тезінен өту саясаткерлердің ұлт мүддесін сезіну деңгейін де көтереді. Сол үшін әділ сайлаудың ұлт әлеуетін көтеруге де, ұлт мүддесін қорғауға да берері мол.

– Балалық шағыңыз туралы баяндап берсеңіз? Сіздің де халықтық істерге қадам басуыңыздың негізі балалық шағыңызда жатқан секілді. Себебі ата-анаңыздың берген тәлім-тәрбиесінен өзіңіз де көптеген мысалдар келтіріп отырасыз.

– Әкеміз діни қайраткер ретінде алған бетінен қайтпай, мәселелерді жасампаздықпен шешудің жолын көрсет­ті. Ол кісі 1976 – 1981 жылдары Кеңес Үкіметімен бес жыл үздіксіз күресе жүріп, Жезқазған облысындағы тұңғыш мешіт­ті ашуға қол жекізді. Сол уақыт­тағы заңға сәйкес мешіт ашу үшін 100 адамның басын қосып облыс тарихындағы азамат­тардың өз ерік-жігерімен құрылған тұңғыш ұйым құрды. Жас кезімізден бастап, әкеміз бізге білімге ұмтылу, өмір бойы оқып-үйрену, таза және адал болудың маңызды екенін айтатын. Сонымен қатар әрдайым: «Адамның күні адаммен», – дейтін еді.
Ұлт­тық тәрбиені бойына сіңірген, халық ауыз әдебиетін жақсы білетін анамыз бізге: «Болған жігіт болдым демес, болдым десе – болғаны емес», – деп, кішіпейілдікке, сыпайылыққа, адамгершілікке үйрететін.

– Ұйқасқа, яғни өлеңге әуес болыпсыз, кітабыңыз да шыққан екен. Сөз өнеріне деген ынтаңыз қай кез­де бастау алды? Шығармашылық жолды ары қарай жалғастырмауыңыздың себебі не, бүгінде бұған деген өкініш болмай ма?

– Ұйқас пен өлеңге әуестік көшпенділер мәдениетінің, оның ішінде қазақтың табиғатында бар. Иосиф Бродский: «Әлемдік поэзия көшпенділердің көш ыңылынан бастау алған болар», – деген еді. Расында, ат­тың жалы, түйенің қомындағы қозғалыс ырғақты болғандықтан ғасырлар бойы ырғақ сезімталдығы дамыды.
Әкеміз діни адам болса да, өлең жазғаны кейін белгілі болды. Қағаздарының арасынан әкесіне арнаған және басқа да өлеңдері табылды. «Қарияларды көрсем, түседі көкем есіме, ұқсастық іздеп қараймын ұзақ тесіле», – деген жолдары әлі есімде. Анам халық ауыз әдебиетін жақсы білетін, бізге айтып отыратын. Осының бәрінің әсері болар, өлең жазуды мақсат тұтпасам да, кейбір әсерлі сәт­терде сезімдерім өз-өзінен ұйқаспен шыға бастады. Мысалы, Баграт Шинкубаның империяның қысымымен туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған ұбыхтардың қайғылы тағдырын баяндайтын «Кеткендердің соңғысы» кітабын оқығанда тұңғыш рет орыс тілінде (кітап орыс тілінде еді) шумақтар туындады. Бірте-бірте әзіл шумақтар жазып, аудармамен де әуестендім.
1986 жылы жерлестер отырысында бір қыздың адамдарға деген сенімін жоғалтқанын байқап, Жүрсін Ерманның «Сенім» деген өлеңін оқып бергім келді. Сөйтсем, ол қазақша түсінбейтін болып шықты. Содан мен жаңағы өлең жолдарын орыс тіліне аударуға мәжбүр болдым. Кейін К. Симоновтың бір өлеңін аудардым. Ядролық сынақтардың ашық ауада өткізілгені туралы ақпарат қат­ты әсер етіп, шумақтарға арқау болды. Оған «Ұлытау» қозғалысының мүшесі Еркін Жабагенов ән жазды.
Өлеңдерімді жариялаймын деп ойлаған емеспін. 1990 жылы жас журналистер университет мұғалімдерінің топтамасына менің бірнеше өлеңімді қосып жіберді. 1992 жылы облыс әкімінің орынбасары болып жүргенімде, Ғалым Жайлыбай мен Ұлықбек Есдәулет­тің бастамасымен менің шумақтарым «Қазақ үні» газетіне Мейірхан Ақдәулетовтің алғы сөзімен жарияланды. Мұны мен сіз сұрағаннан соң ғана айтып отырмын. Әйтпесе «Қазақ әдебиеті» секілді кәсіби орта мен талғампаз оқырманның талабына сай қалыптасқан жетекші басылым менің поэзиядағы талпыныстарымды талқылайтын жер емес екені түсінікті ғой.
Орыс тілінде stihi.ru деген сайт бар. Онда тіркелген әр адам өз шығармаларын баса алады (менің де кейбір шумақтарым орналасқан). Қазір бұл сайт­та 1 млн автордың 63 млн өлеңі жинақталған. Табиғатымызда бар болғандықтан елімізде сөз ұйқастырумен әуестенетіндер өте көп. Мен сияқты әуесқойлар үшін жаңағы stihi.ru секілді қазақша сайт ашылса, құба-құп болар еді.
Бойдағы сезімім ұйқас жолымен шығуға талпынғанда бір ерекше күйге енетінімді байқайтынмын. 1992 – 2001 жылдары мемлекет­тік қызмет­те болғанда ол күйдің де күнде 12-14 сағат уақыт­ты және жан-тәнімен беріліп атқаруды қажет ететін жұмыспен үйлесуі қиын болғандықтан, шумақ ұйқастырудан қол үзіп кет­тім. Одан қазақ поэзиясы ұтылған жоқ деп ойлаймын. Дегенмен әдебиет және өнер қайраткерлерімен сұхбат­тасып тұру ішкі қажет­тілік болып қалыптасты. Оның бір себебі – ақын-жазушы, композитор, суретші Жаратушымыз берген қасиет арқасында заман лебін, болашақ келбетін ерекше сезеді. Айрықша өз әлемі бар шығармашыл тұлғалар оқырман, көрермен, тыңдарман әлемі мен талғамының қалыптасуы мен дамуына әсер етеді. Сол себепті ұлт­тық болмыс пен рухқа, құндылықтарға әдебиет пен өнердің ықпалы ерекше.
Аспирант кезімде әдеби кештерге баратынмын. Сонда бір оқырманның: «Сіз, романыңыздың соңында басты кейіпкердің тағдыры не болғанын ашып көрсетпепсіз. Оның себебі неде?» – деген сұрағына Шыңғыс Айтматовтың жауабы әлі есімде. Ұлы жазушы: «Менің мақсатым өмірбаян секілді оқиғалар тізбегін беру емес. Егер көркемдік жолмен сіздің бойыңызда ақ пен қара, зұлымдық пен махаббат тартысы туралы толғаныс туғызып, ой салсам, шығарманың миссиясы орындалғаны», – деді.
Ч.Диккенс еңбектерінің ағылшын саясаткерлерінің көзқарасына әсері туралы көп жазылды. Немесе У.Уитменнің демократия, дін, дүниетаным туралы еңбектерін мысалға келтіруге болады. Абай шығармаларының Алаш қайраткерлеріне әсерін білеміз. Сонымен қатар Гюго, Оруэл, Хаксли, Ремарк, Толстой, Достоевский, Горький еңбектерінің саяси көзқарастар эволюциясына жасаған ықпалы белгілі.

– «Қазір де оппозициялық «Ақ жол» партиясындамын», – деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Көпшілік оппозиция мен билік жүйесін бір-біріне мүлде араз тараптар ретінде қарастырады. Ал, сіздіңше, оппозиция дегеніміз не, оппозиционер кім?

– Барлық адамның бірдей ойлауы адам табиғатына жат және дамуға тұсау болар еді. Пікір алуандылығы арқасында адамзат дамыды. Мұны ұлы қайраткер Әлихан Бөкейханов: «Айыр пікір – айып емес, айыр пікірсіз өмір –абақты» деп түсіндірген. Сондықтан біздің Конституциямызда саяси және идеологиялық алуандылық танылған.
Оппозициялық көзқарастар мен ұстанымдардың болуы – қоғам мен мемлекет дамуының алғышарт­тарының бірі. Оппозиция жоқ немесе белгілі бір адамға балама жоқ деу – бұл билік үшін теріс сипат­тама, пікір алуандылығы шектелгенінің көрінісі. Әрі бұл – ұлт­тың әлеуетін кемсіту. Тұтас ұлт ішінен озық ойлы, балама пікірлі, еркін ойлайтын адамдардың шықпауы мүмкін бе? Мүмкін емес. Қоғамның және ұлт­тың әлеуетін толық пайдалану үшін экономикада, мәдениет­те, өнерде, әдебиет­те, саясат­та, барлық салада еркін, адал бәсекелестік орта құру қажет. Сонда ең үздіктер алға шығады.
Уоррен Баффет: «Олимпиадаға бұрынғы жеңімпаздардың туыстарын апару – жеңілудің жолы» деген екен. Ендеше, барлық салада да іріктеу, таңдау, бәсекелестік әділ, адал және таза болуы ұлт­тың әлемдік бәсекелестікке қабілетін күшейтеді.
Билікте де, оппозицияда да періште жоқ, бірақ тәрбие, құндылықтар және жауапкершілік пенделіктен ұлт мүддесін жоғары қоюға жетелеуі тиіс. Ал пенделіктен сақтандыруда әділ сот пен таза сайлаудың маңызы ерекше. Билік пен оппозицияны біріктіретін құндылықтар – тәуелсіздік, демократия және ұрпақтар арасындағы сабақтастық. Бұл құндылықтар Конституцияда бекітілген және барлығымызға міндет. Сонымен қатар оппозиция да, билік те өзіне тілемейтінді өзгеге тілемеуі, өзі бармайтын жерге өзгені итермеуі керек. Егер оппозиция да, билік те халыққа қызмет етуді мақсат тұтса, олардың мұраты ортақ болады.
Мемлекет­тің тірегі – азамат­тың жүрегі. Мемлекет­тің тірегі – азамат­тық жанашырлық пен белсенділік. Сол себептен, билік және кез келген лауазым иесі азамат­тардың талабы жоғарылағанын қалыпты жағдай деп қабылдауы керек. Жалпы, менің бір ұстанымым бар: «жетістікті көрмеу – соқырлық болса, кемшілікті көрмеу – жаны ашымағандық». Сын-ескертпені жанашырлық белгісі деп қарау маңызды. Адамзат дамуының бір қозғағыш күші – тоқмейілсімеу, яғни өне бойы өмірді жақсартуға, жеңілдетуге, үйлесімге ұмтылу. Азамат­тық қоғамның дамуы – мемлекет тұрақтылығының кепілі. Сын-сағат­та азамат­тық қоғам тәуелсіздікті қорғайды, оны кешегі Қаңтар да көрсет­ті.
Әділ сайлау мен ақпаратқа қолжетімділік бар жүйеде халықтың сенімі артады, қоғамның талғамы жетіледі. Дамыған елдерде оппозиция мен билік кезектесіп, кейде коалиция құрайды. Парламент­тік республикаларда кеше ғана сайлауда бірін-бірі сынап, бір-бірінен дауыс алуға тырысқандар кейін бірлесе үкімет жасақтайды. Партиялар ішіндегі пікір-сайыстарда сол қағидатпен жүреді. Кеше ғана Трамп кезінде өзін сынаған біреу­ді министрлікке ұсынып отыр. Олар бір-біріне жау емес, бәсекелес екенін түсінеді. Жасампаздық жарысында жеке бастың емес, идеялардың бәсекелестігі маңызды. Балама пікірлер мен көзқарастар арасынан таңдау жасау ұлт­тың саяси талғамын да арт­тырады. Таңдау болмай, талғам болмайды. Біздің елде кезінде бәзбіреулер өзімен пікірі ұштаспайтын, айыр ұстанымы бар тұлғаларды ғайбат­тап, қаралауды саяси орта дәстүріне айналдырды. Осыдан арылуымыз қажет.

– Ел ісіне қатысты болсын, жалпы, кез келген жағдайға қатысты болсын, бұрын-соңды мүлде басқаша ойлап, уақыт өте мүлде басқа ойды түйіндеткен жайт­тар бар ма?

– Дүниетаным көкжиегі кеңейіп, білімі молайған сайын белгілі бір үдерістер мен оқиғаларға көзқарастың өзгеруі – адам баласы үшін табиғи құбылыс. Таяуда Дэн Сяопинь бастаған нәтижелі реформалардың түп-тамыры туралы Қытай профессорымен пікір алмастық. Сонда ол кезіндегі Кеңес компартиясымен салыстыра келе өздерінің догматизмге ұрынбағанын алға тарт­ты, яғни марксизм негіздерінің өзін нақты ахуалға бейімдеу, нарықтың қуатын ел мүддесіне сәйкестендіруге жол ашқанын көрсет­ті.
Лев Толстой: «Адам күнде бір нәрсені сайрай беретін шымшық емес» деген екен. Мен дәрістерімде лауазым жоғарылаған сайын көп оқып, жаңа ақпарат­ты игеріп, дүниетаным көкжиегін кеңейтуге назар аударамын.
Сіздің нені меңзеп отырғаныңызды түсінгендіктен бір жайт­ты айтып кетейін. «Панама досьесі» секілді құжат­тардан сол жылдары Қазақстаннан кімдер офшорға ақша аударғанын көргенге дейін, кезінде «Ақ жолдың» басшылығында болып, кейін өздерін сайлаған партияның жиналыстарынан қашып, «Нағыз» партиямыз деп бөлінгендердің артында қандай мүдде тұрғаны толық түсініксіз болған еді. Сөйтсем, аталмыш қаржылық топ оларды өздерінің билікпен саудасында қоқан-лоққы жасау үшін пайдаланған секілді, яғни бір тендер, кен орны, контракт бермесендер, онда партияны радикалдарға жақындатып, митингілерге шығартамыз деу үшін. Соның нәтижесінде, алған байлықтарынан жаңағы партияны бөлшектеуге күш салғандарға сүйек-сорпа беріп отырғанға ұқсайды. Демократиялық ұстаным ұранмен шектелмеу керек – демократ партия ішінде де өз көзқарасын пікірталаста дәлелдеуден тайынбау керек. Жаңағылар болса, өздерін басшылыққа сайлаған партия жиналыстарына, съезіне келуден қашып, оны сырт­тай ғайбат­таумен, қаралаумен айналысып, билікке балама мықты күш болып қалыптасып келе жатқан «Ақ жолды» бөлшектеуге, Әкежан Қажыгелдиннің барлық демократиялық күштерді «Ақ жол» мүшелігіне өту туралы үндеуін болдырмауға күш салды. Қолдарындағы мол қаржыны, сондай-ақ ақпарат саясатына ықпалын осы мақсатқа барынша жұмсады. Егер сол жылдары бүгінгідей әлеумет­тік желілер болғанда қаржылық топтың қолдауынан айырылып, бірақ өз дербестігін сақтаған партия үшін ақиқат­ты халыққа жеткізу мүмкіндігі молырақ болар еді. Ал әлгі партиядан қашып кеткендер шынайы демократия үшін билікпен күреспек болса, тым болмаса, «Нағыз Отан» деп немесе басқа атпен ұйым құрып әрі қарай бәсекелестікке түсер еді. Олар үшін демократия емес, билікке өздерін қаржыландыратын топтың сөзі өткені маңызды болды. Осы жайлы сол кездегі күдігіміздің шын екенін тереңірек түсінуге кейін жарияланған ақпарат­тар көмектесті.
ДВК мен «Ақ жолдың» тарихы тағы бір түйінге жетелейді. Тәуелсіз партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары және саясат­тану ғылымы дамуы үшін қаржының бәрі ат төбеліндей топтың қолында шоғырланған жүйені өзгерту қажет. Алпауыт­тар жеме-жемге келгенде өздері қаржыландыратын қоғамдық-саяси ұйымдарды өз мүддесіне жасатқысы келетіні түсінікті болды. Сол себептен де Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұнғыш рет биік мінберден ел байлығы 162 жанұяның қолында шоғырланғанын жариялап, демонополизация мен заңсыз активтерді қайтаруға бағыт­талған батыл қадамдар жасауының әлеумет­тік-экономикалық қана емес, саяси салдары да зор.

– Біздің қоғамда демократиялық сипат бар деп есептейсіз бе?

– Әр мемлекет, қоғам және экономика түрлі факторларға, соның ішінде тарихи, мәдени, геосаяси және географиялық аспектілерге байланысты дамиды. Отыз жыл бұрынғы қоғам, экономика мен мемлекет­ті бүгінгі жағдаймен салыстырғанда едәуір ілгерілеу барын көреміз. Алайда прогрестің өз парадокстары да бар.
Конституция бойынша біз демократиялық қоғам, нарықтық экономика және әлеумет­тік мемлекет құрамыз дедік. Осы бағыт­тарда қандай ілгерілеу бар екенін оқтын-оқтын саралап, стратегиялық қадамдардың Конституция рухына сәйкестігін қамтамасыз ету қажет.
Демократия бір қалып немесе үлгі емес, ол қозғалыс. Сондай-ақ ол – заң үстемдігі, ортақ ережелерге бәрінің бағынуы. Негізгісі – жаңа айтқан әділ бәсеке. Бірер мысал келтірейін. Кезінде Ленинмен пікірталаста Бернштейн деген ойшыл: «Түпкі мақсат­тан гөрі соған жеткізер қозғалыс маңызды» деген екен. Таяуда Қытайдың жаңағы философымен пікір алмасу кезінде, мен одан: «Скандинавия елдері коммунизмге қарай бара жатыр ма?» – деп сұрадым. Ол: «Иә, солай», – деп жауап берді. Қарасаңыз, Скандинавия елдері коммунизмді мақсат қойған емес. Бірақ нарықтық экономика мен капитализм әлеуетін халық мүддесіне бағыт­таған саясат арқасында теңдесі жоқ әлеумет­тік көрсеткіштерге жет­ті. Олар әділет­тілік жолында үздіксіз қозғалыстың маңызын дәлелдеп отыр.
Жалпы, адамзат тарихы – қозғалыс пен өзгеріс жолы. Таяуда «Ана тілі» газетіндегі сұхбатында Президент: «Қоғам тарапынан сұрау болса, реформалар жалғасады», – деп үздіксіз даму заңдылығына назар аударды.
Бұл жолда жақсы бастамаларды қағаз жүзінде орындап қоймай, толыққанды жүзеге асыру маңызды. Мысалы, министрліктердің, әкімдердің жанындағы Қоғамдық кеңестер құру идеясы жақсы болды. Ал бірақ олар туралы заңда мақсаты дұрыс айқындалғанымен функциялары мақсатқа жету мүмкін қылмайтындай жазылған. Нәтижесінде, сол салаларға қатысты қоғамның пікірін жеткізудің орнына Кеңестер өздері жауап бермейтін формальды істермен айналысып кеткен. Осыны ескере келе біз заңға өзгерістер жобасын әзірлеп, ақпарат министрлігіне жібердік.
Демократиялық үдерістер үздіксіз даму үшін тағы бірнеше бағыт маңызды. Мысалы, мәслихат­тардың дербестігі мен пәрменділігін арт­тыру, екінші – кәсіподақ, үкімет, жұмыс беруші ұйымдарының арасында тепе-тендікті қалыптастыру, үшінші – сот жүйесінің тазалығы мен әділдігін қалыптастыру. Мәслихат­тарда тұрақты төраға заңдастырып, олардың пәрменін арт­тыруда Президент біраз қадам жасады. Енді келесі қадам өзінен-өзі сұранып тұр. Мәселен, қалалық, аудандық мәслихат­ты алайық. Қанша депутат­тың сол деңгейдегі бюджетке не сол деңгейден құрылған мемлекет­тік, коммуналдық кәсіпорындарға қатысы бар? Егер, депутат сол бюджет­тен жалақы алып отырған кәсіпорын, мекеменің басшысы болса, ол әкімнен тәуелсіз жұмыс жасай ала ма, ол тексеру комиссиясын құрып, соны дұрыс тексере ала ма? Ендеше, ондай азамат­тар сол деңгейдегі мәслихат депутаты болмауы керек (ал депутат­тықты таңдаған азамат лауазымынан кетуі қажет). Сонда мәслихат­тар тәуелсіз болып, халықтың атынан бақылау жүргізе алады.
Екіншіден, бізде соңғы 15–20 жылда кәсіподақ рөлі төмендеп кет­ті. Ал басқалардың үлгісі көрсеткендей көп мәселені кәсіпорын, сала, не аймақ деңгейінде кәсіподақ, жұмыс берушілер ұйымы және билік арасында келісімшартпен шешуге болады. Мысалы, үлкен сұрақтың бірі – жалақы айырмашылығы. Осы айырмашылықтың шектік мөлшерін ұжымдық келісімшарт­та, салалық келісімшарт­та бекітуге болар еді. Бұл тұрғыда тағы бір мәселе – «Атамекен» палатасының шынайы рөлін анықтау. Бүгінгі күні ол жұмыс берушілердің ұйымы ма, әлде сауда палатасы ма? Дамыған елдерде бұл істер бөлінген. Ал бізде, шын мәнінде, «Атамекен» атқарушы биліктің бір саласы болып кеткен тәрізді.
Үшіншіден, сот жүйесіне келсек, бір жағынан, сот­тардың (Конституциядағы «судья» сөзін көпшілік қабылдамады, сондықтан келешекте оны би, қазы, төреші секілді сөзбен алмастырған жөн) дербестігін арт­тырып, олар тек заңға бағынатын жүйе қалыптастыру керек. Аудан, қала деңгейіндегі судьялардың санын арт­тырып, оларға істерді аптықпай, кәсіби және дербес қарастыру мүмкіндігін туғызу керек. Сөзім дәлелді болу үшін «Fraser» тобы және Дүниежүзілік банкі өткізген зерт­теуге жүгінейін. Жан басына шаққанда табысы ең жоғары елдер тобы немен ерекшеленетінін талдаған олар, бірінші орында контрактілердің орындалуы, сот­тың бейтараптығы және сот жүйесінің тәуелсіздігі тұрғанын көрсет­ті. Ендеше, бұл жерде біз бірер миллиард жұмсап, триллион ұтуымыз мүмкін.
Әр сайлау, әр референдум – азамат­тық мектебі. Мектептегі білім мен тәрбие адамға қалай маңызды болса, сайлау тәрбиесі мен тағылымы азаматқа солай маңызды. Егер Парламент, әкім, мәслихат сайлаулары таза өтпесе, азамат­тардың мемлекетке ықпалы төмендейді. Азамат өз мемлекетінде ғана бар ерекше құқықтарын жүзеге асырғанда, сол арқылы өз мемлекетінің тағдырына ықпалы болғанда ғана одан жауапкершілікті талап етуге болады.
Қазақ мәдениетінің демократияға қатысты бір артықшылығы бар. Бұл –жаңашылдық, бейімделгіштік және төзімпаздық. Бұл артықшылық жүзеге асу үшін реформаларға жауаптылардың өздері үлгі көрсету керек, яғни сөз бен істің арасында айырмашылық болмау керек. Сонда реформалар тез жүріп, біздің жер байлығымыз бен халықтың еңбекқорлығының жемісін барша адам көретін болады.
Президент бастаған түбегейлі реформаларды жүзеге асыру үшін биліктің әр деңгейінде осы идеяларды қолдайтын, оны халыққа ұғынықты жеткізетін адамдар қажет. Ал қай билік кезінде де өз пайдасын ғана ойлайтындар жақсы идеяларды да, Президент­тің бастамаларын да жүзеге асырмай кері тартады.

– Жуырда Екінші Дүниежүзілік соғыс тақырыбының әдебиет­те ашыла қоймағаны туралы жүйелі мақала жазған екенсіз. Тағы қай кезеңдер өз жазушысын күтіп жүр, қай кезеңдерді жазу керек деп ойлайсыз?

– Екінші Дүниежүзілік соғыс тақырыбының Кеңес және орыс әдебиетінде ашылмағаны туралы И.Бродскийдің эссесін оқығанда таңғалған едім. Кейін қарасам, шынында да, кеңес, орыс, қазақ әдебиетінде сол соғыс негізінен батырлық, ерлік тұрғысынан ғана сурет­телген екен де, соғыстың бірінші кезекте қасірет, қанды қырғын екені, адамзат басына келген нәубет екені ашылмапты. Соғысқа қатысқан әкемнің інісі, анамның ағалары, басқа ардагерлер болсын, әңгімелескенде қанмайдан туралы көп айтқанды қаламайтынын байқайтынмын. Оның негізінде де сол соғыстың адамгершілікке жат, жантүршігерлік құбылыс екені, оны көз алдына қайтып оралтқысы келмейтіні тұрғаны сөзсіз.
Жалпы, сол соғыстың себеп-салдарын тереңірек түсіну үшін У.Черчильдің «Екінші дүниежүзілік соғыс» ат­ты Нобель сыйлығын алған кітабын қазақшаға аудару қажет. Айтпақшы, аударма туралы сөз болғанда бір жайт­ты ескерген жөн. Бізде әлемдік көркем әдебиет көбіне орыс тілінен аударылып келді. Таяуда, Армен Захарянның ғажайып хабарынан Э.Хэмингуейдің «Қоңырау кімге соғылады?» ат­ты атақты шығармасы орыс тіліне аударылғанда кеңестік идеялогияның цензурасына ұшырап, өзгертілгені туралы дәлелдер келтірілді, яғни, біріншіден, түпнұсқадан аударуға мән беру қажет, екіншіден, орыс тілінен аударылса, түпнұсқамен салыстырған абзал.
Көркем шығарма арқылы тереңірек сезінуді қажет ететін кезеңдер: бірінші, Кенесары, Сырым, Исатай, Махамбет­тердің көтерілістері мен ұлт-азат­тық қозғалыстары. Екінші, Алаш идеясы мен қозғалысының туындауы. Үшінші, халықтың жартысына жуығын жалмап кеткен ашаршылық. Төртінші, игі жақсының бәрін құртқан 5-6 толқын қуғын-сүргін мен ұлт­ты мәңгүрт­тендіру үшін жасалған екі дүркін әліппе ауыстыру. Сонымен қатар әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұннан бастап Шәкәрімге дейін, ұлы ойшылдар, Құрманғазы, Тәт­тімбет секілді өнер алыптары және Әлихан Бөкейханов секілді кемеңгер қайраткердің тұлғалары арқылы мәдениетіміз бен қоғамдық дамуды тереңірек көрсетуге болар еді.
Бұл жерде бір жайт маңызды. Таяуда Нетфликс компаниясы Жошы хан туралы сериал шығарады дегенді естіп, қуанып қалдық. Ол сәт­ті шықса, біздің терең тарихымызды әлемге танытудың бір құралы болар еді. Сондықтан осы істе біз бұрынғы бастамалардан да сабақ алуымыз керек.
Әрине Жошы Хан ұлысы Алтын орда және қазақ хандығы сабақтастығы мемлекет тарихын тереңдетеді. Жошы Ханнан бастап Керей мен Жәнібек, Қасым, Есім, Абылай, Кенесары – барлығы бір атаның баласы, яғни бір династияның өкілі. Екінші жағынан, мәдениетіміздің тарихы, ұлтымыздың тарихы, сөзсіз, одан терең. Осыны сериал түсіргенде кеңес беретіндер ұмытпағаны абзал. Жошы хан келгенде елімізде қандай мәдениет болды? Қандай білім ошақтары болды? Қандай қалалар болды? Оларда қандай ғұламалар өмір сүрді? Бұның бәрін көрсете білу қажет және маңызды. Себебі біз мемлекет­тігіміздің тарихын тереңдетеміз деп, терең мәдени тарихымыздан бас тартпауымыз керек. Біз әл-Фараби, Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ясауи секілді ұлы бабаларымыз қалыптастырған мектептер болғанын, сол уақыт­та осы өңір әлемдегі озық ғылым-білім ортасы болғанын осы фильм арқылы да паш етуіміз қажет. Тіпті Жошы хан жерленген Ұлытау өңірінде Басқамыр, Аяқамыр қалалары болғанын да көрсету керек. Сол фильмдегі кейбір кейіпкерлер тоғызқұмалақ ойнап отырса, қандай ғажап болар еді.
Міне, осы тұс ұмытылмау керек деп есептеймін. Менің ойымша, бұндай тарихи фильмдерді түсіргенде кеңесші ретінде де, сценарийді әзірлеуге де отандық мамандарды тартқан дұрыс.
Сонымен қатар ерекше назар аударатын кезең – ол қазіргі заман, тәуелсіздік жылдары. Өзімізді тереңірек түсіну үшін де, жаңа жауапкершілік пен мүмкіндік биігін сезіну үшін де бүгінгі күннің құн­ды­лықтары мен замандастырымыздың келбетін көркемдік шеберлік пен жал­пыадамзат­тық идеалдарға сүйене отырып сурет­теген шығармалар өте қажет.

– Осы орайда, ұлт­тық идеологияға көзқарасыңыз қандай? Елімізде ұлт­тық идеология қалыптасқан деп ойлайсыз ба? Қандай идеология керек?
– Белсенді азамат тәрбиелеу, қоғамды дұрыс құндылықтар арқылы ұйыстырып, өз тізгініне ие болатын ұлт қалыптастыру – үкімет­тердің басты міндет­терінің бірі. Бұл мәселе, әсіресе, кезінде тәуелсіздігін жоғалтып, бодан болған, тәуелсіздігін қайта қолға алған мемлекет­тер үшін өте маңызды. Сол себептен де, мысалы, Сингапурдың, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Мексиканың, тіпті Индияның стратегиялық жоспарларында назар адамға, азаматқа, отбасына, құндылықтар қалыптастыру мен кертартпа әдет­терден арылуға аударылған.
Сонымен қатар үкімет­тер үшін бұл күрделі де қиын жұмыс бағыты екенін түсінген абзал. Қазір адамзат­танушылар VUCA және BANI деп атаған заманда бұл жұмыс одан сайын күрделенді. Жаңағы екі анықтамаға да ортақ сипат­тар — бұлыңғыр, мазасыз, болжауға қиын әлем. Ақпарат­тық технологиялар мен жасанды интеллект жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа қатерлерді де туындатуда. Адамзат тарихы көрсеткендей, жаңа технологиялық деңгей оған сәйкес жауапкершіліктің де артуын талап етеді. Бұл жағдайда адамға да, ұлтқа да тірек болатын – мәдени діңгек және озық құндылықтар.
Біздің тарихымыз және алдағы мақсат­тарымызды, конституциядағы мемлекет міндет­терін ескере бірнеше көлемді басымдықтарды атауға болады. Ірілеп айтқанда, олар: Ұлт­тық бірегейлікті нығайту; Азамат­тық белсенділік пен ынтымақты күшейту; Бодандық сананың қалдықтарынан арылып, мемлекет үшін жауапкершілікті арт­тыру; Әлемге өз көзімізбен, өз мүддеміз тұрғысынан қарап, орнымыз бен мүмкіндігімізді пайымдай білу; Озық дәстүрлерімізді жаңғыртып, тозығы жеткен ескі комплекстерден арылу; Адалдық, әділет­тілік, еңбекқорлық және білімпаздық құндылықтарын нығайту; Орталық Азия және Түркі бірлігінің маңызын арт­тыру.
Гибридті соғыстар заманы ақпарат саясатының және ақпарат тұтыну мәдениетінің жаңа деңгейін талап етеді. Осыны ескере келе, жоғарыдағы іріленген бағыт­тардан туындайтын көп міндет­тің ішінен келесі бір тобына назар аударғанды жөн санаймын.
Ақпарат майданы — тәуелсіздік үшін күрестің алғы шебі. Жұтқан ауа, ішкен су, жеген тамақ, қоршаған орта адамның тән саулығына қалай әсер етсе, білім, тәрбие және ақпарат ағыны жан саулығына солай әсер етеді. Ендеше, ақпарат кеңістігінің сапасы мен тәуелсіздігі басты назарда болуы тиіс. Біз әлемге қазақтың көзімен қарап, әлем мен оқиғалар туралы қазақ тілінде сапалы ақпарат алуды қамтамасыз етуіміз керек. Бұл тұрғыда, мемлекет меншігіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының ағарту, фейктермен күрес және сыни ойлауды дамыту бағыт­тарына басымдылық бергені абзал. Ақпарат тұтынуда қоғамның талғамын дамытуға күш салу қажет. Ақпарат­тық талғам мен ақпарат­тық санитария фейк пен хайп заманында қажет қорғаныс құралдары болып есептеледі. Ұлтымыздың сыни ойлау қабілетін дамыту — заман талабы.
Бұрын ондаған жылда екі еселенетін білім көлемі, қазір жыл сайын еселенуде. Жасанды интеллект қалауын тапқан адамға, қажет білім көздерін тез тауып береді. Ендеше, бір зат не құбылыс туралы білу қиын емес. Бұл жағдайда, түсіну қабілетін дамытуға назар аудару керек, яғни білімнен түсінімге өтуіміз керек. Қазақ «Сөз – көмек, тіл – құрал» дейді. Құралымыз заман талабына сай дамуы қажет. Мәдени діңгегіміздің өзегі де – тіл. Ендеше, заман талабына сай және адамзат дамуының заңдылықтарын ескере, келесі бағыт­тар маңызды:
Қазақ тілінің сөздік қорын ұлғайту. Бұл істе ұлт­тың өз әлеуетін дұрыс пайдаланған абзал. Басқаны қойғанда, бір миллион үш жүз мың ғана халқы бар Эстонияның тәжірибесін пайдалануға болар еді. Олар өз тілінде баламасы жоқ терминді аударуда не жаңа құбылыстарды сурет­теу үшін Эстон тілінде сөз ойлап табуға интернет арқылы бүкіл халықтық конкурстар өткізеді. Сөздік қорды дамытумен қатар бұл ұлт­ты жасампаз іске жұмылдырудың да құралы; Қазақ тілінің емле ережесін қарапайымдату. «Күрделі жүйелердің прогресі үшін қарапайымдату» заңдылығын ескеруіміз қажет; Конституциядағы мәртебесіне сәйкес, қазақ тілінде шығатын баспа өнімдері, видео-аудио өнімдерге субсидия және салықтық жеңілдіктер беру жүйесін қалыптастыру. Мемлекет тапсыруынсыз, өз бетімен қазақ тіліне кітап, аудио, видео өнімдерді аударатындарға субсидия беру; Балаларға арналған кітап (комикс, манганы қоса алғанда) видео, аудио өнімдерді қазақ тілінде шығарудың мемлекет­тік бағдарламасын арнайы бекіту; Мектеп, ата-ана, дінбасылар, мемлекет біріге отырып жасампаз еңбек құндылығын қалыптастыру. Еңбек күні халықтық мерекеге айналуы тиіс; Мыңдаған жыл бойы адам дамуы мен адамзат өркениетінің қалыптасуында ерекше ықпалы бар дін институтының жасампаз әлеуетін дұрыс пайдалану. Муфтият ғалымдармен бірлесе дінбасылардың күнделікті уағыздарында пайдалануы үшін бұл өмірдегі жасампаздық, еңбек пен білімнің сауапты іс екенін жамағатқа ұғынықты жеткізетін әдістемелік құралдарды әзірлегені абзал. Сол уағыздарда Әл-Хорезми, Әл-Бируни, Әл-Фараби, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ибн Халдун, Ұлықбектен бастап Абай, Шәкәрімге дейін имандылық пен ғылым-білімге құштарлықты ұштастырған ғұламалардың өмір жолдарын, еңбектерін атап өту қажет. Муфтият «Ислам және дәстүр», «Бабалар жолымен» ат­ты жақсы басылымдар шығарды. Осының жалғасы ретінде «Ислам және еңбек», «Ислам және білім», «Ислам және ғылым» деп аталатын нұсқаулық кітаптар шығарып, уағыздарда кеңірек пайдаланғаны абзал.
Ағартудың бір бағыты – ұлт­тық мүддені түсіну. Ол үшін еліміздің аймақтарында және үлкен қалаларда пікір алмасу үйірмелері, клубтары дамығаны жөн. Олар, бір жағынан, тақырыпты терең талдау мектебі (Сенат жанындағы секілді) болса, екінші жағынан, пікірталас мәдениетін дамытуға да септігін тигізер еді.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп Абай айтқандай, өткеннің бәрі озық емес екенін де түсінуіміз керек. Өткенді тым әсірелеп керегі жоқ. Бүгінгі қазақ – бұрынғы қазақ емес. Бүгінгі әлем – бұрынғы әлем емес. Біздің ұрпақты ертеңгі әлемге дайындайтын жолды таңдауымыз қажет.
Бүгін біздің ортақ мемлекетіміз бар. Бір жағынан алғанда, біз Қазақстанның перзентіміз; екінші жағынан алғанда, Қазақстан – бүкіл ұлт­тың ортақ бір перзенті. Осы ұғым негіз болу керек. Бізде Конституцияда: «Тегіне қарап бөлуге болмайды», – деп жазылған. Бөлу неден басталады? Бөлу біреудің руын, ата-тегін шұқып көрсетуден басталады. Әр адам өзінің паспорты арқылы мені осылай таныңыз деп айтып тұр. Кезінде Зия Кокалыптың «Түрікшілдік негіздері» кітабында жаңадан құрылып жатқан Түрік республикасының халқын тегіне қарап бөлінбей бірігуге шақырғанда айтқаны бар: «Адам – жылқы емес, ит емес. Жылқының, ит­тің қасиет-қабілеті, бірінші, оның жүйріктігінде, басқа сипат­тарында болса, ол бұлшық ет пен өкпенің көлемі мен күшіне байланысты, яғни оны жат­тығу арқылы дамытуға болады. Сондықтан жүйріктен тұқым алып, ары қарай сұрыптайды. Ал, әр адамға ерекше қасиет, қабілет беріледі». Бұл сөздерді оқығанда анамның: «Баланың өзін тусаң да, мінезін тумайды екенсің» деп айтқаны еске түседі. Шынында да, әр адам – ерекше құбылыс, ерекше жаратылыс. Бізде кейбір тек қуушылар онсыз да бөлшектенген қоғамды әрі қарай бөлуге үлес қосуда.
Мысалы, бір саясат­танушылар кезінде қазақтың белгілі азамат­тарының бәрінің руы жазылған кітап шығарған. Бұл – Конституцияға қайшы. Оны сыртқы күштер де пайдалануы мүмкін. Біз бірігетін жол іздеуміз керек. Міне, осыны мемлекет әрдайым жадында ұстау қажет. Елді бірлікке, ортақ құндылықтарға бастайтын идеялар қажет.
Өткен олимпиада соңғы жылдарғы Түркі бірлігі идеясының тереңдеп келе жатқанын көрсет­ті: бауырлас елдер бір-бірінің жетістігіне қуанып жат­ты. Енді түркі халықтарының мәдени, ғылыми, адами байланыстарын тіпті нығайтқан абзал. Кезінде Асқар Егеубаев қазақшалаған Махмұд Қашғаридың «Түрік сөздігі» көптеген атаулардың тамырын түсінуге мүмкіндік береді. Енді сол сөздікті қазіргі адам пайдаланып үйренген тәсілмен, яғни әліппе не тақырып негізінде сөздерді топтастырып қайтадан басып шығарса, абзал болар еді. Түркі бірлігі – біз үшін өміршеңдік және тұрақты дамудың маңызды факторы. Бұл да бұқарамен жұмыстың өзекті бағыты болғаны жөн.
Соңғы кездері жүзеге асырылып жатқан терең бастаманың бірі – «Таза Қазақстан» концепциясы. Қоршаған ортаны тазалау идеясынан басталған бұл концепция «Адал Азамат» тұжырымдамасымен бірге мемлекет­тік басқару мен жемқорлықпен күрес ісінде де өз жемісін бере алады.
Осыны жүзеге асыратын құралдарға келсек, экономика секілді ақпарат саласында да мемлекет­тің үлесін азайту қажет. Менің ойымша, облыс әкімдеріне қарасты БАҚ редакция ұжымдарына беру қажет, ал республикалық деңгейде мемлекет­тік телеарналарды біріктіріп BBC секілді қоғамдық телекорпорацияға айналдыру ұтымды болар еді. Оның қағидалы ұстанымдарын әр буынның көзі ашық, көкірегі ояу өкілдерінен тұратын қамқоршылар кеңесі анықтаған жөн.
Бұл істе мемлекет­тің ғана емес, зиялы қауымның да жүгі ауыр. Жара мен қотырды қасып, айыз қандыру оңай, ал оны емдеу жүйелі жұмысты қажет етеді. Ендеше, зиялы қауым ұран мен хайпқа машықтанғандардың көтеретін мәселелеріне байыппен қарап, терең білімге сүйене ағарту жұмысын жүргізуі маңызды.
Сонымен қатар, ұлт­тық, қоғамдық дискурс әлемдегі өз орнымызды, өз мүддемізді түсіне отырып, жасампаздықты қалыптастыра, өз болашағына сенімді ұрпақ тәрбиелеуге бағыт­талғаны жөн. Әсіремадақшылар мен ашынып айқайлайтындар, не болмаса түңіліп жылайтындар әр қоғамда бар. Бірақ біз секілді, өз тізгініне ұзақ үзілістен соң қайта ие болған ұлт үшін мәдени діңгекке сүйенген жасампаздық, табандылық және сенімділік маңызды.
Мемлекет­тігіміз қалыптасқан қазіргі заманда парызымыз да, міндетіміз де, жүгіміз де тәуелсіздік қайтып оралғанға дейінгі заманнан бөлек екенін ескеруіміз керек. Біз қазір мемлекет үшін жауапты ұлтпыз. Еңдеше, қандай қиындық болса да біз өз күшімізге сенуіміз керек, өзімізді өзіміз сабап, өзімізді өзіміз кем тұтып, нигилизмге де ұрынбауымыз керек. Кеше ғана Давостағы форумда Дүниежүзілік қаржы қорының басшысы, болгариялық Кристалина Георгиева, «АҚШ неге Еуропаға қарағанда қуат­ты?» деген сұраққа жауабында мәдени айырмашылықтарды алға тарт­ты. Яғни, АҚШ-та сенімділік көбірек. Ол мысал ретінде, еуропалықтар бір жақсы нәрсе ойлап тапса, «жаман емес» деп баға береді, ал АҚШ-та болса, оны «тамаша, керемет» деп сипат­тайды. Осы сияқты, қуатымыз арту үшін ұлтымызға да сенімділік керек. Өткеннен сабақ ала отырып, қазір үлкен әлеуетіміз бар екенін түсінгеніміз абзал. Мысалы, былтырғы су апаты болған кезде халық өзін қандай ұйымшылдықпен көрсет­ті. Оның алдындағы пандемия кезі болсын, Арыстағы жағдай, түрлі бағыт­тағы басқа да нәубет­терде халық өзінің мемлекет­тігін ие болып ұстап тұратын ұлт болып қалыптасқанын толық көрсет­ті. Әлемдегі өз орнымызды да дұрыс бағалай білуіміз өзекті.
Мемлекет тізгініне ие болу ұлт­тан аяқ астындағы кедергіге сүрінбеуді ғана емес, алыс көкжиекті көріп, үздіксіз жүруді қажет етеді. Әр азамат­тың жүрген жолы ұлт­тың ұлы сапарын құрайды. Ұлы жол мен ұлы сапар нақты қадамдардан тұрады. Ұлы жол – қажырлы еңбектің нәтижесі. Қажырлы еңбек – руханият­тың ең биігі.
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбат­тасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

ПІКІРЛЕР6
Аноним 31.01.2025 | 09:35

Керемет ең бастысы саулык тілеймін

Аноним 31.01.2025 | 17:28

Мағыналы!

Аноним 01.02.2025 | 12:31

Әсіресе жас бұын оқитын мағыналы әңгіме! Еліміздің болашағы жарқын болғай! Ә.П.

Аноним 02.02.2025 | 16:54

Сана,талдау, ой-пікір, ұстанымы, Елім деген деген азаматтың биік тұлғасына сай келетін сияқты.

Аноним 03.02.2025 | 09:36

Шынында Тәуелсіздік пен демократия және нарықтық экономика нәтижесі барлық қазақтың үлкен үміті еді.
Сол үлкен үмітке халық тезінен өткен, ысылған саясаткерлерді ел игілігіне пайдалану жөніндегі орынды ойыңыз көпшіліктің көкейіне қонымды, ел қолдайды.

Өзіңіз айтқандай “Халық мүддесіне бағыт­таған саясат арқасында теңдесі жоқ әлеумет­тік көрсеткіштер мен әділет­тілік жолындағы үздіксіз қозғалысқа”Қазақстан халқымен бірге жетуді нәсіп етсін!
Бар үмітіміз жастарда, Алла жастарға қуат берсін!

Аноним 03.02.2025 | 23:55

Өте керемет !!! Осы ойларыңыз , пікірлеріңіз Қазақ елінің келешегіне керек дүниелер !!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір