ҰЛТТЫҚ МЕКТЕПТІҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ
19.11.2024
62
0

13 қарашада әсем қала Алматыда ұлт руханиятын ұлықтауға арналған есте қалар ерекше оқиға орын алды. Олай дейтініміз, тек сапалы білім берумен шектелмей, ұлтжанды, жаңа тұрпатты ұрпақ тәрбие­леуде өзіндік өнегесімен еліміздегі білім ошақтарына үлгі болып келе жатқан Республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын Абай атындағы мектеп-интернаты жаңа ғимаратының іргетасын қалау рәсімі болып өтті.
Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев, Оқу-ағарту миистрі Ғани Бейсембаев, Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері, Еңбек Ерлері, зиялы қауым өкілдері мен мектептің маңдайалды түлектері қатысқан іс-шара, шын мәнінде, тағылымдық мәні терең басқосу болды деуге әбден болады.
Мәулен Сағатханұлы өз сөзін мектептің екінші тынысын ашуға мүмкіндік туғызып, жаңа құрылыс бастауға пәрмен берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көпшіліктің алғысын жеткізуден бастады. Иә, айтса айтқандай, Ұлттық құрылтай отырыстарында ел Президенті ұлттық құндылықтарды дәріптеу бойынша бастамалар көтеріп, олар білім беру мекемелеріндегі тәрбие өзегі болу керегін атап өткен болатын. Бұрынғыдай айтылған сөз, айтылған жерде қалмай, іс жүзінде іске асып жатқаны көңіл қуан­тады. Алатау­дың баурайынан ойып тұрып орын алған осы жаңа тұрпатты Абай ұлттық мектебі құрылысының басталуы, болашақтағы бұдан басқа да игі істерге мұрындық болары сөзсіз. Спикер бұл мектеп заман талабына сай, бәсекелестікке қабілетті білім ордасына айналып, түлектерінің келешекте білікті маман болып шығуына үлкен септігін тигізетін сапалы білім ордасына айналуы керек екенін тілге тиек етті.
Сөз сөйлеген басқа да шешендер, келесі оқу жылында мектептің ашылу салтанатында кездесейік деген ақжарма ақ тілектерін жеткізді.
Жалпы, осындай ұлттық мектептер Астанадан басталып, әрбір облыс орталығында ашылса ғой деген тілек іс-шараға келгендердің көкейінде сайрап тұрғаны анық байқалды.

Аружан РЫМҚҰЛ,
Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері
университетінің журналистика мамандығының 2-курс студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір