Болат Тілеп: Білімді ұлт, сапалы білім – болашақтың кепілі
31.10.2024
195
0

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы халыққа Жолдауында: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Өйткені үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жас¬тарды қабылдауға баса мән беру керек», деп атап өткен болатын.

Бұл – естіген құлаққа ақыл, санаға ой салатын үлкен мәселе. Осы орайда жоғары мектеп қараша¬ңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлт¬тық педагогикалық университеті тәжірибесінен көр¬ген, профессор-оқытушылар ұжы¬мының күнделікті көтеріп, ғалымдарының әр¬түрлі ғылыми мінберден айтып жүр¬ген біршама мәселелерін ортаға салуды жөн санадық.

Бірінші мәселе. Жаңа формация педагогтерін қалыптастыру – оқыту бағдарламаларын даярлаудан емес, ең алдымен «озық ойлы мұғалім болам» деген баланы қабылдаудан басталады.

Қазір жүрегінің қалауымен келіп, педагог мамандығын таңдап жатқан жас-тар көп. Әсіресе осы 2024–2025 оқу жылы Абай университетіне келіп түскен 2800 болашақ педагогтің 900-ден астамы немесе 30%-ы – «алтын белгі» мен үздік аттес¬тат иелері. Бұл – шын мәнінде рекордтық көрсеткіш, мектеп оқушыларын кәсіби бағдарлау ісінде қол жеткен нақты нәтиже.

Атап айтқанда, кейінгі 3 жылда дарынды, жоғары ынталы талапкерлерді тарту мақсатында Абай университеті Ал¬маты қаласының 31 мектебінде 42 педа¬го¬гикалық сынып ашып, жалпы саны 588 оқушыны қамтыды. Бұдан бөлек, 29 мектепте біздің университеттің кафедра филиалдары ашылып, кәсіби бағдарлау бойынша тиянақты жұмыс жүргізілді. Осы тұста «Кәсіби бағдар беру» бағ¬дарламасын магистрлік деңгейде ен¬гізуді жоспарлап отырмыз.

Жоғарыда айтылған жобалар педаго¬гикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды тарту міндетінің жартылай шешімі ғана. Ең үлкен сынақ – қабылдау нау¬қа¬нын¬д¬а талапкердің білімін ғана емес, оның бола¬шақ мұғалім болуға бейімін баға¬лау¬да.

Мәселен, жақында енген «Арнайы педагогикалық-психологиялық тест» көп жағдайда формалды түрде өтеді. Оған екі себеп бар: бірін¬шіден, емтиханның нәтижесі Ұлттық бірың¬ғай тест бағамына кірмейді, сол үшін оның ешқандай сыни салмағы жоқ; екіншіден, емтиханның методологиялық мазмұны ортақ бағалау шкаласымен сәйкеспейді.

Сондықтан біздің ұсыныс – «Арнайы педагогикалық-психологиялық тестін» педагогикалық мамандыққа түсуші та¬лап¬керлердің білімін бағалау жүйесіне енгізіп, Ұлттық тестілеу орталығы арқылы жүргізу мүмкіндігін қарастырған жөн. Ал оған дейін Оқу әдістемелік бірлестіктерде арнайы жұмыс тобын құрып, осы тесті өткізудің форматы мен мазмұнын жетіл¬діру жұмыстарын жүргізу керек.

Бұл жерде басты мақсат – мұғалімдікке келетін балаларды менталды әрі кәсіби електен өткізумен бірге, жалпы жоғары педагогикалық білім сапасын арттыру. Өйткені қазір министрліктің қолдауымен университеттер жүргізіп отырған жаңа академиялық саясаттың, жаңартылған оқу-методикалық үрдістердің нәтижелі болуы көбіне білім алушылардың сапасына тікелей байланысты.

Атап айтсақ, қазір барлық дерлік педагогикалық университеттерде дү¬ние-жүзілік банк қаржыландырған «Педа¬гогикалық әлеуетті күшейту» жобасы аясындағы 30 инновациялық білім бағдарламасы, болашақ мұғалімдердің цифрлық дағдыларын қалыптастыру үшін «Жасанды интеллект негіздері» курсы, педагогикалық үдерісті зерделейтін «Іс-әрекеттегі зерттеу» (Lesson Study) және «Білім берудегі деректерді зерттеу және талдау әдістері» (Action Research) пәндерін енгізу басталды. Университет ғалымдары дидактикалық материалдарды қолдана отырып, авторлық бағдарламалар ұсы¬нады. «Білім берудегі критериалды баға¬лау», «Сыныпты басқару» сияқты курс¬тарды оқыту тәсілдері қолға алынды. Орта білім жүйесінде бұл әдістер қазірдің өзінде кең қолданыста. Бірақ мектепке барған түлектеріміз де, тағлымдамашы соңғы курс студенттері де осы бағалау әдістерін жетік меңгермегенін байқаймыз.

Осының бәрін қабылдау үшін, ең алдымен, қабілет керек, содан соң мұғалімдік жолдың қыр-сырын бар ынтамен қа¬былдауға даяр жүрек керек. Сондықтан нақты Абай университеті алдына қойып отырған – саннан сапаға көшу арқылы академиялық басымдық орталығына айналу амбициялық мінде¬тін осындай мәселені шешуден бастаған жөн деп есептейміз.

Екінші мәселе – университеттердегі оқу үдерісінің тәжірибеге негізделуі. Әрине, бұл ретте педагогикалық университет үшін ең маңызды бағыт – мектеп-колледждермен үздіксіз байланыс.

Қазіргі таңда бүкіл республикада педагог мамандығы бойынша 180 мыңнан аса білім алушы оқып жатыр.

Бұл дегеніміз – ел Президенті атап өткендей, «жоғары оқу орындары тек қана білімді жастарды тартып қана қоймай, олардың білімін одан әрі шыңдайтын педагогтерімізді озық тәжірибемен толық қаруландыру». Демек университеттеріміз, ең алдымен, білікті педагогтерді даярлауда нарық қажеттілігін ескере отырып, сапа мен тәжірибеге сүйенгені абзал.

Мәселен, осы бағытта бір ғана Абай университеті 150-ден астам орта білім ұйымдарымен меморандумға отырып, жыл сайын тек қана бітіруші курстың өзінен 2,5 мыңнан астам студентті тәжірибеге жібереді. Ал республика деңгейінде олардың ұзын саны тек бі¬тіру¬ші курс бойынша 50 мыңнан аса¬ды. Біз үшін университет студенттерінің шынайы тағылымдамасы маңызды. 

Сондықтан осы бағыттағы тиімділікті арттыру үшін Абай университеті педагог-маман даярлауға құқы бар бар¬лық университетті және жергілікті әкім¬діктердегі білім басқармалары жа¬нын¬¬дағы әдістемелік кабинеттер мен мектеп басшыларын бірлесе отырып педа¬гогикалық тәжірибенің жаңа моде¬лін пысықтауға шақырады.

Бұл кәсіби тәжірибе өтудегі тәртіп мәселесіне ғана қатысты емес. Моти¬ва-ция¬ның маңызы зор. Айталық, қазір Абай университеті «Erasmus+» бағдарламасы аясында жүргізілген «Kazdual» жоба¬сының нәтижесінде дуалды оқыту технологиясының моделін әзірледі. Осы формат Алматы қаласындағы 19 мектепте тәжірибеден өтіп жатыр. Оның 11-і мемлекеттік мектеп болса, 8-і жекеменшік мектеп.

Яғни бұл үрдістің студенттердің академиялық және кәсіби дағдыларының қалып¬тасуына ықпалы жоғары. Жеке¬меншік мектептер осыны жақсы түсініп отыр. Осыған орай дуалды оқытуды мемлекеттік орта білім ұйымдарына кеңінен масштабтауды ұсынамыз.

Үшінші мәселе – мектеп-колледж бен университеттің арасындағы ғылыми-методикалық ықпалдастық.

Қазір Абай университетінің мектептерде құрылған филиалдары арқылы профессорлар оқу¬шыларды ғылыми жобаларға тартып, іргелі зерттеулерге, пән олимпиадаларына зерт¬теудің әдіснамасын меңгеруге тартып отыр. Осының аясында шебер-педа¬гогтерді үйлестіру мен мектеп мұғалімдерімен тренинг-семинарлар өткізуге, дипломдық, жобалық жұмысқа жетекшілік етуіне көңіл бөліп келеміз.

Ал енді колледждерге келсек, осы жылы университет 4 колледжбен ме-моран¬думға қол қойып, университеттік білім беру бағдарламалары мен педаго¬гикалық коллед¬ждердің мазмұнын үйлестіру жұмысын бастап кетті (Алматы қазақ гума¬нитарлық-педагогикалық колледжі, Алматы мемлекеттік гумани¬тар¬лық-педа¬гогикалық колледжі, Алматы көп¬са¬лалы колледжі, Есік гума¬нитарлық экономикалық колледжі). Бұл жерде де мәселе өте көп, соның бірі – колледж деңгейінде алынған студенттердің оқу жетістіктерін жоғары оқу орнында тану механизмдері жаңа тұр¬ғыдан қарас¬тырылмақ. Оның ішінде minor-бағ¬дар¬ламалар және микробіліктіліктер ұсы¬нылатын болады.

Десе де, педагогикалық ғылымның ұзақмерзімді жүйесін және тұрақты ғылыми мектебін қалыптастыру үшін бұл мәселеге біз тереңірек үңілу керек¬піз.

Атап айтқанда, бакалавриат–магис¬тра¬тура–докторантура білім бағдар¬ла-маларының сабақтастығын сақтай отырып, докторанттар зерттеулері педагогика саласының өзекті мәселелерімен үндес болу керек. Осы ретте педагогикалық білім бағытындағы докторанттар білім беру ұйымдарында үш семестрден кем емес мерзімде зерттеу жүргізуі мін¬дет¬телуге тиіс деп есептейміз.

Төртінші мәселе – үздіксіз білім беру жүйесін жетілдіріп, кеңейту жолдары.

Абай университетінде мұғалімдерді қайта даярлау орталығы бұрыннан бар. 2023–2024 оқу жылында оның құзыреті кеңейтіліп, бұл құрылым «Education Menegment School» деген атпен қайта ашылды. Мақсат – мектеп мұғалімдерін ғана емес, мектеп басшыларын да қайта даярлау курстарына тарту. Бұл жұмысты өңірлердегі білім басқармаларымен жүйелі арнаға шығару. Мысалы, бұл жұмыс Түркістан мен Жетісу облыстарында жүйелі жолға қойылды. 2022–2023 оқу жылында педагогтік қайта даярлаудан небәрі 76 тыңдаушы өтсе, 2023–2024 оқу жылында бұл көрсеткіш 209 адамға жетті. Оның ішінде сертификат алғандары – 163. Ал 46 тың¬даушы педагогикалық практикадан өтіп жатыр. Бұдан бөлек, биылғы оқу жылының алғашқы легіне 65 тыңдаушы қабылданды. Алда тағы да бірнеше лек жоспарланған.

Бұдан бөлек, аталған орталықтан кейінгі бір жылда 1082 оқытушы цифрлық сауаттылық, оқытудың инновациялық әдістері мен кәсіби шеберлік, инклюзивті білім курстары бойынша біліктілігін арттырды.

Өкінішке қарай, педагогтерді қайта даярлау бағдар¬ламаларының сабақтас пәндері бойын¬ша қосымша біліктілік алу мәселесі заң¬намалық тұрғыдан шешімін таппаған. Мысалы, химия пәнінің мұғалімі биология пәні бойынша қайта даярлау курсынан өтіп, жаңа біліктілік алуын заңдастыру қажет.

Осы орайда жалпы біліктілікті арт¬тыру курстарының мазмұнын бір жағынан, барлық педагогикалық университет, екін¬ші жағынан, Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Өрлеу» орталығы және Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірлесе отырып әзірлесе деген ұсыныс бар. Бұл ортақ іс болғандықтан, әріптестік негізде Консультативтік кеңес құрып, еліміздің педагогикалық жоғары оқу орын¬дары Оқу-әдістемелік бірлес¬тіктерін белсенді қатысуға шақырамыз.

Тағы бір мәселеге тоқтала кетсек. Әңгіме үздіксіз білімді қамтамасыз ету және заманауи білім технологияларын енгізу, жетекші ғалымдар мен педагогтердің озық тәжірибесін апробациядан өткізу мақсатында педагогикалық университеттердің жанынан мектеп-колледж мекемелерін ашу туралы.

Жалпы, бұл оқу үдерісін тәжірибеге негіздеп, университеттердің өндірістік базасын қалыптастырып қана қоймай, жоғары педагогикалық білім мен орта және арнаулы оқу орындарында стандарттарды үйлестіруге мүмкіндік береді.

Әрине, мұндай тетікті енгізудің түрлі жолы бар. Мәселен, ол уни-верситеттің толық меншігіндегі ақылы мектеп-колледж немесе мемлекеттік орта және арнау¬лы білім мекемесін сенімгерлік басқару арқылы жүргізілетін құрылым болуы мүмкін. Абай университеті өз тарапынан бұл екі жолды да қарастырып жатыр. Атап айт¬қанда, бұндай бастамалар бір жағы – кей¬бір өңірлердің білім басқармалары тара¬пынан қолдау тапса, екінші жағы – Аустриядағы Тироль университеті мектебінің үлгісінде коммерциялық жоба ре¬тінде енгізу мүмкіндігі бар.

Түптеп келгенде, педагогикалық білім мазмұны ұлттық құндылыққа бағыт-талған оқу үдерісін сауатты әрі тиімді ұйымдастыруды талап етеді. Бұл – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бас¬таған Алаш ағартушыларының ерте бастан аңсаған асыл арманы. Ендеше, педагогикалық білім саласының алға қойған міндеттері мен жоғарыдағы ұсыныстар жаңа буын мұғалімдерін даярлаудың икемді жүйесін құруға және білікті ұстаз даярлау сапасын арттыруға үлес қосады деп сенеміз.

Болат ТІЛЕП,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор 

Ақпарат көзі: egemen.kz

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір