Мөлдір сезім (әңгіме)
11.10.2024
95
0

Нұрланның жиналыстан шығып, кабинетіне келіп отыра бергені сол еді, есік қағылды. Сәлден кейін аққұба өңді, шашы толқындай арқасына төгілген, бота көз бір бойжеткен ішке енді.
– Ағай, кіруге рұқсат па екен?
– Кіре ғой, – деді Нұрлан отыратын орынды нұсқап. Япыр-ау, «кімге ұқсайды?» деген ой санасына орала берді. Тіп-тік тұлға, ұяң көзқарас… Иә, иә таныс, бірақ қайдан көрді?..
– Ағай, сізге келіп едім…
– А, иә, айта бер, тыңдап отырмын,– деді Нұрлан әп дегеннен сасып қалып, бір жағынан ыңғайсызданып қалды, «қызымдай адамға сұқтана қарағаным қандай болғаны?» деп ойланды.
– Мен, оқуға түсуге келіп едім, соған бағыт-бағдар сілтеп жібермейсіз бе, мүмкіндік болса көмектесіп, еңбегіңізді ұмытпаспыз, ағай, – деді бойжеткен төмен қараған күйі. Бойжеткен қысылып отыр, бірақ пысық-ақ, оқуға түсемін деп талпынып, оның үстіне факультет деканына келіп, ашық сөйлесіп отыр. Енді Нұрланның ойына «не маған біреу бағыт­тап жіберген, не өмірге деген түсінігі бар екен» деген болжамдар оралды. Иә, Нұрлан Қазақ мемлекет­тік университетінің Заң факультетінің деканы еді. Бұдан бұрын Ақтау қалалық ІІБ-нің қылмысты іздестіру бөлімінде жедел уәкіл, одан соң бөлім бастығы болып қызмет атқарған, демалыстағы полиция полковнигі. Ал университетке декан болғанына көп бола қойған жоқ, «заң ғылымының кандидаты» деген атақты алғаны да жақында еді. «Жасың біразға келді, ендігі жерде тыныш жерде болшы» деп, ескі танысы, ректор Ұланның отырғызған орны, әйтпесе қатардағы дәріс беруші болып жүре берер еді. Нұрланның бұл жұмысқа келуі – тынымсыз еңбек етіп қалған мінезі, үйде отыра алмауы, екінші жағынан, бар көрген-білгенін кейінгі ұрпаққа қалдыру, әйтпесе төрт құбыласы түгел адамға не жетпейді? Құдайға шүкір қаланың ортасында төрт бөлмелі үйі, «Мазда» автокөлігі жұбайы Айым екеуінің тірнектеп жиған дүниесі. Артына ерген екі ұл, бір қызы бар. «Шүкір, шүкір, тәуба!» деп қойды ол іштей.
– Айналайын, ел-жеріңді айта отыр, қай туғансың?
– Есімім – Жұлдыз, Жұлдыз Бекқай-­­ дар­ова, Жамбыл облысынан боламын.
«Бекқайдарова? Жұлдыз Дананың қызы емес пе?» деген сауал деканның әп-сәт­те санасына сарт ет­ті. «Тамырын басып, сұрап көру керек» деп түйді. Сұрау, жауап алудан өмірлік тәжірбиесі бар қарт қызметкер әңгімені әріден бастады.
– Жарайды Жұлдызжан, әке-шешең бар шығар?
– Иә, анам бар, есімі – Дана, ал әкем былтыр өмірден өткен, есімі – Дархан, жол апатына ұшыраған, – деген Жұлдыздың көзі жыпылақтап, төмен қарап кет­ті.
– Кешір, айналайын, ата-анаңды сұрағаным ескі таныстарымның бірі жөн сілтеп жіберген шығар деген ойым еді, – деп сөз саптауын бұрып әкет­ті. Екінші жағынан бұлай деуі, «мүмкін, Дана мұның осында екенін білетін шығар» деген ой болатын.
– Анамның жұмыстан қолы тимейді, ал үйдегі үлкені менмін, артымда екі інім бар,– деді бойжеткен.
Иә, ширек ғасырдай жинаған тәжірбиесі бар қарт полковниктің түйсігі алдамапты: оның «өмірге деген түсінігі бар екен» деуі де, «қайдан көрдім?» деген бет-бейнесін ұқсатуы да дәл келіп тұр.
– Жақсы, бір ретін табармыз, ал қазір түскі астың уақыты болып қалыпты,– деді Нұрлан сағатын көрген соң жиналып жатып,– үйге жүре ғой айналайын, үйді көр, содан соң шай үстінде әңгімелесерміз.
Нұрлан Жұлдызды үй-ішімен таныстырды, ал олар Жұлдызды тіпті «кім болады?» деп сұрамады да, қайта жылыұшырай қарсы алды.
Түстен кейін Нұрлан Жұлдыздың құжат­тарын рет­теп берді, емтихан алушылармен сөйлесіп те қойды, тек енді болашақ студентке емтиханға алаңсыз дайындалу керек екенін айт­ты және: «әзір біздің үйде бола бер, өзіңе бір бөлмені босатып бергіземін, жатақханада у-шу болады дегенім ғой, егер көңілің қаласа жатақханаға кейін де ауыса жатарсың, алдымен, қалаға бой үйретіп, оқуға қол жеткізіп ал», – деп өз ақылын берді. Жұлдыз бұл ұсынысқа қысыла-қысыла келісімін берген болатын. «Оқуға түсуге көмек етсе де жетер еді ғой, ал мынау тым артық емес пе, мен сондай кім едім?» деп ойласа да, себебін білмеді. Бар ойы – студент атанып, анасын қуанту.
Кешкісін астан кейін Нұрлан Жұлдыздың бөлмесіне келіп, ішке енуге рұқсат сұрады.
– « Кіре беріңіз, есік ашық тұр ғой,– деді Жұлдыз өз үйіне өзі рұқсат сұраған адамға таңырқай.
– Қалай айналайын, дайындалып отырсың ба? Дайындал, оқығаннан жамандық көрмейсің. Ал менің келіп мазаңды алғаныма ренжімессің. Өзіңді өз үйіңдегідей еркін ұста, бұл – сенің бөлмең, бұл жерге сенің рұқсатыңсыз ешкім кірмейді, және айтарым, бұл көрсетіліп жатқан көмектің қайтарымы жоқ, ол туралы тіпті де ойлама. Кеудеңде «неге?» деген сұрақ тұрған шығар, оны да дәл қазір қоймай-ақ қой. Жалпылай айта кетсем, қолдан іс келіп тұрғанда өзгеге қол ұшын беру – ең асыл қасиет­тердің бірі. Басқалай өзіңді мазалап жүрген сұрақ бар ма?
– Әзірше жоқ.
– Олай болса мен бөлмеме кет­тім, жақсы кеш, жайлы дем алуыңды тілеймін,– деп әкесіндей мейірленген ұстазы маңдайынан сүйіп, бөлмеден шығып кет­ті.
Өз бөлмесіне келіп төсекке жатқанымен Нұрлан ұйықтай алмады. Өткен өмірі, жастық дәурені, алғашқы махаббат кезеңі көз алдынан сырғып өтіп жат­ты.

* * *

Ол кезде Нұрлан қылмысты іздестіру бөліміне келгеніне бар жоғы алты-жеті ай болған еді. Бір күні әдет­тегідей жұмыс бабымен түн қата келе жатқан. Кенет­тен жақын маңнан «жіберіңіздерші, менде нелерің бар?!» деген жалынышты-қарсыласқан дауыс шықты. Дауыс шыққан жаққа жүгіре жеткен Нұрлан бір қызды екі жігіт­тің жолын кес-кестеп, қолынан ұстап, жібермей тұрғанын көрді. Жетіп барып, қызмет­тік куәлігін көрсеткен ол өктем дауыспен:
– Босатыңдар,– деді.
– Ей, батырсымақ, иығыңа тағы бір жұлдыз таққың келе ме, әлде тыныш жүргенді қалайсың ба, қане табаныңды жалтырат, – деді аласа бойлы, төртбақ қарасы. Жас шамасы 25-27 аралығында. Сірә, талайды көрген бұзақының бірі болса керек. Ал қасындағысы ұзынтұра сары жастау көрінді. Мұндай орталарда бұрын болмаған ба, болмаса полиция өкілінің мысы басты ма, ол тайсақтап шыға келді. Бұлармен келісудің мүмкін еместігін білген лейтенант қол көтеруге мәжбүр болды. Екі жылдай каратэ, айкидо сынды төбелес тактикаларын меңгерген жігіт кейінгі кезде жұмыс бабында қарулы қылмыскерлерге қарсы «самбо» спортының тәсілдерін де үйреніп, жат­тығып қалған еді, тіпті үш-төрт рет қолданған да болатын. Сол тәсілмен төртпақ қараны іші-қойнына шалт қимылмен кіріп алып, басынан асыра жерге соқты. Еш нәрсенің байыбына барып үлгермеген ұзынтұраны қолынан жетелей оң қапталға тарт­ты да, көз ілеспес жылдамдықпен кері бағытқа сілкіді. Бар екпінімен ентелей қозғалған ұзынтұра салмағын кері бағыт­талғанда шалқалай құлады. Бұл жапондық «айкидо» жекпе-жегінің тәсілі еді. Соның арасынша төртбақ қара жерден тұра сала қалтасынан тетікті пышақ алып, жарқ еткізді. Осы кезде пышақтан қорыққан қыздың «мама!» деген ащы даусы шықты. Қыз әудем жерде не көмекке адам шақырарын, не кетіп қаларын білмей дірілдеп тұрған-ды. Іле жоғарыдан төмен қарай пышақты қолдың екпіні келе жат­ты. Ал Нұрлан жалтара қашып, шап беріп ұстай алды да қолын артына қайырды, білегін майыстырған кезде саусақтары жазылып, пышақ жерге түсіп кет­ті. Ал өзін жерге етбетінен жатқызған күйі тізесімен жауырын тұсын басып отырып, жауаптың астына алды. Бұл кезде ұзынтұра қарасын батырып, қашып кеткен еді.
– Қане, ағасы, екеуміз оңашамыз, әңгімеңді айта бер, – деді жедел уәкіл кекете де, тістене.
– Сен мені танымайды екенсің батырым, бүгін мені құртқанмен, ертеңгі күніңнің не болатынына көзің жете ме?– деді төртбақ ырсылдай.
– Сендейлердің талайының әнгімесін естігенбіз… – дей берген Нұрлан төртбақтың жейдесінің қалтасынан бір құжат­тың шетін көріп қалды, суырып алса, жүргізушілік куәлігі екен. Аты-жөнін көрсе, қалаға ертерек көшіп кеткен өз ауылдасы болып шықты. Енді есіне түсті, бұл төртбақ мектеп кезінен бұзық еді, бірақ мұнда алты аласы, бес бересі жоқ, әке-шешелері жақсы араласып тұрған көршілер болатын. Ал төртбақты екінші сыныптан кейін көріп тұрғаны осы, бақандай он бес жыл, қалай өзгеріп кеткен!
– Айдар, – деді Нұрлан, – мен өзімді таныстырмаймын, біз бір ауылдан боламыз, сондықтан, әріге бармай-ақ қояйық, мен сені көрмедім, сен мені көрген жоқсың. Ал мына пышақ менде қалады.
– Не? Сен кімсің?
– Артық сұрақтың қажеті жоқ. Мен сені көрген жоқпын дедім ғой, жөніңді тап, – деген Нұрлан теріс айналып кет­ті.
«Адамның кейде заңнан айналып кетуі деген осы болады» деп ойлады жас қызметкер. Егер ақырына дейін апарса «қыз зорлауға оқталғаны» және «құқық қорғау қызметкерінің талабына бағынбай, қарулы шабуыл» жасағаны үшін басынан сипамасы анық. Бірақ ар-намысы оған жібермеді, «түсінігі болса өзі түсіне жатар, әйтеуір, қарусыздандырдым ғой, ал жақсылықты түсінбесе, бірде болмаса бірде тұтылар» деген Нұрлан, аяңдап қыздың жанына келді. Қорыққаннан ба, тоңғаннан ба қыз дір-дір етеді. Жігіт сырт киімін шешіп, қыздың үстіне жапты. Бұл мамыр айының ортасы еді, түнгі мезгіл болғасын ба, аздап салқын леп білінеді. Екеуі аяңдап келеді. Жігіт қызға енді көз тоқтатып қараған «Япырмау мұндай да сұлулық болады екен-ау!?» деп ойлады. Бота көзі мөлдірей қарағанда жігіт­тің жүрегі дір ет­ті. Осындай қызғалдақ гүлді жаңағы есерсоқтар таптап кете жаздады-ау.
– Рақмет сізге! – деген қыз көз жанарын тайдырып әкет­ті.
– Озбырлыққа жол бермеу, ел тыныштығын ойлау – менің қызмет­тік міндетім де, азамат­тық борышым. Ал өзің осындай түн ортасында жүруге қалай бел байлағаныңды айтшы, –деді жігіт қызға төтесінен сұрақ қоймай, жұмсақ қана.
– Құрбымның үйінде қонақта болып едім, кеш тарадық, қона салсаңшы деген, үйінде жақын-туыстары болғасын ыңғайсыздандым, оның үстіне күнде жүріп жүрген жер, мұндай болады деп ойлаған жоқпын және үй арасы жақын болғасын…
– Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күн сынады деген бар. Жарайды, есіміңді білуге бола ма, менің есімім – Нұрлан, – деп жігіт қолын ұсынды.
– Дана, – деді қыз да нәзік те, сүйріктей саусақтарын ұсына.
– Қуаныштымын! – деп жігіт те жылы ілтипатпен жымия. – Есіміңіз қандай әдемі еді, тек өзіңізге лайық.
– Көп мақтамасаңыз да болар еді. Ал «Дана» деп маған бұл есімді мамам қойыпты, сірә, дана болсын дегені шығар.
– Анаңыздың сол үмітін ақтап жүрген шығарсыз, – деді Нұрлан әзіл-шыны аралас.
– Ақтауға тырысамыз ғой.
Осылайша, екеуі біраз жүрген соң бес қабат­ты үйдің тұсына келгенде қыз:
– Ал мен үйге де келіп қалдым.
– Пәтеріңізге дейін жеткізіп салайын.
– Қарсы емеспін,– деді Дана наздана.
– Хабарласып тұрсам қарсы емессіз бе?
– Өзіңіз біліңіз,– деді қыз ойлана.
– Мүмкін, телефоныңыз бар шығар?
– 78-67-94. Бірақ үй иесін мазалап, ренжітіп алмаңыз.
– Түсінікті. «Үй жалдап тұрады екен ғой деп ой түйді».
– Жақсы, сау болыңыз!
– Қайырлы түн, кездескенше,– деген Нұрлан Дананы пәтеріне кіргізіп салды.

* * *

Сөйтіп, екеуі бірге қыдырып, бірге жүретін болды. Екі жастың алғашқы басқан қадамдары жаман басталмаған тәрізді. Екеуі күн өткен сайын бір-біріне бауыр басып, тіпті бірін-бірі сәл көрмесе сағынатын жағдайға жет­ті. Қыдырмаған да, бармаған да жерлері қалмағандай. Театр дейсіз бе, клуб дейсіз бе, саябақ дейсіз бе, әйтеуір бәрі-бәрі бар. Сондай күндердің бірінде саябақта серуендеп жүріп екеуі махаббат, сезім туралы сыр шертісіп еді-ау!
– Дана, сен жалпы махаббат туралы қалай ойлайсың? – деді Нұрлан.
– Махаббат – екі адамның бірін-бірі шын сүюі, бірінсіз-бірі тұра алмауы.
– Сенің сол көзқарасыңа мен мынадай пікір қосар едім: махаббат – ұлы сезім, ол адам жүрегін де, ақыл-ойын да жаулап алады. Яғни осы мөлдір сезім арқылы екі адамның арасында ғашықтық пайда болады. Сезім адамды билейді, адам оған бас иеді. Махаббат деген жалпы мынау ғой:
Махаббат­ты түсінеді қалай, кім?
«Ғашықпын» деп басы қат­ты-ау,
талайдың.
Махаббат ол – ләззат емес бір түндік,
Ол сән емес бір көруге жарайтын.
Тыңда, жаным, ақыл алшы аздаған
Табиғат­та заңдар болады жазбаған.
Махаббат­ты оқымайсың еш жерден
Бірақ оның оты болады маздаған.
Гүлдері бар тербетілген, жайнаған,
Көкірегің нұрға толар айналаң.
Сағыныш бар сергелдеңге салатын,
Уы болады талайларды шайқаған.
Жалғай-тұғын екі жанның жүрегін,
Махаббат­ты әнге қосып жүремін.
Жігіт­терді сүйем десең, бойжеткен,
Жасытпағын сол жігіт­тің жігерін.
Ғашықтықты сезім дейді жайлаған,
Білсең соны ғашықсың деп айта алам.
Ей, жігіт­тер, сүйем десең аруды,
Арудай боп өмірге кел қайтадан.
– Нұрлан, айтшы, осы өлеңнің авторы кім?
– Сірә, жүрегіңнен орын алған тәрізді ғой? Авторын айтсам, оған да жүрегіңнен орын берер ме едің?
– Мен ол адамның жүрек лүпіліне, талантына ғашық болып қалдым.
– Жоқ, сен ол адамның өзіне де ғашық сияқтысың?
– Айтсаңшы енді.
– Ол үшін бір шарт қоямын.
– Шартыңды орындай алсам.
– Ерніңнен сүйгізесің.
– ?
Дананың ернінен сүйген Нұрлан:
– Оның авторы ерніңнен сүйді.
– Немене? Шын айтасың ба?
– Мен сені алдаған кезім болды ма?
– Әзілің бе дегенім ғой. Жарайды, айтыспай-ақ қояйықшы. Сен оданда маған мынаны айтшы: қатаң тәртіп пен лириканы қалай қатар алып жүрсің? Жалпы, полиция қызметкеріне анайы айтқанда, «қасқырлық» мінез тән ғой, ал сенде соның екеуі де бар ма, қалай?
– Полиция жұмысы – менің мамандығым, онда жүргесін ортаның өзі адамды солай қасқыр қылады, ал лирика – менің тума талантым.
– Дана,– деді Нұрлан сәл үнсіздіктен кейін,– несін жасырамыз, тікесінен айтқанда екеуміз бір-бірімізді ұнатамыз ғой. Яғни жаңағы қозғаған әңгімеміздің арамызда бары шындық, олай болса ұзақ жүрмесек деймін. Екеуміз екі жақта бір-бірімізді сағынысып жүргенше, бір жерде болсақ қалай қарайсың?
– Нұрлан, сен үй болуға дайын шығарсың, ал мен әлі дайын емеспін, оқуымды жаңа бастадым ғой. Ол жағын әлі ойламап­пын да.
Иә, Дана өнер институтының 1 курсында оқитын еді.
– Оқуыңды сырт­тайға ауыстыра саласың, қиналып отырғаның осы болса, шешімі табылды дей бер.
– Ата-анама не деймін?
– Дана, логикада мынадай қағида бар: өзіңнің қойған сұрағың өзіңе қайтып сұрақ болып келмеу керек. Ата-анаң сені бақты, қақты, өсірді, ендігі жерде тағдырыңның таңдауын әлі де ата-анаңа артасың ба?
Нұрлан әлі бір-екі сұрақ қойғысы келіп еді, бірақ бір жерге қадалып алуға ыңғайсызданды, оның үстіне әйел затына «неге?» деген сұрақпен тығырыққа тіреу ұнамайтынын психологиядан жақсы білетін-ді, сондықтан бұл мәселені екі ұшты етіп қоя салды.
– Әрине, үлкендермен ақылдасып, баталарын алған дұрыс, бағыт-бағдарын талқылас, бірақ шешуі өзіңнен болсын, соңғы нүктені қоюға әлі уақытың бар.
Екі ғашық қызу әңгімемен біраз отырғандарын да байқамай қалғандай.
– Нұрлан, қайтпаймыз ба?– деді Дана.
– Иә, қайтатын уақыт болды. Бірақ мен сенен ажырағым келмейді. Бүгінгі түнді бірге өткізсек қайтеді? Менің бір ұсынысым бар, бүгін қонақүйде болайықшы.
– Сосын, сен мен туралы не ойлайсың?
– Мен бәрін де түсінем, «мені жеңіл жағынан ойлайды» демекшісің ғой. Егер келіссең сүйгеніңнен келіскенің ғой.
Сол түні қос ғашық қонақүйге қонып қалды.
Нұрлан құмыға Дананың бал ернінен аймалады. Дана да ғашықтықтан басы айналып, мас болды. Жігіт­тің ыстық демі мен ерні құлақ түбін, мойнын аймалап, төсекке арай жылжығанда дүние шыр айналып жүре берді, бейне жұмақта жүргендей… Бұл кезде қыз ғұмырымен қоштасып, өзгеше өмірге қадам басқан еді. Адалдықтың, пәктіктің белгісіндей қызыл дақтар ақ мамықта қызарады.
«Жүрегім менің, мөлдір махаббатым, сен мәңгілік менікісің», – деп Нұрлан Дананы бауырына қыса түсті.

* * *

Екі жас осылай жүре берсе өмірлері қандай жағдайда болар еді, бірақ тағдырларына күрт өзгеріс ене бастады. Ол былай болған еді.
Дананың жалдап тұрған үйінің иесі жалғызбасты, жас шамасы 30-35-тегі, күйеуінен ажырасқан, 6-7 жасар қызымен тұратын әйел болатын. Есімі – Ағайша. Ағайшаның ойынша, Дананы өзінің немере інісі, бір аяғы кеміс, ішімдікке үйір Есенге қосу еді. Ол үшін, алдымен, Нұрланнан құтылу керек. Ол ойын былайша жүргізді: бір күні Дананың Нұрланға «ертең кешкісін 8-де «Демалыс» саябағында кездесейік» деген сөзін естіп қалады да, сол кезде жарты сағатқа жеңіл жүріске түскен Гүлайша есімді қызды жалдап алып, ол ерте келіп Дана келгенше Нұрланды айналдырып алып, Дана келген кезде Гүлайша Нұрланмен аймаласып тұру керек, бірақ Гүлайшаның қолынан ол келетін еді. Солай болды да. Алдын ала ойластырғандай – Дана мен Нұрланның фотосуретін Гүлайша көріп алған, енді оларды тану қиын болмады, бәрін сәт­ті орындап шықты.
– Нұрлан қалайсыз?– деді Гүлайша еркелей жақындап. Нұрлан қызға тосырқай қарады, «мені қайдан таниды, мен оны білмеймін ғой» деді іштей, «дегенмен өзгеріп кеткен таныстарымның бірі шығар, мен сені танымаймын деп теріс айналып кеткен ұят болар, жөн сұрасып көрейін» деп шешті.
– Немене, мені танымай қалдын ба? – деді іле Гүлайша.
– Есіме түспей тұрғаны.
– Олай болса көзіңді жұм.
Нұрлан таңырқай көзін жұма бергенде, Гүлайша аймалап сүйе бастайды. Бұл уақыт­та Дана әудем жерде көріп тұрған-ды.
– Сізге не болған?– деді Нұрлан қабағын шыта.
– Немене, мені менсінбей қалдың ба? Байқаймын біреуді күтіп тұрған сияқтысың ғой, жарайды кетейін, кедергі келтірмей,– деп Гүлайша айналып жүре берді. Бұл уақыт­та Дана да кетіп үлгерген.
Нұрлан Дананы сол күні 10-ға дейін күт­ті, үйіне телефон да соқты, жоқ. Күте-күте шаршаған жігіт дел-сал күйде үйге келді. Ертесі күні де телефон соққан, Ағайша үйде жоқ екенін айт­ты. Іздеп баруға жұмыстан босай алмады, екі күн өтіп үшінші күні ғана әрең босаған Нұрлан Данаға қарай құстай ұшты.
Есікті ашқан Ағайша:
– Дана бір жерге шығып кеткен, мүмкін, келіп қалар, үйге кір,– деп жік-жапар болды.
Үйге кірген соң фотоальбом берген Ағайша шай қоюға шығып кет­ті. Альбомды қарап отырып, Дананың бір жігітпен түскен суретін тауып алады. Негізінен, бұл Данаға жиен болып келетін жігіт еді, бір күні мейрамда кездесіп қалып, түсе салған-ды, өзгелей байланысы жоқ. Нұрлан сурет­ті қолына алып қарай түсті. Осы мезгілде шайға шақырған Ағайша:
– Әпке, мына сурет­тегі адамды тани алмадым ғой?– деді Нұрлан.
– Айтсам ауыр тимей ме? Жарайды, тек мен айт­ты деме, ол Дананың көңіл көтеріп жүрген жігіті ғой,– деді Ағайша беті бүлк етпестен,– Тікесінен айта салды деп сөге көрме, сұрағасын айтқаным ғой. Жүр шай ішейік, «Қонып қалмасам, келіп қалармын» деген, Дана да келіп қалар, ақ-қарасын содан соң шеше жатарсыңдар.
– Жоқ, мен жүрейін, кейін хабарласармын,– деген Нұрлан асығыс шығып кет­ті. Төбесінен жай түскендей. «Бұл қалай? Неге? Не үшін?» деген сан мың сұрақ миын жеп барады. «Мүмкін емес!» деп жүрегі қан жылайды. «Қонып қалмаса, келіп қалар» деген сөзді бірден неге айтпады, мұның артында бір күдік бар, әлде бірден айтуға ыңғайсызданды ма екен? «Не болса да бетпе-бет сөйлесу керек, сыртынан тон пішпей-ақ қояйын» деген Нұрланның үміті әлі де үзілер емес.
Дана сол күні құрбысының үйіне кеткен еді. Оның да көңіл күйі быт-шыт. Нұрланды ондай адамға қимайды, бірақ бәрін көзімен көрді ғой, оның үстіне үш күн бойы хабарсыз кеткені күдігін күшейте түсті.
Ертеңіне жұмысқа келген Нұрлан оқу бағытымен Алматы қаласына іссапарға жүретінін білді. Бақандай 3 ай. Өзі жарым көңіл жүрген жігітке бұл жаңалық сең соққан балықтай етіп жіберді. Бірақ бұйрықтың аты – бұйрық. Бұйрық талқыланбайды, орындалады.
Нұрланның Данамен кездесуге тағы да сәті түспеді, осымен мың сұраққа тұншыққан жігіт жолға ат­танып кете барды.

* * *

Іссапарда жүріп те Нұрланның ақыл-ойы Данада болды. Оқу деген – оқу болмады, тек ілініп-салынып жүрді. Бір күні шыдай алмай ішкі сырын хатқа түсірді. Ондағы жазғаны мынау еді:
«Жаным, Дана! Хал-жағдайың қалай? Қайда жүр екенсің? Білмеймін, бұл хат қолыңа тие ме, жоқ па, өйткені, сені жоғалтып алдым ғой. Арамызда не болып кет­ті, неге менен теріс айналдың? Мен сені ренжітпеген едім ғой, егер ұнамсыз әрекетім болса, оны неге айтпайсың? Өзіңді ойлап, күні-түні мазам қашуда, өмірден түңілгендеймін. Өзіңсіз өмірдің мәнсіз болатынын бұрын тек сезсем, енді нағыз бастан кешудемін.
Сенің бір жігітпен түскен суретіңді көрдім, бірақ көзім жетпей сенгім келмейді. Осы хат­тан кейін ең болмаса, бір хабар берші, жаным. Өзіңді қат­ты сағындым ғой, тым құрыса бір көріп, құшағыма қысып, аймаласам арманым болмас еді! Күндіз-түні елесің көз алдымнан кетпейді. Не дейін басқа, жүрегімнен жарып шыққан жан шырылы мына жыр шумақтарын саған арнаймын:
Сағындым ғой сені жаным, сүйіктім!
Өзіңді мен мәңгілікке сүйіппін.
Сағыныштан өртенеді өзегім,
Қалғандаймын ішінде от пен күйіктің.

О сағыныш, неге жанды қинайсың?
Жүрегіме ән мен жырды жинайсың.
Сол жырменен өрекписің өзің де,
Асау ат­тай көкірегіме сыймайсың.

Сүйесің мені, оныңды жақсы білемін,
Жасыңмен жылап,
күлкіңмен сенің күлемін.
Білемін жаным,
өмір жоқ маған бір сенсіз
Өйткені өзің – қаным да менің, жүрегім.
Сүйіктің Нұрлан».
Иә, Нұрлан хат­ты жіберген, бірақ… Бірақ хат Дананың қолына тимеді. Данадан бұрын хат­ты қолына алған Ағайша оны жыртып, отқа тастады. Кейін де жазылған хат­тар осылайша жойылып отырды.

* * *

Ал Данаға келетін болсақ – ол Нұрланға бар жағдайды айтып, енді екеуінің кездеспеуін сұрап, жұмыс орнына барған-ды, бірақ Нұрланның іссапарға кеткенін естіп, одан мүлде күдер үзіп кеткен еді. Әрине, жылады, сықтады, бірақ тағдырдың таразысы адамның арманынан да үмітінен де басым екенін енді түсінгендей.
Көп кешікпей әкесі Дананы Ақтаудағы оқу орнынан шығарып, Тараз қаласына ауыстырып алды. Негізінен, Ақтау қаласына түсіруге қолқа салған Ақтау қалалық өнер институтының проректоры, Дананың нағашы ағасы Дәулет болатын.
Сөйтіп, Дана Тараз қаласына жол тарт­ты.
Мұнда Данаға көз салып, сөз айтқан жігіт­тер көп болды. Солардың бірі – Дархан еді. Бірақ Данада махаббат қуып, қыдыруға көңіл күйі жоқ болатын. Жігіт­терге көңілі суып қалғандай. Дарханмен тек қарапа­йым ғана қарым-қатынас ұстады. Дананың ойынша, Дархан жалпы жаман жігітке ұқсамайды. Салмақты, әуес қылықтардан аулақ, қыз мінезді болатын, тек Данаға сонысымен ұнайды.
Бір күні Дана кешкілік бой жазып, тротуар­мен жалғыз қыдырып келе жатқан. Кенет қасына ақ түсті Волга машинасы сырғып тоқтады да, ішінен Дархан түсті. Ол бір жерге асығыс кетіп бара жатқанын, кешкі мезгілде жалғыз жүру қауіпті екенін айтып, үйіне дейін жеткізіп салатынын білдірді. Дана қарсы болмады. Машинада Дарханнан басқа бір жігіт және жүргізуші бар екен. Бірақ Дарханнан жамандық күтпеді. Ал машина зырлап отырып қаланың шетіне шыға берді. Дананың көңілі енді алаңдай бастады. Дархан оған қазір бір жерге соға кететінін, содан соң қайтып келе жатып жолай үйіне түсіріп кететінін айт­ты. Қыз көңілі содан соң ғана орнына түскендей. Ақ Волга біраз жүрген соң бір ауылға, адамдар жиналып абыр-сабыр болып жатқан үйге ат басын тіреді. Машинаны көргенде кемпірлер жүгіре шығып, «келін келді», «келін келді» деп шашу шашып жатыр. Ештеңеге түсінбей көзі атыздай болған Дана не істерін білмей қалды. Бір мезгілде қара торы бір келіншек Дананың басына ақ шәлі жаулықты жаба салды.
Елдің абыр-сабыр әрекет­терін енді түсінген Дана егіліп отыра кет­ті. Кемпір, келіншектер өздерінің де осылай келін боп түскендерін айтып, басу айтуда. Бірақ айқай-шу шығарып, «кетем» деуге тәрбиесіне жат қылықты жасай алмады, оның үстіне «қайтып келді» деген өсектен қорықты. Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады демекші, тағдырдың асаулығына бас иген Дана, осылайша, бір үйдің келіні болып қала берді. Бір көңілге медеуі – Дархан өзін шексіз сүйді, Құдайындай сыйлады, ата-енесі де иі жұмсақ кісілер екен, келінін қызындай көрді.

* * *

Нұрлан ертеңіне кеш оянды, жастық шағын, өткен өмірін ойлап жатып таңға жуық а көзі ілінген еді. Нұрлан енді Дананың өзінен кеткеннен кейінгі өмірін білгісі келді. Алғашқы махаббаты Дананың өмір жолын өз аузынан естігісі келді, жұмбаққа толы суысып кеткен араларындағы жағдайды білгісі келіп асықты. «Қазір қандай болды екен?» деп ойлады. Жасы ел ортасы елуге таяп қалса да, көңілі сол жиырма бес жастағыдай. Әлде мөлдір сезім, алғашқы махаббат сондай ыстық бола ма екен? Не болса да бәрін өз аузынан естігісі келді. Осы шешімге келген ол Жұлдыздан шет жағалай сұрай отырып, Дананың қашан келетінін біліп алды, яғни бір апта уақыты бар.

* * *

Міне, Тараз бағытынан келе жатқан пойыз да тарсыл-гүрсіл етіп келіп тоқтады. Мамасын күтіп алуға Жұлдызды алып келгендей болған Нұрлан, сол Дананы өзі де күтуде еді. «Мені тани ма екен?» «Таныса қандай жағдайда болады екен?» деп ойлады. Тек мұның бәрін Жұлдызға білдірмеу керек.
Кенет­тен Жұлдыз: «Мама, мам» деп жүгіре жөнелгені. Қолында әйел адамның сөмкесі бар, шашына ақ кірген, көзілдірік таққан, орта бойлы, толықтау келген әйел адамға еркелей, мойнына асыла кет­ті. «Япыр-ау, мынау Дана ма?» деп ойлады Нұрлан,– қалай ғана өзгеріп кеткен? Бір-бірімізді Жұлдызсыз кездестірсек, танымайтындай халде екенбіз ғой. Көзінің де нұры таяйын деген екен, тек көз қарасы сол қалпы. Кезінде оқуда жүргенде криминалистика пәнінің лекторы Иван Григореевич: «Өмірде адамның бет-келбеті, түр-тұлғасы өзгергенмен саусақ іздері мен көзқарасы өзгермейді» деген-ді. Осы сөз мықтап есінде сақталыпты, өйткені тәжірбие жүзінде талай көз жеткізген еді.
Дана Нұрланды танымады, жай ғана:
– Сәлеметсіз бе! – деді.
– Саламат па!
Машинаға келіп отырған соң Жұлдыз:
– Мам, танысып қойыңыз, бұл кісі факультет деканы Нұрлан ағай, мен қазір осы ағайдың үйіндемін, маған қол ұшын беріп, жетелеп жүрген асыл адам, мен көке деймін. Көке, байқап отырған шығарсыз менің анам – осы кісі.
– Өте жақсы. Кейіннен толықтай таныса жатармыз, ал қазір қалай жет­тіңіз, жол ауырлығы шаршатқан жоқ па? – деді Нұрлан сыр бүге.
– Рақмет сізге, жолдың аздаған өз ауырлығы болады ғой. Өздеріңіздің дені-қарыларыңыз сау ма?
– Шүкір әзірге, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей күй кешудеміз.
– Қызымды қанатыңызға алып, сүйемелдеп жүр екенсіз, еңбегіңіз Алладан қайтсын, алғысымды қалай білдірерімді білмей отырмын.
– Қолдан келсе жақсылық жасау – әр кісінің міндеті, адами қасиеті ғой. Жұлдыз да өз қызым болып кет­ті.
Осыдан кейін үнсіздік орнады. Дана мен Жұлдыз қаланы тамашалап келеді, Нұрлан екі қолы рульде, өз ойымен өзі. Сәлден кейін үнсіз отыруға ыңғайсызданып, радионы қосты. Радиода қазақша әндер беріліп жатыр екен:
…Өмірдің пәктігін,
Жаныма сыйлаған.
Кештерді қайтейін
Кетуге қимаған,
Алғашқы махаббат
Жүректі тербейді.
Мәңгілік бақ-құсым,
Қоштасқым келмейді…
Иә, өмір деген осы, кезінде бірін-бірі құлай сүйген екі жас, қазір бірін-бірі тани алмауда, бәрі адамның өз қолында дегенмен, тағдырға адам баласы бәрібір күндердің күнінде бас иеді ғой. Өйткені ол – тағдыр. Осы оймен олар үйге қалай келіп қалғандарын байқамай қалды.
Үйге келіп, кешкі астарын ішкен соң, Жұлдыз бен Нұрланның қызы Айнұр оқуға дайындалуға келесі бөлмеге кет­ті де, Айым іс тігетін болып тігін машинасына отырды.
– Нұрлан,– деді содан соң,– менің бүгін ісім бар, таза ауаға шығуға мүмкіндігім болмайын деп тұр, Дананы бой жаздырып, қыдыртып қайтсайшы, қонақтың іші пысар, – деді Айым.
Иә, Нұрландар кешке қарай таза ауада серуендеуді күндегі әдет­іне айналдырғалы қашан, оның үстіне саябақ үйдің дәл қасында. Дана бірнеше жылдан Алматыға келіп тұрғаны осы, Алматының жанды сергітер кешкі ауасын сағынып та жеткен-ді, серуендеуге қарсы болмады.
Саябаққа келіп жайғасқан соң Нұрлан:
– Дана – деді тікесінен.– Несін жасырамыз, тікелей айтқаныма ренжімессің, біз бір-бірімізді ұмытыппыз ғой. Оның да себебі бар – арада ширек ғасырдай уақыт өт­ті. Ол уақыт­та жалындаған жас болдық, қазір самайымызды ақ қырау шалды. Кездесу деп осыны айт!
– Немене? Нұрлан?!. Сіз…
– Иә, мен – Нұрланмын. «Сіз» деген сөзді қолданбай-ақ қойсаң болар еді. Менің көкейімде осы уақытқа дейін «сен қайдасың?» деген сауал жүрді, соны сұраудың кезі енді келген тәрізді. Әрине біз ол кезде жас болдық, шала болдық дегендей. «Ол әңгімені неге қозғап отыр екен?» деген ойда шығарсың. Білемін, өткенді өзгерте алмаймыз және қазіргі өміріме де өкінбеймін, бірақ сол кездегі ыстық сезім мен бір-бірімізді жоғалтқан тағдырдың ызғарлы кезі күні кешегідей көз алдымда. Оны ұмыту мүмкін емес, ол менің мәңгі жүрегімде қалады. Айтшы, Дана, сол кезде неге менен теріс айналдың және осы уақытқа дейінгі өміріңді білуге бола ма?
– Нұрлан, жастық әңгіме деп жатпай-ақ қозғап отырмыз ғой, менің де жасыратыным жоқ, сұрағым бар, бірақ қазіргі кезге ғана байланысты, – деді Дана сәл үнсіздіктен кейін. Иә, мен теріс айналдым, бірақ оған кейін өкіндім. Өйткені біздің армызды суытқан Ағайша екенін кеш білдім. Есіңде ме, бірде мені «Демалыс» саябағына шақырдың, ал онда мен келгенде, сен бір қызбен өбісіп тұрғансың, сол кезде мен сені қалай жек көріп кет­тім десеңші. Жоқ, ол қыз саған ешкім емес екен, оны Ағайша жалдап алыпты. Кейін хабарласпай кеткесін жұмыс орныңа іздеп бардым, іссапарға кетіп қалыпсың. Іссапарда жүріп те менен күдер үзбей хат жазып отырыпсың, бірақ оны Ағайша жойып отырыпты, ондағы ойы, мені немере інісіне қоспақшы екен. Мұның бәрін маған бір күні Ағайша қат­ты сырқат­танып жатып, кешірім сұрай айтқан еді. Ағайша тек өз қатесін өлер сәт­те ғана түсінді. «Сендердің обалдарың шығар, мен қат­ты қиналып жатырмын ғой, білем, мен енді бұл өмірдің адамы емеспін, ең болмаса жүгім жеңілдесін мені кешірші, Дана!» – деген үздіге, көзі жәудірей. Мен не істей аламын, болары болып, бояуы сіңген соң, оның үстіне бақилық болар адамды табалағым келмеді. Бәріміздің де барар жеріміз сол жақ қой.
Кейіннен әкем оқуымды Таразға ауыстырып алды. Оқуымды бітірмей жатып ұзатылып кет­тім. Сөзім ауыр болмасын, күйеуім Дархан алып қашқан-ды, тағдырдың жазуы сол болғасын көндім де, бірақ өкінбеймін. Марқұм ол кісі кете-кеткенше аялап өт­ті, әт­тең, ажал… жол апатынан қайтыс болды қой.
– Иманы жолдас болсын!
– ?
– Ал менің сұрағым – Жұлдызды сонша бауырыңа басқаның, мені кешіргенің бе?
– Сүйген жүрек әркез кешірімді келеді. Мен сені өмір бойы сүюге дайын едім, соған ант бердім де. Біздің махаббатымыз шексіз еді және солай болып қалады да. Біз махаббат­тың бір боп балын татқан жоқпыз, бірақ сағынысып жүріп уын іштік. Бір-бірімізді мәңгілік көрмей кеткен жоқпыз, міне, кездестік. Кезіндегі Ләйлі мен Мәжүнін, Жібек пен Төлеген, Естай мен Қорлан да – бір-бірін шексіз сүйіп, қосыла алмай кеткендер. Махаббат деген – мөлдір сезім, асқақ арман, асыл қасиет. Ол – тылсым табиғат, құдірет­ті күш, ол мәңгілік адам жүрегімен өмір сүреді. Әт­тең, оны екінің бірі түсіне бермейді-ау, өйткені ол табиғат­тың жазылмаған заңы, әркім өзінше түсінеді де өзінше махаббатқа билік құрады. Жоқ, адамзат қателеспе! Махаббатқа билік жүмейді, ол адамды билейді. Киелі сезімді мазақ етіп, наласына ұшырамау керек. Егер арулар жігіт­тің жігерін жасытпай, еркек деп сыйласа, ал жігіт­тер аруларды алақанына салып аяласа, бір-бірін сыйласа, қадірлесе, қастерлесе, бұл – махаббат­тың батасы. Шынайы махаббатқа қол жеткізу үшін өз жүрегіңе екінші бір жүректі сыйғыза білу керек. Міне, осылай Данажан,– деген Нұрлан сүйіктісін құшақтап үнсіз қалды…

 

Нұрлыбек Бақтығалиұлы,
Атырау облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір