АЭС – болашақтың қуат көзі
01.10.2024
87
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында алға қойған негізгі міндет­тердің бірі – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, соның нәтижесінде экономикамыздың одан әрі дамуына кең жол ашу. Әрине, АЭС құрылысын қолға алу – өте күрделі әрі барынша жауапты жұмыс. Сондықтан бұл жұмысты бастаудан бұрын халықтың ой-пікірімен санасып, қолдауына сүйену керек.

Осыған орай, алдағы 6 қазанда «Сіз Қазақстанда атом электр стансысын салуға келісесіз бе?» деген сауал бойын­ша республикалық референдум өтетіні баршаға мәлім. Бұл референдум қалай өтеді, оған халықтың қатысу белсенділігі қалай болады – бұл сұрақтар ешкімді де бей-жай қалдырмауы тиіс. Осы рет­те, мен де өз пікірімді білдіруді жөн көріп отырмын.
Мемлекет басшысы АЭС құрылысын қолға алу туралы мәселені кездейсоқ көтеріп отырған жоқ. Бүгінгі таңда бүкіл дүниежүзін алаңдататын мәселелердің бірі – қуат көзін өндіруге мүмкіндік беретін шикізат­тың, оның ішінде, әсіресе газ бен мұнайдың күн санап азайып бара жатқаны. Әрине, бір қарағанда, мұнай мен газдың ұшан-теңіз мол қоры бар Қазақстан бұл жөнінен ешқандай қиындыққа душар болмайтындай көрінуі де мүмкін. Бірақ бұл қазіргі жағдай, ал келешекте не болады?
Осыған орай және бір мәселені айта кетуге тиіспіз. Соңғы кезде АЭС салудың орнына кейбір шет мемлекет­тердей бізде де күн және жел энергиясын пайдаланатын құрылғылар салуды көбейту керек деген әңгімелер айтылып жүр. Бірақ мұндай құрылғыларды салған мемлекет­тердің жер көлемі өте шағын, ал халқы көп және тығыз орналасқан. Сондықтан оларда күн, жел энергиясынан қуат алатын құрылғылар салу әлдеқайда жеңіл, жұмсалған шығынды өтеу де оңай. Ал біздің Қазақстанның жері кең, халық саны болса, әлдеқайда аз, сол аз халық ұшан-теңіз жердің сан қиырына барынша шашырап орналасқан. Сондықтан Қазақстанда мұндай құрылғылар салу өте күрделі, ешқашан өтелмейтін шығын.
Міне, осындай жағдайларға байланысты мен өзім АЭС салуды қолдаймын. Алайда құрылысты қолға алуы барысында төмендегідей төрт мәселе ерекше назарда болуы керек.
1. Бұған дейін АЭС салған өркениет­ті мемлекет­тердің тәжірибесін мұқият зерт­теп, жетістіктері мен кемшіліктерін жан-жақты талдап, нақты қорытынды жасап, кейін біз де бұл саладағы өз жұмысымызды осы қорытындыға сүйене отырып жүргізуіміз қажет.
2. Бізде кез келген құрылысты, әсіресе тасжол мен теміржолды салғанда бөлінген қаржыны неше түрлі қитұрқы жолмен талан-таражға салу жиі кездеседі. АЭС салуда мұндай жағдайға ешқандай жол берілмеуі керек.
3. АЭС салу еліміздің экологиялық жағдайына ешқандай зиян келтірмей ме? Бұған нақты қандай кепілдіктер болады?
4. АЭС салу осы құрылысқа қатысы болған кейбір елдердің Қазақстанға түрлі жымысқылықпен ықпал жасауын күшейтіп, мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне кесірін тигізбей ме?
Жоғарыда айтылған төрт мәселе АЭС құрылысына дайындық пен оны қолға алу барысында нақты анықталып, оның нәтижесі халыққа жан-жақты жеткізіліп, түсіндіріліп отырғаны дұрыс және солай болады деп есептейміз.
Соған орай, Қазақстан халқы болашақтағы сенімді қуат көзі – АЭС екенін ескере отырып, 6 қазанда өтететін референдумға белене қатысады деп сенеміз.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
Т. Жүргенов атындағы Қазақ
ұлт­тық өнер академиясының профессоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір