Көзі жасты күлегеш қыз
Арс еткен иттің даусы мен төбе-құйқаны шымырлата шыңғырған қыздың үні қабаттаса шықты. Портфелін сүйретіп, аялдамаға қарай ілбіп басып келе жатқан Айбардың көңілінде өткен күннің естеліктері бір-ақ сәтте оянып, жан ұшырып дауыс шыққан тұсқа қарай жүгірді.
– Көмектесіңдер! – деп шырылдаған қыз өзіне ұмтылған сабалақ жүнді итті сөмкесімен жасқамақ болды. Бірақ бұл әрекеті қаңғыбас итті тек ашуландыра түсті. Айбар құйындата жеткен бойда қызға қарап азуын ақситқан итті қағаз толы портфелімен ұрып, жекіре айғайлады. Көзі қанталаған қара ала ит портфельді бас сап тістеп, көкпар тартқандай етті. Айбар қатты алқынып, бар күшімен жұлқынып, итті өкпе тұсынан оңдырмай тепті. Құдды бір жеті атасының кегі кеткендей, есі шыға тепкілей берді. Ендігі көріністі аялдамаға жиналған жұрт қалта телефондарының бейнежазбасына түсіріп әлек болды. Айбар иттің аузындағы портфелін бір жұлқығанда, ол ақтарылып кетіп, ішіндегі қағаз біткен ауаға қалқып шықты. Қорқынышын жеңіп, оқиғаны енді бажайлаған жас қыз Айбарды жеңінен тартты:
– Ағай, тоқтаңыз! – деп шар етті.
Жіңішке, нәзік қыз даусы Айбарға талып естілді. Оның көз алдында тісі ақсиған қаңғыбас қара ит емес, көзі от шашқан, алпамсадай қара төбет тұрды. Елес пен шындықтың аражігін ажырата алмай қалған жігіт маңайдағы ел ұлардай шулағанда барып өз-өзіне келгендей болды. Қызға шаппақ болған қаңғыбас ит әлдеқашан ізін суытыпты. Бұл елес-төбетпен жұлқысып жүр екен.
– Ағай, қағаздарыңызды жинап, сөмкеңізге салып қойдым. Тек бірсыпырасы балшық тиіп, былғанып қалды, – деген қыз Айбардың қолына портфелін ұстатты. Әлі де екі иығынан демалып тұрған жігітті көріп, қыз оны аялдаманың шетіне қарай жетектей жөнелді.
– Ағай, сабаңызға түсіңізші! Менің қорыққан түрімді көріп еліріп кетті ме, әйтпесе бұралқы ит қабуға жарамайтын еді ғой. Бала кезімнен бері иттен қорқамын, бірақ күшікті жақсы көремін, – деп күлімдеген қыздың жүзін көз жасы жуып тұрды. Айбардың жанары қайта тұманданып, аузы бұртиып өкпелеп, көзінен моншақ-моншақ жас ағып отыратын бұйра шашты кішкентай қыз елес берді. Құртақандай сүйкімді қыз теріс айналып еді, оның орнын бойжеткен басты.
– Ағай, рақмет сізге! Мені ажалдан болмаса да, бір қорқыныштан құтқардыңыз, – деп ашық-жарқын дауыстай сөйлеген қыз көз жасын сүртпестен, бұған жадырай қарады.
– Жақсы, – деді Айбар демікпесі бардай үзіп-созып сөйлеп, – жақсы, мен жылжиын.
– Ағай, түсінбей тұрғаным, бұралқы ит қыңсылап қашқанда, сіз әлі де жер тепкілеп, кіжініп тұрдыңыз ғой. Қара пәленің кеткенін аңдамай қалдыңыз ба, әлде…
– Жоқ, құқығы «тым қорғалған» төрт аяқтыға ыза болдым. Бар болғаны сол, – деген Айбар келген автобусқа бет алды. Онымен қосамжарлана ұмтылған қыз да автобусқа кірді. Ығы-жығы жолаушылардың арасынан сыртқа көз тастаған Айбар өз-өзін кекетті: «Жаттанды тірліктен шабыт құсым келмей жүр. «Қайталана беретін берекесіз тірлікті өзгертсе ғой!» деп аһ ұрушы едің. Міне, саған өзгеріс. Өзгеріс емес, төңкеріс! «Ұмыттым, енді есіме де алмаймын» деген өкінішті бір сәтің бар көрінісімен тіріліп келді. Енді шабытты шақырып та алдыра алмас, суретін енді қайтып байыппен сала алмас». Өз ойымен тұрып, әлдекімнің жеңінен тартқанын да сезген жоқ. Автобус алға қарай лықсығанда, қыз бұның қолынан аңдаусызда бас салды. Қолы ып-ыстық, мақтадай жұмсақ екен. Жылы автобусқа кірген соң, көз жасы да тыйылыпты. Жадыраңқы келбетінде әлі көше қоймаған балалық рең бар.
– Ағай, мен осы жерден түсемін. Сау болыңыз! Рақмет сізге! – деп ол иін тірескен адамдардың арасымен есікке беттей берді. Айбар болар-болмас басын изеді. Кенет өзі де түсінбестен, қыздың соңынан ұмсынды. Онымен қатарласа түсіп, автобустың нөміріне қарағанда бармағын тістеп қалды. Айбарды діттеген жеріне жеткізетін бұл автобус емес еді, елестер әлемінде жүріп қателесіп мініп, бар уақытын жоғалтыпты. Бұның кейісті жүзін байқаған бойжеткен елп етіп, жанына жетіп келді. Көз шарасы қайта жасқа толыпты. Қайқиған ұзын кірпікті қой көзі жаспен жалт-жұлт етіп, суретші жігітке ерекше сұлу көрініп кетті.
– Басқа автобусқа мініп кетіппін. Жұмысқа кешігетін болдым, – деді Айбар қол сағатына қарап.
– Құтқарушы да қателеседі екен ғой. Такси шақырып берейін бе? – деген қыз сыңғыр күлкісін төгіп-төгіп жіберді. Жанарынан жас парлап тұрып, ажарында күлкі атой салған бойжеткенге қарап абдырап қалған жігіт ақтала жөнелді:
– Мен асығыста…байқаусызда…
– Асыққан шайтанның ісі. Ал сіз шайтан емессіз, құтқарушы періштесіз!
Кекесін араласпаған риясыз күлкі Айбарды өткеннің өрекпіген елестерінен біржолата ажыратып алды.
– Бәлкім, періште өзің шығарсың. Қалықтап ұшар қанатың болмағанына қапаланып, көз жасыңды бұлап жүрсің,– деп өзі де аңдамастан бейтаныс қызға әзілдей қарады. Ол бұның сөзінің соңын күтпестен, ақжарқын күлкісін тағы да еркіне жіберді. Маржандай тізілген тісін көрсете, тау бұлағындай нәзік сылдырға басты.
–Періште қанатының жоқтығына емес, құтқарушысының атын біле алмай қапаланып тұр, – деп және жымиды.
–Айбар! – деді жігіт портфель ұстаған оң қолын ұсынып.
– Алпамыс па, Қобыланды ма деп шамалап едім, жорамалым теріске шығыпты. Мен – Жібекпін, – деп қыз да қолын ұсынды. Оның кіп-кішкентай қолы жігіттің алақанында жұтылып кетті.
– Сіз жұмысыңызға кешікпеңізші, такси шақырып берейін, – деп жік-жапар болған Жібек Айбарды ауыз ашуға үлгертпей, қалта телефонына үңілді. Шынымен-ақ көз алдына тақап, тым жақын шұқшиды.
– Міне, сіздің мекен-жайға жарты сағат мөлшерінде жеткізіп салады екен. Төрт минут күте тұрыңыз, – Жібектің көзінен үзіліп түскен қос тамшы телефонның экранымен сырғи жөнелді.
–Бастығыңыз қатал ма? – деп Жібек сұрағын қылтитты.
– Аса қатал емес, бірақ бүгін бір жауапты жобаны көпшіліктің назарына ұсынуым керек еді.
–Менде әзірге бастық жоқ. Қыз әдетінше сөзін әзілмен тұздықтады.
– Студентсің бе?
– Иә, болашақ кітапханашымын.
–Жақсы мамандық екен. Жазушы мен оқырманды жалғайтын жауапты тұлға боламын де.
– Кітап оқуды жаным сүйеді. Содан да кітапханашы болуға шешім қабылдағанмын. Әйтпесе жалақысы жарытымды деп ауыз толтырып айту қиын.
– Міне, менің таксиім келді, – деп Айбар амалсыз Жібектің әңгімесін үзіп, төс қалтасын ақтарды. Асығып-үсігіп есімхатын алды да, Жібекке ұсынып, көлденеңдей келіп тоқтаған көлікке отырып, көзден ғайып болды.
– Жолыңыз болсын, мейірімді аға! –дееп күбір еткен Жібек университетке қарай аяңдап келеді. Ерте көктемде елірген суық жел оның жанарынан тамған жалғыз тамшыны үзіп әкетті. Жас шіркін адам тәнінен бөлініп, жанынан аулаққа кеткеніне күйзелгендей есірік желдің ырғағында жоқ болды.
Жұмысына жанын сала жүгіре кірген Айбар суық қабақ пен өзін айыптаған жанармен түйісіп қалды. Ақталудың ретін таппай, жас балаша төмен қарап тұқшия берді. Жас суретшіге бір мекеменің тағдырын сеніп тапсырған басшы Бекболсынның ұнжырғасы түсіп кеткен. «Сенген тоқтым сен болсаң, күйсегеніңе болайын» деген ойды оның жүзінен айнытпай оқыған Айбар өзіне деген сенім мен құрметтен бір-ақ сәтте айырылғанын сезіп, іші ұлып қоя берді. Экранда назарға ұсынылған таныстырылым жұмысын бір шолып шығып, өзінен әлдеқайда бұрын келген қонақтарына мән-жайды түсіндіре бастады. «Біз салатын тұрғын үй кешенінде адам баласының қолайлы өмір сүруі үшін бар жағдай қарастырылға», – деп сөзін аяқтай беріп еді, нөсер сұрақтың астында қалды.
–Тым жылтыр жобаның құны қанша тұратынын есептеген кім бар? – деп бас инвестор қабағын шытты.
– Сіздің қиялыңыз бізге тым қымбатқа түсетін түрі бар,–деп оның сөзін қостады қысқа бойлы, әйел дауысты семіз еркек.
– Құрметті инвестор мырзалар, сабыр етіп, жобаның артықшылығына назар аударсаңыздар, – деп бәйек болды Бекболсын. Айбарға иек қағып, «барыңды салып сөйле» деген сыңай танытты. Айбар сайрайтын-ақ еді, таңғы Алматының тұнық ауасын тіліп өтіп жәрдем сұрап шырқыраған бойжеткеннің үні мен «ағатай, құтқаршы!» деп жалбарынған бүлдіршіннің даусы астасып, құлағы шыңылдап кетті. Ызы-қиқы шудың бәсеңдеуін күтіп, біраз тұрды да, экрандағы жансыз сызбаларға қарады. Оларға да тіл бітіп, «құр қағаздағы сызба болып қалмайықшы, шындыққа айналдыра көрші» деп кемсеңдеп тұрғандай, Айбардың аза бойы қаза болды. Өзіне үш жақтан анталап, көмек тілегендерге еш қайран қыла алмайтынын сезіп, аузына түскені жалғыз сөз болды:
– Бұл жоба шынайы өмірде іске асуы керек.
– Неге? – деп қадалды инвесторлар тарабы.
Айбардан жауап болмаған соң, жоба жетекшісінің көмекшісі сылап-сипап, тігісін жатқызып, тәптіштеген болды. Оған құлақ асқан инвесторлар болмады. Ақыры сәл кідірістен соң, тегіс қопарыла тұрып, шығар есікке беттеді. Қонақтар кетсе де, арқасын кеңге сала алмаған Айбарды бастығы шақыртты.
– Сені қаншама жас сәулетшілердің арасынан өзім таңдап алып едім. Бес жылда тындырған жақсы істерің де жетіп артылады. Бүгін сенімімнің күлін көкке ұшырдың. Егер жеке басыңда мәселе болса, соны шеш. Уақытша жұмысты босат!
Бекболсынның салқын, жайбарақат дауыспен айтқан мына сөзі Айбарға күннің күркіреуінен кем естілмеді.
– Жеке басымда мәселе жоқ. Осы жобаны нәтижелі аяқтағанша, жалғыз тұрайын деп, әке-шешемнен бөлек кеттім.
– Оны да білемін. Жалғыздық шығармашылық адамдарына берілер сыбаға тәрізді ғой. Сенің жобаң тек қағазда ғана сайрап тұр, оны тірілтіп, көпшіліктің көңілінде ойнататын мына сен едің. Ал сен жақ ашпадың.
– Менің ойым бөтен нәрсеге бөліне берді, – деп шынын айтуға кіріскен Айбарды басшысы кенеттен тыйып тастады.
– Сенің ойыңның бөлінгені бізге тым көп әуре әкелді. Ойыңды жинақта, мерзімінен бұрын демалысқа шық.
– Біржолата босатпайсыз ба? – деп ашық кекетті ашуға мінген Айбар. Өзінің жан сөзіне құлақ аспай, бұдан безініп тұрған бастығы оған күндегіден жеккөрінішті болып көрінді.
– Талантым бар деп, таси берме. Он күндік демалысқа шық!
Бекболсынның бір айтқан сөзінен қайтпайтынын жақсы білетін Айбар оның кабинетінен құр сүлдері шықты. Өзін мына әлемдегі ең соңғы бейбақ сезінді. Дәлізде қатарласып қалған әріптесі Бейбіттің көз астынан қарағаны оған мысқылдап бара жатқандай көрінді. Бүгін бұл адыра қалдырған жобаға жетекші болуға барын салған Бейбіттің жолын кесіп, бастығы бәрін бұған сеніп тапсырған еді. Сенімді ақтамағаны, есіне алуға жүрегі дауаламайтын қорқынышты өткен күн, бәрі қосылып, Айбардың салын суға кетірді. Құлағына Жібектің «Құтқарушы да қателесе ме екен?» деген әуезді үні келді. «Қайдағы құтқарушы? Өзіме қорған болатын жанашыр таппай жүрген жоқпын ба?» – деп іштей күңіренген Айбар заттарын жинай бастады. «Он күнде ойымды оңынан жүзеге асырамын ба, я болмаса есерсоқ елестерімнің құрсауында қаламын ба?» деп екіұдай күй кешкен жігіт далаға шыға берді. Наурыздың бас кезі болса да, Алматы бұл күнде көктемге қарай аяқ басқан. Тіпті ауадан да қайта оянудың лебі еседі. Түс мезгілінде аспан төріне дөңгелеп шыққан Күн-ана ұнжырғасы түскен жігітті жадыратқысы келгендей, оның жүзіне шуақ болып шашылды. Келмеске кеткен күндеріне кек тұтқан жігіт бұл ізгі шуақты сезе қоймады. Жиырма жылдан бері соңынан бір қалмай өкшелеп жүрген үрейлі елестің дәл бүгін тұзағына түскеніне іші қазандай қайнады. Есер елеске тосқауыл барынан бұрын дәмелі көңілі осы жолы үмітін үзе құлазыды. Әлсіз таянышы-үміті үзілгенде, қайран жүрек адыра қалғандай кепке душар болады екен. «Еһ, өмір! Сенің байлауың бір сәт қана ғой. Сол бір ғажап сәт тап келсе, бақыттымын! Сиқырлы сәтті қолдан сусытып алсам болғаны, бағы бір ашылмайтын бейбақпын! Қашанға дейін сырты бүтін, іші түтін ғаріптің күнін кешер екенмін? Психологтан кеңес сұраймын ба, әлде әкеме барып, жан дертімді айтып, құшағына құлайын ба? Жоқ, оным жігіттік болмас. Не де болса, жан жарамды ішімде сақтайын».
Қабырғасымен кеңесіп, ішкі сырқатын ешкіммен бөліспеуді жөн көрген Айбар орнынан тұра беріп еді, қалта телефонына хабарлама келіп түсті. Тілдей хат Жібектен келіпті: «Ағай, сізді ойлап, алаңдап отырмын. Жұмысыңызға кешігіп барып, келеңсіз оқиға орын алмады ма? Бәрі қаңғыбас ит пен менің кінәм ғой». Қыздың жазғанынан белгісіз жанашырлық пен рухани жақындастық райын сезген жігіт тездетіп жауап жаза бастады. «Менің айым о баста оңынан тумаған. Сенің еш айыбың жоқ!» деп жазған жауабына Жібек шошынып тұрған балапанның суретін жіберіпті. Екеуара әңгіме тереңдей түсіп, Айбардың жаны күңірене тілеген жаңа, жылы да нұрлы достық, бауырмалдық әлемінің қақпасы ашыла берді.
***
Наурыз айы ортасынан ауып, қысты жеңген көктем өз бабын тауып, күн санап салтанаты асып жатты. Көктем-арудың сыйлаған әрбір ақ таңы табиғаттың түрленуіне жол ашты. Бірақ қалада үнемі патшалық ететін құбылмалы ауа райы бұл жолы да үстемдігін танытып, ашық күні тосыннан бұлт басып, түнеріп шыға келді. Шымбұлақта қыдырыстап жүрген қала тұрғындары қара бұлтты елең қылмай, табиғат-ананың тамашасына көз қуантып мәз. Сөмкелеріне толтырып алып шыққан дәмге қол созған Айбар мен Жібек қарама-қарсы отыр. Табиғат-шебердің қолынан шыққан бір тасты Жібек дастарқан еткен, Айбар төрт қырлы екі тасты көтеріп әкеліп, орындыққа айналдырған.
– Табиғат өзі суретші, өзі мүсінші, –деп тастардың пішініне көзі түскен Жібек таңданысын жасырмады. –Тура сіз сияқты біздің табиғат. Құпиясы мол, сырын ішіне бүккен тылсым талант.
– Лебізің мен туралы деп ойламаймын. Талант дейтіндей нем бар? Бір жобаны да жақсылап аяқтай алмадым. Сурет салуды қойғаныма қанша жыл болды?
– Талант – адамның ішіндегі ұлы күш, ол өзінің оянар сәтін күтіп, бұғып жатады. Сіздің суретшілік дарыныңыз да әлі-ақ түлеп, бас көтеріп, жеміс беретін болады.
Жібектің ұсынған шайын алған Айбар оның тым сенімді айтқан сөзінен ойланып қалды. Таңданысын да жасырмады. Мына болашақ кітапханашы кішкентай ғана қара қыз бұның ішіндегісін қалай айнытпай көріп отыр? Өзі бақсының тұқымынан ба, әлде ата-анасы әулие-әмбиенің басына қонып жүріп, тілек етіп туып алған ба? Адам жанын жазбай танитын сұңғылалық бұл қаршадай қызға қалай біткен?
–Аға, – деді Жібек тағы да бұның ойын оқып қойғандай, – шайыңыз суып қалса, таудың басына өрмелеуге қауқарыңыз қалмайды.
– Онда өзің қолтықтап, сүйеп жүрерсің!
Айбардың қағытпасына Жібек қоңырау күлкісімен жауап берді. Көз жанары жасқа шыланып, өзі сақ-сақ күлген болмысы нәзік бойжеткен Айбардың көз алдында одан бетер құлпыра түсті.
– Сіздей ұзын бойлы ағаны қолтығынан демеу қайда маған?
Жібек төс қалтасынан аппақ орамал алып шығып, көзінің жасын сүртті.
– Қолтығымнан болмаса да, жүрегімді, жанымды сүйеп жүргенің жалған емес.
Айбардың салмақпен айтқан сөзін Жібек кезекті рет күлкімен көмкерді. Жасаураған жанарын сүртіп, емен-жарқын күлген Жібекке Айбар сұраулы жүзбен қарады.
– Сіз айтқандай сөздерді марқұм атам айтушы еді. Мен ол кісінің тұңғыш немересі едім, содан да болар, маған қатты үміт артатын. Атамның сөзін ағамнан естігенім бір жағы қуантты, бір жағы күлкі шақырды.
– Сенің күлкің шақыру күтпей-ақ, үнемі көмейіңде тұратын сияқты ғой. Бала кезімде бір ертегі оқыған едім. Қалай еді? Ұмытпасам аты былай болатын: «Күлсе аузынан будақ-будақ гүл шашатын, жыласа көзінен моншақ-моншақ маржан шашатын құс туралы ертегі». Иә, солай, шамасы. Сен сол ертегідегі құс тәріздісің.
Айбардың бұл сөзіне Жібек мәз болды да қалды. Буынын билей алмай, аппақ ақықтай тісін көрсете, бет-ажарында жылы рең ойнап, көзі жарқырап шыға келді. Осы сәт бұлт астынан шыға келген күннің сәулесі оның жібектей сусылдаған ұзын шашына түсіп, күлегеш қызды жылы нұрымен аймалай бастады. Езуінде болар-болмас жымиыс бар Айбар күн шуағына шомылып, мәз-мейрам болған қызға қарап отырып, «тірі болса, менің қарындасым да осылай шат-шадыман болып жүрер еді ғой» деп ойлады. Осылай ойлауы мұң екен, езуіндегі жымиыстың ізі де қалмады.
– Жүзіңіз неге солғындана қалды? Әлде ертегідегі құсты іздесем, таппаймын деп таусылып отырсыз ба? – күлкісін тежеп, Айбарға ашық қабақпен көз тастаған Жібек оның жан дүниесіндегі жұмбақ жайды аңғармай қалмады.
– Жо-жоқ, неге торығайын? Кітапханашы қарындасым жанымда, күннің өзі қол созымда. Не деп жабығайын?
Айбардың ұтымды сөзіне сықылықтап қоя берген Жібек күнге құшағын жайды.
– Қолыңызды созсаңыз, расымен күнді алар ма едіңіз?! Одан да сөмкенің түбіндегі қылқаламды алғаныңыз орынды емес пе?
– Бастығым он күн демалғанымды жөн көреді. Өзім де солай ойлаймын. Міне, демалысымда сенімен бірге Шымбұлақтың төріне шықтым. Қылқалам ешқайда қашпас.
Жібек жайраңдай басын изеді. Тасқа жайған керек-жарақтарын сөмкелеріне қайта салып, екеуі ілгері жүріп кетті. «Қар көшкіні жүру қаупі бар» деген ескертпе-тақтайшаның тұсына барып тірелгенде, Жібек сұлу көрініске көз тояттатып тұрып қалды.
– Қараңызшы, аға, біз таулардың тұтқынына айналыппыз. Қайда қарасам да басын қар басқан, бұлт бүркеген тәкаппар таулар.
Қыздың әдемі даусы жаңғырығып, сыбызғыдай сызыла шықты.
–Шердің емес, таудың тұтқыны болсам, бөркімді аспанға атар едім, – Айбардың үні де саңқылдай шығып, жан-жақтан төнген таулар адамның құпиясын жасырып қалмай, жаңғырыққа айналдырып жіберді.
– «Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады». Осылай деп Асан қайғы бабамыз айтыпты.
Қыздың даусын қақпақылға айналдырған асқақ таулар «айт, айт» десіп қауқылдасып қалды. Жаңғырыққа құлақ тосқан Жібек Айбарға «байқадың ба?» дегендей ишара білдірді.
– Міне, көрдіңіз бе, табиғаттың өзі сізге «шеріңді ақтар, шеменіңді жасырма» деп тұр.
Жан сырын қиылып сұрап, қалаулы дос болуға асыққан қыздың сөзін Айбар төтеден үзіп жіберді.
– Осы жерден кері қайтайық. Алға басқан адымымыз тіпті кері кете бастады ғой, – деп етекке қарай бет түзеді.
– Аға, сізде неге қарама-қарсы қасиеттер көп? Жадырап отырып, түнере қаласыз. Күлімдеп тұрып, күңірене кетесіз. Ішіңізге бүккен сырыңызбен неге бөліспейсіз?
Айбардың ізін өкшелей келе жатқан Жібек оны сұрақтың астына алды. Үш-төрт күннен бері сыралғы болып қалған қыз «ішімдегіні тап» деп түнерген ағасын ашық сырласуға шақырды.
– Ішім бос, жасырған дәнеңем жоқ, –деп Айбар жолында кездескен ірі тастардан қарғып өтті. – Сен өзі кітапханашы емес, психолог боларсың түбінде?
– Кітапты көп оқыған соң, адам жанын түсінуге қиналмаймын. Кітапты дос еткен соң, өзімнің жан ахуалымды өзім дұрыс аңдаймын. Қайсыбіреулер сияқты психологтың есігін тоздырып, коучқа барып сенделмеймін.
– Сенен жұлдыз коуч шығар еді ғой, –деп Айбар ірілі-ұсақты тастардан ырғи өткен Жібекке қолын тосты. Ол қолы тиер-тиместе шапшаң секіріп түсіп, кеудесін кере тыныстады.
– Білесіз бе, мен өз-өзімнен қашпаймын. Тағдырыма өкпелемеймін. Туғалы көзімде кінәрат бар. Емін іздеп таппадым. Алыс-жақын шетелге бардым. Суық түссе, бір тоқтамайтын көзімнің нөсерін айтып мұң шақтым. Ешбірі нақты диагноз қоя алмады. Бірі «суыққа төзімсізсің» деп қайтарды, енді бірі «белгісіз дерт көз жанарыңды суалтуы мүмкін» деп дүниеден баз кештірді. Бірақ емін айтқан тірі жан болмады. Қорқынышты болжамдармен ғана шығарып салды.
– Қазір медицина небір кереметтерді жасап жатыр! Шаш өсіреді, кейуананы жасартады, аузы опырайған шалға маржандай етіп тіс салады. Сенің көзің де…
– Міне, сіз мені жұбатып тұрсыз. Алайда өзіңізді жұбаныш атаулыдан ада еткенсіз.
– Жә, жарайды, күнмен бірге нөсерлетпей тұрғаныңда қайтайық.
Айбар сөзден қашқаны, не сырласудан сасқаны белгісіз, жеделдете жүріп, қанатты жол жаққа беттеді. Қуып жеткен Жібек онымен қатарласып, алғысын жаудыра берді.
– Сізге көп рақмет! Табиғат аясына шығып, бір сергіп қалдым.
– Мархабат. Уақытша жұмыссыз ағаң сені кеңсеге шақырмасы анық еді ғой.
Айбардың жұмсақ әзілі Жібектің сыңғыр күлкісін тағы оятты. Оған қарап жымиған Айбар «Ертегідегі тап сол құс Жібек болып жанымда жүргендей. Сырымды айтуға бір батпаймын. Әңгімелеп айтпақ былай тұрсын, есіме алуға жүрегім дауаламайды» деп іштей аласұрды. Тән сырқатын бүкпесіз баян еткен Жібекке сүйсіне қарап, оған іштей тәнті бола бастады. «Сәуір жетсе, көз жасың құрғар. Ал менің шеті-шегі жоқ шер шекпенімнің етегі қашан қымқырылар?» Сары уайым ойларын жүзіне жасырған Айбар Жібекке жол беріп, ізет көрсетті. Бірі тағдыр құйыны жұлып кеткен жауқазын қарындасын аңсап, енді бірі нағыз ағаның ыстық көңіліне зарыққан екеу қанатты жолмен төмен қарай құлдилап келе жатты. Жолшыбай дәмханаға кіріп, кешкі ас ішуге ниет білдірген Айбарды Жібек қолдай кетті. Ұзақ әңгімелесіп отырып, кешкі ас ішілді. Бір-біріне ілтипат білдіріп, ыстық ықылас танытқан қос жасты сырт көз ғашықтарға балады, жарасқан жұпқа санады. Ал Айбар Жібекке тек ағалық көзбен қарады, Жібектің жүрегі де бауырлар әнін салады. Ағалы-қарындас екеуі даяшымен есеп айырысып, кеш қараңғысында далаға шықты. Алып шаһар кешкі тіршілікті тіптен қайнатып жібергендей. Көлік кептелісінде әудем жерге жету мұң, қара шаңы көкке көтерілген қаланың құты қашқаны шын.
– Алматы әлем бойынша ауасы өте ластанған бес қаланың соңғысы екен, –деді Жібек тротуарды бойлап, қатарласып келе жатып.
– Үштікте болмағанына шүкір. Қаланың экологиясы бұзылмасын деп, жаяу жүрген жоқпын ба? – деген Айбардың әзіл-шынын араластырып айтқан сөзінен Жібектің ойнақы күлкісі тағы бас көтерді. Кешкі салқында оның жанарына үйірілген шықты Айбар көрмесе де, жанымен сезді. Қолында құдіреті болса, қарындас тұтып жүрген Жібектің жанарын кіреукелеген кінәратты сөзсіз жұлып алып тастар еді. Жалғыз жүрегінің бағын көгерте алмай жүріп, өзгеге қалай жәрдем етсін? «Адамды іштей аздырып-тоздыратын бір іс болса, ол шарасыздық» деп ойлады жігіт қыздың көзін елеусіз сүртіп өткенін байқап қалып. Жиырма жыл бұрын шарасыздық танытты ма, яки қорқынышы жеңіп кетті ме? Қай жауапқа жармасса да, жанын жұбатар бірі жоқ.
– Аттыдан жаяу жүріп кек алған Жаяу Мұса болдым дейсіз ғой, – деді күлкісін тоқтатқан Жібек баяу үнмен.
– Аты, атағы бардан емес, өзімнің өткенімнен кек ала алмай жүрмін, – деп сыр сандығын тосыннан қалай ашқанын өзі де байқамай қалған Айбар кілт тоқтап қалды.
– Болған іс келмеске кетті, қайтара да алмайсыз, өзгерту де қолыңыздан келмейді. «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген.
– Бұлдыр өткенім өз сазына тартып жатса, келер күнді жақын тұта алмаймын. Шарасызбын, дәрменсізбін.
Таусыла сөйлеген жігіттің қолын қыса түскен Жібек оған шынымен сүйеу болғысы келді. Әке-шешесіне «несие алып бер» деп буынсыз жерден пышақ ұрып, ат құйрығын кесіскен туған ағасымен мұншалықты рухани жақын болып көрмеген еді. Қызғалдақтай қыздың жас жаны қамқор аға көңілін аңсайтын. Айбармен алғаш танысқан күннен бастап, оны ағалап құрақ ұшқан себебінің астары да осында еді. Айбар уақыт құрығында қапыда қарындасын жоғалтқан жарым көңіл аға болатын. Өзіне ерген қара болмаған соң, ағалық ықыласын кімге төгерін білмей, ойдан жүдеп жүрген. Томпаңдап соңынан бір қалмайтын жалғыз қарындасы Гүлайды сол күні дүкенге ертпегенімде, аман болар еді ғой деген өрттей өкініші бүгінде запыранға айналған. Уақыт алға жылжыған сайын өкініші зәрлі уға айналып, жүрегін жүдетіп, көңілін кем етіп, бар ойын сел етіп қажытқалы қашан?! Енді өмір соқпағында кездескен бөгде жанды жақынындай бауырына тартып, сол жоғының орнын толтырмақ ниетте жүргенін Жібек сезбей қалмаған. Сезімтал қыз жаны Айбардың өзіне қараған сайын қарындасының бейнесін көріп, содан көңілі алданыш тауып жүргенін бар жанымен сезетін. Содан да Айбарға тым болмаса жылы сөзбен дем бергісі келді. «Сиқырлы жүзігім болса, жүрегіңдегі шеріңді сылып алып тастар едім. Сосын отызыңда ойнап-күліп, өмірдің қызығын тойлап жүріп, бәлкім, белгілі суретші болар ма едің?!» Жібектің жүрегі бір ғана тілекті ұран етіп, дүрсілдеп тұрды.
–Шарасыз емессіз. Таң атқанша қаланы адақтауға қалай қарайсыз? Әпке-жездем ауылға кеткен, сәл кешірек барсам, ұрсатын үлкендер жоқ.
Көтеріңкі үнмен сөйлеген Жібектің бұл ойын Айбар мақұлдай жөнелді. Өмірдегі жоғын қаланың көрікті жерінен тауып алардай тыпыршыды. Көктөбеге шықты қол ұстасып, көңілді әңгіме құрды. Саябаққа барып демдерін басып, шер шекпенін сыпырғанда, жүрек ән салып тұрды. Сырласумен жүріп таң атарға таяды. Жібектің өтінішімен таксиден ертерек түсіп, оның үйіне дейін жаяулатып біраз жүрді. Қатарласқан қалыптарына қарасаң, бір кіндіктен жаралғандай, туғалы араларынан қыл өтіп, ажырап көрмегендей. Дүниенің кеңдігін, өмірдің нұрын енді сезінгендей көкірек кере тыныстаған Айбардың көзі кенет көше қиылысындағы үйдің жоғарғы қабатына түсті. «Көзім алдап тұр ма?» деп қайта үңілді. Жарығы сөнген пәтердің ашық терезесінен будақтаған түтінді анық байқады.
– Жібек, – деді қызға иығындағы сөмкесін бере салып, – мына үй өртеніп жатыр. Көмекке баруым керек.
Даусы қалтырай шыққан жігіттің көз алдына шырқыраған өз қарындасы елестеді. Жылдар бойы сағындырған кішкентай Гүлай қою түтіннің ішінде ағалап, ажалмен арпалысып жатқандай бір көрініс көз алдына көлбең етті.
– Құтқарушыларды шақырайық. Солардың ісі ғой, – деп Жібек сөмкені иығына іле салып, Айбардың артынан асығыс ерді. Еріп келе жатып, құтқарушыларға, тәртіп сақшылары мен жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалып үлгерді. Айбар құздан етектегі ақ айдынға секіретіндей жеңін түрініп, іштей сайланып алған. Шалқалап қарап еді, түтін төртінші қабаттан шығып жатыр. Артық қырым еті жоқ жас жігіт мысықша секіріп барып, алғашқы қабаттың қылтимасына ілінді.
– Абайлашы, аға, – деп даусы тарғылдана айғайлады Жібек.
– Бұл жолы құтқарамын! – деп кіжінген Айбар жыландай жорғалап, жоғарылаған сайын Жібектің жүрегі аузына тығылып, көзін жас жуды. Бұл дертті жанардың жауыны емес еді, қорқыныш пен уайымның нөсері болатын. Қазір Айбар құлап түссе, онымен бірге өзінің «ағамды жолықтырдым» деген тәтті қиялы да құрдымға кететінін іші сезді. «А, Құдайлап» жігіттің тілеуін тілеп тұрып, Жаратушысына жалбарынды: «О, құдіреті шексіз Құдайым, туабітті дертті еткеніңе бір шағымданбадым. Дертімнің дауасын бұйыртпай сандалтқаныңда да қабақ шытпадым. Ағам өзінен көп үлкен әйелдің қақпанына түсіп, банктерге берешек болып, ата-анамды «ақша табыңдар» деп қан қақсатқанда да өзіңе күмәнсіз сендім. Енді туған ағамнан артық сырлас болған Айбарды менен ала көрме!» Қыз күбірлеп тұрып, жоғары қарап еді, Айбар қара түтіні қоюланып, қаупі күшейген пәтердің қылтимасына табан тірепті. Өзіне ғасырдан ұзақ көрінген осы сәт Жібектің жадында мәңгі сақталып қалары анық еді. Қиқулата жеткен құтқарушылар да жеделдете іске кірісті. Пәтерге кірген Айбар жынды суға тойып алып, қалың ұйқыға батқан ер адамды оята алмаған соң, іргелес бөлмеден түтінге уланған бүлдіршін қызды тауып, құшағына алып, іштен ілінген есікті теуіп ашып, дәлізге шықты. Бұл мезетте құтқарушылар үйдің өзге тұрғындарын қауіпсіз жерге шығарып, өртке орана бастаған пәтерге атыла кірді. Отты судың кесірінен ақылынан айырылған ерлі-зайыпты қос есуасты ақ халаттыларға тапсырды. Айбар далаға шыққанда, Жібек оған құшақ жая ұмтылды. Еркінен тыс ерсі үнмен күліп, «Алла мені естіді» деп сыбырлады. Ойламаған жерден Айбардың құшағындағы құртақандай қызды көріп, тосылып қалды. Жігіт оны асқан мейіріммен бауырына қысып, дәрігерлердің көлігіне шектен тыс қамқорлықпен, аса еппен жайғастырды. Айбардың мына елестер әлеміне енген сықпытын көріп, Жібек көп жайға қаныққандай болды.
– Айбар, – деді жігіттің жанына жетіп барып, оны өткен шақтың шырмауынан босатып алмақ болып, – аға, кетейік. Қалғанын мамандар өздері тындырады ғой.
Айбар осы сәтте барып шындық дүниесіне оралғандай болды. Езуіндегі масайраған күлкі, «құтқардым-ау ақыры» деп судай тасыған көңілі лезде суынды. Ауыр күрсініп, бір шетке бұнымен бірге ығыса берген Айбарды тәртіп сақшысы тоқтатып, жеке деректерін жазып алды. Жібек өзі мен Айбардың сөмкелерін қос иығына іліп алып, құмырсқа белі үзілердей болып келеді. Айбарда үн жоқ, тілсіз түнеріп алған.
– Айбар, ағажан, есіңді жи, елестерден арыл!
– Бір сәт болса да, Гүлайды құтқардым ғой деген оймен өмір сүрдім. Қандай ғажап сәт еді? Қас-қағым шақ неткен тәтті еді?!
– Сен нағыз ағасың. Қаһармансың!
Жібек қайтсе де өзі аға тұтатын жанды шынайы өмірге бастап әкелуге құлшынып-ақ тұр.
– Жоқ, мен дәрменсіз сорлымын, амалдан жұрдай міскінмін. Ағатайлап соңымнан ере шыққан төрт жасар Гүлайға дүкен иесінің шынжырдағы иті босанып кетіп, тап бергенде аулаққа безе жөнелген арсызбын! Гүлай менің кесірімнен өлді, қарындасымды мен өлтірдім!
Егіле жылап, жүрегінде жылдар бойы сөнбеген өрттен өңі түтігіп, қалш-қалш еткен жігітті жұбатуға Жібек енді сөз таппады.
– Мен естияр едім ғой. Он екіге толғанмын. Гүлай ағалап етегіме жабысқанда, өзімді кәдімгідей азамат тұтатынмын. Тайыншадай овчарка жердің астынан шыққандай болып арс ете қалғанда, зәрем зәр түбіне кетіп, қаша жөнеліппін. Одан кейінгісі бұлдыр ғана есімде. Апамның зарлана жылағаны, ауылға жедел жәрдем келмейтіні, әкемнің көлік іздеп ауыл ішін шарқ ұрғаны, ит талаған Гүлайдың қан жоса болып ес-түссіз жатқаны…
– Сен Гүлайды құтқара алмасаң да, өзге бір бүлдіршінге жаңа өмір сыйладың. Сен әсте жасық емессің!
– Жібек, сен мені бекер аға тұтасың. Қазір қасқыр кез болса, мен сені тастай қашармын!
Жібек таңғы тұнық ауада даусы жаңғырыққан жігітті көше шетіндегі орындыққа жетелеп әкелді.
– Ана бір жолы маған сүмелек ит шабуыл жасағанда, көшенің басынан сен жүгіріп келіп араша түстің ғой. Қалай ез деп атайын сені, аға?!
– Ол күні мен Гүлайды құтқаруға жанымды салдым. Өмір маған қарындасыммен қауышуға екінші мүмкіндік беріп тұрғандай сезіндім.
Жыламсырай сөйлеген Айбарды арқасынан қаққан Жібек бар мән-жайды толық түсінді. Өткен шақтың елесіне арбалып қалған Айбар ағасын не деп қолдарын білмей:
– Мен үйге қайтайын. Сіздің де демалғаныңыз жөн болар, – деді.
Екеуі тілден қалып, аяқтарын санап басып, Жібектің пәтеріне жетті. Қыз үйіне кірмей тұрып, Айбарға көз тоқтата қарады да:
– Мен үшін сіз нағыз ағасыз! – деп жігіттің иығынан қақты. Еңсесі түсіп, имиіп кеткен ұзын бойлы жігіт бұл сөзге бас изеуден арыға аспады.
Алматы таңы сібірлеп атқанда, Айбар өзінің бір айдан бері жалдап тұрып жатқан пәтеріне келді. Азапты ойларының қыспағында төсегіне құлай кетпек еді, Жібектен хабарлама келді: «Ақын зарын өлеңмен жеткізеді, сазгер әуенмен. Сіз – суретші, сәулетшісіз. Мұң-налаңызды қылқаламмен бейнелеңіз». Хабарлама мәтінін бірнеше рет қайталап оқыған Айбар есі ауған адамдай ата-анасының үйіне қарай жүгірді. Суретші кезіндегі барлық құрал-жабдығы сонда еді. Жүрегіне қан құстырған запыранын қылқаламмен әйгілемек ниетке кетіп, далаға жолбарысша атылып шықты. Ертеңіне өзін телеарна тілшілері тауып алып, сұхбатқа шақырғанда, Айбар жан сырын жұмбақтай жеткізді:
– Өмірімде бір рет өзіме аса қымбат бір жанды құтқара алмай арманда кетіп едім. Тағдырым екінші мәрте сынақ ұсынғанда, оны құр жібергім келмеді. От арасынан бүлдіршінді алып шыққанымда, уақытта кеткен кегімді қайтарғандай болдым.
Айбардың толқи айтқан жүрекжарды лебізін тілшінің «Міне, ғажап! Жаңа заманның батырына ағытыла сөйлеу де жарасып тұрғандай», – деген көпірме бояуы мол сөзі жалғап әкетті.
Наурыз тамамдалып, сәуір туды. Алматы сәуірдің өзінде-ақ жаздың салтанатын кешетін. Күн біржолата жылыған соң, Жібектің көз жасы тоқтаған. Тек күлегеш қалпы ғана өзгермеген. Тағы бір өзгермеген жайт Айбар екеуінің арасындағы бауырластық жібі. Бұл күндері Айбар жалдамалы пәтерін суретшінің шеберханасына айналдырып жіберген. Маңғаздана мамыр жеткенде, Жібек диплом қорғау машақатымен әуреге түсті. Айбар шеберлігін күн санап өсіріп, қылқаламмен ақ параққа сыр төкті. Суретшінің жүрегін қуаныш пен өкініш қатар өпті. Қуанышы келер күнді жақындатып, сенім нұрын септі. Өкініші қол бұлғап, қайта оралмас шыңырау түбіне шөкті. Ата-анасы орталарына қайта оралған өнерлі ұлдарын көріп, көңілдері шаттыққа бөкті. «Гүлайдың мәңгі сәби болып қалғанына сен айыпты емессің», – деп анасы өмір бойы күбірлейтін. «Қара тажал неміс овчаркасына қарсы сен не істей алар едің? Құтырынып ақыры иесін қауып тынған дүлей неме сенің араша түсуіңе жеткізбесі анық қой», – деп әкесі жылдар бойы басу айтып сыбырлайтын. Сонда да жұбаныш көрмеген көңілі қылқаламын қолына алғанда шешіліп қоя берді. Әрбір картинада Гүлайдың келбеті бейнеленді, оқиғалар тізбектеліп жүйеленді. Сюжетті суреттер көрмесі әне-міне дайын болуға тақалды. Қолының бояуын сүртіп, алжапқышын шешкен Айбар жүзі бал-бұл жанып жеткен Жібекке қолын ұсынды.
– Жібекжан, екі жаңалығым бар. Бірін айтсам күлерсің, екіншісін жайып салсам, мүмкін, езу де тартпассың.
– Онда алғашқысынан бастаңыз. Құлағым сізде.
– Жұмыстан шығуға өтініш жазуға барсам, бастығым «Жобаны өзің жүзеге асыр. Қағаздағы сызбалар жылап тұрғандай, қарашы» деп маған папка ұсынбасы бар ма? Ол кісі де қиялшыл болайын деген-ау, шамасы?
Күткеніндей-ақ тау бұлағындай сылдыраған сұлу күлкі естілді.
– Қияли бастығыңыздың сөзін жерге тастамаған боларсыз, – деп күлкі аралас үнмен тіл қатты Жібек.
– Қағаздағы сызбалар жыламасын деп, қызметіме қайтып орналастым.
– Құтты болсын. Ал екінші жаңалығыңыз қандай?
– Сюжетті суреттер көрмесін ұйымдастырмақпын. Ол жағын өзің де білесің. Көрменің атын «Көзі жасты күлегеш қыз» деп қойдым.
Жібек абдырап қалды. Оқиғалы суреттердің басты кейіпкері Гүлай емес пе? Әне, күн сәулесіне шағылысқан күміс құмның үстінде қызыл көйлегі желмен желбіреп, бұйра шашты кішкене қыз ойнап отыр. Мына суретте ерке қыз аузы бұртиып, ағасына қырын қарап тұр. Ал мына картинада…Гүлайдың ажалы болған қара тажалдың сұлбасы тұман арасында кескінделіпті. Жібек барлық суретті дерлік аралап көріп шықты да, көмейіне тірелген сұрағын көлденең қойды:
– Көрмедегі барлық картиналар тек Гүлайға арналған. Неге атауын да Гүлаймен байланыстырмайсыз?
– Менің жүрегіме жара болып қонған Гүлайды сен қайта тірілттің. Күміс күлкіңмен, маржан көз жасыңмен оның өлі бейнесіне жан бітірдің. Бұрын Гүлай жүрегімнің шері еді, бүгінде ол көңілімнің түкпірінде жібек сағыныш болып қалды. Көрменің атын солай қойған себебім де осыдан. Өзгерту ойымда жоқ.
–Бәлкім…
–Жібек, әуре болма! Көрменің аты «Көзі жасты күлегеш қыз» болып қалады!
Жан ағасының жүрегін қара тұманнан азат еткеніне шаттанған көңілді қыз сан алуан нотада түрленген сиқырлы күлкісін еркіне жіберді.
Айзат Рақыш
ПІКІРЛЕР17