«Қазақтың Бибігүлі – халықтың бұлбұл үні» қалықтады
01.10.2024
84
0

Семей қаласындағы Абай атындағы театрда аты аңызға айналған әйгілі әнші, Қазақстанның халық артисі, Абай облысының Құрмет­ті азаматы Бибігүл Төлегенованың 95 жасқа толуына орай, «Қазақтың Бибігүлі – халықтың бұлбұл үні» ат­ты таңдай қақтырар тамаша концерт өт­ті. Абай облысы әкімдігінің қолдауымен және облыстық мәдениет басқармасының, Халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен мерейтой кешін халық орталық алаңда арнайы қойылған LED-экраннан да тамашалады.

Өнер кеші барысында мерейтой иесінің өмірдегі және өнердегі ғұмыр жолы жайында түсірілген бейнебаяндардан көрермен қауым көп сырға қанықты, мол мағлұмат алды. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев мерейтой иесін қуанышымен құт­тықтай келіп шапан жауып, халық атынан зор құрмет көрсет­ті.
«Бүгін руханият­тың ордасы Семей қаласында ерекше күн! Қазақтың шоқ жұлдызы, әлемге әйгілі сопрано дауысының иесі Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың мерейтойына арналған мерекелік концертке жиналып отырмыз. Аса қадірлі Бибігүл Ахметқызы, қайталанбас ғажайып даусыңызбен қазақ ән өнерін биікке көтеріп, ұлт­тық мәдениетіміздің асыл мұрасын әлемге танытуда сіңірген еңбегіңіз айрықша. Сізге мықты денсаулық, баянды ғұмыр тілейміз. Алдағы уақыт­та да өнеріңізден нәр алып, жастарымыз сіздің өнердегі жолыңыздан өнеге алары сөзсіз», – деді құт­тықтау сөзінде облыс әкімі Нұрлан Тельманұлы.
Иә, сан ұрпақты әнімен әлдилеген бұлбұл дауыс иесінің шәкірт тәрбиелеу жолындағы еңбегі де дәріптеуге тұрарлық. Кеш тізгінін ұстаған Дана Нұржігіт­тің айтуынша, әнші Батырхан Шүкенов Бибігүл Ахметқызын «менің екінші анам» деп бағалаған екен. Концерт­те Әміре Қашаубаев атындағы мемлекет­тік филармония жанындағы «Бибігүл» қазақ халық аспаптар оркестрі, мәдениет саласының үздігі Нұрбек Өмірбеков, республикалық конкурстардың лауреаты, Әміре Қашаубаев атындағы мемлекет­тік филармонияның әншісі Әйгерім Тоқтыбаева, республикалық конкурстардың лауреаты, Абай облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің солисі Әйгерім Әшір­ова­ның орындауындағы әндердің барлығы да көрермен ықыласын арт­тыра түсті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» мемлекет­тік опера және балет театрының жетекші солисі Жұпар Ғабдуллинаның халық әні «Ахау, Семейді» әуелете шырқауы, тіптен әсерге бөледі.
Сондай-ақ кеш қонақтарының қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Майра Ильясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, Азамат Жылтыркөзов сынды жұрт жүрегіне жол тапқан өнер жұлдыздарының да ән салғаны, оған жұрт­тың тамсанғаны бір ғанибет болды десек, артық айтқандық емес.
Кеш соңында Бибігүл Ахметқызы молынан жиналған жерлестеріне ризашылығын білдіріп, алғысын айт­ты.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Абай облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір