ҚОС АҚЫННЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ
Биыл Қызылжар жұртшылығы Ербол Шаймерденұлы, Тоқтар Зікірин сынды өзінің аяулы ұлдарының мерейтойын атап өтіп жатыр. Осыған орай облыстық кітапханада мерейтойлық шаралар ұйымдастырылды.
Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы-публицист, рәмізтанушы Ербол Шаймерденұлының туғанына 70 жыл толуына арналған «Ербол Шаймерденұлы ұлағаты» атты еске алу кеші өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ардагерлер, Ербол Шаймерденұлының достары, әріптестері, туған-туысқандары, зайыбы, кітапхана оқырмандары қатысты.
Алғашқы болып Солтүстік Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Самат Әубәкіров құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімі атынан ақ қайыңдар суреті салынған картинаны және гүл шоғын Ербол Шаймерденұлының зайыбы Шаймерденова Күләш Қайыржанқызына табыс етті.
Келесі кезекте белгілі жазушы, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жарасбай Сүлейменов Ерболдың бала кезінен талантты болғанын, мектепте оқып жүрген кезінде, 6-сыныптан бастап, өлеңдері республикалық, облыстық газеттерде басыла бастағанын, университетті бітіргеннен кейін еңбек жолын облыстық «Ленин туы» газетінен бастағанын, кейін республикалық «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газеттерінде қызмет атқарғанын тілге тиек етті.
Ербол Шаймерденұлының еске алу кешіне Астанадан арнайы келген қонақтар, университетте бірге оқыған курстас достары – көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби, халықаралық ПЕН-клубы сыйлықтарының лауреаты Қуаныш Жиенбай, Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп, тележурналист, филология ғылымдарының докторы, профессор Құдайберген Тұрсын Ербол Шаймерденұлы туралы жүрекке жылы естеліктерімен бөлісті. Ербол Шаймерденұлының жарқын бейнесі, тағылымды өмір жолы, азаматтық, қайраткерлік тұлғасы, еңбекқорлылығы, білімділігі, қарапайымдылығы, адамгершілік қасиеттері, еліне адал қызмет еткені, шығармашылығы кеңінен сөз болды.
Композитор, жазушы Құдиярбек Ағыбаев Ербол Шаймерденұлының «Қызылжарым», «Төгеді жаңбыр», «Город мой родной», «Адамға мұң да керек», «Көлсайым – мекенім» атты өлеңдеріне ән жазғанын баян етті. Айтыскер ақын, журналист Рауан Қайдар өз арнауымен жиналған қауымның қошеметіне бөленді.
Ербол Шаймерденұлының зайыбы Күләш Шаймерденова шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Ертеңіне жұртшылық Тоқтар Зікіриннің 70 жылдығына арналған кешке жиылды. Шараға қатысқан Тоқтар Зікіриннің әріптестері, ардагер журналистер Нұрсайын Шәріп пен Қошан Қали естеліктерімен бөлісті. Тоқтар Зікіриннің еңбекқорлығын, қандай тақырыпқа қалам тартса да, тақырыбын терең меңгергенін тілге тиек етті. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманжол Зағыпар Тоқтар ағаға арнаған «Бағыт сілтер ағаның бірі едіңіз» атты өлеңін оқыса, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марал Зейнел-Ғабиқызы, Тоқтар Зікіринмен Қарағанды мединститутында оқып жүргенде қалай танысқаны жайлы қызықты баяндап берді. Әнші, термеші, сазгер, өлкетанушы Дәстен Баймұқанов Тоқтар Зікіриннің өлеңіне өзі шығарған «Туған өлкем» әнін орындады. Жиналғандар назарына ақынның шығармашылығынан сыр шертетін кітап көрмесі ұсынылды.
Майра ӘШІМОВА