«Қазақ» газетінің 110 жылдық мерейтойы
02.12.2024
280
0

27 – 28 қараша күндері Алматы қаласындағы Ұлт­тық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен жалпыұлт­тық «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған «Сөз өнері» ат­ты халықаралық әдеби форум болып өт­ті. Алқалы басқосуға қазақ қаламгерлерімен қатар, көршілес өзбек және қырғыз елінің жазушылары арнайы келіп қатысты.

Форумның бірінші күні «Қазақ әдебиетінің көкжиегі» ат­ты дөңгелек үстел басындағы әңгімеден басталған. Алдымен, «Қазақ баспасөзі: 110 жылдық тарих» тақырыбы бойынша жасақталған көрмені тамашалаған қонақтар «Қазақ» газетінің 15 томдық жинағы мен осы басылымның шығуына елеулі үлес қосқан Алаш қайраткерлерінің еңбектерімен, көнеден жеткен газет парақтарындағы құнды деректермен танысқан.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов жиылған қауымға алдымен, одақта жасалып жатқан жұмыстар жайында айтып өтіп, өткен ғасырдың басында қазақ қоғамын білімге, ғылымға, мәдениетке тәрбиелеп, қарапайым халықтың күнделікті тіршілігінен бастап, ауыл шаруашылығы, экономикасы, медицинасы мен әлеумет­тік ахуалын оңтайландыруға байлансыты бағдарламалық мақалалар жариялап отырған басылымның маңыздылығына тоқталып өт­ті.
Күн тәртібіне қойылып отырған мәселе бойынша баяндама жасаған М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы Гүлжаһан Орда, негізінен қазақ ғалымдарының Алаш қайраткерлері мен «Қазақ» газетінің тарихын зерт­теудегі қажырлы еңбектеріне кеңінен тоқталып өткен. Ол өз сөзінде 1913–1918 жылдар аралығында үздіксіз шығып тұрған басылымға Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың еңбегі ерекше болғанын атап өтіп, Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, М.Тынышбайұлы, Ғ.Қараш,
Ш. Құдайбердіұлы, Р.Мәрсеков, М.Жұмабаев, Х.Ғаббасов, Ж.Жәнібеков, Ж.Тілеулин, Ж.Ақпаев, А.Сейітов, С.Торайғыров, С.Дөнентайұлы, Х.Досмұхамедұлы сынды зиялылардың атсалысқанын жан-жақты баяндап берді.
Отырыста сөз алған филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қансейіт Әбдезұлы, жазушы, Парасат орденінің иегері Сәуле Досжан, жазушы, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының және Құрмет орденінің иегері Тұрысбек Сәукетай, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әмірхан Меңдеке, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әділғазы Қайыр­беков, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен Құрмет орденінің иегері Жұмабай Құлиев, сатирик Қазыхан Әше өткен ғасырдың басында дүниеге келіп, маужыраған жұрт­ты қалың ұйқыдан оятуға өлшеусіз үлес қосқан «Қазақ» газетінің тарихтағы орны және бүгін мен болашақта атқарар қызметі жайында мол мағлұмат­тар берді.
Екінші күні Ұлт­тық кітапхананың жиынжайында мерейтойлық шараға арналған «Сөз өнері» ат­ты халықаралық әдеби форум жұмысын жалғастырған. Алқалы басқосудың тізгінін алған Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибек аталған форумның мән-мағынасына тоқталып, келесі айда кең көлемде аталып өтетін Одақтың 90 жылдық мерейтойына қатысты шараларды жұртшылыққа құлаққағыс етіп өт­ті. Ол сонымен қатар Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген қонақтарды таныстырып, қазақ қаламгерлерінің алғыс-қошеметін жеткізді.
Алғашқы болып сөз алған Мереке Әбдешұлы форумға қатысушы қауымға Жазушылар одағының басқармасы мен жалпы қаламгерлер атынан алғыс айтып, форум жұмысына сәт­тілік тіледі. Соңынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құт­тықтау хатын оқып берген.
Келесі болып мінберге көтерілген Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев, алдымен, қала әкімі Ерболат Досаевтың құт­тықтау хатын табыс етіп, алып мегаполистегі әдеби-мәдени шаралардың барысы, соның ішінде ақын-жазушылардың қала өміріндегі алар орны мен қосар үлесі жайлы ілкімді ойларын ортаға салды.
«Сөз өнері» форумына алыстан ат арытып келген Қырғызстан Республикасының ел жазушысы, республика Президентінің кеңесшісі Арслан Қойшиев пен Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымының докторы Әнуар Боранов бауырлас елдер арасындағы мәдени, әдеби байланыстарға тоқтала келіп, «Қазақ» газетінің сол кездегі Орталық Азия елдеріне тигізген ықпалы турасында тың пікірлерімен бөлісті.
Бұл жерде, Арслан Қойшиев Алаш арыстарының қырғыз халқына жасаған көмегі ретінде қырғыз зиялыларының «Алаш» партиясына мүше болғанын, Қырғыз автономиясының құрылуына Санжар Асфандияров пен Тұрар Рысқұловтың көп еңбек сіңіргенін айтса, студент кезінде-ақ «Алпамыс батыр» дастанын өзбек тіліне тәржімалаған Әнуар Боранов «Қазақ» газеті тек бір ұлт­тың ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің мақтанышына айналуы керегін мәлімдеді.
Алқалы жиында Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлт­тық университетінің профессоры Қайрат Сақ, филология ғылымының докторы Өмірхан Әбдіманов, алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай сөз алып, «Қазақ» газетінің қоғамдық ой-пікірді қалыптастыруға, дала жұртына сілкініс әкелудегі атқарған қызметіне жоғары баға берді. Олардың баяндамаларынан: «Қазақ» газеті тек қана тарих емес, ол – еліміздің бүгіні мен болашағы да!» – деген ой аңғарылып тұрған.
Жиын барысында «Тебірен» тобының өнерпаздары, дәстүрлі әншілер Ерлан Ыдырысов пен Лаура Қынтаевалар әуелете ән шырқап, отырыстың шырайын келтірді. Алқалы басқосу соңында Мереке Құлкенов бауырлас елдерден келген қадірменді қонақтарға форумға қатысқандары жайлы сертификат тапсырды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір