ҰЛЫ ДАЛА ТӨСІНДЕГІ ДҮБІРЛІ ДОДА
03.09.2024
367
0

Бұйырса, 8-14 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жалауын көтереді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтетін жарысқа әлемнің жүзден астам елінен 4 мыңға жуық қатысушы келмек.
Биыл ұлы дала төсін дүбірлеткен дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бастау алғанына 10 жыл толып отыр. Дала ойындары әр екі жыл сайын өтіп келеді. 2014 жылы алғаш рет Қырғызстанда тұсауы кесілген жарыс айыр қалпақты ағайынның жұртында тағы екі рет, 2016 және 2018 жылдары ұйымдастырылылған болатын. Ал 2022 жылы Түркияның Изник қаласында жалауын көтерген болатын.
Бүгінде елорда төрінде қызу дайындық жұмысы жүріп жатыр. Астанада ұйымдастырылатын дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жарыс бағдарламасына сәйкес спорттың 20 түрінен жарыс ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар спорттың 10 түрі арнайы таныстырылым ретінде дүйім жұрт назарына ұсынылмақ. Жарыс бағдарламасына сәйкес 110 медаль жиынтығы ойнатылады. Осы ойындар аясындағы спорттық және мәдени іс-шаралары 5 негізгі нысанда – «Астана Арена» стадио­нында, «Қазанат» ипподромында, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, «Алау» мұз сарайында және «Думан» қонақүй кешенінде өтеді. Биыл ғана қайта жаңарту жұмыстары жасалған «Қазанат» ипподромы бір мезгілде 10 мың көрерменді қабылдай алады. Ал этноауыл кешені күніне 30 мыңға дейін келушіні қабылдауға дайын.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысқан болатын. Мемлекет басшысы, ең алдымен, «Астана арена» стадионын аралап көрді. Мұнда халықаралық спорттық-мәдени іс-шараның ашылу салтанаты өтеді. Отыз мың көрерменге арналған стадионға жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі кезде абаттандыру жұмыстары аяқталып, жабдықтары толықтай жаңартылды. Сондай-ақ Қасым-­Жомарт Тоқаевқа «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысы, Көшпенділер ойы­нына қатысатын ұлттық құраманың киім үлгісі таныстырылды.
Ал V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын ұлттық құрама спортшыларшылары дүбірлі додаға сақадай- сай болып, дайын тұр. Жарысқа қатысуға ниетті садақшылар да соңғы дайындықтарын пысықтауда. Дәл осы садақ ату спорты бойынша елімізге 35 мемлекеттен 200-ден аса спортшы келеді деп күтілуде.
– Біздің командаға Түркия, Қырғыстан, Моңғолияның мергендері бәсекелес болады деп ойлаймын. Франция, Италия, Испания, Қытай, Тайланд, Ираннан келетін спортшылар да өте мықты. Дегенмен біздің спортшылар да осал емес, жүлдеден үміттіміз, – дейді садақшылардың бас бапкері Диас Ахметов.
Жалпы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2800 қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді. Сондай-ақ халықаралық дода аясында 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланған. Мәселен, этноауылда Көшпенділер мәдениеті музейі, қол­өнершілер және мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады.
Болжам бойынша дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалау үшін елордаға 100 мыңға жуық турист келмек. Халықаралық іс-шараға 1500 ерікті тартылады. Қазір қаладағы жиырмадан астам қонақүйдің, сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін абаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Айтпақшы, дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында «Қазақстанның мәдениеті мен спорты» аясында мерейтойлық пошта маркасы шықты.
– Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – тек спорттық іс-шара ғана емес, біздің дәстүрімізбен, мәдени мұрамызбен бірегей байланыс. Мерейтойлық пошта маркасын шығару – біздің өткенімізге деген мақтаныштың және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге деген ұмтылысымыздың символы. Бұл бастаманың адамдарды біріктіріп, көшпенді халықтардың мәдени дәстүрін сақтауға және дамытуға шабыттандыратынына сенеміз және қуаныштымыз, – дейді дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір