Жылдар өтсе де жаңғыра беретін есімдер
Бала кезден кітапқа үйір болып, Мұратжан ағатайым жинақтаған ақын-жазушылардың туындыларын, мектеп кітапханасындағы әдеби кітаптарды бас алмай оқып, қалалық кітапханадағы қалың томдарға тісім батып, өрем жеткелі әдебиет алыптарын түсімде көретін болдым.
Жақсы әсермен көңіл көкжиегім кеңейіп, қаламгер ағаларыммен өңімде жүздессем ғой дегеніммен, Түрксібтің бойындағы біз оқыған теміржол мектебіне ақын-жазушылардың жолы түсе қойған жоқ. Есесіне мектеп директоры – Мұқатай Иманбаев, 3-4 кітабы шыққан танымал қаламгер, Жазушылар одағының мүшесі еді. Сыртынан кең маңдайлы, салиқалы жүзіне көзім тоя қарап, қаламгер біткен осындай маңғаз болады деп ойлайтынмын.
Алғашқы өлеңдерім аудандық газетте жарық көріп, енді құлашымды кеңге сермеп, Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетіне жолдап, жариялануын асыға күтіп жүрген кезім. 1973 жылдың 9 қыркүйегі тоғызыншы сыныпқа енді аттаған мені қуанышқа бөледі: Әбен Дәуренбековтің «Сыр шертеді жас жүрек» деп айдар таққан шолуында «Жазғы таң» атты өлеңім дәріптеліпті. Қуаныш қызуы тарқамай тұрып, сол шолудың жанындағы «Кеш көрдің…» деген өлеңге көзім түсті. Авторы – Жұматай Жақыпбаев. Бар болғаны алты шумаққа өкпе де, өкініш те, наз да, нала да сыйып тұр. Табиғат бояуы мен адам көңіл күйін ұштастырудың ұтымдылығын ұқтым, өлеңді өмірмен байланыстырудың тиімділігін пайымдадым, жазғандарыма басқаша көзбен қарай бастадым. Жырға сапарымдағы ұмытылмастай өнеге болған осы өлең иесімен дидарласуды армандадым, газет-журнал беттерінен қара мұртты қияпатты жігіттің көркем жіппен кестеленіп, зерленген келісті өлеңдерін іздеп жүретін болдым. Мұрағаттағы «Октябрь туы» газетінің жылдар сарғайтқан парақтарын ақтарған болсаңыз Жұматай Жақыпбаевтың өлеңге бергісіз мақалаларымен, очерктерімен танысар едіңіз. Мәулен бас шыңдарға қарап асқақтық пен ерлік сезімін бойға сіңірген дала еңбеккерлерінің елдің еңсесін түзеуге қосқан елеулі үлесі өрнектелген очерктер ақынның ақ қағазға сіңген асыл сырларындай әлі де құнын жоғалтпаған. Газеттің сол жылдардағы редакторы Ғайыс Егембердиев ағамыз Жұматайдың оң жамбасына келетін тақырыптарды жазуына кеңшілік берген тәрізді. Ақындық қуаты айқын сезіліп тұратын өлең-очерктері де осы газетте жүргенде туындады.
1978 жылдың тамыз айында қазақтың белгілі қаламгерлері Қабдеш Жұмаділов, Қажытай Ілиясовтармен бірге, сол кезде облыстық баспасөзде қызмет атқаратын Жұматай ақынның ауданымызды аралағаны бар. Лепсідегі «Балқаш өңірінің» әдебиет десе елеңдеп тұратын жас журналистері болғандықтан, марқұм сатирик Тұрлыхан Кәрім екеуіміз қаламгерлерді арнайы іздеп барып, сапарлас болғанбыз. Қонақасы дайындап, есімдері ел аузында жүрген көрнекті жазушы, ақын ағаларымызбен дидарласу мүмкіндігін тапқанбыз. Осы отырыста көркем сөздің құдіретін Күреңбай сыншыдай дөп басып тани білетін Қабдеш ағамыз Жұматай жырына тәнті болып, екі сөзінің бірінде мұндай ақынның орны Алматы екенін айта бергені есімде. Сол жылы талантқа қамқор Тұманбай ақынның шақыруымен Жұмағаңның «Жалын» альманағының поэзия бөліміне барғанын естіп, қуанғанбыз.
Студенттік жылдарым Жұматай ақынмен жиі жүздесуге мүмкіндік берді. Басында Жазушылар одағының ғимаратына, кейіннен Баспа үйінде орналасқан «Жалын» журналының редакциясына аңсарым ауып тұратынын курстастарым да байқайтын. Олардың әдебиетке әуестері кезектесіп жаныма еретін, сонда бірер сағат фойеде немесе кафеде жастардың жанашыр ағасына айналған Жұмағаңмен пікірлесіп қайтқанды үлкен олжа санайтынбыз. Байботаның өзгеге ұқсамайтын өлең өрімдерімен, Мейірханның пәлсапашыл туындыларымен, Есенғалидың ерке де еркін, кемел де күрделі жаңа шығармаларымен, Әубәкірдің ұлттық бояуға толы ерке сылқым жырларымен сол ортада танысатынбыз. Мәдениеттанушы Әуезхан Қодардың сол кезең үшін тосын пайымдаулары да біз үшін таңсық көрінетін.
Алғаш абитуриент болған жылдары ҚазМУ-дың корпусы мен аралығын саябақ бөліп жататын Жазушылар одағының ғимаратын жиі төңіректейтінмін. Бірде батылым барып кірдім, қызыл кілемді жүрексіне басып, көзіме жылыұшырайтын қазақ әдебиеті классиктері портреттерінің жанында аялдап, атақтарынан ат үркетін ағаларымның есімдерін кабинет маңдайшаларынан оқығанымды місе тұтып, жатақханама көңілім толып оралғаным бар. Сол жолы «Лениншіл жас» редакциясына барып, жазғандары жаныма жақын әйдік ақын Аян Нысаналинге оқушы дәптеріне жазылған өлеңдерімді табыстап, ертеңінде ақын ағаның ұнатқан бір-ер шумағына мерейленгенім де күні кеше сияқты еді. Оқуға түскен соң уақыт тауып, киелі шаңырақтағы әдеби жыл қорытындысына қатысатынбыз. Өзіміз пір тұтатын қаламгерлердің қызу пікірталасына куә болып, ақын-жазушылардан қолтаңба алып, олжалы оралатынбыз.
Университеттен соң оқуға түспей тұрып үш жыл қызмет атқарған Талдықорған облысындағы Бөрлітөбе аудандық «Балқаш өңірі» газетіне қызметке келдім. Басылым редакторы Болатхан Ахметұлы шығармашылық жұмыстарыма қолдау танытты. Қазақстан Журналистер одағының Алматыда өтетін аймақтық, республикалық семинарларына қатысамын. 1989 жылы жас ақын-жазушылардың республикалық слетіне барып, шабыттанып оралдым. Туындыларым «Жалын» баспасынан шыққан «Жетісу жауқазындары» атты ұжымдық жинаққа еніп, республикалық газет-журналдарда жиі жарияланып жүрді. «Лениншіл жас» газетінің комсомолдың 70 жылдығына арналған «Жыр-жарыс» байқауына қатысып, жүлделі орын алып, жастар басылымының Құрмет грамотасымен марапатталдым.
1990 жылдың қазан айы. Ауданға шығармашылық сапармен қолтаңбалары айқын, әдебиеттегі орны айшықты көрнекті жазушы Марат Қабанбаев пен айтулы ақын Дәуітәлі Стамбеков келіпті. Аудандық партия комитетінің хатшысы шақырып, ағаларыммен аудан аумағында сапарлас болуымды тапсырды. Қонақ үйге орналасқан екен, қол жүктерін алып, үйіме бастап апардым. Бұған дейін де қонақ күтіп, үлкендердің батасын алып үлгерген қосағым Сайрашқа қос қаламгердің бірінің ашықтығы, екіншісінің мәдениеті ұнады. Таң ата алдын ала жоспарланған елді мекендерді бетке алып, кешкі асты үйден ішеміз. Бес күн бойы ағаларымның айтары таусылмайды, мен болсам тыңдаудан жалықпаймын. Сол жолы «Бақбақ басы толған күн», «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана», «Жиһанкез Тити», «Пысық болдым, мінеки», «Қала мен қыз бала», «Қазақ, қайда барасың?», «Сурет салғым келмейді» атты повестер мен әңгімелер топтамаларымен, «Көркем дәм», «Айшылық алыс жол» романдарымен қазақ оқырмандарының сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген жазушының әдеби орта, шығармашылық адамдарының өмірі жайындағы тағлымды әңгімелерін, ақынның айшықты да ойлы жырларын құмарта тыңдап, жан дүнием байып қалған болатын.
Сол тоқсаныншы жылдардан бастау алған өтпелі кезең қиындығынан шығудың жолын көрсету үшін талантты жазушы Марат Қабанбай публицистикаға ден қойды.
«Жерімізді қорғау үшін қанды шелектеп төктік, әйтсе де ең керектісі – жерге тер төгуді үйренбегенбіз», – деді ол «Қазақия ма? жоқ Пахания» деген еңбегінде. «Барлық трагедия әркімнің өз орында отырмауынан туындайды. Әркімнің қолдан жасаған «ағаш аты» емес, табиғат шебер тудырған тұлпар озуы керек», – деп еді ол «Талант тас жарады… Бас жаруы да ықтимал» деп аталатын мақаласында.
Есімдері жылдар өтсе де жаңғырып отыратын Жұматай, Марат, Дәуітәлі сынды үш қаламгер де ортамызда жоқ. Әдебиет ауылында жалғандыққа бармаған, турашылдығынан танбаған өнердің өз өкілдері туралы Жазушылар одағының тоқсан жылдығымен орайластырып (өйткені олар қазақ әдебиетінің қара шаңырағына қаламұшын қадаған қаламгерлер еді ғой) қанша айтсақ та артық емес. Киелі шаңырақтың табалдырығын аттаған сайын ізбасарлары іздейтін, жоқтаушысы бар, екінші өмірлері естеліктерге есігін ашқан талантты тұлғаларды сағына еске аламын.
Жомарт ИГІМАН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты