Түпкі мақсат – тең мүмкіндіктер қоғамы
Бүгінде еліміз азаматтардың мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашатын демократиялық саяси жүйе құруға бағытталған бар салада ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқан маңызды кезеңді бастан өткеруде.
Президенттің бағдарламалық құжаттарында айқындалған жалпыға ортақ құндылықтардың бір парасы – әділдік пен жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғау тікелей міндеті болып табылатын құқық қорғау саласында жүргізіліп жатқан реформалардың басты сипаты десек болады. Соңғы уақытта бірқатар заңдар қабылданды, атап айтар болсақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы, несие алушылардың құқығын қорғауға бағытталған заң күшіне енді, таяуда «Сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру туралы» заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Депутаттардың бастамасымен әзірленген сот жүйесін реформалау жөніндегі жаңа заң жобасына сәйкес сот төрелігін тек жергілікті және кассациялық соттар ғана жүзеге асырады. Осыған байланысты Қылмыстық-процестік, Азаматтық-процестік және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстерге өзгерістер енгізілетін болады.
Заң әділдігі үстемдік құрып, тәртіптің берік орнығуы, сот төрелігінің адал, сапалы атқарылуы бұл баршаға бірдей тең мүмкіндіктер қоғамын құруды көздеген елімізде қолға алынып жатқан бүгінгі өзгерістердің және оны ілгерілетудің алғы шарты. Өйткені заң алдында хан да, қара да бірдей жауапты болмаған, сот әділ жүргізілмеген жерде, яғни әділетсіздік белең алған елде оң өзгерістердің өріс алуы екіталай. Сондықтан бүгінде судьялар тәуелсіз, тікелей президентке бағынатын болғаннан кейін, олар ақ-қараны әділ айыратындай өздерінің ісіне адал болуы керек.
Жұмыс тәжірибемде кездесіп жататын мәселенің бірін айта кетейін. Мысалы, бір отбасы алаяқтардың алдауына түсіп, үйінен айырылып қалады. Мәселе былай болған, бір алаяқ нотариуспен келісіп, Қытайдан келген қандастардың тіл білмейтіндігін пайдаланып, орысша өтірік өтінішке «үйленбеген, бойдақпын» деп қол қойғызып алады. Сөйтіп нотариус арқылы сату-сатып алу шартын жасап жібереді де, үйге ие болады. Алдауға түсіп, үйінен айырылып қалған шағымданушының арызы бойынша біз сотқа береміз. Сот әйелін шақыртып, неке куәлігін, екеуінің заңды ерлі-зайыпты екенін, ортақ мүлкі барын көріп, бәріне көз жеткізгеннен кейін арамзалықпен жасалған келісім-шартты бұзады. Ал осы бірінші соттың оң шығарған шешімін апелляциялық сот алқасы бұзып тастайды. Қандай негізге сүйеніп отырып бұзды десең, бар болғаны нотариусқа «мен бойдақпын деп жазып берген ғой» дегенді алдыға тартады. Неке және отбасы туралы заңның 33-бабында егер жылжымайтын мүлік ерлі-зайыптылар заңды некеде тұрған кезінде алынған болса, сатып алу шартын жасау кезінде әйелінің келісімі міндетті түрде керек, ал әйелінің келісімінсіз жасалған сатып алу шартының күші жойылуға жатады делінген.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты айтар болсақ, бұрын әйелін ұрып-соғу әкімшілік жауапкершілікпен шектелетін еді. Негізі әу баста бұған қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, кейін әкімшілік аясына берілді. Іс әкімшілік сотқа барған кезде кінәлі ешқандай жаза алмайтын, тек ескертумен шектелетін. Содан ба, әйтеуір кейінгі жылдары әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейіп кетті. Осы жағдайға байланысты, кешегі Бишімбаевтың мәселесі де бар, жалпы зорлық-зомбылыққа қатысты заңға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес енді жеңіл жарақат үшін баяғыдай әкімшілік жауапкершілікпен шектелмейді. Ендігі жерде әйелін ұрып-соғып, жеңіл жарақат келтірген адам қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Сондай-ақ несие туралы заңға енгізілген өзгерістер қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеу мақсатында несиені бұрынғыдай оңды-солды беруге тыйым салады. Осы ретте заңда несие сомасы мың айлық есептік көрсеткіштен, яғни 3 800 000-нан асатын болса, әйелінің келісімі керектігі қарастырылған.
Мемлекеттік органдармен арадағы дауларда жекелеген азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда тиімділігін көрсеткен әкімшілік әділеттің жақсы жұмысын атап өткен жөн. Осы орайда әкімшілік-процестік кодекс, әкімшілік-рәсімдік кодекстерге сүйене отырып, тиісті шешім қабылдайтын осы институттың қолданылу аясын кеңейту тұрғысында да өзгерістер қарастырылып отырғаны өте маңызды деп ойлаймын. Мұның бәрі түптеп келгенде биліктің барлық тармағы әр азаматтың бақуатты өмір сүруі үшін заң үстемдігі, сот әділдігі қамтамасыз етілген ашық та әділ, құқықтық қоғам құруға мүдделі болуын көздейді.
Тілеужан КІШКЕНЕБАЕВ,
«Tleuzhan Law Services» заңгерлік
компаниясының директоры