ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР АЛАҢЫ
28.07.2025
157
0

Жақында Қызылорда қаласында «Сыр жұлдыздары»балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясы жұмысын бастаған болатын. Мұнда балалар күнделікті үйірмелерге қатысып, жазғы демалысын қызықты өткізуде.

Әр баланың қабілетін ашып, білім мен ғылымды үйренуіне мол мүмкіндік беретін орталықтың жұмысы жанданған. Бірі – үйірмеге әкелсе, енді бірі күтіп отыр. Алдымен, академия директорының міндетін атқарушы Жанар Бимұратқызы орталықтың жұмысымен таныстырып шықты.
– 2023 жылы Президент Қасым- Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы «Сана» балаларға қосымша білім беру орталығымен танысу барысында өңірлерде осындай жобаларды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Сол тапсырма аясында облыс әкімінің қолдауымен Сыр өрендерінің шығармашылығы мен зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы бой көтерді. Академия балалар мен жасөспірімдерге қосымша білім беріп, өнерге, ғылымға, технологияға деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін ашады. Мақсаты – заманауи талаптарға сай жан-жақты дамыған, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, шығармашылық пен жаңашылдыққа бейім тұлға тәрбиелеу. Бұл бағытта өнер, мәдениет, ғылым және IT салалары бойынша әртүрлі үйірмелер мен курстар ұйымдастырып, дарынды балалардың қабілетін ұштаймыз. Мұнда тек білім беріп қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін, патриоттық рухын, елге деген сүйіспеншілігін оятуға көңіл бөлінеді, – деді Жанар Бимұратқызы.
Оқушылардың игілігі үшін ашылған академия 3 қабатты, күніне 3000 баланы қамтиды, 7 бағыт бойынша 39 үйірме бар. Атап айтар болсақ, спорт және сауықтыру, ғылыми-техникалық, гуманитарлық-шығармашылық, көркем-эстетикалық, психологиялық дайындық, өлкетану және жастар қозғалысы.
Біз шахмат үйірмесіндегі оқушылардың ойынына куә болдық. Үйірмеде бала саны толық. Жетекші әдіс-тәсілдер үйретіп жатыр екен. Қатысушы Мәдина Нұртас 10 жаста, қаладағы No101 мектептің оқушысы. Бұрыннан шахмат үйірмесіне қатысатын жеткіншек академия ашылып, қабылдау басталған кезде алғашқылардың бірі болып тіркеліпті. Қазір шахматтан бөлек математика үйірмесіне қатысады. Ол болашақта шахматтан чемпион болып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауды армандайды.
Еркін күрес үйірмесінің жас қатысушысы Біржан Дарханбек осындай орталықтың ашылғанына қуанышты. Әлеуметтік желідегі хабарлама арқылы үйірмеге тіркелген. Кейін орталық мамандары хабарласып шақырған. Қазір ол жаттығудан қалмайды. Жетекшінің әрбір қимылы мен тәсілін қалт жібермейді. Содан болар еркін күрестің әдісін тез үйреніп алыпты. Академияда әлі де жұмысын бастамаған үйірмелер бар екен. Бұл туралы Жанар Бимұратқызы былай түсіндірді.
– Жоғарыда аталған 7 бағыт бойынша ашылған үйірмелер жұмысын бастады. Дегенмен кейбірі толық іске қосылмады. Себебі мамандарға конкурс жариялап жатырмыз. Қазір 16 үйірме жұмыс істеп тұр. Оған 2000-дай бала тартылды. Конкурстан өткен мамандар келсе, үйірме қатары толыға береді. Оқу жылы басталған кезде оқушылардың сабақ кестесін ескере отырып, қосымша уақытын реттейтін боламыз. Мәселен, бір үйірме аптасына 2-3 рет, бір жарым сағаттан өтіледі. Жалпы, орталық – оқушылар үшін жаңа мүмкіндік алаңы. Кәсіби бағдар алып, болашақ мамандығын тереңінен зерттейді. Ғылыми жобалармен айналысады, ІТ саласын меңгереді, жетекшілер өнерге, қолөнерге баулиды. Спортқа қызығушылығы бар балаларды дамытады. Үйірмеге келушілер көп, балаларға ұнап жатыр, – дейді ол.
Байқағанымыз, балалар белсенді әрі қызығушылығы басым. Тіпті бірнеше үйірмені қатар алып жүрген оқушылар да бар екен. Бастысы, мұнда олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалған. Осындай жобаның арқасында білім, ғылым, өнер, спорт саласын бағындырар талантты да дарынды жастар өсіп келе жатқанына іштей қуанып қайттық.

Сара Адайбаева,
Қызылорда облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір