«Сен сені сүйем, жарық күн!»
28.06.2024
257
1

Жер бетінде әр 40 секунд сайын бір адам өзіне-өзі қол салады. Бұл сәт­те, кем дегенде, тағы 10-ға жуығы суицид жасауға әрекет­тенеді. Суицид жиілігінің жаһандық көрсеткіштеріне көз жүгіртсек, жағдайы мүшкіл елдердің қатарында Қазақ­станның да тұрғанын байқаймыз. Өйткені дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2017 жылғы мәлімет­тері 5-тен 14 жасқа де­йінгі жеткіншек­тердің суицид жасауы бойынша еліміздің қауіпті бестікке кіретінін анықтады. Сондай-ақ 15 және 29 жас аралығындағы жастар да Қазақ­станды суицид деңгейі жоғары 10 мемле­кет­тің қатарына кіргізген.
ҚР Конституциясының алғашқы бабының бірінші тармағында: «Қазақ­станның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп анық жазылған. Дегенмен, төрткүл дүние төрінде еліміздің суицид бойынша алдыңғы санат­тан көрінуі өкінішті.
Адамның өз-өзіне қол салуына не түрткі болады? Тұрмыс тауқыметі ме, өзара араздық па? Әлде ғаламтор мен әлеумет­тік желілердің зардапты ықпалы ма? Ашу мен ызаға булыққан жан дүние ме, әлде ішімдік пен нашаның кесірі ме? Ата-ананың мейі­ріміне мұқтаждық па, әлде қоғамнан қолдау таппау ма? Осы сынды күрмеуі қиын күрделі сұрақтар өте көп. Алайда көңілге қонымды жауап жоқ.
«Суицид» термині ХVII ғасырдан бастап қолданылғанымен, адамдардың өз-өзіне қол салуы ерте заманда-ақ байқалыпты. Мәселен, бір тайпаларда адамның өз-өзін өлтіруі жеке іс деп есептелсе, енді біреулерінде мұндай әрекет қатаң түрде жазаланып отырған. Бірнеше халық басынан өткерген жаппай ашаршылық кезінде қарт адамдардың әлдері құрып, бойларынан қайрат кеткен кез­де өз еріктерімен өмірлерімен қоштасыпты. Мысалы, Эскимостардың салты бойынша мұндай қарт­тар тундраға кетсе, вестгот­тықтарда биік жардан секіріп бақилық болған. Ал Ежелгі Грецияда қарт адамдар арнайы­лап дастарқан жайып, ішінде цикута ат­ты уы бар тостағанды ішкен көрінеді. Жапонияда ашаршылық заманда қартайған ата-аналар балаларынан иен далаға апарып тастауды сұраған. Ауыр жаза ретінде Афины мен Фивада суицид жасағандардың екі қолын шауып тастап, денесінен бөлек жерлеген.
Әлеумет­танушы Эмиль Дюркгейм: «Қоғамдық қарым-қатынас әлсіреген және адам бойындағы сенім мен рухани құндылық жойылған жерде суицид көбейеді», – деген. Бірақ әлеумет­танушы адамның суицидке бару себебін психологтардың құзырына тапсырды. Ал өзінің «Суицид» ат­ты еңбегін жазу барысында суицид көрсеткіштерінің негізгі айырмашылықтарын түсіндіруге баса назар аударып, бірқатар балама тұжырымдарды салыстырды. Олардың қатарында маскүнемдік, нәсіл, тұқымқуалаушылық, психопотология бар. Дюркгеймнің бағалауынша, суицидтің негізгі төрт түрі бар:
Эгоистік суицид. Біртұтас қоғам қалыптастыратын әлеумет­тік бағыт­тар халыққа өмірдің мәнін ұғындыру арқылы суицидтің таралуына жол бермейді. Мәселен, дін. Әлеумет­танушы діни топтарға қатысты мынадай тұжырым жасаған: «Дін адамды өзін-өзі жоюға деген ұмтылысынан қорғайды… Дін – бұл адал, дәстүрлі және міндет­ті түрде жалпыға ортақ белгілі бір сенімдер мен тәжірибенің болуы». Бірақ дін бүтін бір қоғамды суицидтен арашалап қала алмайды. Әлемде суицид жасауды ешқандай дін қолдамайды. Мысалы, Ислам дінінде суицид жасау – ауыр күнә. Адамдардың өзін-өзі өлтіруі шариғат­та Алланың жазмышына бағынбаумен тең екен. Тағдырдың тепкісіне ұшырап, тіршілігінде тартқан тауқыметі үшін өмірден түңіліп, өз-өзіне қол салған адам Алланың қаһарына ұшырайды, яғни дүниеде қалай азапталса, ақырет­те де сол кейпінде жазаланатын болады. Ислам діні бұл өмірдегі қиыншылықтар мен ауыртпалықтарды Алланың сынағы деп түсіндіреді. «Қоғамымызда кезек күт­тірмейтін бұл ауыр қылмыстың басты себебі имани тәрбиенің жетіспеушілігінен», – дейді мамандар. Өйткені жүргізілген зерт­теулер бойынша өзіне-өзі қол жұмсау ісі атеистерде көп кез­деседі екен. Әрине, оның басты себебі иман келтірмеулерінде жатыр. Дюркгейм бұл суицид түріне тек жеке басын ойлайтындарды жатқызады, яғни бұл санат­тағылар басқа түскен ауыртпалықтан өлім арқылы жол іздеп, артында зар еңіреп қалатын ата-анасын, жақындарын ойына да алмайды.
Альтруистік суицид. Жоғарыда аталған эгоистік суицидтің негізгі қарқыны «шаршаудан, күйзелістен» басталса, альтруистік суицид «үміт­ті ақтау, бұл өмірден бөлек болашаққа деген сенімге» қатысты. Ашығын айт­қанда, суицидтің бұл түріне баратындар өз-өздеріне қол салу әрекетін атқаруы керек міндет деп санайды. Дюркгейм альтруистік суицидті әсіресе әскери салада жиі болатын құбылыс екенін айт­ты. Шынында, бейбіт күндегі қазақ сарбаздарының өліміне қатысты басты себептердің бірі суицид болып отыр. Мысалы, 2019 жылы Тараз қаласында биік ғимарат қуысындағы темірге асылып тұрған Ұлт­тық ұланның әскери бөліміндегі сарбазы Болат Батырханның денесі табылған. 2020 жылдың 2 наурызында Алматы облысына әскерге шақырылған 19 жастағы жігіт биік мұнарадан секіріп мерт болған. Ал 2021 жылы Теміртаудағы әскери бөлімдегі сарбаз өз-өзіне оқ атып, көз жұмған. Бұлар тек бізге белгілі болғандары ғана. Статистикаға сүйенсек, 2020 жылдан бері 300-ге жуық әскери қызметкер қаза тапқан. Нақтырақ айтсақ, 86 суицид фактісі тіркелген. Психологтар сарбаздардың өз-өзіне қол салу әрекетіне әскердегі тәртіп пен қысымның салдары және отбасы мен жеке қарым-қатынастағы мәселелер әсер етуі мүмкін деген болжам жасады. Қыршын кеткен боздақтардың жұмбақ күйдегі өлімін Дюркгеймнің осы болжамына негіздеуге келетін секілді.
Аномиялық суицидтің көрсеткіштері қоғамдағы қаржылық өсу мен құлдырау жағдайларында болатын экономикалық күйзеліс кезінде байқалады. Мысалы, экономикалық өсу кезінде адамдар өздерін жарқын болашақ күтіп тұрғандай сезініп, ақша мен мансаптың буына ілесіп, тура жолдан адасып жатады. Пенденің өзі тойса да, көзі тоймайды ғой қашан да. Хакім Абай айтпақшы: «Бір-ақ секіріп шығам деп, бір-ақ қарғып түсем деп, мертігеді, жатады» дегендей, өз құмарлығының құлы болғандар ке­йін әрекет­терінің түкке тұрғысыз, мәнсіз екенін білгенде, өз-өзін жазғырып, қол жұмсауға де­йін барады. Керісінше, басқа тартсаң аяққа, аяққа тартсаң басқа жетпейтін азғантай ақшадан, материалдық жағдайдың төмендігінен, жұмыссыздықтан қажығандар дүниеден баз кешіп, аномиялық суицид арқылы бәрінен құтылғысы келеді. Мысалы, елімізде мұндай суицидке барғандардың саны 2021 жылы күрт көбейген, қаржылық қиындыққа байланысты 164, қолайсыз өмір сүру деңгейі бойынша 127 суицидтік жағдай тіркелген.
Фаталистік суицид. Дюркгейм жіктеген суицидтердің соңғы түрі жанарында үміті сөнген, өмірге деген құлшынысы жоғалған адамдар арасында кең таралады екен. Аталмыш суицидке баратындардың басым бөлігін сәтсіздікке ұшырағандар, басқан әр қадамы бақыланып отыратын адамдар құрайды. Отбасында ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас­та балаға көрсетілетін жылулықтың болмауы, қатаңдатылған бақылау шараларын асыра сілтеу, тіпті ақылға қонымсыз тыйымдар салу жасөспірімдер арасындағы фаталистік суицидтің туындауына ықпал етеді.
Суицид – жеке, әлеумет­тік, психологиялық, моральдық, материалдық және биологиялық астары бар жағдайлардың шиеленісуінен туындайтын күрделі феномен. Жасалған әр суицид – жан мен жүректі жаралайтын ауыр трагедия. Әсіресе жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы уақыт өткен сайын жаһандық құбылысқа айналып, көңіл көншітпей тұр. Әлемде жыл сайын 3000-ға жуық жасөспірім осы кеселден мерт болады. Балалардың өз тағдырына балта шабуы Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка, Ресей сияқты елдерде көптеп кез­деседі. Қазақ­стандағы жағдай да мәз емес. Былтырғы деректер бойынша, Қазақ­стан балалар суицидінен 178 елдің ішінде 19-орынға келіп тұрақтапты. Қазақ­стандағы БҰҰ Балалар қоры бағдарламасының үйлестірушісі Айгүл Қадырованың айтуынша, суицидке әртүрлі психикалық мәселелер себеп болады екен. Өйткені адам бойындағы психикалық өзгерістің 50 пайызы 14 жаста басталады. Сондықтан жасөспірімдер суицидке жайдан-жай бармайды. Басына түскен қандай да бір мәселеден шығатын жол таппағанда, оған ешкімнің қол ұшын соза алмайтынын білгенде сондай қиянатқа баратыны анық. Өйткені енді ғана оң-солын танып келе жатқан бала «мен өлсем ғана барлық мәселем шешіледі» деп ойлайды. Психолог Айғаным Қуатқызы кез келген балаға ата-анасы әрқашан көңіл бөліп, қолдау танытса, жақсы көретінін сөзімен қатар ісімен де жеткізсе, ол баланың өз-өзіне ешқашан қастандық жасамайтынын айтады. Сондай-ақ, психолог жасөспірімдер арасындағы суицидтің дәнекер себептері ретінде әлеумет­тік желілердің ықпалы мен баланың қоршаған ортамен тіл табыса алмауын атап өт­ті. Психологтың айтуынша, отбасында мейірім көрмеген бала оны қоғамнан да таппайды. Сондықтан өздерін әлсіз әрі сенімсіз сезінген балалар буллингке жиі ұшырап, өздеріне қол жұмсайды.
Балалар суициді – ғаламды алаңдатқан өзекті мәселе. Халықаралық зерт­теулер мен тәжірибе балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға болады деп сендірді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшылары мен ЮНИСЕФ балалар қоры бірлесе келе, елімізде кәмелет жасқа толмағандар арасындағы суицидтің алдын алуға бағыт­талған арнайы бағдарлама әзірледі. Бұл бағдарлама күйзеліске ұшыраған, мінез-құлқы өзгере бастаған жасөспірімдерді ерте анықтауға арналған. Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігі жасақтаған 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында мектептердегі педагог-психологтарға сан алуан семинар-тренингтер ұйымдастыру көзделді.
Суицид – мәселенің шешімі емес, ал сенім – әлемдегі ең қуат­ты күш. Философ, ғалым, психолог Нарша Бұлғақбаев: «Суицид – өзіне-өзі нүкте қоюдың ең қатал, ауыр түрі. Олардың басты проблемасы, сөзсіз өзгелерден, өмірден шаршауда. Батылдық, ерлік, төзімділік қайда деп айту бәрімізге оңай», – дейді. Әрине, өзгелер туралы ой ойлап, сыртынан сөз айту бәріміздің қолымыздан келетін оңай дүние шығар. Әйтсе де, өмірден қажып, өзгелерден шаршаған адамның мәселесінің шешімі – өлім емес. Өз-өзіңе қол салудан өзгеретін дүние де шамалы-ақ. Суицидтің қойнауына жасырғыңыз келген жанайқайды қоғамға айтудан жасқанбау керек. Өйткені Қазақ­стан – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» және әр азаматын тыңдауға міндет­ті!

Дана БОЛАТҚЫЗЫ

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 02.07.2024 | 17:33

Тақырыбын түсінбедім…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір