ҚАЛАМГЕР ҺӘМ ҚАЙРАТКЕР
02.07.2024
761
0

Өңірде жазушы, журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің 75 жылдық мерейтойына арналған шаралар легі жалғасуда. Мерейтой қарсаңында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Азамат. Қайраткер. Қаламгер» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға қаламгердің замандастары, ізбасар шәкірттері, университет оқытушылары, студенттер мен оқушылар қатысты.

Оқу орнының инновациялар және интернационалдандыру мәселелері жөніндегі басқарма мүшесі Айгүл Нұрпейісова жазушыға игі тілегін айтып, басқарма төрағасы-ректордың құттықтау хатын табыстады. Осыдан 5 жыл бұрын университеттің құрметті профессоры атанған азаматтың кеудесіне М.Қозыбаев атындағы төсбелгі тағылды.
Шарада сөз алған профессор Зарқын Тайшыбай аталған мерейтойдың Қызылжар жұртшылығы үшін айтулы оқиға екеніне тоқталды.
– Жарасбай Сүлейменов екеуіміз – ең алдымен журналиспіз. Жас шағымыздан бастап ғұмырымызды осы салаға арнап келеміз. Университеттегі журналистика кафедрасында жергілікті қаламгерлердің шығармашылығы туралы зерттеулер жүргізіліп келеді. Жарасбай Сүлейменов шығармашылығынан диплом жұмысын қорғаған жастар да бар. Болашақ журналистерді оқытуда қаламгердің еңбектері басшылыққа алынады. Бүгінде тілшілер қоғам өмірінің әр саласынан қалам тартып, өңір халқының қуаныш-күйі­нішін жеткізіп жүр. Сондықтан да журналист Жарасбай Сүлейменовтің тойы – халықтың тойы. Ол өзінің жарты ғасырлық журналистік жолында не жазса да халқының көкейіндегісін жазды, – деді Зарқын Тайшыбай.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов мерейтой иесінің азаматтық бейнесі, «Qyzyljar» телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық телеарнадағы қызметі, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова Алаш арыстарын зерттеу жолындағы ізденістері, «Қызылжар-Ақпарат» серіктестігінің директоры Ербақыт Амантай редакторлық жолы, университет оқытушысы Жазира Көкбас қалам қуаты, «Баларман» балабақшасының басшысы Балдырған Ілиясов ағалық тұлғасы туралы баяндады. Өлкетанушы, ақын Дәстен Баймұқанов пен жас ақын Ақәділ Талапбеков арнау өлеңдерін оқып, журналистика кафедрасының магистранттары баяндама жасады. Дөңгелек үстел қатысушылары қаламгердің шығармашылығы мен қоғамдық қызметін, сан салалы еңбек жолын, әдебиет пен мағжантанудағы жаңалығын, жастарға жанашырлығын сөз етті.
– Бүгінгі шараға атсалысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Бұл біздің қалам ұстаған адамдардың ынтымақ-бірлігінің көрінісі деп ойлаймын. Аға буын, замандастарым, үлкен-кіші әріптестерім өмірдің әр кезеңінен естеліктерін айтып жатыр. Осындай жылы сөздер адамның жүрегін елжіретіп, ерекше көңіл күйге бөлеп, қуаныш сыйлайды. Жастардың жолы ашық болып, биіктерден көріне беруіне тілектеспін, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.
Жиын соңында оқушылар мен мектеп түлектері арасында ұйымдастырылған «Мен журналист болсам» эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқау қорытындысы бойынша Ділбар Орынбасарова, Назар Қаптыхан, Ақерке Орынбекова, Айғаным Ермағамбет үшінші, Ақбота Әкімбекова, Лағыл Күнтуған екінші, Шал ақын ауданындағы Е.Бөкетов атындағы мектептің оқушысы Ділназ Құсайынова бірінші орынды иеленді.

Д.САМАТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір