Мұрат ӘУЕЗ: «Ашаршылық туралы кітап міндетті түрде жазылуы керек!»
Қазақ тарихының «ақтаңдақтары» жайында ақиқатқа толы шығармалардың жазылуына түрткі болған айтулы оқиғаның бірі 1975 жылғы Қазақстан Жазушылар одағының Пленумы еді. Осы жиында коммунистік идеологияның қайраулы қылышынан қаймықпай, ұлт тарихы туралы, көркем әдебиеттің халық санасын жаңғыртудағы маңызы туралы сөз сөйлеген жас қаламгер Мұрат Әуез тұтас әдеби өмірдің болмысын жаңа арнаға бұрғандай болды. Бұл сол кездің көзімен қарағанда ерлік еді. Мұрат Әуездің мінберден айтқан сөзінен кейін ұлт әдебиетінде қазақ тарихы, хандар мен билеушілер өмірі, ашаршылық, тәркілеу, саяси қуғын-сүргін, жазықсыз соттау мен ату туралы көркем шығармалар легі дүниеге келе бастады. Ақиқатты астарлап айту арқылы болса да тарихи шындықтың белгісін сомдау үрдісі көзі ашылған бұлақтай мөлдіреп аққаны анық. «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандарына 1975 жылдың 15-қыркүйегінде өткен жиынының стенограммасынан алынған тарихи жалынды сөзді ұсынып отырмыз.
Қазақстан Жазушылар Одағының Пленумы.
15 қыркүйек, 1975 жыл
…Бахтин дұрыс айтады: «Ұмыту емес, тек жады ғана жасампаз». Бірақ үзік-үзік, бөлшек жады емес, толыққанды, жанды, тірі жады. Ұлт тарихының қуаныш пен қайғыдан, жеңіс пен күйзелістерден, апаттар мен зауалдардан, табыстар мен тоқыраулардан тұратын қилы кезеңдерін толық қамтыған есті жады.
Библия кейіпкері Иосифтің құлдыққа сатылған бауырларының бірі Иуда былай дейді: «Болған оқиға туралы үнсіз қалып, дер кезінде айтылмаса, ол мүлдем жадыдан өшіп, жоқ болады. Тұрмыстық тұрғыдан алғанда, оныкі дұрыс. Иаковтың балалары әділ жазасын алғанға дейін жасаған қылмыстары туралы жұмған ауызын ашпаған күйі ондаған жылдар бойы шалқып өмір сүрді». Бұны айтып отырған Иуданың өзі тарихта адам баласының рухани қазығын қиратқан рух ретінде талай рет қарғыс астында қалған… Көркем сана оның жәдігөй даналығына бағына алмайды, бағынған жағдайда ол құрдымға кетеді.
Қазақстанда 1932-33-жылдардағы ұжымдастыру кезінде жасалған асыра сілтеушіліктің кесірінен ашаршылық болды. Көшпелі, малшылықпен айналысатын ауылдардағы жартылай көшпелі халықтың саны күрт азайып кетті. Бұл жағдайды қазақтың әр отбасы біледі. Бұны білмейтін тек қағаз, кенеп пен экран. Нақтылап айтқанда, оны білмейтін біздің көркем сана…
1933-жылғы жағдай дәуірінде дүрілдеген көшпенді өркениетінің аса ірі тармақтарының бірінің тамырын қиды. Дәстүрлі көшпенділіктің құлдырауы, әрине, тарихи обьективті процесс, бірақ оның ақырының азалы болғаны соншалық, арада қаншама жылдар өтсе де ұлттық сана күні бүгінге дейін әлі сол есеңгіреген қалпынан айыға алмай келеді. Өзінің өткенінің өксігіне дер кезінде өрелей алмаған қазақтың көркем санасы қанына сіңген төл қасиеті – сұңғылалығы мен боямасыз шыншылдығынан айырылып қалды. Соның салдарынан ол драматизмге де, оптимизмге де терең бойлай алмады, нақты жетістіктерді де шынайы, сенімді көрсете алмады. Күйзелістің орнына құрылыс, ашаршылықтың орнына молшылық келгенімен, рухани жара жазылған жоқ, одан тек үнсіздік қамалын бұзып, жадыны жаңғыртқанда ғана айығуға болады.
1933-жылғы ашаршылық туралы кітап міндетті түрде жазылуы керек. Ол үшін обьективті алғышарттар бар. Ондай кітап әдебиет тарихында маңызды оқиға болатыны сөзсіз. Ең бастысы, біз ол кітапты жазуды жотамызды жерге сүйрелеп, бедеулікке әкелетін үнсіздік жүгінен ар-намысымызды арашалап алатын ұстаным ретінде қабылдауымыз керек. Бүтін бір халықтың көптеген жылдар бойғы күйзеліс шерін тарқатар бұл кітаптың шынайы да нағыз халықтық болмауы мүмкін емес. Ол біздің тынысымыздың табиғи ырғағын келтіріп, көзінің көрегендігін, сөзінің қайраттылығын қайтарары хақ.
Түйін орнына
Мұрат Мұхтарұлы Әуездің 1975 жылдың 15-қыркүйегінде өткен Қазақстан Жазушылар Одағының Пленумында сөйлеген сөзінен кейін қазақ халқының басынан өткен нәубеттер туралы шығармалар жазыла бастағанын жоғарыда айттық. Бұл тақырыпқа алғашқылардың бірі болып қалам сілтеген жазушы Смағұл Елубай болды. Жазушының «Ақбоз үй» романының жазылуына ұлт алдындағы парызбен қатар, қаламгердің Мұрат Мұхтарұлымен достық қарым-қатынасы да түрткі болған екен. Бүгінде қажылық сапарда жүрген жазушы редакцияға хабарласып, Мұрат Әуез ақсақалмен хат алмасқанын, қасиетті мекенде аға қаламгердің денсаулығы үшін дұға ететінін айтты. Төменде мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі мәдениеттанушы Мұрат Әуез бен жазушы Смағұл Елубайдың WhatsApp желісі арқылы жазысқан хатынан үзінді келтіріп отырмыз:
« – Аса құрметті Мұрат аға!
Сіз ауырып қалғалы бері бізде маза жоқ. Біздің ғана емес, бүгінде бүкіл Елдің бірауыздан мойындалған рухани ағасысыз! Сондықтан Құдайдың үйіне аман-есен жетсек еліңізбен сізге бір Алладан амандық тілейміз! Айығып кетуіңізді тілейміз!
Сізге бауырдан да жақын
ініңіз Смағұл».
« – Смағұл бауырым, қасиетті сапарың оң болсын, оқыған құран- дұғаларың қабыл болсын! Өзіңмен кездесіп, сұхбаттасу ғанибет болар еді, денсаулық рұхсат бермей тұр. Оралу сапарыңда жүздесу бұйырсын делік!
Құрметпен Мұрат ағаң».