Арыс саңлағы
06.06.2024
290
0

Алғашқы арыста(1)

1975 жылдың күзі. Қытайдың Шыңжаң өлкелік балуандар командасына Алтай, Тарбағатай, Іле, Қашқар, Қотан, Ақсу, Торпан сынды жеті аймақтан балуан іріктеу жарысы Үрімжі қаласындағы спорт сарайында өтіп жатыр еді. Үстіне өңі түскен қара шапан киген еңгезердей қара торы жас жігіт жарыс басқарушыларының алдына кимелей келіп, өзін жарысқа қатыстыруды айтып, талап қойды. Оның кесек керемет тұлғасына қарап, қайта-қайта қиыла өтініш еткенін ескеріп, меселін қайтарғысы келмеген төрелер алқасы ақылдаса келіп, жігіт­тің талабын мақұлдаған. Табаны қызған жүйріктей, күш-қуаты қаулай түскен жас жігіт үстіндегі көнетоз шапанын тастай беріп, балуандарға арналған кенеп шапанды киіп, күрес майданына кірді. Талай рет майдан көріп, әбден күрес ережелері мен әдіс-амалдарын меңгеріп, ысылып алған сақа балуандар «ә» дегенде бірден алдыра қоймады. Күрес әдісін білмесе де қара күшіне сенген жас жігіт, қолына іліккен балуанды кейде еңкейте тартып, шөке түсірсе, кейде асықтай үйіріп әкеліп, асау жамбасқа алып бір-бірден кілем үстіне жауырынын жерге тигізіп, допша томалатып, баудай түсіріп жат­ты. Оның алып күші мен алымды қимылын көрген судьялар да, көрермен қауым да дән разы болды. Бірақ ол жас жігіт­тің кім екенін, қайдан келгенін білетіндер дәл осы сәт­те тым аз еді.
Осы жолғы жарыста біріншілікті алып, алтын медальмен марапат­талған бұл жігіт­тің аты-жөні – Солтікен Көкішұлы, Алтай аймағының азаматы екенін жұртшылық жарыс соңындағы марапат­тау салтында бір-ақ білді.

Арыстың арыстаны

1978 жылы Қытай мемлекетінің он өлкесінен ең үздік балуандар жарысы Шынжаң өлкесінің орталық стадионда өткен. Кезек боз кілемді жағалап жүрген Солтікенге келгенде, қарсы жағы 15 жыл бойы арыс алаңының шаңын қаққан, күрес өнеріне әбден жетілген, Қилоңжаң өлкесінің аға палуаны Жаң деген түйедей дәу қытай болып шыға келді. Талайды әдіс амалымен алдап соғып жер қаптырып үйреніп алған, балуандықтың бар құпия сырын еркін меңгерген әлгі дәу қытай алдына келіп тұрған қазақтың жас жігітін көзіне іле қойған жоқ. Ол өз ойында, мына қазақтың қара жігітін алғашқы тебінде-ақ алып жібермекші болып, іштей шалып, екі бұрап алып ұрып жауырынын жерге тигізбекші болған. Ол ойы жүзеге аспады. Оны орнынан жылжыту былай тұрсын, қат­ты қайырымға келгенде өзі теңселіп қалды. Бір-екі рет сілкілескеннен кейін, Солтікен де қарсы жақтың әдіс-амалын аңғарып ала қойды. Атақты балуанмен алғаш алысқандағы атша тулаған жүрегі орнына түсіп, күш-қайраты қаулап бойына жиыла берді. Ол ендігі бір кезекте, қарсы жағындағы дәу балуанды үйіріп әкеліп, қырпулы қимылға келтірмей, көз ілестірмей еңкейте тартып, асау жамбасқа алды да түйедей қытайды боз кілемге дөңк еткізіп екі жауырынын жерге тигізіп тастай салды. Шалқалап жатқан төбедей қытай балуаны орнынан тұра алмай біраз жатып қалды. Майдандағы көрерменнің көңілденіп соққан шапалақ дауысы үлкен залда бейне найзағай жарқылдап жатқандай әсерде болған. Күрес майданында жүрген судьялар да Солтікеннің қатесіз қимылына дән разы болысты.
Осы жолғы үлкен мемлекет­тік жарыста он өлкеден келген ығай мен сығай балуандарды қырқай жығып, байрақты жарыста өрелі нәтижемен омырауына алтын медал қадады. Көкенай, Серік, Тұрсынғали қатарлы әйгілі аға жүлдегер балуандар жаңадан тебіндеп өсіп келе жатқан жас күшті көріп, жандары сүйіне қолдады. Жарыс соңында Шыңжаң өлкелік дене тәрбиесі комитеті қатысты орындардың бекітуінен өткізіп, Солтікенді Шыңжаң балуандар командасына қабылдады. Осы жылы қазан айында Қытай мемлекет­тік балуандардың 3 кезекті ірі сайысы Шүйжу өлкесінде өткізілді. Осы сайысқа қатысуға Шыңжаң балуандар командасынан Солтікен Көкішұлы таңдалды.
Ереже бойынша, бір күрес уақыты 9 минут болып, 3 минут­тан 3 кезекке бөлінеді. Ал Солтікеннің сұрапыл қимылы мен жойқын қара күші минут емес, секундтармен есептеліп жат­ты. Ол әр рет сайыс майданына шыққан сайын қарсы жақ балуанды он, жиырма секунд, ары кетсе отыз секундта жауырынын толық жер иіскетіп, көп дегенде елу секундта жарыс қорытындысын шығарып отырды. Бұл жарыста Солтікенмен теңдесіп күресе алатын еш балуан шықпады. Үлкенін де, ортаншысын да дүйім майданда ұршықтай үйіріп, доптай домалатып, баудай сұлатып қырқай жығып қиратып салды. Жығылған балуандар да: «Біз өмірімізде мынадай дию адамды көрмеппіз», – деп мойынсал болды. «Мынау – Алтай тауының қара аюы екен ғой», – десті.
Қашанда көрермен қауым – әділ төреші, алтын таразы ғой. Әр реткі сайыста, арыс алпарысында жүрген Солтікеннің маңдайынан шылан тер шықпағанын, балуандық өнерге барған сайын жетіле түскенін, әр қимылындағы алымдылығын қалт жібермей бақылап көріп отырған жұртшылық оны сол майданда-ақ «Арыстың арыстаны» деп атап кет­ті. Солтікен бұл жарыстың ең үздік балуаны, аға жүлдегері болып омырауына алтын алқа тақты. Жарыс соңындағы қорытынды жиында шетелден келген судьялар мен Қытай мемлекет­тік судьялар алқасы келіп, Солтікен Көкішұлын шетелде болатын халықаралық жарыстарға қатыстыруға бір ауыздан шешім шығарып, Қытай мемлекет­тік балуандар командасына алып қалатындарын жария ет­ті. Көрермендер жарыс аяқталған соң да Солтікенмен кездесуді талап етіп, жабыла амандасып, фотоға түсіп, атақты балуанмен мақтанып, мерейлері бір өсіп қалды.

Дүние «дәулерімен» айқасу

1980 жылы мамыр айында, Иран мемлекетінде халықаралық «Тәкти жарысы» өткізілетін болды. Иран мемлекетінен шыққан атақты әлемдік дәрежедегі балуанды еске алып өткізетін халық­аралық деңгейдегі балуандар жарысына алды 20 жыл, ортасы 15 жыл, соңы 10 жыл әр түрлі балуандық сайыс өткелінен өткен кіл «мықтылары» келіп қатысты. Бұл реткі ұлы жарысқа Қытай мемлекеті атынан Солтікен, Қали балуанды ішіне алған 8 адамдық балуандар командасы Иранға келіп жарысқа түсті.
Жарыс тоқтаусыз өтіп жатыр. Әлден уақыт­та Солтікеннің жарыс кезегі келіп майданға шақырылды. Бұл жолы атақ даңқы әлем еліне тегіс тараған, он бес жыл халықаралық күресте бір рет те жеңіліп көрмеген жоғары салмақтағы Индонезияның атақты балуанымен шайқасқа түсті. Екі мықты алғашқы екі майданда ұтыс-ұтылыс ұпайы тең болды. Бір-бірінің шамаларын да, әдіс-амалдарын да біліп қалды. Үшінші майдан шешуші кезең еді. Сигнал берілісімен-ақ, Индонезия балуаны бүкіл қайратын бойына жиып, байқатпай тап беріп, Солтікеннің оң қолын орайына келтіре тарта ұстап, оны оң жақ иығынан асыра тастап алып ұрмаққа бар жан-тәнімен ұмтылып, оқыс қимыл жасады. Жылдам да қағылез, сезгір де сезімтал Солтікен оны ырқына жібере қоймады. Құрыштай мықты шынтағын ол балуанның кеудесіне тіреп, серпи әкеліп шалқасыннан жатқызып, екі жауырын жерге тік тигізіп, тұяқ серуге шамасы келместей етіп жықты. Мұны көрген көрермен Солтікен Көкішұлын мақтауға сөз таппай: «Қазақ-қазақ-қазақ!», – деп аспанды жаңғыртып ұрандатып жат­ты.

Өрлей бер, өр рухты балуан

Жә, жарыс. Жарыс болғанда да – әлемдік деңгейдегі халықаралық жарыс. Екінің бірі түсе бермейтін, дүние дәулерінің айқасы. Алып арыс майданы. Оған ылғи да шойындай қорытылған, ауыр машық жапасынан өткен, жауырыны қақпақтай, білектері тоқпақтай бұқа мойын, бура сан, бұлшық ет­тері сандықтай ойнаған дүние дәулері ғана қатынаса алады ғой. Олар өз елі, өз мемлекеті, өз ұлтының намысын қорғау үшін бойындағы бар күш-қайратын, намыс пен арын алып шығып, қарсыласын жеңу үшін айқасады ғой. Мықтының мықтысы дәл осы майданда сыналып, атақ-даңқын да осы майданда, алып, ел байрағын желбіретеді. Әсіресе жалпақ жаһанды мекендеп отырған 44 мемлекетке бытырай қоныстанып отырған қазақ халқының биік мәртебесін көтеріп, көз қуанышына айналды. Әлем ақпарат­тары да «Қазақ балуаны», «Арыс арыстаны» деп жарыса жазып жат­ты.
Жә, әз халқым, төрт жұртым, алты Алашым, қара орман қазақ елім осының алдында ғана, яғни 1979 жылы қазан айында Солтікен Көкішұлы Үндістан мемлекетінде өткізілген халықаралық балуандар жүлде таласу жарысына Қытай мемлекеті балуандар командасынан барып қатысып, айналмалы күресте жиырма сегіз балуанды түгел жеңіп, ұлы жеңіспен ел қоржынына қомақты олжа салып оралған болатын.
Ол осынау қысқа жылдардың өзінде ел іші-сыртында өткен талай додалы халықаралық жарыстарға қатысып, ондаған алтын медальдар мен халықаралық марапат­тарды алды. Қытай мемлекетінің бас балуаны атанды. Ақшалай және зат­тай көрсетілген құрмет сыйлар өз алдына бір бөлек. Алтын – топыраққа, ұлылық – қарапайымдылыққа жасырынады ғой. Солтікен Көкішұлын халқы алақанында әспет­теп ұстады. Басынан құс ұшырмады. Арда ұлының атақ-даңқымен мақтанатын дәрежеге жет­ті. Соның бәрін біле жүріп, ол еш дандайсыған, асқақтаған жоқ. Әу бастағы сабырлы, салмақты, білімді, иманды, ибалы, ақкөңіл, ашық-жарқын бала Солтікен қалай болса, сол мінезден еш өзгермей қарапайым қазақтың ұлы болып өмір сүріп, халқын сүйіп, арт­тағы ұрпақтарына өлмес-өшпес үлгі мен өнеге қалдырып жолын жап-жарық қып өт­ті.
Солтікен Көкішұлы – ұлт азаматының үлгісі, кейінгі кездері өзінің туған аймағы Алтай аймақтық дене тәрбиесі жөніндегі комитетіне келіп, жас балуандарды тәрбиелеп, сақа тәлімгерге айналды. Ол жат­тықтырып жетілдірген шәкірт­тер арасынан мемлекет және халықаралық балуандар жарысында он алты алтын медальдар алды. Сол медальдардың жарық нұрынан Солтікен Көкішұлының да маңдай терінің тамшыларын көруге болады.
Солтікен қара күштің иесі, балуан ғана емес. Ол әжептәуір танылған ақын еді. Өлең құрап та таңғалдырса, жұлма қара сөздің де қас шеберіне айналғанына қасында жүрген кәсіптес құрдастары куә. Оның соңғы жылдары жазған өлеңдері Қытай Халық Республикасында шығатын қазақ тіліндегі «Алтай газеті», «Іле газеті», «Шыңжаң газеті», «Алтай аясы», «Іле айдыны», «Шұғыла журналы» сынды газет-журналдарда үздіксіз жарияланып тұрды. Одан сырт Қазақстанның әр түрлі басылымдарынан да арт-артынан жарық көрді. 2002 жылы Қазақстан Республикасы мемлекет­тік баспасынан Солтікен Көкішұлының «Ақ семсер» ат­ты тұңғыш жыр жинағы жарық көріп, оқырман қауымның шынайы алқауына бөленді. Қытайда «Көк сүңгі», «Жасыл жебе», «Айбалта», «Қара шоқпар», «Бес қару» ат­ты кітаптары арт-артынан баспадан шығып, оқырманның жақсы бағасын алды.
Сокең, Солтікен Көкішұлының шешендік қара сөзге құрылған қанат­ты қағытпа қара сөздер жинағы да Қытай қазақтары жағынан рет­теліп, баспаға дайындалып жатыр. Ол – қазір Шыңжаң жазушылар қоғамы, Алтай аймақтық, Алтай қалалық жазушылар қоғамының мүшесі. «Қытай мемлекет­тік үздік спортшысы», «Дене тәрбие саңлағы»!
Иә, біздің алып азаматымыз Солтікен Көкішұлын сирек оралатын тымса ғасыр өз қойнынан қазақ халқының маңдайына бақ жұлдыз етіп тудырды. Солтікен Көкішұлы өзінің күллі өмірін, күш-қуатын, ерік-жігерін, ақыл-парасатын, өр рухын, қайырымдылығы мен мейірімін, арлы азамат­тығын, балуандық өнері мен ақындық және жазушылық өнерін тұтастай сарқып, тамшысын қалдырмай қасиет­ті халқына арнап барып бақилыққа ат­танды. Ол жан қалауын толық орындады. Тән қалауына өмірінің соңына дейін дес бермеді. 2024 – ұлу жылы сәуірдің 25 жұлдызы сағат 11-де, өзінің туған өлкесі Алтай қаласында, өзінің құт­ты шаңырағында бақиға – Алланың алдына ақ өліммен ат­танып кет­ті. Артын ар нұрымен жап-жарық қып кет­ті…
Марқұмның жаны жәннат­та, топырағы торқа болсын. Артында қалған ұрпақтары аман болсын. Халқына мәңгілік қалдырып кеткен толағай еңбектері ғасырлар бойы тағылымын емізіп, тәрбие уызынан сарқылмасын!

1. Арыс – үлкен деңгейдегі балуандар күресі

Болат БОПАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір