Қаламгердің қаруы – таным
14.05.2024
1042
0

Белгілі жазушы, Жазушылар одағының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Байхоновтың қоғам, адам, уақыт, табиғат туралы ой-толғаныс­тарының бір тобын жариялап отырмыз.

***

Өзін-өзі сыйлайтын, басқаға да сыйлата білетін ұлттардың қай-қайсысы болмасын қолда барын қадірлеп, қастерлеп ұстайтынын көріп те, біліп те жүрміз. Үнді халқы үшін – піл, австриялықтар үшін – кенгуру қасиетті жануарлар болып есептеледі. Ал өзіміздің қазақ болса, сонау мамонт-пілдердің құрдасы, табиғат ғажайыптарының қатарына қоныстанатын қайран ақбөкеннің қадіріне жетіп жүр ме? Бұл кездері Азия мен Еуропаны жайлаған ақбөкеннің тек қана қазақ даласында сақталып қалуы ғажайып құбылыс емес пе? Ал қазеқең болса, сол асылын мүйізі үшін қынадай қырып тастауға жақындады. Мүйізіне бола текесін ата берсе, бейшара жануардың тұқымы тұздай құрымағанда қайтсін!

***

Қазақ үшін қасиетті нәрсе – кәдімгі сірі сексеуіл. Сол сексеуілдің тұқымын тұздай құртуға айналған қазақтар өзінің де сексеуілге ұқсайтынын біле ме екен? Қазақтар да – сексеуіл секілді тамырын тереңге жіберген халық. Қазақтар да сексеуіл секілді аспанға қарап алақан жаюмен келеді. Балталасаң былқ етпейді. Сексеуілді өзіне-өзін соққанда морт сынады емес пе? Қазекең де дәл сондай, өзімен-өзі алысып, өзімен-өзі шабысудан тайынбайды-ау қашанда. Бір қызығы екеуіне де жер бетіндегі ең үлкен шөл Қызылқұм мен Қарақұм бұйырыпты. Шөлді мекендейтін қазекем құм көшкінін тоқтатып, тұтас халықты сақтап келе жатқан сол асылын аялап отырмыз деп айта аламыз ба?

***

Қазақ үшін тағы да қасиетті нәрсе – сол кәдімгі Бетпақдала. Атының өзі – адамның зәресін ұшыратын «Бетпақдала». Жердің жаманы болмайды дегенге сенсек, сол қасиетті Бетпақдаладан безінетіндей не көрінді қазаққа. «Қызылқұмын – қызығым, Қарақұмын – қарағым» деген қазакем қазыналы Бетпағын әскерилердің еншісіне беріп, сынақ полигонына айналдырғалы қашан. Біле білген адамға Бетпақдалада бәрі де бар. Жер бетіндегі ең үлкен гранит қоры, фосфор кені де осында. Егер ғылыми жолға қойылса, Бетпақдала ең кемі он миллион ақбөкенді асырай алады екен. Сол он миллион ақбөкеннің халықаралық базардағы бағасы он миллион қазақты асырауға жетеді емес пе?

***

«Су аяғы – құрдым» дейді қазақтар. Бетпақ шөлде құрдым көп, ең үлкені – Ақжайқын. Бетпақтың солтүстік батысымен ағатын Торғай өзені Ақтөбе облысындағы Жайсаңбайдың тұсынан Құрдым көлдеріне жетіп жығылады. Арғанаты тауынан бастау алатын Сарыкеңгір өзені Қаракеңгірге, Қаракеңгір Сарысуға құяды. Қос өзенді тел емген сол Сарысу қайда барып құяды десеңші? Жеке шауып Бетпақ шөлден өте алмасын білгендей Шуға қарай талпынып, жақындап келген шағында Ақжайқынның тұсынан құмға сіңіп жоғалады. Ұлытау мен Қаратаудың төсінен Бетпақ шөлге асыққан үлкенді-кішілі өзендердің ортақ тағдыры – бұл. Ғалымдардың айтуынша, қазақ жерінің астында жеті триллион текшеметр тұщы су сақталған көрінеді. Ендеше Бетпақдала, Бетпақ шөл – қазағымның су сақтайтын қоймасы болып жүрмесін?…

***

Қазақ – қонақжай халық… Өз аузындағысын жырып өзгеге беретін қызық әдеті бар. Осыдан келіп өзін-өзі сыйламау, өзінікін сыйламау секілді жағымсыз әдетке ұрынып жүр. Әйтпесе, өзгенікін түйедей көретін жомарт басы өзінікі дегенде сараңдық жасап ала беретіні несі деп ойлаймын…

***

Мен білетін қазақ – өңі түгілі түсінде де көрмеген вальс ағашы мен бамбук жайында жантайып жатып әңгіме соғуға бар, кәдімгі тораңғыл мен қамыс жайында жұмған аузын ашуы қиын халық.

***

Мен білетін қазақ – жер жаннаты Бурабайын Швейцарияға, асқақ Алатауын Қап тауына теңеп, таңдай қағатын қызық халық. Қызық дегенде, сол баяғы өзінікін көрмейтін, көргісі келмейтін түсініксіз мінезін айтамыз ғой баяғы… Әйтпесе, Абайды Пушкинге, Әуезовті Толстойға теңейтін қайран қазекемнің өзі емей кім дейсіз? Әйтпесе, атадан қалған қазақ тілін жинап қойып, көршіден келген орыс тіліне үйір болған қайран қазекемнің өзі емей кім дейсіз?

***

Әлемнің отыздан бірін иемденіп, Көк Туын желбіретіп отырған қазаққа не жетпейді? Қазаққа, меніңше, ұлтжандылық (бәлкім, ұлтшылдық) жетіспейді. Жүздеген жыл бойы езіліп қалған халқымыздың түбегейлі тәуелсіз ел болғаны кеше ғана. «Ауруын жасырған өледі» деген біздің бойымызда ұлтжандылық сезімі, біздің ойымызда өз ұлтымызға деген мақтаныш сезімі төмен екенін жасырып керегі не?.. Орыс немесе өзбекті былай қойғанда, татар мен башқұрт ағайындардың тірлігіне қараңыз… Сан жағынан бізден асып түсетін қаншама ұлттардың көрінгенге көзтүрткі болып жүргенін көргенде еріксіз осындай ойға келесің. Рухы төмен елдің – болашағы күңгірт. Балаға: «жамансың, жамансың», – дей берсең, қайдан жақсы болушы еді…

***

Өмірге келген адам екі нәрсені таңдай алмайды. Бірі – өзін өмірге әкелген әкесі мен анасы, екіншісі – туған жері. Бала үшін – ананың жаманы жоқ, азамат үшін – туған жердің жаманы жоқ. «Ұшқан құстың қанаты талады», – деп Қарақұмнан безінген түркіменді, «басқан адамның табаны күйеді», – деп Сахарадан безген арабты көргеніңіз бар ма?
Мұндай мысал өзімізде де аз емес. Су аяғы құрдымға айналған теңізін тастап астанаға келген азаматтың алдында Арал жайлы ғайбат сөз айтып көріңіз… Ана бір жылы Қапшағайда тұратын белгілі балықшы Төлеген Әлімбетовтің кемпірі қайтыс болды. Төкең болса қыруар ақшаға самолет жалдап кемпірін туған жеріне, Аралға апарып жерледі. Онысы Аралын Жетісудан жоғары қойғаны… «Құрыды екен», – деп Аралдан, «атом зардабы бар», – деп Абралыдан безінбейтін болғасын, сол туған өлкенің жай-кебін ойлай жүргеннің артықшылығы жоқ-ау, дейсің осындайда…

***

Соңғы жылдары қоғамдық ойдың қозғаушы күші болуға тиіс Жазушылар Одағының белсендігі төмендеп, ықпалы әлсірегені жайлы естіп қаламыз.
«Жазушылардың белсендігі» дегенді өз басым түсінбеймін, өйткені жазушы «рекетир» де, заңның қарғылы төбеті де емесі анық. Шын жазушы алдымен өзі үшін, одан қалды халқы үшін жазады. «Капитализм» түгілі «феодализм» кезінде де осындай қаламгерлер болған, бола береді де. Кітап шығару тығырыққа тірелген кезде жазушылардың далбасалап қалғаны рас. Бірақ жазуды өзі үшін жазатын жігіттердің біразы қол қусырып қарап қалмағанына, көп ұзамай халық іздеп жүріп оқитын шығармалар туатынына сенемін.

***

Қаламгердің қаруы – таным, таным арқылы адам санасына ықпал ету. Бір ғана мысал айтайын. «Әлемнің жеті және отыз жеті кереметі» деген ұғым бар. Осылардың ішінде жұмыр жердің отыздан бірін алып жатқан қазақ жеріндегі бірде-бір кереметтің болмауы да – ойланарлық мәселе. Бүгінгі ұрпақ санасында «адамзат қолымен жасалған кереметтердің бәрі басқа елдерде, табиғат ғажайыптары басқа жерлерде ғана болуы тиіс» деген ұғым қалыптасқан. Санасын сыртқы дүниеге деген сағыныш билеп алған ұрпақтың бүгінгі болмысы онсыз да күпті көңілге күдік ұялатқан жайы бар. Әрбір адамның мазмұны – ішкі рухани жан дүниесінің байлығымен, көңіл көкжиегінің кеңдігімен өлшенеді дейміз. Сонда ол қандай байлық, қандай кеңдік? Бұл ұғымдардың өлшем-өресін анықтайтын құрал қандай болуы керек?
Мұндай ұғым қазақта қашаннан бар, оны – «зерде» деп атайды. Біреуден ілгері біреуден кейін тарих көшіне ілесіп келе жатқан қазақ атты халықтың зерделігінен гөрі сезім түйсігі басымдау дамуы әбден мүмкін. Табиғаттың төл перзенті – көшпенді елдің ұрпағы өткен-кеткенін елеп, екшеп жатудан гөрі табиғи түйсіктің жетегіне кебірек ілескен де болар… «Ауруын жасырған өледі» мен «Қалың елім – қазағымды…» ұмыта қоюға ертерек секілді. Оқығанның бәрі – оқымысты емес. Бар мәселе – түйсіктің ұтқырлығында, зерденің зеректігінде. «Жетесіз екен», «зердесіз екен» дейді қазақ. Емі жоқ, дауасы жоқ екеніне көзі жеткенде айтады, таусылып күдерін үзгенде айтады. Зерде дегеніміз – диалектикалық ұғым. Бір толқынды бір толқын қуалап, үздіксіз лықсып ағатын ағын су іспеттес ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып келе жатқан зерделік жібі үзіліп қалса ше? Отызыншы жылдары осындай болды, жетпісінші жылдары… енді, міне жиырмасыншы ғасырдың соңында дүниеге келген жас ұрпақтың зердесіндегі бос орынды қалай толтыруды білмей бас қатырып жүрген жайымыз бар.

***

Анам марқұм жақсы көрген кезінде: «Еңбек туған күні туған балам-ай», – деп отырушы еді. Әкемнен бес жасымда қалыппын. Мамамның еңбекқорлығын ел біледі. «Тәулігіне жиырма бес сағат жұмыс істейді», – дегенді сол кісіге қарап айтқан болса керек. Күнкөрістің оңай емесін бес-алты жасымда-ақ сезген болармын. Міне, содан бері жанымды жеп, «жер тырналап» келе жатқаным… Мен үшін ең ауыр күн – жексенбі. Ал сенбі болсын- болмаса – жұмыс күні ғой…

***

Әдетте адамдар «жұмыс істейтіндер» мен «жұмыс істемейтіндер» боп екіге бөлінеді. «Жұмыс істейтіндердің» жұмыс істей алатын және «жұмыс істей алмайтын» боп екі топқа бөлінетінін тәжірибеден білеміз. Ал енді арамызда «жұмыс істей алатындардың» жігерін жасытудың оңай жолы – жұмыссыз қалдыру екенін білетін ерекше тобырдың пайда болғанын байқамай келгеніміз өкінішті.
«Жұмыс істейтіндер» қолын байлап қойсаң да жұмыс істей береді. Ал жұмыс істемейтіндермен «жұмыс істетпейтіндер» жөнінде сөз басқа. Мен – өзімді «жұмыс істейтіндердің» қатарына қосамын. Ал жұмыс істей алмай жатсам, ол – басқа әңгіме.

***

Мен үшін ең үлкен мақтау – «Серікте идея көп» деген сөз. «Идея» маған таң атып келе жатқанда келеді. Сол идеялардың жартысына жуығын жүзеге асырдым-ау деп ойлаймын.

***

«Өз басым көп нәрсенің мағынасын елуден асқан кезде ғана түсінген секілдімін. Жер ортасынан асқан адамның бір сәтке пендешілікті ысырып қойып, «Не бітірдім?… Арманым не еді? Қателескен кезім болды ма?» деп ойлауы заңды. Ақыретке барып, мизам таразыға түскенде де осындай сұрақ қойылады деседі ғой. Құдайды көріп келген адам жоқ шығар, бірақ әркімнің өз Ақыреті, өз шындық шекарасы бар екеніне көзім жетеді.

***

Жұмыр жердің беті бөліске түскенде қазекемнің маңдайына тек қана жер жаннаты бұйырмады деп қиналатын жайымыз жоқ. Жер жаннаты Жетісумен қоса еншімізге тигені – Бетпақдала мен Қызылқұм болса, оған да шүкіршілік. Жер бетіндегі ең үлкен шөлді өлкені мекендейтін арабтар кімнен кем болып отыр. Жерінің тең жартысы таулы-тасты кейбір көршілеріміз де болашаққа үмітпен қарсы қарап отыр емес пе? Мәселе, сол туған өлкені қадірлей білуден, қастерлей беруден шығады…

Жазушының кітаптары, басылымдар негізінде әзірлеген Баян Болатхан
05.05.2024.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір