Қаламгердің қостомдығы

Еліміздің әр өңіріндегі сияқты, «Түркі әлемінің алтын бесігі» деп бағаланатын Алтай жерінің де асты мен үсті тарих пен көмбелі қазыналарға толы. Оны әркім әр кездері өздерінше пайдаланған. Ал енді шығармашылық адамдардың мұндай қазынаға көзқарасы, оларды игеріп, оқырманының кәдесіне жаратуы – ерекше еңбек. Жуықта сондай шығармашылық иесінің бірі, жетпіс бес жылдық ғұмырының қырық жылға жуығын баспасөз саласына арнаған ардагер журналист-жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Айтмұхамбет Қасымовтың жергілікті «Арго» баспасынан іші рухани қазынаға толы қостомдық шығармалар жинағы жарық көрді.
Негізінен, деректі дүниелерге ден қоятын зерттеуші кітабының алғашқы томына 9-әскери ұшқыштар мектебін (қазір Харьков әскери ұшқыштар институты) тамамдап, 1933 жылы көк аспанға көтерілген қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы, шығысқазақстандық Жақыпбек Малдыбаев туралы, 1931 жылы орысы қалың Риддер қаласында осы өңірдегі тұңғыш қазақ газетін (қазіргі мұрагері ШҚ облыстық «Дидар» газеті) ашқан қорғалжыңдық шебер журналист, аудармашы Мақсұт Тайшыбаевтың 1938 жылы «халық жауы» деген қызыл қырғында атылып кетуіне дейінгі өмірі қамтылған.
Кітаптың екінші томына тәуелсіздік кезеңіндегі өңірдегі ақпараттық айқас, кәсіпкерлер, өнерпаздар туралы материалдары, естеліктері, әзіл-сықақтар мен аудармалары топтастырылған.