Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН: Шетелде жүрген әр қазақ елдің елшісі болуы керек
Дүйсенәлі Әлімақын, 1989 жылы ҚХР-на қарасты Іле қазақ облысында дүниеге келген. Абай атындағы ҚазҰПУ-дің түлегі. «Қараша құстар ғазалы», «Жанарымда түн сөйлейді» жыр жинақтарының авторы. Қазір ол «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ астанасындағы Джордж Вашингтон университетінде білім алуда.
– Дүйсенәлі, сен – қазақ баспасөзіндегі алғашқы қызметің «Қазақ әдебиеті» газетінен басталғанын ұмытпайтын ұланның бірісің. Сен ғана емес, еңбек жолын әдеби апталықтан бастағанын бұл күнде есім-сойы елге мәлім қалмагерлердің дені тебірене еске алады, естеліктер жазады. Ұмытпасам, сені «Қазақ әдебиетіне» жетелеп әкелген ұстазың, тәлімгерің қазақтың классик ақыны Есенғали Раушанов болатын. Осы арада Ес-ағаң жайында жадыңда сақталған жақсы күндерден сыр ақтарып, сөз бастасаң артық болмас деп ойлаймын.
– Иә, дұрыс айтасыз. Қазақ әдебиетінде орны бар мүйізі қарағайдай тұлғалардың көбі «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеп, осы басылымның бағын ашқанын алдыңғы буынның естеліктерінен оқып, өз ауызынан да естідік. Шынымды айтсам, газетте жұмыс істеймін деген ой – үш ұйықтасам түсіме кірмеген жағдай. Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде магистратурада оқып жүргенімде, Есенғали Раушанов ағамызбен таныстым. Танысуымыздың өзі тосын болды. Ұлттық кітапханада өтіп жатқан Жұмекен Нәжімеденовтің кітаптарының тұсаукесерінде ағаға сәлем беріп, жөнімді айттым, жылы қабылдады. Сағатына бір қарады да: «Сен, бала, дүйсенбі сағат үште маған кел», – деді де телефон нөмірін берді. Айтқан уақытында іздеп бардым, үш-төрт сағат әңгімелесіп, арқа-жарқа болдық. Кәдімгі бұрын сөйлесіп жүрген аға-інідей іштесіп кеттік. Әне, содан бастап ол кісі екеуіміз жақын жүрдік. Бір күні Ес-ағаң маған: «Қазір не көп, өлең жазатындар көп, ал сенің олардан не артықшылығың бар?» – деп сұрақ қойды. Сасып қалғаным шын, қапелімде абдырап: «Аға, мен де сіз сияқты ағылшын тілін білетін ақынмын», – деп едім, қатты қуанып кетті. «Айналайын, бүгіннен бастап саған ықыласым бөлек, тосырқамай кез келген уақытта келе бер, Алматыда, күллі Қазақстанда қиыншылық көрсең, мен бармын», – деп разылығын білдірді. Сосын хатшы қызды шақырды да: «Бұдан былай мына бала маған келсе, кіргізе бер», – деді. Ол кісінің мені «Қазақ әдебиетіне» жұмысқа ұсынғанын кейін білдім. Өзі ештеңе айтқан да емес. Бір күні маған телефон шалып: «Сені Одақтың жиналысында айттым, сондай жастарды газетке жұмысқа алған дұрыс, өткендегі Хемингуэй туралы мақалаңды оқыдым, ол шалдың біз білмейтін қыры көп екен ғой», – дегені есімде. Кейін әдеби апталыққа келіп қызметке орналасқанымда, үнемі ақыл-кеңесін айтып жүрді. Тіпті Жазушылар одағына бас сұққан сайын мені арнайы іздеп келетін. Әр келген сайын: «Тартынбай жаңа дүниелер жаза бер, сені бұл жерден біреу жұмыстан шығарса, ертесі мен қайта әкеліп қоямын», – деп шабыт беретін. Ол кісі туралы естеліктер көп. Өткен жылы «Егемен Қазақстан» газетінде «Есімнен кетпес Есағаң» деген естелік жазып оқырманға ұсынғанмын, сол жерде бәрі айтылған.
– Саған: «Оқы, ізден, алысқа шырқа, шетел көр», – деп ақыл айтып, кеңес берген де сол Есағаң болды емес пе? Марқұм өзі де жиһанкез ақын еді-ау,ә?
– Үнемі шетелге барып келген сайын мені шақырып, ол жақтан көрген-білгенін әңгімелейтін. Ағылшын тілін біледі, сондықтан әлемді шарлап жүре береді, еш қиналмайды. Маған үнемі: «Шетелден оқып кел, ол кезде сен басқа адам болып ораласың», – дегенді айтудан жалықпайтын. Міне, сол ағамыз сияқты жақсы адамдардың жол нұсқауымен осы сұхбатты Америка төрінде отырып жазып отырмын. Өзі көптеген елдерге саяхаттады, ол елдердің тарихи орындарын, музейлерін, әсіресе қорымдарын аралап, ой түйді, көптеген керемет шығармалар жазды. Есенғали Раушанов үшін шетелге бару– Алматыдан Астанаға барудан оңай десем артық емес, ол бірде Стамбулда, бірде Лондонда, бірде Парижде жүретін. Ұмытпасам, ең соңғы сапарында Ес- ағамыз Германияға барып келді. Жай барған жоқ, сол жақта тұратын қазақ режиссері Болат Атабаевтың көңілін сұрауға барды. «Келесі апта Германияға барамын, келген соң хабарласамыз» деп ватсапта хат жазғаны есімде. Сол сапарынан кейін кездескенімде маған Еуропада жерленген қазақ азаматының бейіті туралы айтты. «Соны газетке жазшы, Дәулеткерей Тағаберді деген азамат екен, Түркиядан Германияға көшіп барып, сонда жерленіпті. Әйелі неміс дейді. Ең кереметі ол күйеуінің зиратының басына «Qazaq dese zhany qalmaushi edi» деп латынша жазып қойыпты. Соны мен суретке түсіріп әкелдім, алда саған жіберемін», – деген ағамыз сол фотоны жібере алмады. Ол кісінің маған: «Егер ақын боламын десең, алдымен көп оқы, көп тіл біл, көп саяхатта, ең маңыздысы бай бол», – дегені мәңгі есімнен кетпейді. «Алдыңғы үшеуі түсінікті, ал бай бол дегеніңіз қалай?» – дегенімде, «өзіңде жоқ болса, сен өзгеден сұрауға мәжбүр боласың, тіпті бай болмасаң өзгенің қолжаулығына айналасың», – деп еді. Осының бәрі ол кісінің өмірден түйгендері ғой. Есағаңнан сырт Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Ғалым Қалибекұлы, Қуандық Түменбай, Серік Асылбекұлы, Жүсіпбек Қорғасбек, Ерлан Жүніс, Тоқтарәлі Таңжарық, Сәуле Досжанова сияқты алдыңғы буын аға-әпкелеріміз менің шетелде білім алуыма үнемі тілекші болып, қолдау көрсетіп жүрді.
– «Қазақ әдебиетінде» жанкешті журналисттің бірі болдың. Аз ғана жалақыға жұмыс жасай жүріп, оқырман қауымды ойлы мақалаларыңмен тәнтті еттің. Қазақ баспасөзінде, тіпті дүниежүзінің баспасөзінде десек те асылық айтқанымыз болмас, тұңғыш рет халықаралық деңгейде онлайн-конференциялар ұйымдастырып, әлемнің әр қиырындағы қаламгерлердің басын қосып, әдеби апталығымызда сөйлете білдің. Биыл «Қазақ әдебиеті» 90 жаста. Қанаттанып ұшқан алтын ұяң туралы қандай пікірдесің? Әдеби апталық саған не берді?
Шынын айтсам, ол кезде менде жақсы жалақы алу немесе күн көру деген ой болған жоқ. Әйтпесе 54 мың теңге үшін екі жыл жұмыс істемес едім. Мен тек тәжірибе жинау, үлкен жазушылармен араласу, олардың тәлімін алу деген сияқты мақсатта жұмыс істедім. Кейде қиналдық, алған айлығымыз пәтердің ақысына жетпей, қамыққанымыз бар, бірақ бұның бәрі өтті де кетті. Жұма күні жазған мақаламыз «Қазақ әдебиетінің» бетінде жарқырап шығып тұрғанда, қиындықтың бәрін ұмыттық. Әдеби апталық менің тынысымды ашты. Не жазсам да, оқырманға қызықты әрі бұрын болмаған стильдегі дүниелер жазуыма түрткі болды. «Ағылшын тілін білетін болған соң, неге шетелдегі қаламгерлерден сұхбат алып, олардың ойын білмеске» деген ой да осы газетте жүргенде келді. Әрине, басында оңай болған жоқ. Себебі, әр қаламгердің өмірбаянымен, шығармашылығымен танысып, оларды тауып, сөйлесу үшін көп іздендім. Шетелдік қаламгерлердің талғамы бөлек, көрінген жерге жылтыңдап шыққысы да келмейді, ондайда «Қазақ әдебиетінің» кең таралымды газет екенін, бұдан бұрын бұл газетке Нобель сыйлығын алған қаламгерлердің де сұхбаттары жарияланғанын айтып, олардан сұхбат сұрақтарыма жауап алдым. Есесіне сол халықаралық дөңгелек үстел сұхбаттарым оқырманға өтімді болды, көптеген үлкен қаламгерлер хабарласып, алғысын айтты. Қысқаша айтқанда, «Қазақ әдебиеті» менің журналистік жолымдағы ұстахана болды. Сол жерден алған тәжірибем мені әлі алға сүйреп келеді. Ең маңыздысы, мен қазір АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінде Батыс және Америкалық саяхатшылардың қазақ даласы туралы жазған ағылшын тіліндегі кітаптарын зерттеп жатырмын, осы тақырыпты мен «Қазақ әдебиетінде» жүргенде бастағанмын.
– Дүйсеш, кір жуып, кіндік кескен туған жерің тым шалғайда қалды. Туған жерден бабақонысыңа бозбала шағыңда оралыпсың. Соноу бір жылдары ата-анаңнан, бауырларыңнан тіл хат ала алмай зарыққан күндерді де бастан өткердің. Енді, міне, Америкада оқып жүрсің. Осы жетістігіңді немен байланыстырасың? Құрама штаттар еліне аяқ басқаныңда қандай көңіл-күйде болдың?
– Иә, кейбір жағдайларға байланысты арғы бетте тұратын ата-анамыздың қасына бара алмай, оларды көре алмай қалғанымыз рас. Төрт жыл бұрын әкем кенет ауырып, қайтыс болды. Топырақ салуға да бара алмай, Алматыда жатып аңырадық, амал жоқ. Тағдыр солай болғасын, бәріне көнеді екенсің. Бұл жағдай – сол жақтан атамекеніне келген қандастардың көбінің басынан өтіп жатқан іс. Тіпті менің үш баламды олардың үлкен әжесі, туыстар және ата-анам жақыннан көріп, иіскей алмай жүргені жанға батады. Америкаға оқуға келуіме көптеген ағаларым, достарым тілекші болды, отбасым қолдап-қуаттады. Жарым – Майра Абайқызы балаларды өзі бағып-қағып, маған артық салмақ салған жоқ. Нәтижесінде біз отбасымызбен Америкаға келіп, осындағы өмірді көріп, білім алып жатырмыз. Сонымен бірге кезінде АҚШ-тағы Қазақстан елшілігінде жұмыс істеген Абай есімді азамат маған осындағы «Абай орталығына» келіп қазақ мәдениеті туралы жобалар жасап, жұмыс істеуіме жол нұсқады. АҚШ-тағы «Абай орталығы» – Қазақстан елшілігі мен Джордж Вашингтон университеті бірлесіп ашқан қазақ мәдениетін америкалықтарға насихаттайтын арнаулы орталық, өзінің ағылшын тілді сайты жұмыс істеп тұр, бұл орталықта осыған дейін қазақ мәдениеті мен тарихына қатысты көптеген жобалар жүзеге асты. Биыл Орталықтың жетекшісі Айтолқын Құрманованың қажырлы еңбегімен Алаш зиялыларының әдеби еңбектері ағылшын тіліне аударылып, арнайы подкаст түрінде жарық көрмек. Құрама штаттар еліне алғаш аяқ басқанымда менде тек осы елдегі кітапханалардан, архивтерден ұлтымызға қатысты деректерді тауып, соны зерттесем, ел-жұртты қуантсам деген жалғыз мақсат болды.
– Сол мақсатыңа табанды түрде жету үшін АҚШ-қа бара салып архив ақтаруға кірістің. Оқуың бар, қасыңда отбасың бар. Сонда да қазақ баласы бұрын-соңды қол жеткізе алмаған қызықты деректерді тауып қазақ баспасөзін, әлеуметтік желілерді мазмұнды дүниелермен «жемдеп» үлгердің? Осының бәріне қалай уақыт тауып жүрсің?
– Әлгінде айтқанымдай, арнайы жоспармен, мақсатпен келгендіктен, мен осындағы уақытымды тиімді пайдалануға дағдыландым. Қаладағы кітапханаларда кейде күні бойы отырамын. Ұлтымызға қатысты деректерді табу оңай болған жоқ. Себебі оларды табу үшін Орталық Азияны зерттеген ғалымдарды жақсы білуің керек екен, кей күндері түнімен отырып ізденіп, бұл саланы да меңгердім. Мұндағы кітапханалардың арасы бір-бірінен шалғай, сонда да кейде метромен, кейде жаяу жүріп, бір дерек болса да жинап, қоржыныма салып жатырмын. Бастысы, уақытты дұрыс пайдаланған адамға немен айналысамын десе де, уақыт жетеді. Ең бастысы, өзің айналысып жүрген ісіңді сүйсең, қалғаны қиын емес. Маған Қазақстаннан көптеген оқытушылар, студенттер хабарласып, бұл деректерді қайдан алғанымды, бұрын осы елде оқығандар неге мұндай деректерді көрмегенін, жарияламағанын айтып толассыз хаттар жазады. Мен осы жағдайға қарап, зерттеп жатқан қазіргі тақырыбымның еліміздің тарихы, мәдениеті үшін өзекті екенін сезініп, тіпті де терең зерттеуге кірістім. Орталық Азия тақырыбы – қашан да өзекті, ол өткен ғасырда да, қазір де, болашақта да өзекті бола береді. Өткенде әлеуметтік желіге Америкада басылған кітаптардағы қырғыздарға қатысты суреттерді жариялап: «Кезінде Батыс саяхатшылары бізді терең зерттеген екен, енді біз бірігіп, оларды зерттейік», – деген үндеу тастадым. Осыдан кейін көптеген қырғыз бауырлар жекеме шығып хабарласты. Ал өзім де қаламгер болғандықтан, мұнда келгелі америкалық әдебиеттің ауанын да жіті бақылап жүрмін. Кейбір мықты жазушылармен төте байланыс тауып, сұхбат алдым. Осындағы бір әдеби журналдың редакторымен кездесіп, қазақ қаламгерлерінің шығармаларын ағылшын тіліне аударып, журналда жариялауға ұсыныс айттым, олар ақылдасып, ақыры ұсынысымды қабыл алды.
– Фейсбуктегі жеке парақшасында бір әріптес әпкең: «АҚШ-тың кез келген мұрағатына кіріп қазақ әдебиетіне, қазақ тарихына, т.б. қатысты деректер табу оңай. Өйткені ол елде бәрі сандық жүйеге көшіп кеткен. Ізденуші ғалым мықты болса, сондай деректерді өзімізден тапсын, АҚШ-тан табылып жатқан әлгі деректер өзімізден де табылуы мүмкін», – деген пікір жазды. Келісесің бе?
– Мендегі деректер – тек ағылшын тілінде жазылып, Америкада баспадан шыққан кітаптардан алынатын деректер. Ал оны біреу Алматыдағы сирек қорға апарып, сонда сақтапты деген пікір нанымсыз. АҚШ-тың кез келген мұрағатына кіру оңай деуге еш негіз жоқ. Біріншіден, бұлар арнайы статусың болмаса, кіргізбейді. Ол үшін бір жоғары оқу орнында оқып жатқан ресми студент болуың керек, екіншіден, арнайы рұқсатнама керек. Өткенде бір жиналыста АҚШ мемлекеттік департаментінің бір өкіліне өзімнің зерттеу тақырыбым туралы айтып едім, қызығып: «Біздің кітапханаға келіңіз, мен рұқсатын алып берейін, бұдан бұрын сіздің елден мұндағы архивті ақтаруға ешкім өтініш білдірген жоқ», – деді. Нәтижесінде ол кітапхана басшысына арнайы хабарласып, рұқсатын алып берді. Әлеуметтік желіде кім не жазбайды дейсіз. Әр кім әр нәрсені жазып отыр емес пе? Ал бір-екі адамның кереғар пікірі үшін менің зерттеуім тоқтап қалмайды.
– Ал енді өзің оқып жүрген Джордж Вашингтон университеті мен өзге де мұрағат қорларынан тауып жариялаған қазаққа қатысты зерттеу еңбектер мен сол зерттеу еңбектерін жазған ғалымдар туралы, өзге де құнды табыстарың туралы кеңінен баяндап бер. Байқаймын, дәл осы бағыттағы ізденісіңді алдағы уақытта жалғастыра түскің келетін сияқты. Солай ма?
– Біз АҚШ пен Қазақстанның байланысы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін басталды деп ойлаймыз. Меніңше олай емес, екі елдің байланысы тым арыда, осыдан жүз елу жыл бұрын басталған. Неге десеңіз, америкалықтар бізді екі ғасыр бұрын зерттеуге кіріскен. Мысалы, «Түркістан» деп аталатын екі томдық еңбекті жазған Юджин Скайлер ғалым ғана емес, сол кездегі АҚШ-тың беделді дипломаты, осы елдегі ең алғашқы доктор атағын алған білім иесі еді. Оның қаламынан туып, ақыл ойында піскен «Түркістаны» сонау 1876 жылғы қазан айында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы «Скрибнер Армистонг» баспасынан кітап болып шығыпты. 1789 жылы шыққан ағылшын саяхатшысының кітабында автордың жүріп өткен жолының сызбасында Жайық өзені көрсетілген. Ал 1870 жылы шыққан бір кітабының мұқабасында автор орыс жаяу әскеріне жол бастап келе жатқан қазақтардың суретін берген. Жылына қарасаңыз, бұл да – бір құнды дерек. Осылай тізбелеп айта берсем, өте көп деректерге қанығасыз. 1879 жылы жарық көрген ағылшын ғалымының кітабында Көтібар батырды «Ол қазақтың батыл қолбасшысы бола білді» деген сипаттаманы оқисыз. 1880 жылғы тағы бір кітапта Есет Көтібарұлына он бір бет арнаған. 1882 жылы ағылшын тілінде жарық көрген кітапта автор Арал теңізі жағасынан көрген-білгенін баяндайды, «Аралдың суы мөп-мөлдір екен», – дейді. Ал 1925 жылы шыққан «Дала халықтары» атты кітабында тарихшы, жиһангез Ралф Фокс қазақтарға кітабынан бір тарау арнап, құнды суреттер берген. Тіпті осы кітаптың ішкі мұқабасында қазақ бүркітшісінің суреті тұр.
Америкалық зерттеушілер қазақтың руханиятына үлес қосқан тұлғаларды да жіті зерттепті. Мысалы, осыдан 71 жыл бұрын Мағжанның бірнеше өлеңін ағылшын тіліне аударып, Америкада шыққан кітабына қосқан ғалымға алғыстан басқа не айтамыз? Бұдан бөлек Кенесары, Бұқар жырау туралы шағын болса да, деректер баршылық. Сосын менің қолыма АҚШ зерттеушілері қорғаған алты диссертация түсті, екі ғылыми жұмыстың атауы «Қазақ» деп аталады, екеуі де – өткен ғасырдың ортасында Американың беделді университеттерінде қорғалған ғылыми еңбектер. Америкалық саяхатшылар жазған кітаптардан бөлек мұндағы ғалымдар да біздің тарихымыз бен мәдениетіміз туралы көптеген кітаптар жазыпты. 1916 жылғы көтеріліс туралы жазған кітабында АҚШ профессоры: «Осы көтерілістің себебінен Орталық Азиядағы түркі халықтарынан, яғни қазақ, қырғыз, түркімен, өзбектерден 270 мың адам орыс әскерінің қолынан қаза тапты», – деп ашық жазады. Бұдан сырт мен АҚШ кітапханаларында сақталған француз, неміс тілдеріндегі кітаптардан қазаққа қатысты деректерді тауып, қоржыныма салдым. Соның бірі – 1959 жылы Парижде жарық көрген француз зерттеушісі Марсел Эгретаудтың «Шығыс Совет, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзербайжан» атты еңбегі. Автор осы кітабын жазу үшін Орталық Азиядағы мемлекеттерге, соның ішінде Қазақстанға арнайы барғанын мына деректерден білеміз: «Қазақстанның халық ағарту министрі А.Закариннен ұлты қазақ па екенін сұрағанымда, сұрақтың өзі артық болып шықты. Бұл қайратты жігіттің дала перзенті екені даусыз. Ол: «Иә, қазақпын, таза қазақпын, еш қоспа жоқ!» – деп күліп жауап берді», – деп жазады. Сосын ол Асқар Закариннің бала кездегі тағдырын француз тіліне енді ғана аударылған Ғабит Мүсіреповтің романындағы кейіпкерге ұқсатады. «Қазақтың ұлы жазушысы, «Ботагөздің» авторы – Сәбит Мұқановпен Қазақстан Жазушылар одағының бас кеңсесінде ұзақ әңгімелестім. Сәбит Мұқанов – қазақ халқының сезімін жақсы суреттеген жазушылардың бірі. Ол қазір елу сегіз жаста. Оның әкесі малшы болған. Тағы сонда жұмыс істейтіндердің бірі маған өздерінің балалық шағы, жастық шағы, бектер, әкімдер заманы туралы айтты. Бірақ олармен бұл тақырыпта ұзақ әңгімелесу оңайға соқпағанын айта кету керек. Әсіресе олармен қарым-қатынас жасау тым оңай емес. Ақыл-ой ағымы өткен күндерге бұрылмай, тынымсыз тасқындай ілгерілеп, болашаққа қарай ұмтылып келе жатқан Кеңес Одағында мұның бәрі дұрыс», – деген дерегі де біз үшін құнды болмақ. Марсел Эгретауд тарихшы Бекмехановты іздеп Алматыға барғанын да жасырмайды. «Ол өз елінің өткені туралы жазғаны үшін ұлтшыл аталып, өз көзқарасын айтқаны үшін кінәлі болды. Мен автордың кітабын өзіммен бірге алып, оның сол кезде айтқан пікірін естіген адамдармен кездестім. Сол үшін Бекмехановтың хабарын Алматыдан сұрадым. Халық ағарту министрі А.Закарин мені жұбатып, тарихшымен кездесуімді өтінді. Бекмеханов – қазір де Алматы университетінің профессоры, 1957 жылы жаңа кітап шығарды», – деген сөйлемдер француз зерттеушісінің кітабында жазулы тұр. Сонымен бірге, кезінде америкалық ғалымдар Түркістан даласына 1900 жылдардың басында арнайы экспедиция жасапты, сол сапардың қорытындысы үш том болып кітап ретінде шығыпты, сол томдықтар да қолыма түсті. Тіпті Жамбыл Жабаевтың да елде сақталмаған бір суреті осы жақтан табылды емес пе? Айтпақшы, жақында бір дерек қолыма түсті. Қазақ жазушыларының әңгімелері 1981 жылы алғаш рет ағылшын тіліне аударылып, Америкада баспадан шығыпты, аудармашыны тауып, сөйлестім. «Аударма кітаптың бір нұсқасын тауып, жіберемін», – дейді. Қысқаша айтсам, деректер өте көп, соларды жүйелеп, салыстыра зерттеп жатырмын.
– Естуімше, «Қазақ ертегілері – Америкада» деген жоба жасапсың, бұл қандай жоба?
– Осыдан жеті ай бұрын америкалық жазушы Мэри Лоу Мэсей аударып, Нью-Йоркте баспадан шығарған «Дала ертегілері» деген ағылшынша кітапты АҚШ кітапханасынан тауып, елге сүйіншілегенмін. Қазақтың он тоғыз ертегісін аударып, оған қазақы үлгідегі қыстырма суреттер салып, АҚШ оқырманына ұсынғаны үшін Мэри Лоу Мэсейге ізет білдіріп, іздеп барып, қазақ халқының атынан алғыс айтайын деп ақпараттар іздеп едім, көп жыл бұрын қайтыс болыпты. Сосын маған «осы еңбекті ғылыми айналымға салайық, дайын аудармасы бар ертегілерді америкалықтарға оқытып, бір жоба жасайық» деген ой келіп, Қазақстандағы көптеген мекемелерге хабарластым, шыны керек, бірі де оң ниет білдірмеді. Мүмкін оларға шетелде қазақ мәдениетін насихаттау артық жұмыс шығар, кім біледі? Бір күні «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» құрушысы, кәсіпкер Қанат Зейнолла ағамыз өзі хабарласып, мұндағы жағдайымды сұрады. Қысқасы, «қандай ұсыныстарың бар?» – деді. «Қазақ ертегілері – Америкада» деген жобаны бірге қолға алсақ деген өтінішімді айттым. Ол кісі дереу қабыл көріп, нәтижесінде осы жобаны бірге жүзеге асырдық. Бұл жобаға қазір Джордж Вашингтон университетінің профессорлары қызығушылық танытып отыр, бұйырса жоба алда жарияланады. Он ертегіні ағылшын тілінде мәнерлеп оқыттық. Менің ойымша, шетелде оқып жатқан, сонда өмір сүріп жүрген әр қазақ азаматы өз елінің мәдениетінің, тарихының насихатшысы, елшісі болуы керек.
– АҚШ-тағы Қазақстан елшілігінің қызметімен байланысың бар ма? Сенің бүгін-ертең елпең етіп елге келе салғаныңнан гөрі сонда жүре тұрғаның, «Абай орталығында» бола тұрғаның алдымен бізге, бізге деп отырғаным Отаныңа, қазақ ғылымына әсіресе керек деп ойлаймын. Бірақ бұл мүмкін бе?
– Мен осы зерттеуге кіріскен соң, көптеген ғалымдар, зерттеушілер менің осында қалып, зерттеуімді жалғастыруымды айтып, ұсыныс білдіріп жатыр. Бірақ бұл жөнінде құзырлы орындардың ұсынысы немесе көмегі болмаса, Америкада өз бетіңмен зерттеу жасау, өмір сүру өте қиын.
– Әуезов пен Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын оқыған АҚШ профессорына енді кімді оқытқың келіп жүр? Сен араласатын ортада қазақ әлемі туралы түсініктің, ақпараттың деңгейі қандай?
– Бізге сабақ беретін америкалық профессор Кристофер Кожмға бір күні: «Бізде мықты жазушылар өте көп, мына екі кітапты оқып көріңізші» – деп, Әуезовтің «Америка әсерлері» мен Кекілбаевтің «Аңыздың ақыры» романын апарып бердім. Әуезовтің осыдан алпыс жыл бұрын Америкаға келгенін де айтып, оны қызықтырдым, үш айдан кейін екі шығарманы да оқып болдым деп хабарласты әрі көзқарасын айтты. Жақында ол кісіге Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» атты романын бердім, ол туралы да көзқарасын айтар. Мен Америкаға кетерде ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов Астанаға келген бір сапарында бір жаңа туындысын беріп: «Америкалық қаламгерлерге оқытып көрші», – деп еді, жақында сол шығарманы осында сахналық шығармаларды зерттеп жүрген бір америкалық зерттеушіге бердім, оқып, пікірін айтамын деді. Өзім де қаламгер болған соң, жүрген жерімде қазақ жазушылары туралы да айтып жүремін, олардың ағылшын тіліне аударылған туындылары болса, оқуға ұсынудан да жалықпаймын. Өйткені мен жүрген орта қазақ әлемі туралы аз біледі. Себебі, оларға елімізді таныстыра алмаған өзіміз кінәліміз. Содан көбі «Қазақстаннан келдім», – десең, сені дереу орыс тілімен байланыстырады. Бұған жай қарамауымыз керек. Батыс әлеміне елімізді, төл мәдениетімізді, тарихымызды таныстыратын үлкен жобалар жасау бізге ауадай қажет екенін түсіндім. Біздің тарихымыз бен мәдениетіміз – ұялмай дәріптеуге тұрарлық құндылықтар, соны насихаттаудан шаршамайтын буын іске кіріссе, жарты әлем қазақ елін, мәдениетін түсіне алар еді. Өткенде бір ағылшын режиссерін тауып, Абай туралы деректі фильм түсіріңіз деген өтініш айттым. Ол менің өтінішімнен кейін Абай туралы ізденіп, екі аптадан кейін хат қайтарды. Хатында: «Абай туралы түсіруге болады екен, бірақ мен фильмдерімді әлемдік үлкен медиаларда көрсетемін, сол үшін бұл жобаңызға үкімет тарапынан көмек керек, былайша айтқанда, жарты сағаттық ағылшын тілді фильм түсіру үшін 500 мың доллар керек», – деп жазыпты. Осы сияқты үлкен жобалар қазақ мәдениетін әлемге танытуға көмектеседі деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан – Д.Қасенұлы
ПІКІРЛЕР1