Драматургтер мен театрдың тығыз байланыста болуы аса маңызды
27.04.2024
384
0

Біз алдыңғы жыл қорытындыларында жасаған баяндамаларымызда драматург театрмен, режиссермен бірлікте жұмыс жасауы нәтиже беретінін тұрақты айтып келеміз. Бұл қадамға Одақ тарапынан қадам жасалмаса да театрдан бастау алды. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі, «StartDrama» театр лабораториясының жетекшісі, режиссер Фархад Молдағали идеясымен есепті жылы жүзеге асты. Драматургияны заманауи режиссурамен байланыстыра қарастырған үлкен халықаралық шара 2023 жылы 13-20 қазан аралығында Түркістан қаласында өтті. Түркістан музыкалық драма театрының және «StartDrama» театр лабораториясының ұйымдастыруымен Халықаралық «Rejisser. Dramaturg. Start – 2023» режиссерлік лабораториялық жобасы нәтижелі болды.
Үшінші рет өткен Халықаралық режиссерлік лаборатория мақсаты – жас режиссерлер мен драматургтердің, актерлер мен менеджерлердің арасында тығыз шығармашылық байланыс орнату, қызықты шығармашылық идеяларды іздестіру, ертеңгі күннің театрына деген көзқарастар қалыптастыру. Ресейлік жас режиссерлермен бірлесе шеберлік сыныптар, пікір алысулар, бірлесе жасалған спектакльдердің көрсетілімі, жобаларды талқылаулар болды. Спектакль эскиздерін жасаған Мәскеулік режиссерлер: Н.Марков, К.Отинова, И.Хуснуллин, И.Кузнецов, А.Узак, А.Чеботарев және Д.Курочкин қазақстандық жас авторлардың туындыларымен жұмыс жасады. Бұл жоба өзінің көздеген мақсатына жақын арада жетеді және еліміздің жас драматургтері шығармашылығына пайдалы сабақ алды деген ойдамыз. 
2023 жыл қазақ театры және драматургиясы үшін постпандемиядан кейін бой тіктеу, бәсеңсіген ырғақты қалпына келтіру жылы болды. Театр ұзақ іркілістен кейін өзінің репертуарындағы қойылымдарын қалпына келтірумен және жаңа қойылымдарды сахналаумен айналысты. Жаңа туындылар тізімі қандай авторлардан тұрады? Қай театр кімді қалай сахнаға қойды деген мәселеге келсек айтылар сөз, көтерілетін мәселе баршылық.
«Драматургия – 2023» есепті жылы жария көрген жаңа кітаптарға келер болсақ, көрнекті ақын, драматург Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» («Мерекенің баспалар үйі» ЖШС баспасы. -2023 жыл, Мемлекеттік тапсырыспен шыққан) кітабында «Менің Мұстафам» монодрамасы мен «Ер Төстік» поэтикалық драмасы жарық көрді. Оның бұған дейін жазған «Мұстафа Шоқай» поэтикалық тарихи драмасы мен «Мұстафа Шоқай» драмасында еліміздің көрнекті тұлғасы, күллі түркі халықтарының көсеміне айналған Мұстафа Шоқайдың саяси-қайраткерлік өмірі шынайы, әсерлі суреттелген.
«Менің Мұстафам» тарихи монодрамасы көрнекті мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың жары Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» деп аталатын естелік күнделігінің желісімен жазылған. Аталмыш монодрама М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры жариялаған «Монодрама» байқауынан «Үздік тарихи монодрама» (2021 жыл) номинациясын жеңіп алған. Қазіргі таңда Әубәкір Рахимовтың режиссурасымен аталған театрдың сахнасына қойылып, театр репертуарынан берік орын алған туындылардың бірі. Пьесада Мария сүйген жары Мұстафамен кездескен сәтінен бастап, екеуінің көптеген қиыншылықты бастан өткізгенін күнделік жазып отырып есіне алады. Мария қайсар мінезді, өр тұлғалы Мұстафа туралы естелігін жаза отырып, оның адами қасиетін, білімділігі мен зиялылығын тебірене есіне алады. Алаштың ардақтысы, бүкіл түркі жұртының қамын ойлаған М.Шоқайдың басына қандай күн туса да, жанында болған Марияның адами болмысы да жан-жақты ашылған. Пьесадағы Мұстафа мен Марияның бір-біріне деген махаббаты бүгінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Қазақтың «Ер Төстік» ертегісінің желісімен қуыршақ театрына арналып жазылған «Ер Төстік» поэтикалық драмасының (1 бөлімді 3 көріністі) негізгі идеясы – туған жерге, досқа деген адалдықты көрсету.
Пьесаның бас кейіпкері Ер Төстік қиял-ғажайып жағдайда дүниеге келіп өседі. Ол түлкі қуып жүріп байқаусызда өрмегін үзіп кеткен кемпірдің аузынан өзінің сегіз ағасы бар екенін естиді. Әкесі Ерназардан барлық шындықты біліп алғаннан кейін, Шалқұйрық атқа отырып, ағаларын іздеп кетеді. Шалқұйрық – тек жүйрік ат қана емес, адамша сөйлеп, адамша іс-әрекет жасайтын қасиет­ті жануарға айналып, батырдың сенімді серігі болады. Шалқұйрықтың айтуымен Ер Төстік Мыстан кемпірді алдап соғып, жер астына түседі. Ер Төстіктің Кеще ханның қолында құлдықта жүрген ағаларын Саққұлақ, Желаяқ, Шапшаң, Қырағы, Таусоғар, Көлтаусар келіп қосылып, барлығы Кеще хан мен Мыстан ойластырған барлық өнер сайыстарынан озып шығып, «бірлік бар жерде, тірлік бар» екенін көрсетіп жеңіп шығады.
Пьеса авторының басты мақсаты – жас ұрпаққа ежелгі батырлықты, салт-дәстүрді, досқа адалдықты, қайсарлықты, ептілікті бүлдіршіндер санасына сіңіру.
Драматург Думан Рамазанның есеп беру жылында «Жошы хан» (Алматы, Алматы-Болашақ» АҚ 2023. -304 бет.) драмалық жинағы жарыққа шықты. Жинаққа «Жошы хан», «Керей – Жәнібек», «Абылай хан», «Кенесары – Күнімжан», «Пешене», «Бейуақ» секілді автордың сахнаға қойылған таңдаулы драмалық туындылары енгізілген. Түрлі толқымалы нәубеттерді басынан өткеріп тағдырдың тезінен аман шыққан, отарлаушылардың бұрмалап жазуымен өткенімізді сұрыптап сарапқа салып, келісті келбетін шынайы тарих пен тарихи тұлғаларымызға арналған тақырыпқа жаңа заманның ойы азат ұрпағының көзқарасымен беруге ұмтылыс драматург Д.Рамазанның суреткерлік және тәуелсіз мемлекеттің отансүйгіш азаматы ретіндегі «Жошы хан» тарихи драмасы Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік ұлттық қазақ музыкалық драма театрында тұсауы кесіліп, бүгінде репертуарда аншлагпен жүріп жатыр. Спектакльді тамашалаған ҚР Президентінің қойылым туралы жоғары пікірі театр ұжымы мен Д.Рамазанды қанаттандырып 30 жылдық тарихы бар театрдың Ұлттық статус алуы жайлы пікірі сол күні сахнада айтылған болатын. Спектакль туралы орталық БАҚ бетінде көп жазылды. «27 наурыз – Халықаралық театр күніне» ұйымдастырылған «Қаллеки тынысы» атты премьералар апталығының қорытындысы бойынша кейінгі екі жылда қойылған он спектакьлдің арасынан «Жошы хан» қойылымы «Үздік спектакль», Жошы хан рөлін ойнаған Қайыржан Садық – «Үздік Актер» номинациясы бойынша, Асылбек Қапаев «Жошы хан» спектакліндегі Шыңғыс хан рөлі үшін «Үздік ер адам рөлі» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Ақын, сазгер, драматург Байділдә Айдарбектің қаламынан туындаған 14 пьеса топтастырылған пьесалар жинағы «Алтын Орданың Алтын тағы» (Алматы: «Turan» баспасы. 2023.-408 бет.) деп аталады. Бұл жинаққа саналы өмірінің барлығын педагогикаға, тәуелсіз еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеу ісіне арнаған автордың шығармашылық ізденістері жалғасын тауып жатыр. Жинаққа енген пьесалар төрт бөлімге топталып тақырыптық, мазмұндық тұрғыда жүйелі сұрыптап берілген. «Тарих, тағлым, тұлға» аталатын бірінші бөлім қазақ халқының тұтастай мемлекеттігінің Ресей империясының отарлық езгісіне түсер алдындағы тұяқ серппесі болып он жыл арпалысқан Кенесары ханның тағдырынан сыр шертеді. Бұл әлі шешімін таппаған тақырыптың күні бүгінге дейін өзектілігін, Алтын Орда тағының соңғы мұрагерінің тұлғалық келбеті, тарихы жайлы «Алтын Орданың алтын тағы» атты екі бөлімді тарихи драмасымен басталады. Жинақты осы атаумен беріп беташарын осы пьесамен бастауында мән бар. Автор үшін ерекше қымбат тарихтың жабылмаған бұл беттері бүгінгі тәуелсіз елдің ұрпақтарының жадында екенін, Елжанның көзімен бағалай отырып, елі мен жерінің тәуел­сіздігі үшін бабалардың бекерге қан төкпегенін еске салады. Тұтқындағы Кенесары ханның соңғы сөзінде халқының 300 жылдық отарлауды алдын-ала көре білгенін берген сәті әсерлі. Автор бүгін мен кешегі тарихты тәуелсіз елдің Елжан секілді білімді, табанды әрі отанын сүйетін азат ойлы ұрпағының ұлағатты ісімен байланыстырады.
«Отбасы, бала, мектеп, тәрбие» атты екінші бөлімге топтастырылған шығармалардың атауы айтып тұрғандай: екі бөлімді «Ұстаз» драмасы, отбасы тәрбиесі мен мектеп өміріне арналған екі бөлімді «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» драмасы, «Суицид» детективті драмасы, балалар өміріне арналған «Орындалған тілек» және отбасы, бала тәрбиесіне арналған «Өтіріктің шегі» атты бүгінгі таңдағы отбасы, мектеп, ЖОО-да негізгі мәселе болып алдымыздан шығатын жас ұрпақтың тәрбие мәселесін көтереді. Бүгінгі қоғамның бойына дерт болып жабысқан парақорлық пен мансапқорлық, сауатсыздық пен надандық секілді жат қылықтарды әшкерелейтін пьесаларын автор «Имандылық, адамгершілік, ар-намыс» атты үшінші бөлімде жинап берген. Оған екі бөлімді «Жиһад» әлеуметтік драмасы, мансапқорлықтың қорлығы туралы «Жаным – арымның садағасы» атты екі бөлімді әзіл-шыны аралас хикаясы және «Күнә мен жаза» атты екі бөлімді драма туындыларынан тұрады. Ал төртінші бөлім «Махаббат, достық, сыйластық» деген атпен айшықталып «Махаббат пен достық» және «Қайта оралған махаббат» атты екі бөлімді драмасынан түзілген.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Бақыт Мерекенова замандастары жайлы жазған біраз прозалық шығармаларымен белгілі. Жазушы, драматургтің «Алтын бесік» кітабы (-Астана. «Big Dream» ЖШС баспасы. — 2023 ж. көлемі 392 бет.) автордың біраз жылдық еңбегінің нәтижесін көрсетеді. Автор Халықаралық бірнеше әдеби сыйлығының лауреаты, Азиялық қаламгерлердің арасында проза номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынға да ие болған. Жазушы-драматургтің «Алтын бесік» пьесасы – Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова өміріне арналған пьеса. Сұрапыл соғыс аяқталып, бейбіт өмір орнайтынына пьеса оқиға желісі барысында көз жеткіземіз. Драмалық туындылар тақырыбы – күнделікті өмірде кездесетін жайттар туралы жазылған өміршең шығармалар. Драматург әр туындысында көрермендерді ізгілікке жақсылыққа тәрбиелеп, парасатты өнегелі ой түйіндеуге жетелейді.
Жас та болса қабырғасы қатайған драматург Қолғанат Мұраттың жұмысы жемісті. Есепті 2023 жылы республиканың 5 театры сахналанған пьесалары да ауыз толтырып айтарлықтай. «Махаббат бар ма?» комедиясы Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында, «Мұғалім» драмасы Тәуел­сіз «Жол» театрында, «Әбілқайыр хан» тарихи драмасы Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық қазақ драма театрында, «Мұғалім» драмасы Бикен Римова атындағы Талдықорған облыстық драма театрында, «Жаза» детективі Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры сахнасында қойылды. Бұл – автордың республика театрларымен, ондағы қою­шы режиссерлермен өте тығыз шығармашылық қарым-қатынаста жұмыс жасауының нәтижесі деп білеміз. Өзге де авторларға осындай нәтижелі ізденістер тілеймін.
Кез келген ұстаз үшін өзі тәрбиелеген шәкірттерінің жақсы жетістіктерге жетуі – әрқашан да ерекше қуаныш. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясындағы ұстаздық қызметте жүрген профессор, драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың шәкірттері – Әлішер Рахат, Айдана Аламан, Мерей Қосын, Ілияс Қыдырбаев есімдері еліміздің әр түрлі театрларының жарнамалары мен драматургиялық бәйгелерінде жиі көрініп келеді. Түрлі жанрда қалам тербейтін 18-35 жас аралығындағы 100-ден астам қаламгер қатысқан 7 номинация бойынша анықталған Республикалық «Алтын тобылғы» конкурсында өткен жылы 161 шығарма ұсынылып «Жылдың үздік драматургиясы» номинациясы бойынша жас қаламгер Қыдырбаев Ілияс («Шындық пен жалған» пьесасы) жеңімпаз атанса, Айдана Аламан Т.Ахтановтың 100 жылдығына орай жарияланған драматургиялық байқауда «Саяхатшы достар» пьесасымен 2-орынға ие болды.
2023 жылы драматург Әлішер Рахат­тың Қостанай облыстық І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында «Туған күніңізбен, анашым!» драмасы сахналанды (реж. – Талғат Тәжіков). Осы «Туған күніңізбен, анашым!» драмасы көрші Тәжікстан Республикасының Конибодом қаласындағы Тәжік драма театры сахнасында қойылды (реж. – Бахром Құрбанзода). Ә.Рахаттың аударма саласында да өнімді жұмыс істеп жүгенін көреміз. Ол ресейлік Светлана Петричуктің «Сұңқар жігіт – Финист» пьесасының (RDS жобасының аясында оқылымы өтті. Түркістан), Иван Вырыпаевтың «Иран конференциясы» (Шам театры, реж Фархад Молдағали) пьесасының, Всеволод Вишневскийдің «Оптимисттік трагедия» (Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры, реж. Сергей Левицкий) спектаклінің аудармаларын жасады. 2023 жылы Қазақстан Театр қайраткерлер одағы ұйымдастырған «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығын табыстауда «Жылдың үздік драматургі» номинациясының жас драматург Ә.Рахаттың қанжығасына байлануы – осындай еселі еңбектің нәтижесі.
Жас драматург Мия Алғожаеваның «Taboo» метафизикалық драмасы (авт. – М.Алгожаева, реж. – А.Кулахмедова) OzgeEpic өнер кеңістігінде, «Жаңғырық» драмасы (авт. – М.Алгожаева, реж. – К.Отинова, М.Наукенұлы), RDS-2024, Түркістан қаласы, Конгресс Холл кеңістігінде, ​​«Мен, сен және телефон» драмасы (авт. – А.Рзаев, сахналық нұсқа: М.Алгожаева, реж. – М.Наукенұлы) Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқу залында қойылуы жастардың белсендігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Өткен жылдың аяғында «Фолиант» баспасы «Абай әлемі» сериясымен драматург Роза Мұқанованың «Бопай ханым» драматургиялық шығармалар жинағын шығарды. Кітапқа бүгінде Түркістан музыкалық драма театры репертуарында үлкен сұраныспен қойылып келе жатқан «Бопай ханым», «Фариза» драмалары енген. «Фариза» драмасын орыс тіліне Любовь Шашкова аударса, «Мысықтар патшалығын» Г.Доронин тәржімалаған.
Сонымен бірге осы автордың «Мәңгілік бала бейне» драматургиялық шығармаларын «Мазмұндама» Қоғамдық қоры оқырманға ұсынды (Алматы: «Мазмұндама» қоғамдық қоры, 2022.272 б.). Бұл кітап «Мектептің оқу бағдарламасына енген» деген грифпен белгіленген.
2023 жылы Батыс Қазақстан облыстық Х.Бөкеева театрында М.Әуезовтің әңгіме желісі бойынша «Қаралы сұлу» спектаклі қойылды. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сахнасына араға жиырма жыл салып «Мәңгілік бала бейне» спектаклі қайта оралды. Қазақ халқының басынан кешкен тарихи сәттер мен трагедиялық кезеңдерді бейнелейтін шоқтығы биік тундылар көрерменді ерекше толқытты.
Ақын, актер Қанат Жүніс – Алаш тақырыбына өнімді жазып, пьесалары театр сахнасында жиі қойылып жүрген авторлардың бірі. Астаналық Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры автордың «Алаш жолы» драмасын, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Алия» драмасын сахналады. «Қанат­тылар» инклюзивті театры «Күле аласыз ба?» комедиясын, «Ұшқын» жастар театры «Пранк-махаббат» комедиясын көрерменге ұсынса, Қазақ ұлттық өнер университеті мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Қ.Жүнісов либреттосын жазған композитор С.Әбдінұровтың «Сәкен» операсының концерттік және сахналық нұсқасын орындады. Тағы бірнеше студенттік театр мен аудандық мәдениет үйінің халық театр­лары «Алғашқы махаббат» комедиясын сахналаған.
Осы жерде анонс ретінде айта кетсек, Мәдениет және ақпарат министрлігі дәстүрлі, классикалық, эстрадалық және театр өнері жанрларындағы шығармалар мен олардың авторларын қолдау мақсатында «Dala dauysy» республикалық конкурсын жариялады. Жаңа өнер туындылары авторларын қолдауға бағытталған республикалық конкурсқа қатысу үшін өтінімдер 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап қазан айының 1-не дейін қабылданады. Жүлде қоры 47 млн теңгені құрайтын конкурста 5 номинация бойынша 15 сыйлық тағайындалды. Жеңімпаздар «Үздік фольклорлық музыка», «Үздік классикалық музыка», «Үздік драматургиялық туынды», «Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы», эстрада жанрындағы «Республика әні», Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2 арнайы жүлдесі номинациялары бойынша 2024 жылдың қазан айында марапатталады.
Ойымызды қорыта келгенде, жыл қорытындысында отандық драматургияның жетістігі ретінде біздің толық емес дерегіміз бойынша мынадай санақ нәтижесі шығады: Драматургия бойынша өткізілген конкурстар – 5; Баспадан шыққан пьеса жинақтарының саны – 5 дана; Сахнаға қойылған пьесалардың жалпы саны – 254; Ересектерге арналған қойылымдардың жалпы саны – 179; Балаларға арналған қойылымдар – 75; Отандық авторлар қойылымының саны – 77; Аударма, шетелдік авторлардың қойы­лымы – 177; Балаларға арнап қойыл­ған шығармалар – 8.
Кемшін тұстары ретінде драматургиялық туынды жазушылар мен театр арасындағы байланыстың жоқтығын баса, қайталап айтамыз. Театр драматургтің екінші үйі болатындай шығармашылық байланыс орнамайынша, өзектілігі жоғары, көрерменге де қызық боларлықтай жаңа пьеса дүниеге келмейді.

Аманкелді МҰҚАН,
өнертану кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір