«Көркем әдебиет: талап пен талғам»
26.04.2024
1065
0

19 сәуір күні Қазақстан Жазушылар одағында 2023 жылы жарық көрген шығармаларға шолу жасап қорытындылау жиыны өтті. «Көркем әдебиет: талап пен талғам» деп аталған басқосуға Алматыдағы қалың қаламгермен бірге, Астанадан және облыстардан келген ақын-жазушылар, әдебиеттанушы ғалымдар, журналистер қатысты.

Әдеби жыл қорытындысы жиынының төралқасына Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасарлары – Нұржан Қуантайұлы, Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибекұлы, Бауыржан Жақып, Бейбіт Сарыбай және Басқарма хатшылары Тұрысбек Сәукетай, Әлия Бөпежанова, Жүсіпбек Қорғасбек, Қансейіт Әбдезұлы, Маралтай Райымбекұлы, Дәурен Қуат, Бигелді Ғабдуллин, Қали Сәрсенбай, Ерлан Жүніс, Әлия Дәулетбаева, Фархат Тамендаров шақырылды.
Салтанатты жиынды Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, белгілі жазушы Нұржан Қуантайұлы ашып, жүргізіп отырды. Ол Астанада қырғыз елінің мәдени күндері өтіп жатқанын, ұлық жиынға Қырғызстан Республикасының Президенті Садыр Жапаров келіп, екі ел Президентінің қатысуымен осы күні Астанада қырғыздың халық қаһарманы – Манастың ескерткіші ашылатынын, соған Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов те қатысатынын, осы себепке орай әдеби жыл қорытындысының жиынына қатыса алмай қалғаны үшін Басқарма төрағасының қаламгер қауымынан ғафу өтінетінін жеткізді.
– Былтырғы әдеби жыл процесінің жүгі мол болғанын жақсы білесіздер. 2023 жылдың мамыр айының 12-сінде Қазақстан Жазушылар одағының XVI құрылтайында одақтың жаңа құрамы сайланды, – деді өз сөзінде Нұржан Қуантайұлы. – 2023 жылы Мәдениет министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігі бастап, бірнеше облыс әкімдігінің көмегімен, кейбір баспалардың өз қаржысымен қазақ қаламгерлерінің кітаптары жарық көрді. 35 қалам қайраткеріне Президент стипендиясы, Алматыда тұратын 400 жазушыға, Астанада тұратын 170 жазушыға қала әкімдерінің мемлекеттік стипендиясы берілді, бес жыл бұрын Алматы қаласы әкімдігі қолға алған бұл үрдісті Астана қаласының әкімдігі жалғастырып әкетті, биыл бірнеше облыс әкімдігі де қаламгерлерге стипендия тағайындамақ, әрине, мұның бәрі Жазушылар одағының мұрындық болуымен атқаралып жатқан іс екені белгілі. Еліміздегі үш мегаполис – Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, он жеті облыста әдеби процеске қатысты жиындар, дәстүрлі іс-шаралар өз кезегімен өтіп жатыр.
Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы былтыр «Простор» әдеби журналының, биыл «Қазақ әдебиеті» газетінің жарық көргеніне 90 жыл толғанын, қос басылымның да салтанатты жиыны өткенін жеткізді. Былтыр Қожа Ахмет Яссауидің туғанына 930 жыл, Мағжан мен Сұлтанмахмұттың туғанына 130 жыл, «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірінің шыққанына 110 жыл, жазушылар Кемел Тоқаев, Тахауи Ахтанов, Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл, Әкім Таразидың туғанына 90 жыл, Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толғанын, бәрінің мерейтойлары аталып өткенін айтты.
– 2023 жылы жас қаламгерлерге мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында тұңғыш рет Президенттік арнаулы әдеби сыйлық тағайындалды. 18-35 жас аралығындағы жас қаламгерлерге арналған бұл әдеби сыйлық «Балалар әдебиеті», «Драматургия», «Поэзия», «Проза» номинациялары бойынша өткен жылы күзде табыс етілді. Аталған әдеби байқау биыл да өткізілмек. Республикалық «Айбоз» әдеби сыйлығы былтыр екінші мәрте мәресіне жетіп, жеті номинация бойынша сыйлықтар берілді. Жастарға арналған бұдан да басқа, дәстүрлі «Алтын тобылғы», «Алтын сақа», «Айтұмар» байқаулары былтыр да өз жеңімпаздарын тапты. Қазақстан Жазушылар одағының ұйытқы болуымен өңірлерде облыстық әкімдіктердің ақын-жазушыларға жыл сайын атаулы әдеби сыйлық тағайындау іс-шарасы қолға алынғаны мәлім. Мысалы, Ақтөбе облысының әкімдігі былтыр төртінші жыл әдеби сыйлық табыстады. Шымкент қаласында, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында да сыйлықтар тағайындалған, былтыр Павлодар облысының әкімдігі осы дәстүрді іліп әкетті, бұйыртса, Павлодар облысында биыл 10 номинация бойынша әдеби сыйлық тағайындалмақ. Жамбыл, Алматы облыстарының әкімдіктері де осы бір игі шараны қолға аламыз деп отыр. Ұлт­тық спорт қауымдастығы және Қазақ­стан Жазушылар одағы бірлесе отырып қаламгерлер арасында жеті номинация бойынша «Құлагер» республикалық әдеби байқауын жариялады. Осындай тағы бірнеше әдеби байқаудың жобасы дайындалып, тиісті жерлерге ұсынылып қойды. Тағы бір жаңалық: «Жалын» журналы биылдан бастап Жазушылар одағына өтті, енді осы әдеби журнал одақтың құрылтайшылығымен жарық көре бастайды, – деді Нұржан Қуантайұлы.
Жиында ақын-жазушылар екі әдеби жыл қорытындысы арасындағы бір жылдың ішінде Жазушылар одағының дүниеден өткен мүшелерін орындарынан тұрып, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Әдеби жыл қорытындысында жанрлар бойынша мағынасы терең, мазмұнды он үш баяндама жасалды. Баяндамалардан кейін әдеби процесс туралы пікірлер айтылып, белгілі ақын-жазушылар жарыссөзге шығып, сөз сөйледі. Олардың ішінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Кәдірбек Сегізбай: «Әдебиет­те жүрген барша жазарман қауымның бір жыл ішінде не жазғанын бәріміз біліп отыру үшін жыл қорытыныдысының өтуі өте маңызды. Жаңалықтардан тыс қалмау үшін жасымыз егде тартқанына қарамастан, бұндай жиынға жыл сайын арнайы келеміз. Менің басты айтқым келетіні, қаламгерлерге қолдау болғаны жөн. Тәуелсіздік алғалы жазушыларға көрсетілер қолдау Кеңес кезіндегімен салыстырғанда ақсап қалғаны рас. Ол олқылықтың орнын толтыруды көздеген жұмыстар жасалып-ақ жатыр. Нәтижесі де жоқ емес. Екіншіден, қазір түрлі «измдер» шықты. Әдебиеттің ағымдары көп. Жаңалыққа ұмтыламыз деп түсініксіз жазатындар көбейіп кетті. Әр бағытқа еліктемей-солықтамай, қаламгер таза ақиқатты жазу керек деп есептеймін. Әдебиет деген – сол», – десе, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебай: «Әдеби сын саласындағы жетістіктеріміз туралы әдебиеттанушы ғалым, сыншы, Тараз өңірлік университетінің профессоры Сәмен Құлбарақ жақсы айтты. Оған бір-екі сөз қосайын. Әдебиет­тану, әдебиеттің сын саласында іргелі еңбек етіп келе жатқан шығармашылық тұлғалардың көбі – жоғары оқу орындарында дәріс беруші әдебиеттанушылар, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының зерттеуші ғалымдары. Әдеби сынға ақын-жазушыларымыздың қосып келе жатқан үлесі де бар», – дей келіп, сын жанры жайлы байламдарын ортаға салды. Белгілі сыншы Әмірхан Меңдеке: «Жылдық қорытынды өте жақсы өтіп жатыр. Жиынға келген жазушылардың қарасы да әдеттегіден мол болды. Аға буын жазушылардың бәрінің есінде шығар, бұрындары жылдық қорытындыға биліктен (Орталық Комитеттен) арнайы өкіл келіп қатысып отыратын. Жазушылардың жиынында тек әдебиет туралы ғана емес, сонымен бірге қоғам, заман, саясат жөнінде де өткір-өткір әңгімелер бой көтереді. Билікке қарата қилы ұсыныстар, түрлі талап-тілектер айтылады. Сондықтан да біздің осындай жиындарымызға Мәдениет министрлігінен арнайы өкіл келіп қатысса құба-құп болар еді, – деп ұсыныс айта келіп, – Әдебиет – біздің қасиеттіміздің ішіндегі ең қасиеттіміз. Қайткен күнде де біз әдебие­тімізді таза сақтауымыз, былғамауымыз керек. Қоғамымызға дендеп енген тамыр-таныстық, топшылдық, туысқаншылдық, жегжатшылдық, жікшілдік әдебиетімізге енбеуі үшін де солай жасауымыз керек», – деп қорытындылады сөзін. Сондай-ақ Қазақстанның Халық жазушысы Любовь Шашкова, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының өкілі, жазушы Серік Елікбай, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Ана тілі» газетінің бас редакторы, ақын Ерлан Жүніс ойларын ортаға салды.
Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табысталды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын ақын Ғайсағали Сейтақ, жазушы Өмір Кәріпұлы, ақын Сұраған Рахметұлы, жазушы Жарасбай Сүлейменов, ақын Мұрат Шаймаран, әдебиеттанушы Жұмат Тілепов, ақын Нұртас Исабаев, жазушы Төрехан Майбас, ақын Әлия Дәулетбаева, жазушы Серік Елікбай, ақын Ербол Алшынбай, сатирик жазушы Берік Садыров, ақын Әубәкір Смайылов, жазушы Тынымбай Төлепбай, ақын Егеухан Мұхамәдиқызы, жазушы Болатбек Төлепберген, ақын Ғайни Әлімбекова, жазушы Жалғасқали Дүтмағамбетов, ақын Дариға Мұштанова, жазушы Момбек Әбдіәкімұлы және жазушы Александр Карлюкевич алды.
Сонымен бірге бірнеше қаламгер «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағымен марапатталды. Әдеби жыл қорытындысының салтанатты жиыны жоғары деңгейде өтті.
Жанрлар бойынша баяндамаларды газет бетінде жариялап отырмыз. Баяндамалар ауызша оқылғандықтан, барлық мәтінде авторлардың өз стилі сақталды.

ҚЖО баспасөз орталығы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір