БӘС (Әңгіме)
25.04.2024
2352
1

Хан жайлаудың үсті. Отарын жалпақ беткейге жусатып тастап, әкей де түскі шайға келген беті сол еді. Колхоздың басқа қой фермасында мал дәрігері болып істейтін жездем Жұмабай да жолай бізге соғып, шай ішіп отырғанбыз. Ит үрген соң, тысқа шықсам, Көкшапан жақтан үш-төрт салт атты біздің үйді бетке алып, сайдан шығып келеді екен.
– Санақшылар ғой деймін, екі-үш салт атты бізге қарай өрлеп келеді, – деп үйдегілерді құлақтандырдым.
– Олар болса атқа мін де, қойды санақ тасқа қарай айдап келе бер, – деді әкей. Қонақтар келе жатқан сайдың төбесіне шыға бергендегі бір отар қой сыятындай қоралау тастың қақпа сияқты ашық тұсынан малды шұбырта шығарып, өзіміз де санақ жүргізетіндіктен, қоралау тасты «санақ тас» атап алғанбыз.
Расында да отарды жағалай санап жүрген ферма басшылары екен. Олардың ай сайын келіп, малдың есебін отар кітапшасына жазып, міндетті түрде қойды санайтынын білген соң, оларға сәлем бердім де: «Бармай-ақ қой, малды санамаймыз», – деп айта ма деген ішкі есеппен: «Санауға малды айдап келейін», – дедім. Алайда өзім бәрін де жақсы танитын ферма бастығы Қалиасқар, есепші Молдахан, мал дәрігері Қажытайдың бірде-бірі ондай сөзді айтпаған соң, Ақжалымды тебініп, пырдай болып, беткейде жусап жатқан отарға қарай желдірте жөнелдім. Мен малды қуалап, санақ тасқа қарай қоғамдаған соң, қонақтардан Молдахан есепші мен Жежем екеуі шықты.
– Ал бала, малыңды шығара баста, – деді Молдахан. Менің де бұл шаруа­дан әбден сенімді серігіме айналған көмекшім – қоспақ мүйізді ақ серкем бар. «Тарт, қане», – деп ақ таяқты сермеп қалып едім, бұл «қызметіне» әбден төселіп алған жануар екі жағында екі адам тұрған екі жартастың ортасына бет алды. Соңынан ешкілер, олардың соңынан қойлар шұбыра бастады. Менің ендігі міндетім – олардың топтанып, нөпір болып өтіп кетпеулері үшін ақ таяқпен жасқап тұру.
Қолындағы қамшысымен әр саулықтың басынан түрткендей санаған есепші Жежеме қарап: «583» , – деді. Ал қозылардың санын анықтауды өз міндетіне алған Жежем қашандағы үйреншікті әдетімен олардың бір тобын уыстап алатындай жайылған саусақтарын бір-ақ бүгіп: «35, 41, 41–45», – деп топтап санайды. Есепші қой-қозының санын қойын дәптеріне жазып алды.
Ол қой-қозының санын отар кітапшасына жазып, кіріс-шығысын түгендегенше құрт-ірімшігі мен сары майын молдап салған шай дастарқаны да даяр болған.
– Ет болмады, құрғақ шай ішесіздер, – деді шешей кінәлі адамдай.
– Мал өлсе, бас-сирақ, ішек-қарнына бір қаужаңдап қалушы едік. Бірер айдан бері қызылсырап-ақ қалдық. Әкейдің бұл сөзі де ауырып-сырқап, мал өлсе ғана тістері қызарғанға тиетінін, әйтпесе мал баққандарда «өзіміздікі» дейтін тышқақ лақтың болмайтынын, өлген малдың да сұрпы етін бригадирлердің хаттап-шоттап алып кететінін жұқалап қана басшылардың естеріне салғандай.
– Мың қой айдап отырған ата-енемнің үйіне келіп, етке бір тоямын деп едім, құрт-ірімшікті қанағат ететін болдым, – деп Жұмабай жездем пікір қосты.
– Өй, сен сары майды кесеге езіп ішеді дейді ғой. Ет іздеп қайтесің? – Қалиасқар замандасына әзіл айтқан.
– Ауыз толтырып асайтын ет жарықтық көзге көп көрінбеген соң, асқазанды сары маймен алдаймыз да. Әйтпесе, семіздіктен құйрығын көтере алмай жүрген құнан қойды бәске жеп қойған атақты мешкей нағашымның жиені емеспін бе?!
Жездемнің бұл сөзіне сенер-сенбесін білмей отырғандардың біреулері: «Қой, ей, мүмкін емес», – десе, біреулері: «айт­шы, Жүке, егер бұл шын болған оқиға болса», – десті.
– Айтайын, – деді жездем. – Сорпа-су аңсап отырғанда жүйкелерің шыдаса. Бала болсам да, көргенімді ұмытпайтын ес жиған кезімде өзім көрген, оның үстіне бертінге дейін ағайындар аңыз ғып айтып жүрген бұл әңгіменің ағаттығы бар деп ойламаймын. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бір майрағай да тайрағай, бай бар малын көріп марқайған, кедей байдан түскен нәпақамен тоғайып жүретін заман екен. Нағашымның мешкейлік жыны буып, албастысы ұстаса, бәске тоқты-торымды бір отырғанда жеп кететінін естіген бір бай қызық үшін нағашыма кісі жібереді. «Мен сойғызған қойды жеп кетсе алдына отыз қойды санап беремін. Жей алмаса аты шығып жүрген қара жорғасын белдеуіме байлап кетеді», – деген шарт қойса керек. Ешкімнен ештеңе сұрамастай орташа ғана шаруасы бар нағашым бір жағынан отыз қойға қызыға ма, әлде намысқа тырысты ма, байдың ауылына барар күнін белгілепті. Бай да отыз маңырағанын әлдебіреудің алдына салып берер ессіз емес. Оның есіл-дерті айналаға аты шығып жүрген жездемнің ақпа жорғасын қолға түсіру үшін ойлап тапқаны осы бәс ойыны екен. Өзінің мыңғырған қойларының ішінде май басқан құйрығын көтеріп жүре алмайтын бір ісегі бар екен. Соған екі дөңгелекті кішкене арба жасатып, оның жойдасыз жинаған шикі майын соған артып қояды екен.
Келісілген күні қызық қуған жұрт жиналып, нағашым да қара жорғасына мініп жетсе керек. Тойға келгендей нұрап жатқан жұртқа да қазан-қазан ет астырып, нағашымды да өзіне арналған дастарқанға шақырса керек. Ол жарықтық көгалға сырмақ жайдырып алып, жұртқа тіл қатпай отырады. Қос мүйізі мен төрт қара тұяғынан басқа бәс-қойдың ештеңесін қалдырмай тайқазанға, қос тегенедей құйрығын жеке қазанға асыпты.
Бүре түсетін жемін көрген қыранкөзденіп, шақшиып отырған нағашым бәске ет жейтін кісі емес, қан майданда жекпе-жекке шығатын кісідей сұрланып алыпты.
– Албастысы мен жындарын шақырып отыр, – дейді қызық көрмекшілердің біреуі.
– Алпыс албасты, жетпіс жынын шақырса да, екі қазан қызарғанынан ағарғаны көп майлы етті бір кісіні қойып, он кісі тауыса алмас, – деп екіншісі күмән айтады.
Бір кезде нағашымның: «Өй, жігіттер, жүрегім қарайып бара жатыр, қазандарыңның отын қағыстырсаңдаршы», – деген күркіреген үні естіледі. Мұнысы енді ешқандай албасты-жындарын шақыруы емес, өзін-өзі қайрағаны еді.
Екі жігіт қойдың құйрығын бүркітке жұтқызатын қансоқтаға ұқсатып, ұзыншалап білемдеп, астауға тастап отыр, ал нағашым болса ұсақтау туралған бауырды шайнайды да, бір білем құйрық майды қылқ еткізіп шайнамай жұта салады. Шай қайнатым уақытта астауға туралған құйрық-бауыр желініп болды. Ол кезде қоштауды жұрт қол соғып білдіруді біле бермейді. «Ой, бәрекелді! Тусаң ту!», – деп бір шуласып қалған. Нағашым болса өзімен еріп келген қолдаушы жігіттердің көмегімен орнынан тұрған. Бәстесуші бай да одан көз алар емес. Бәстің шарты бойынша мешкей бәстің асы желініп болғанша дүзге отыруға немесе асқазаннан ас қайтаруға болмайды. Өйтсе бәс тоқтатылып, жеңіс пен жеңіліс жарияланады. Оны жақсы білетін нағашым тайдың қарнындай ішін қос қолымен құшақтай ұстап, отырғандарды айнала қыдырыстады. Бір кезде сүйектері жалаңаштанып, әбден езіліп піскен ет бірнеше астауға түсірілді. Етті жентектеп, жігіттер турап, тұздық құйылған астауға толтырып отырғанда, бір кісі қос жауырыннан басқа он жіліктің, төрт жіліншіктің майын шағып, астауға салды. Ол ғана емес, бастың құйқасын түсірген соң, екі көзі, ми, кеужіріне дейін, оған қоса үйітілген төрт сирағы табаққа тасталып отырды. Бұл да бәстің шарты екен. Нағашым болса астауға түскен асты түскендей жалпақ алақанымен науа күрекпен күреп алғандай ғып аузына тастайды да, бір толғап жұта береді. Тамам жұртты шулатып, астауға түскен соңғы бір уыс етті жұтқан соң, суытылып, даяр тұрған майлы сорпадан едел-жедел төрт шара кесесін кеңірдекке төңкерген кезде бәске шақырушы бай орнынан тұрып, жұртқа қарап, қолын көтерген.
– Оу, жұртым! Мына Қайрекең жегенін жалмап жататын ішінде жыланы бар мешкей емес, айдаһары бар нағыз жалмауыз екен. Мен жеңілдім, халайық! Ал Қайреке, көгендеулі тұрған отыз қойыңды айдап, ерлігіңе ризалығым ғып берген құлынды биеңді жетелеп қазір қайтсаң да, рұқсат, – деп мәрттік көрсетсін. Сол кезде орнында піскен ет пен құйрық майды толтырып, аузын шымшып буған қазақы қаптай болып отырған нағашым тіл қатсын:
– Оу, Байеке, шартымыз бойын­ша майлы сорпаның бес шара кесесін ішуім керек еді ғой. Соңғы кесесін ішуге мұрсат бер. Сонан соң «қазір кетсең де» деп, асықтырма! Бүгін мына толтырып алған қарынмен жол жүре алмаспын. Мен өз-өзіме келу үшін сайдағы бұлақтың суын денем бататындай ғып, бөгет. Ең астына ескі қатқан тулақтарды, оның үстіне туырлықты төсеп, далаға жатар орнымды даярлат. Ең соңғы тілегім – ертеңгі асыма бәйбішеңнің соғымнан сақтаған сараласы болса, шәугімге молдап асып берсін.
Байекең айтқанының бәрін орындап, қонағына базынасын да айтыпты.
– Бәске тіккен отыз қойымды, жеңілісімнің жоралғысы деп сыйлаған құлынды биемді әңгіме қылмай-ақ қойдым, мақтаныш қып жүрген тайыншадай қойымды жегеніңмен қоймай, тулықтарымды жібітіп, туырлығымды майға малшындырып кеттің. Ең соңында сен сүт пісірімдей уақыт шомылған бөгеудің бетін жарты елідей қатқан майдан жиіркеніп, жылқыларым су ішпей қойды. Осының бәрі өзімнің соқтыққанымның кесірінен, өзіңнен шеккен зияным, – деп ол мешкейдің бетіне қарап, жымиған. – Қарсы болмасаң, осының бәрінің өтеуі дейсің бе, әлде ағайынның бір қолқасын жерге тастамайын дейсің бе, әйтеуір бірер айдан соң менімен бірге Өркерей еліне барып қайтсақ.
– Иә, жайшылық па? – деп сұрайды нағашым.
– Сол елден бірер айдан соң келін түсірейін деп отырмын. Олардың «Тойға ертіп келген күйші-жыршы, палуан, айтыскер-ақын, жорға-жүйрікпен қоса мешкейің бар ма деуі мүмкін ғой», – дегенде, нағашым: «Мен дайынмын», – депті… – Сол тойдан үлкен абыроймен оралған нағашымның атағы елге жайылса керек.
Жүкең әңгімесін аяқтап, оның сөзін шашау шығармай тыңдап отырғандарға қараған.
– Сенуі қиын әңгіме екен, – деді ферма меңгерушісі Қалиасқар.
– Әр жерлерде осындай мешкейлер болыпты дейтін аңыздар бар ғой, – деді Молдахан.
– Несі бар, құнан қой жей алмасам да, тоқты-торымды жеп қоятын мешкейлігімді жасырып, айтпай жүр едім, – деп Қажытай мал дәрігері әңгіме бастады.
– Қой-ей, қайдағыны айтпай!
– «Қоянның өзін көріп, қалжасынан түңіл» деген.
– Бәкене ғана бойың бар, қой жейтін қандай ойың бар, – деп бәрі оны күлкі қылған.
– Жеже, – деді Қажекең қабағын түйіп. – Ақыры мыналар мені күлкі қыла бастаған екен. Көрсете­йін бұларға. Қазір бір арамза туған семіз марқаны алдырып, сойыңыз. Бұл заманның нағыз мешкейінің қастарында жүргенін мен бұларға ешқандай бәссіз-ақ көрсетейін… Әлі есепке алынбаған кенже туған қозы бар ма еді?
– Бар, – деді Жежем.
– Онда оны кірістемей-ақ қоярмыз. Қазір сойылар марқаның орнына сол есепке алынады.
Басшылардың өздерінің рұқсатымен кейде осындай тәсіл қолданатынын мен де білетінмін. Ол соңғы тапсырмасын маған берді.
– Марқаны әкеліп бер де, атыңа мініп, таяу маңда отырған Түсіпбек, Қазыбек, Зәкөштерді шақырып кел. Көрсін менің өнерімді.
Басқа қонақтар да оның әзілсіз айтқан сөзіне сенер-сенбесін білмей, бір-біріне қарасып, аң-таң күй кешкендей…
Бір ет асым уақыт ішінде семіз марқа сойылып, төрт қара тұяғынан басқасы толайымен қазанға түскен. Осынау тосын хабарды естіген қойшылар да малдарын бала-шағаларына тапсырып, біздің үйге келе бастаған.
Қазандағы еттің көбігі алынып, бүлк-бүлк қайнап жатқан кезде жиналғандар Қажекеңнің өздері бұрын-соңды естіп-білмеген өнері туралы гу-гу әңгіме қыздырған кезде, Қажекең: «Жыным буып отыр. Тысқа шығып, әрі-бері жүріп қайтайын», – деп орнынан тұрған. Үйден шыға жұртқа естірте қазан-ошақтың басында жүрген шешеме:
– Жеңеше, тым езіліп кетпесін. Тезірек жемесем жүрегім қарайып бара жатыр, – деген тапсырмасын берген. Тым езілмей піскен марқа еті тағы біраз уақыт өткен соң, үлкен ақ тегенемен буы бұрқырап дастарқанға келгенде, оның өтінішімен Қазыбек пен Зәкөш етті турай бастаған. Біреулері жіліктерді шағып, майын табаққа тастай бастады. Бұл да – бәстің шарты.
– Жейтін өзім ғой, батаны да өзім жасайын деп, «Мал-жан аман болсын, бұдан тәуір заман болсын, Аллаһу акбар!» – деп бетін сипады да, жұртқа қайырылған… – Мұндай намыс үшін желінер асты мен қабылдай бастағанда қысыр сөздеріңді көлденеңдетпей отырыңдар. Тәбетіме тосқауыл болар.
Ол майдан даласына қалдырып кеткен ортаң қол, ортан терек аталатын екі саусақсыз оң қолының үш саусағымен екі жапырақ етті ұзақ шайнаңдап отырып алған. Өзінен көз алмай тамсанып отырғандардың жүйкелерін әбден жұқартайын дегендей үш саусақ асықпай-аптықпай туралған етке бес-алты рет барып қайтқан соң:
– Жә, азаматтар, қалғанын өздерің алыңдар. Қызылсыраған жұрт бір тойсын деген қулығым ғой. Жеже, басты өзіңіз алыңыз.
– Бүйткен өнерің бар болсын, – деп, әкей марқаның басын қолына алды.
– Міне, қызық! – деп Түсіпбек ағамыз санын шапақтап, рахаттана күлсін.
Дегенмен, жапа-тармағай етке бас қойған жұрттың жүзінде «қой жегішке» деген реніш жоқ еді.

 

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, ҚР Абай атындағы
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 20.07.2024 | 13:52

он

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір