Бүйрек (әңгіме)
16.04.2024
388
0

Күздің таңы әлдеқашан атқанымен қамыс-құрақ, қоғаның сөнгелі тұрған шоғындай заңғар көктен талмаусырай қылаңытқан күн көзі жер бүйірін әлі қыздыра қойған жоқ. Таудан төмен құлап келе жатқан қою тұман етекке барып жайылып, төңіректі тұмшалап тастағысы келгендей екпін алыпты. Сейдалының өн бойы тоңазығандай болды. «Осындай күнде жанынан безген біреу болмаса, орманға, өзен бойына ешкім келе қоймас» деп бір ойлады. «Жата бергеннен не шығады? Басшылар да осындай құбылмалы күнде астарынан су шыққандай кеңселерінен безініп, орман-тоғай, су жағалап кететін әдет­тері бар. Қой, не болса да, өзен жақты бір шолып қайтайын», – деп атына қарай бет­теді. Торы аты жүріс тілеп тұрғандай, иесін көріп, алдыңғы аяғымен жер тарпыды. Атына ер салып, үстіне лып етіп жеңіл көтерілді. Торы ат былай шыға бөкен желісіне басты. Сейдалының көңілі шалқыды. Қоңыр дауысымен баяу ғана бір ән бастап еді, екінші шумағы есіне түспей, соңын «әләуләйіммен» аяқтай салды.
Күн тас төбеге тырмысқанда тұман ыдырай бастады. Әлден соң көз жетерлік жер шайдай ашылып, төңірек түрленіп сала берді. Торы ат тағы да бөкен желісіне басты. Табиғат­тың тұнық кейпі торы атқа да толайым шабыт бергендей.
Түмен ойдың тұңғиығында келе жатқан Сейдалы кенет атының құлағын қайшылап, алдына оқырана қарап кідіргенінен кіді алып қалды. Текті жануар мұндайда босқа елеңдемесе керек. Атының шылбырын тартып, жан-жағына мұқият зер салып еді, оғаш ештеңе байқай қоймады. Кенет алыстан талып мылтық дауысы естілді. «Е, қолайлы сәт­ті қалт жібермей келген екенсіңдер ғой» – деп атын тебінді. Торы ат ішін тартып, ауыздығын шылдыр-шылдыр шайнап, иесінің ойын түсінгендей жүрісін жылдамдат­ты. Сейдалы атына қамшы салған жоқ.
Қорықшы қырат­тан түсе бергенде-ақ дария бойын қан-қасап жынойнаққа айналдырып, қырғауыл, қаз-үйректі баудай түсіріп қырып салған броконьерлерді көрді. Тал көлеңкесіне қаңтарған танкідей көліктеріне қарағанда, осал адамдар емес екені аңғарылады. Есірік бір алақұйын сезімнің жетегіне ілескен олар дәл қасына келген қорықшыны көзіне де ілмеді. Тіптен адам келді-ау деп тұрған пенде көрінбейді. Әрқайсысы өз қызығымен әуре. Дария жағасындағы жиналмалы үстел басында екі-үш шүйкебас сыралатып отыр. Палатканың ашық қалған саңылауынан екі адамның аяғы көрінеді. Түнімен құс атып, ұйқысы қанбаған ба әлде ішімдікке елітіп жатыр ма, бұл арасын өздері біледі. Шашы добырап кеткен келіншек әлде қыз балық қуырғалы жатыр-ау шамасы, табақ қыздырып әуре.
Сейдалының қаны басына шапшыды. Ол мұндай сорақылыққа жол беріп көрген емес. Мейлі кім болсын, оның бақылауындағы тоғайға өзінің рұқсатымен ғана кіретін. Сонда мына шіренбайлар кім? Бұлар кімнің шікәрасы? Әрі-беріден соң бұл келімсектер кімді басынбақ?
– Сендер кімсіңдер? Бұл жерде құс атуға кім рұқсат берді? – деп сұрады ол қыздар жақты төңіректеп жүрген шорти киіп алған шомбал қарадан.
– Бізге бұлай деп әкіреңдеп, сұрақтың астына алатындай өзің кімсің? Бар, жоғалт көзіңді! Әйтпесе, келген жағыңды ұмытып қалып жүрерсің, – деп қарқ-қарқ күлді шомбал қара.
Ол қорықшының үстіндегі киімінен-ақ жауапты адам екенін аңғаруға тиіс болатын. Бірақ көпе-көрнеу танымағансып, білмегенсіп аңқаусығаны Сейдалының қойқаптағы жынын қозғады. Броконьерлер көптігін малданып тұр. «Жалғыз адам не істей қояр дейсің?» – деп тоқмейілсінуі түрлерінен аңғарылады. Сейдалы көз қиығымен есер сезім иелерін санап көрді: олар төрт еркек, төрт әйел екен. Броконьердің екеуінде мылтық бар, біреуі ұйықтап жатыр. Үшіншісі суға қармақ салып отыр еді, дабыр-дүбірді есітіп, бері қарай жүрді.
– Ей, сен кімсің соншама? Сірә, сені сорың айдап келген шығар? Көкеңді көзіңе көрсете­йін! – деп бұжыр қара қорықшыға тақала берді.
– Мен – осы орманның қорықшысымын. Міне, құжат­тарым. Ал сендердің құжат­тарың қане? – деп Сейдалы төс қалтасынан куәлігін алып көрсет­ті.
– Қорықшымен де. Сорлы қарауыл! Ал сен мына кісілердің кім екенін білесің бе? – деп бұжыр қара бұған бажырая қарады.
– Олардың кім екенінде шаруам жоқ. Маған құжатыңызды көрсетіңіздер. Аң-құс атуға рұқсатыңыз бар ма, жоқ па? Мылтықтарыңыз заңдастырылған ба? – деп қорықшы бұжыр қараға өткір көзін қадады.
Сейдалының өткір көзі кез келген мықтыны жасытатын еді. Бұжыр қара көзін тайдыра беріп, қайта өршеленді.
– Сен, ит! Кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білмейсің ғой. Білсең, бұлай қоразданбас едің, – деп жаңағы қармақ салып отырған сөзге килікті.
– Кешіріңіз, кімнің ит екенін әлі көрерміз, – деді Сейдалы атының шылбырын тартып тұрып.
– Әй, мынау тілі мен жағына сүйеніп қалған заржақ қой. Мұның әкесін танытып жіберейік, – деп бұжыр қара мылтығын кезенді.
Осы кез­де Сейдалы қолындағы арқанын көз ілеспес жылдамдықпен мылтыққа қарай атып жіберді. Талай асауға құрық салып үйренген қорықшының қолы бұл жолы да мүлт кеткен жоқ. Мылтыққа барып оралған арқанды тартып қалғанда бұжыр қара серең етіп құлады. Мылтық қорықшының қолында кет­ті. Ол екінші мылтықтың қай жерде тұрғанын келген бойы көрген болатын. Атына қамшы басып, екінші мылтықты да жерден іліп алды.
Осы кез­де палаткадағы жуан оянып, көзін сығарайтып, апыр-топыр болып жатқан бұларға аңтарыла қарады.
– Өңшең жексұрындар! Не болып жатыр өзі? – деп гүр ет­ті ол.
– Басеке! Мына бір оңбаған келіп, тыныштығымызды бұзды, – деп манағы бұжыр қара иесіне жағымпазданған ит­тей палатадан шыққанға мөлие қарады.
– Сонда бұл неғыл дейді өзі?
– Құжат­тарың қайда? Неге рұқсатсыз балық аулап, аң атасыңдар дейді.
– Немене біз осыдан сұрап, балық аулап, аң атады ма екенбіз? Қарай гөр өзін! Атынан аударып түсіріп, сазайын тартқызбайсыңдар ма, түге? Ол – жалғыз. Сендер болсаңдар, сотқалдай-сотқалдай үшеусің. Бір адамға шамаларың келмей ме? Қане, неге тұрсыңдар? Жабылыңдар. Оңбағанды байлап менің алдыма алып келіңдер, – деп ақырды ұйқысы оқыс бұзылған шоң қара.
– Басеке! Мұның мылтығы бар, – деп ит көрген мысықтай баж ет­ті бірі.
– Ал сендердің мылтықтарын қайда?
– Мына бұзақы тартып алды.
– Екеуін де ме?
– Иә, екеуін де.
– Тфу, сенген қойларым сендер болсаңдар, – деп бастық жерге түкірді.
– Қане, ұстаңдар мұны. Қанша мықты болса да ешқайсымызды ата алмайды. Ату үшін де жүрек керек. Байлап, алдыма алып келіңдер. Мына үйрек сықылды артына піспек тығып, аспанға асып қояйын бұл немені. Болыңдар, өңшең қорқақтар, – деп оянған ояз ақырып қалған еді, үшеуі үш жақтап, қорықшыға қарай мысықтабандап келе жат­ты.
Мосқал жасты, бурыл сақал бастықтың үні тым зәрлі еді. Үшеуінің де қарулы қорықшыға тап бермеске амалдары қалмады. Жан шіркін тәт­ті. Бірақ нан қиқымын тастап, қолтығының астына алып, қамқоршы болып отырған бастығының алдында қорқақтықтан жер болып қаларын ойлаған үрпиген үшеу сыр білдірмеуге тырысып бақты. Олардың тасбақа жүрісіне күйінген шапыраш көзді бастық жер тепкіледі.
Осы сәт ошақ басында қырғауыл мен үйректің жүнін тазалап отырған қыздың бірі топалаң болып жатқан жерге таянып қалған еді. Ол «Айдан басқаның барлығын алып беруге шамам келеді. Екі қолыңды жылы суға малып қоямын», – деп қыр соңынан қалмай жүрген жігітінің жасықтығын көріп, намыстан жарылып кете жаздады. «Сорлы, екеуіңді де үлде мен бүлдеге орап қоямын дейді ғой, өзі біреудің қолынан боқ жалап жүріп» – деп кіжінді. Сосын «Бәйбішесі біліп қойса, менің ит терімді басыма қаптар. Мына түрімен бұл әйелінің қасында мәймөңкелеп, бір жеріне кіріп кетуден де тайынбас. Осыдан қалаға бір жетіп алсам, бұдан ат құйрығын кесіп, аулақ жүрермін» деп іштей байлам жасады.
«Қорғандарым, батырларым» деп жанына ертіп келген жасықтардың шарасыз қылығын көрген шапыраш көзді шенеунік жерде жатқан бір таяқты ала салып, қорықшыға қарай жүрді. Сейдалы сақтық ойлап, атының басын кері бұрды. Мұны қаштыға жорыған бастық алға ұмтыла беріп, өз аяғына сүрініп оңбай құлады. Мұны көрген үшеудің арыны басылып қалды. Үшеуі үш жақтап бастығын сүйемелдеп жатқанда Сейдалы тоғай ішіне кіріп, көзден ғайып болды.
– Мына баланың көзінің еті өскен екен. Кімге келіп соқтыққанын біле ме екен өзі? Ертең бастығына айтып, алдыма келтіріп, жон арқасынан таспа тілмесем, Қарсыбай атым өшсін. Қап, бәлем! Сені ме, сені! – деп Қарсыбай жер тоқпақтады.
Мұнан соң демалыстың күйі кетіп, сәні бұзылды. Балық, үйрек, қырғауыл сорпалары бойға сіңбеді. Үш жалтақбай қанша жерден жалбақтаса да бастықтың қабағы жібімеді. Ақырында палаткаларды жығып, қазан-ошақ, ыдыстарды жинастырып, қалаға көңілсіз қайтуға тура келді. «Қолында мылтығы болмағанда, оны сол жерде жайратып тастар едік» – деген үш жантықтың уәжіне Қарсыбай күліп келе жат­ты.
Оның көкірегін кек кернеді. Түктенген шұбар беті қошқылданып, аңшылыққа ерте барған үшеуін атарға оғы болмай, жиіркене қарады. Оның ойына «адамын тауып жолдас қыл» деген ежелден келе жатқан мақал түсті.
Арада төрт-бес күн өткенде Сейдалының үйінің жанына бір көлік келіп тоқтады. Түнеукүнгі оқиғадан соң соңынан адам іздеп келерін қорықшы біліп жүрген болатын. Бірақ бұлар өткендегі өктем, өркөкірек адамдарға ұқсамайды.
– Уа, Сейдалы! Үйдемісің? – деген бастығының дауысын қорықшы жазбай таныды.
– Саған қонақтар әкелдім, – деді бастығы Нартай өзімсініп.
– «Құт­ты қонақ келсе, қой егіз табады» деген. Қанеки, төрлетіңіздер,–деді Сейдалы үйге бастап.
– Жо-жоқ, Сейдалы! Қонақтар қаланың у-шуынан қашып келіп отыр. Бұл кісілерге үйіңді ке­йін көрсете жатарсын. Әуелі тоғай аралап, дария жағалап дегендей, бой сергітуі керек. Қане, баста! – деді Нартай өзімсініп.
Бастығы «баста» деп отырғанда Сейдалы қалай тартыншақтасын?.. Қос көлікке мінген олар құм ішіндегі бұралаң жолмен шаңдатып бара жат­ты.
Аңшы біткеннің мына қым-қуыт өмірден жырақ жердегі басты байлығы һәм ерекшелігі – шексіз де шетсіз алаңсыз бостандығы. Аңшылық – азапты өмірдің ащы-тұщысын біржолата ұмыт­тырып, басқа бір ғажайып әлемге самғатады. Тағы бір ерекшелік – аңшы, балықшы біткеннің әңгімесінің сәт сайын түрленуін мен деген қиялшыл адам айтып бере алмайды. Мұндайда олар шешен де, ақын да болып кетеді. Түлкіні, қасқырды қалай атып алғанын не қақпанға түсіргенін, балықты қалай аулағанын сағат­тап отырып айт­қанда көздері ұшқын шашып тұрады. Кейде өз өтірігіне өзі алданып қалатын аңшылар да болады. Серігінің сәт­ті сурет­теген аңшылық жорығын өзіне теліп, бояу қосып, түрлендіріп айтатындар да жетіп артылады. Оларды тыңдап отырсаңыз, басқа дүниені тәрк етіп, тек аңшылықпен айналысып кеткіңіз келеді. Өйткені біз керемет деп жүрген дүние-дүрмектің барлығы – аңшылықтың жанында мәні де, сәні де жоқ, құр әнше­йін далбаса өмір.
Ой, несін айтасыз, бұл бір ұмытылмас күн болды. Қонақтар тауды да кезді, өзенді де жағалады. Жай оғындай жарқ етіп аспанға атылған бүркіт­тің алғырлығын тамашалады. Қыранның шеңгелдей тырнағына тауешкі ілінген. Қонақтар қара қазанға тамақ жасатып, малдас құрып отырып, алдындағы асты сүйсіне де тамсана тауысып ішті. Шілдесінде шырақ көрмеген жандай барлық нәрсеге тамсанумен болды.
Осындай бір жадыраңқы сәт­те Нартай қорықшыны оңашалай берді.
– Өткенде облысымыздың белді бір басшысы уысыңа түскен екен. Солардың қаруын қайтарып беруіміз керек, – деді Нартай қорықшының иығына қолын артып тұрып.
Бұл оның өзімсініп: «басшы уысыңа түсіпті», – деп Сейдалыны жорта көтермелегенсіп, тоңын жібітіп алғысы келді. Сейдалы да талайды көрген жырынды емес пе: «сіз айтсаңыз, біз көндік», – деп бастығына қарсыласа қоймады. Нартай насат­танып күлді.
— Белді азамат­тар. Оларға әлі талай күніміз түседі, – деді Нартай думанды ортаға қайтып келе жатып.
«Бұларға күнім түспей-ақ қойсын». Сейдалының кежегесі ке­йін тартып, ілгері басқан қадамы ке­йін кетіп, жүрісі өңбей-ақ қойды.
Соған көрінген екен де…
Қонақтар қайт­қан соң үш күн өткенде хабар келді. Хабарды жеткізуші – өткенде өзі қонақ етіп жіберген топ­пен ілесе келгендердің бірі. Аты да есінде қалыпты. Айт­қали. Өзі иненің көзінен өткендей лыпып тұрған жігіт екен. «Аға, қалаға келіңіз. Сізді жақсылап күтіп жібереміз. Қарсыбай аға өткендегі ағатығына бармағын шайнап отыр. Сізден кешірім сұрамақ. Тек арамызда реніш, өкпе қалмасын», – деді жаймашуақтап. Бұдан ке­йін Сейдалының көңілінде дық қалмаған.
Ол белгіленген жерге уақытында келді. Бұл бір базардың маңайы екен. Сапырылысқан адам ағыны толастар емес. Ана жерде етікші отыр. Мына жерде алма сатқан адам төңіректі жаңғырта айқайлайды. Маңай у-шуға толы. Құлақ тұнады. Сейдалы «басқа жер құрып қалғандай, базар маңын неге қолай көрді екен? Үлкен кісінің мақтаулы мейрамханасы қайда?» деп ойлады.
Сейдалы аңшылардан қапыда қолға түсірген қаруларды иесіне қайтарып беруі тиіс еді. Оларды көлігінде қалдырды. Көшеде жарқыратып ұстап жүре алмайды ғой енді. Алдынан жайраң қағып хабаршы жігіт шыға келді. Екеуі біраз әңгімелесті.
– Мынаны үлкен кісі сізге бер деп еді, – деп жылтыр жігіт мұның қалтасына әлдене тықпалады.
Сол-ақ екен, манағы етікші, алма сатушы болып отырған жігіт­тер жетіп келіп, мұның екі қолын артына қайырды.
– Сіз пара алып тұрып қолға түстіңіз, – деді куәлігін жылт-жылт еткізген сұп-сұр жігіт.
– Кане, көлігіңізге жүріңіз, – деп оны детектетіп отырып машинасына алып келді.
Бесенеден белгілі, мұнда екі винтовка матаға ораулы жатқан.
– Суық қаруды жасырын алып жүргеніңіз үшін де айыпталасыз, – деді жаңағы сұп-сұр жігіт.
Сейдалы мұндай құқайды көремін деп әсте ойламаған. Жүрегі зірк етіп, өкпесі аузына тығылды. Есеңгіреп қалған ол айналасында не болып, не қойып жатқанын аңғарған жоқ. Білетіні, куәгерлер де дәл жанынан табыла кеткені. «Япырай, мұндай да жауыздық болады екен ғой» , – деп қорықшы бармағын тістеді. Есіне әкесінің «Қазақтың екі сөзінің бірі – у да, екіншісі – бал. Балам, бұларды ажырата біл!» – деген сөзі түсті. Іші-бауырына кіріп, татуласуға шақырған Айт­қали мұнша аяр болар ма? Оны жұмсап отырған бастығы да сау сиырдың жапасы болмағаны ғой. Жауыздар-ай, шексіз бостандықта жүрген мұның азат басын қайда апарып езгілемек?
Сағат­тан басқа дүние тағылмаған білегін кісен аяздай қарыды. Жан-жақтан анталап қараған табалаушы топтың ызғарлы көздері мен суық сөздері тоңазыған денесін тітіркент­ті. Оған барлық ғалам шыр көбелек айналып тұрғандай көрінді. Басы солқылдап, көзі қарауыт­ты. Екі білегінен мықтап ұстаған сақшылар Сейдалыға жаналғыштай көрінді.
Ол есін тергеуші бөлмесінде де жия алмады. Әйтеуір бір қағаздарға қол қойдырғаны, содан соң ыржалақтап күлгендері еміс-еміс есінде. Мұнан соң оны камераға әкеліп тықты. Ертесіне уақытша ұстау абақтысына қамаған. Сейдалының бұралаң соқпақты, азғын азапты күндері осы тұстан басталды. Тәртіп сақшылары сырт­тай сырбаз көрінгенмен, оңашада айуанға айналып кетеді екен ғой. Бірнеше күн бойы оңаша бөлмеде өлімші етіп сабап, камераға сүйреп әкеліп тастайтын. Үсті-басы қан-жоса қорықшы түнімен ыңырсып, дөңбекшіп ұйықтай алмай шығады. Бірақ «осы жігітке обал болды ғой, барып ем-дом жасайыншы» дейтін жанашыр жан табыла қоймады.
Сейдалы дария жағасында шабақтарды емес, шортандарды қолға түсіргенін жақсы білетін. Бірақ олардың мұншалықты кекшіл болатынын ойлай қоймаған. Неткен жауыздар еді десеңізші. Түрмеге тапсырманың жоғары жақтан түсіп жатқанын іші сезді. Қарсыбайдың қаһарынан оңай құтылмасын біліп, іші қан жылады. Ендігі өмірі, не де болса Қарсыбайдың қолында. Оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс екенін өзге жұрт та жақсы білетін. Ендеше, одан кешірім сұрап, бас игеннен пайда шамалы.
Қорықшы құлыншақтай шауып жүрген қос ұлын, үлбіреп тұрған келіншегін, бауыры – Сердалыны ойлап, қамықты. Олардың ендігі өмірі қалай болмақ? Көп күнгі күмәннің тұманы оны ақыл-есінен тандырды. Тірі жан тіршілігін жасайды дегенмен, екі жас баламен жары – Назым қалай күн көреді? Оны «күйеуің сот­талып кеткен» деп түртпектеушілер де табылмай қалмайды деймісің.
Үмітінен күдігі басым азапты күндердің бірінде оны бауыры Сердалы іздеп келді. Ол ағасын көріп шошыды.
– Аға, жауыздар сізге не істеген? Мұны кім істеді? – деп жылап жіберді.
– Жылама. Жылағаннан пайда жоқ. Одан да амал қарастырайық, – деді Сейдалы.
– Ол қандай амал? Аға, мына күзетші, бақылаушы дегендер де шетінен шошқа екен. Қаншама қаржымды сыпырып алып, зорға кіргізді. Енді, тез шығып кетуімді талап етіп отыр, – деді Сердалы өксігін баса алмай.
Аянар жері қалмаған Сейдалы ендігі жерде нені де болса күтіп алуға дайын. Жағалылар оны қараңғы қапасқа қамап, дүреге жыққанымен сағын сындыра алмаған. Ұрған сайын өршелене беретін қорықшы шиыршық атып, сыр бермеуге тырысып бақты. Бірақ кешелі бері оң бүйірін ала алмайды. Дем алса да, оқыс бұрылса да оң бүйірі қақсап қоя береді. Алайда ол осы мүсәпір қалпын інісіне айтып, оны жасытқысы жоқ.
Суға кеткен тал қармайды. Сейдалының есіне былтыр бала-шағасымен келіп, дария жағасында үш-төрт күн аунап-қунап кеткен астаналық ағасы түсті. Осы аз күндік дидарласу екеуінің баяғыдан таныс-біліс адамдай аралас-құралас болып кетуіне молынан жет­ті. Үлкен жерден келді дегені болмаса Кәкімжанның мінезі жайлы болып шықты. Артық-ауыс сөзге жоқ, жайдарлы жан екен. Кейде екеуден екеу қалғанда ауылдағы адамдарының тұрмыс-тіршілігін сұрап қоятыны бар. Сейдалының әңгімесін ықылас таныта тыңдайды. Қорықшы кейде ауыл адамдарының ауыр жағдайын тізбектесе, бір бозарып, бір қызарады. Бірақ ештеңе демейді. Кәкімжан күнде ерте тұрып, түрлі шөп теріп қайтады. Тоғайдағы шөптердің атауын қойын дәптеріне түртіп алады.
Осы ағасы қоштасар күні:
– Сейдалы! Барлық ықылас-ниетіңе разымын. Астанаға келсең, жеңгең екеуіміз қат­ты қуанар едік. Мынау менің мекен-жайым мен телефон нөмірім. Кез келген уақыт­та хабарласа бер, – деп тілдей қағаз ұстатып кеткен.
– Үйдегі шкаф суырмасында қойын дәптерім бар. Соның ішінде Кәкімжан ағаның телефоны болуы тиіс. Сол кісіге телефон соғып, менің жағдайымды хабарла. Ендігі үміт сол кісіде. Соның бүйрегі бұрмаса, безбүйрек мына қоғамда жақсыға жанашыр жоқ екен, – деді Сейдалы қиналып тұрып.
Күзетші де сайланып тұр екен, оны алдына салып айдап кет­ті.
Осыдан соң қанша уақыт өт­ті, есіңде жоқ, есі кіресілі-шығасылы болып жүрген беймаза күндердің бірінде бұл жатқан камераның есігі сарт етіп ашылды.
– Тұрғанбаев! Дайындал. Сыртқа!
Әмірлі үннен зәрезап болған Сейдалы тағы да аяусыз соққының астында қалатын болдым ғой деп бүгежіктей берген.
О, тоба! Бұл жолғы бұйрық та басқаша. Ықылас та басқаша. Тіпті түрме бастығына де­йін келіп, айыпталушыны алақанына салып, бөлмесіне әкелді.
– Қарсыбай ағаңыз сізден кешірім сұрап жатыр. Айып етпеңіз енді. Мұндай-мұндай болып тұрады. Үлкен кісі ғой, кешірімді болыңыз. Қазірден бастап боссыз. Үстіңіздегі мына қомыт­тарды осында тастап кетіңіз. Сізге жаңа киім әпереміз, – дейді өзін жендет­терге ұстап берген жылтыр көз жылмақай Айт­қали арсалаңдап.
Сейдалы өң мен түстің ортасында тұрды. Оң бүйірі шыдатпай шаншып, еденге құлап түсті.
Ол ауруханада есін жиды. Хирург оған бір бүйрегінің істен шыққанын, сондықтан амалсыз алып тастағанын естірт­ті. Сейдалы тағы талықсып кет­ті.
Қарсыбайдың қоқиланғаны әлсізге ғана екен. Жоғарыдан жарлық келгелі жаңа түскен келіндей аяғының ұшымен жүр. Сейдалыны бөлек, оңаша палатаға жатқызды. Жасау-жабдығы келіскен палатада шағын үстелі тамақтың неше түрімен сіресіп тұр. Дәрі-дәрмегі дамылсыз ағылып келеді. Сонда да Сейдалы үшін ол он сегіз мың ғаламның ең сұмырайындай елестейді. Онымен тағы бір рет тоғайдың арасында жолықпағанына өкінеді. «Қабырғаң тамағымды сырды деп өкінбей етіңді қылғыта жұтар едім», – дейді күйініп. Ұйықтап кетсе алдынан Қарсыбай шыға келеді. Ол бірде адам, бірде қасқыр болып көрінеді. «Жауыз! Иманыңды үйір!» – деп ақырып оянады. Мұндайда қара терге малшынып жатады.
Адам ит жанды емес пе, араға ай салып Сейдалы ауруханадан шықты. Қарсыбайдың қолшоқпары қошемет көрсетіп үйіне жеткізіп салды. Көп ұзамай жұмысына қайта кірісті.
Ақтоғайын сағынып қалыпты. Ол ертесіне-ақ торы атына ер салып тоғай аралады. Асықпай ұзақ жүрді. Сиыр сәскеде дария жағалауында аяғын суға малып отырды.
Шығыстан жөңкіле көшкен қою бұлт көрінді. Түйдек-түйдек бұлт әлдеқайда асыққандай бірінің үстінен бірі басып өтіп келеді. Сан мың көрініс сағымдай ыдырап, басқа түрге ауысады. Сәт сайын мың құбылған зарлы заманның арсыз адамдары-ай, мына бұлт­тай бірінді-бірін таптап өте шығармысың? Сейдалы соңында қалған сергелдеңнің себебін ойлағанда миы солқ етіп шаншыды.
Енді біраз отырса қалың нөсер астында қалатынын білетін қорықшы үзеңгіге аяқ салды. Көп жүрген жоқ. Алдынан бір топ жас кезікті. Бұлар да алдағы қауіптен қашып барады екен. Қолында атып алған қырғауыл, үйрек, қармақ салып ұстаған балықтары бар. Әлдеқашан түрменің түбінде шіріді деген қорықшы алдынан шыға келгенде, бірқатарының тілі күрмеліп қалды. Көзі бақырайып, сөзі тілі жаңа шыққан баланікіне ұқсап кет­ті.
Сейдалы оларды аяды. «Қасқалдақсыз қалған дарияны шүрегейлер мекендемегенде қайтеді?» – деп бір қойды. Қорықшы атын кілт бұрып, кері қарай тарт­ты. Жазасыз қалған жастар жықпыл-жықпылдың тасасымен жанұшырып қашып бара жат­ты.
Алаңсыз бостандық мекені деп былайғы жұрт жұмақ көретін бұғыңқы да бұйығы алқапты да өрт шалды. «Озбырлық пен опасыздықтың ауыздықталар күні болар ма екен? Адамдар неге айуанға айналып барады?» – деп Сейдалы ауыр күрсінді.
Ол үйіне жете бергенде тырс-тырс етіп суық тамшылар түсе бастады. Денесі тоңазыды. Сейдалы жоқ бүйрегінің қат­ты сыздап ауырғанын сезді…

Сабырбек ОЛЖАБАЙ
Шымкент қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір