Қос мұңлық (Әңгіме)
Бұл неткен бітпейтін жас…. Екі көзден сорғалайды да тұрады, сорғалайды да тұрады… Буалдыр күйде бода-бода болып, екеуі екі бұрышта күнұзақ тас мүсіндей қатып отырғаны. Жалғыз ұлдан айырылғалы жаралы жүректер – у ішкендей. Қаралы жүректерге ем табылар емес. Күнді бақанмен итергендей күй кешуде. Ғұмырдың қызылды-жасылды бал шырын күндерін өрт шалғандай. Күн тұсау бойы көтерілгенше тырп етпей жатып алады, қос мұңлық. Тұрғанда не бітіреді? Не күтіп тұр?..
Күлән Нұрбегі жақсы көрген тор көзді көк көйлекті қолынан тастамайды. Отыра қалып иіскейді келіп, иіскейді келіп… Содан қорқынышты бір үнмен ыңырси жылауға көшеді. Әл жоқ. Әлден уақытта барып қалжыраған ана, күңірене күрсініп барып тынши қалады. Жатқанда да Нұрбегінің сол көйлегінен айырылмайды, бауырына басып жатқаны. «Құлыным-ай… Құлыным-ай…» – деп, құмыға жылап жатқаны, бір уыс болып.
– Сорлы-ау, қайғыдан қан жұтып, сіңіріңе ілініп қалдың, – дейді өзі де қалжырап отырған Зекен аянышпен. – Өлген адам қайта тіріліп келмейді. Өзіңді ая, мені де аясаңшы.
Күлән болса тосаң болған адамдай. Бедірейіп, бүдірі жоқ жалаңаш қабырғаны тесіп жіберердей тесірейе қатып қалған…
Емпелеңдей басып келген Зекен қария үйіне жақындай бере қалт тұра қалды. Үйде жылт еткен жарық жоқ. «Бұл сорлы қараңғыда бүрісіп, қамығып жатыр-ау». Қараңғы үйге қабырға сипалай, үрейлене, үркектей кірді. Жанталаса жарық жағып, шүңірейіп кеткен көзімен екі бөлмені сүзіп шықты. Жоқ… Құлазыған көңілі ойын сан-саққа алып ұшты. «Қайда кетуі мүмкін, а?..» Қоңсыға кетуі неғайбыл. Сүйретіліп далаға шықты. «О, сорлы-ай!.. Соры қалың, сорлы-ай!..» Кенет… Кенет кемпірінің кешегі оқыс қылығы санасын селк еткізді. Зекен ақсақалдың есіне бір пәле түскен еді. Жылан жұтқандай болып қалшылдап тұрды да, ауыл сыртындағы қорымға сүріне-қабына ұша жөнелді… Соқыр сезім жетегімен қаңғалақтап келеді…
Кеше кешкілік екеуі екі жерде шоқиып отырған. Тымырсық кешті Күләннің сөзі бөлді.
– Осы жүн көрпені Нұрбегім жақсы көруші еді, – деді уһілей. – Балапаным тоңып жатыр-ау. Ертең апарып үстіне жабайыншы.
– Әй… Әй, не деп кеттің?! – Ақсақалдың көзі шапыраштанып, өзі шайқалақтап кетті. – Ұлдан айрылдық қой, қара жер – оның көрпесі. Жүн көрпеңнің керегі жоқ енді оған.
– Не деп отыр мына шал? – деді күйінген кейуана. Ғұмырында алғаш рет «шал» деді өзі қатты құрметтейтін отағасына.
– Нұрбегіміз келмеске кетті, бізді тастап, – деді өзегін өрт шалған Зекен. – Өлген адамға көрпенің не керегі бар?
Ақсақалдың иегі дірілдеп, жас баладай кемсеңдеп қоя берді.
– Өлді деуге қалай ғана аузың барады? – деген ана дауысы шырқырай шықты. – Сен, шал, алжиын дедің бе?!
Екінші рет «шал» деді бүгінгі күн. Дауысы бұл жолы тарғылдана, ызбарлана шықты.
– Алжысам, алжыған да шығармын, – деді тұншыға. – Алжымаған нем қалды?!
Кеше кешкілік осылай деп шалықтап отырды Күлән. Ақсақал шошына бастаған. «Емдетпесе болмас». Жалғыз ұл Нұрбектерінен айырылғалы екеуінің де естері кіресілі-шығасылы еді. Зекен ақсақалдың есіне түсіп шошытқан осы жай.
Қалың қорымға қарай екі өкпесін қолына алып, қаңбақтай қаңғалақтап ұша жөнелді. «Нұрбегім тоңып жатыр-ау», – деп сандырақтап отырды емес пе, кеше түнде?!
Маужыр түн. Сүмбіле туған. Зекен қария екі көзінен жас парлап, бір сүрініп, бір тұрып, дедек қағып келеді. Түнере төніп келген қап-қара бұлт тізбегі жаншып өтердей жер бауырлай берді. Дауыл айдап келген. Аспанды аласапыран күйге түсіре тулаған қалың бұлт, көп ұзамай сабасына түсті. Өлі тыныштық. Тек кеудені аяусыз соққылаған жүрек қана тіршіліктен хабар бергендей…
Нұрбектің қырқын жақында ғана берген. Тірі дегені болмаса екеуі де есалаң күйде. «Сорлы-ау… ұлыңды іздеп, жоқтап кеттің-ау». Томпайып жатқан жас қабірге жақындағанда басы айнала бастады. Азалы бір үн жан әлемін астаң-кестең етті. Қабір екеу сияқты көрінді. Басын шайқап-шайқап жіберіп, түн түнегін сыпыра үңілді. Екеу… «Екінші төмпешік қайдан пайда болды?». Екінші төмпешік Нұрбегінің қабірімен тұтасып кеткендей. Екі тізесі дірілдеп, ілгері аттай алар емес. Бір кезде… Бір кезде әлгі екінші төмпешік қозғалғандай болды. «Қой, елес болар… Қабір қозғалушы ма еді? Мені шалық шалды-ау, осы?! Осы мен жындана бастаған шығармын».
Зекен ақсақал сылқ ете түсті. Үрей ұрып жықты. Көзін аша алар емес. Көзін ашса, бір жалмауыз тарпа бас салып, кеудесіне мініп тұншықтыратындай. Жаңа құлағанда топырақ кіріп кетіпті аузына. Оны түкіріп тастауға шама жоқ. Өзі білетін әулиелерге сыйынып, күбірлеп отыр. Сібірлеп жаңбыр жауа бастады. «Қой, жаным Нұрбегімнен артық емес, жалмауыз болса көріп алдым». Ақырын сол көзін ашты. Қауіпті ештеңе жоқ сияқты. Сәл тыныстап алып, екінші көзін ашты. Екі қабір құшақтасқан адамдардай…. Кеудесіне қона кететін жалмауыз көрінбейді. Тек сығылысып тұрған зираттар ғана үрей шақырады. Зираттар да бір-бірін пана тұтқан. Беймәлім бір суық үн езілген еңсені жаныштап кететіндей.
Осы сәтте көк аспанды мата жыртқандай дар айырып, шатыр-шұтыр найзағай ойнады. Сүт сәулеге малынған қалың қорым. Сол сәтте ғайыптан пайда болған «екінші қабір» қорбаң етіп, қозғалғандай… Дір етті. Тұла бойы қалшылдап қоя берді. Шошынғаннан тырп ете алар емес. Қорқыныштың көзі үлкен. «Қабір қимылдай ма екен?!». Есеңгіреп, есалаң күйде отыр. «Е-е-ей, Тәңірім, не жаздық саған, осылай жазалайтындай», – деп еңіреп жіберді Зекен. Дауысы ашына, ышқына шықты. Сол кезде жаңа қорбаң еткен құбыжық қалбаң етіп көтеріліп, бұған алара қарағаны. Шүңірейген көзі қандай қорқынышты. Талықсып, мәңгіріп қалған мұны әлгі «құбыжық» дауысы селк еткізгені.
– Неғып отырсың шоқиып, балапаныңды құшақтамайсың ба, келіп? Тоңып қалыпты. Құшақтап, жүрегіммен жылыттым.
… Талып түсе жаздады. Жұмбақ қабір дегені Күләні ғой.
Жаңбыр құйып тұр. Оны сезер, елең қылар емес. Зекеннің тұруға шамасы жоқ. Тізерлей еңбектеп Нұрбегінің басына келді. Екі қолы дір-дір етеді. Сол дірілдеген қолмен ұлының қабірін сипай бере, құшақтай құлады…
Жас қабір – қос қарияның жан мияты. Осы жерден жаралы жандарына жұбаныш іздегендей. Суық қабірді құшақтап мауқын басқандай екеуі.
Мелшие қалған қос мұңлық. Жалғаннан жапа шегіп, жапан түзде шырқырап қалған жандар, өмірден баз кешіп отыр. Жүректі қарыған қайғы – шоқ. Меңіреу күйде мелшие қатып қалған. Мойынға құйылған, маңдайдан сорғалаған жаңбыр суы мен көз жасы араласып кермек татиды.
Тағдырдың уын ішкен қос мұңлық. Әлден уақытта Зекен көзі қабір іргесін шала жапқан көрпеге түсті. Нұрбегінің көрпесі. Кеше түндегі әңгіме ойына оралды… «Байқұс-ай, әбден есалаң болып қалдың-ау, жалғыз ұлдан
айырылып».
«Қой, болмас, жынданатын шығармыз, мына түрімізбен», – деп, дір-дір етіп, шайқалақтай, қос қолымен жер тіреп, тұрды-ау бір кезде Зекен. Бүк түсіп, бүрісіп жатқан Күләнға қарады.
– Сорлы-ау, өліп қаламыз, жүр, – деп қолтығынан демей берді. Құдай-ау, қалақтай ғана Күләннің денесі ие берер емес. Зіл қара тас. – Жүре ғой, тұра ғой, менде сені көтерер қауқар жоқ, – деп, көтере құшақтап, жалынғандай кемсеңдеп қоя берді. Сонда ғана Күлән есін жаңа жиғандай бұған тұманды көзбен бір қарады да, сүйретіле тұра бастады. Қалқиып тұрды да оң қолымен Нұрбегінің қабірін көрсетті. «Қалай ғана тастап кетеміз?» дегені.
– Құлыным!.. Балапаным!.. Қайтейін енді… Мені еңіретіп тастап кеттің, – деп дауыс салып солқылдай жылап, қабір үстіне құлап түсті Күлән. Ұстап қаламын деп шатқаяқтап барып бұл да құлады.
Екеуінің де тұрғысы жоқ. Үсті-бастан түк жоқ, саз балшық. Жаңбыр болса құйып тұр. Есеңгіреп біраз жатты да әуелі ақсақалы ес жиды.
– Жыламашы, қоя ғой, тұршы, тұра ғой, – деп, сәбиді жұбатқандай елпілдеген қария бойын тіктей бастады. Қос тізе бастырар емес.
…Арыны тас ағызатын жігіттің төресі-ақ еді-ау бір кезде. Мына саңырау қайғы мұны да құмжілік етті. Кеудеде – аласұрған дүлей құйын. Ыза ма, күйініш пе, өкініш пе, өксік пе, әйтеуір бір ызғырық қалшылдатып барады. «Дариға-ай, жете алмады-ау арманына».
Жаңбыр сап тыйылған. Құсалы қос мұңлық меңіреу түнде мең-зең болып, бір-біріне сүйеніп, тәлтіректей басып үйді бетке алды. Әбден титықтап, діңкелеп қалған. Үсті-бастары шылқыған жаңбыр суы. Балақтан сорғалаған су етік ішінде шылп-шылп етеді. Көк аспанда жыпырлаған сансыз жұлдыз. Аспан түсіп кетпесін деп әдемі жылтылдаған шегелермен қағып тастағандай.

* * *
Бірде шұғыл іс-сапармен Көкшетауға кеткен Зекен. Бір жеті айналып қалды. Жалдамалы жәпірейген үйде Күләні мен жеті айлық Нұрбегі. Үйге кіріп келгені сол, Күләннің қолындағы Нұрбегі сәл көз тоқтата қарап тұрды да, екі қолын созғаны. Зекеннің кеудесіне басқаны сол, бүлдіршін әлсіз саусақтарымен мойнынан құшақтай алғаны. Әлсіз сәби саусақтары ажырар емес, босатпайды. Жүре алмаса да, тілі шықпаса да жүрек шіркін сездіріп тұрды сағынышын…
* * *
… Нұрбектің үштер шамасындағы кезі еді. Анасы Нұрбегін жанынан артық көрді. Өліп-өшіп отыратын. «Басқада бала жоқтай, мұның не?» – дейтін абысындары. «Менің Нұрбегіме жететін жан жоқ. Көресіңдер әлі-ақ, асықпа», – деп, тыйып тастайтын Күлән. Үнемі арқалап жүреді, шаршап қалады деген аяныш.
– Түсейінші, өзім жүрейінші, – деді бірде Нұрбек.
– Шаршап қалмайсың ба? Бірақ сен жігіт болдың ғой. Жігіт адам шаршамайды.
– Тәте… Тәте, өскенде мен сізді арқалаймын. Далада да, қалада да арқалап жүрем.
– Ойбү-ү-й, – деп, сылқ-сылқ күлді анасы Күлән. – Екі аяғым салақтап келе жатсам арқаңда. Жұрт жерге аунап күлер.
– Күлсе күле берсін. Мен бөтен біреуді емес, өз анамды арқалаймын ғой.
– Арқалағаның, асырағаның сол болсын, жігіт болғанда бір жақсы келін әкел.
– Ол кім? Келін деген кім?
– Ол ма? Ол – сенің келіншегің.
– Келінше-е-к?! – Нұрбектің көзі бақырайып, аузы аңқия қалады. – Керегі жоқ маған келіншектің. Оны қайтем?
Анасы үш жасар Нұрбегінің шырын тіліне, аппақ жүрегіне риза кейіппен айналып-толғанып отырғаны.
* * *
… Зекеннің кешкілік жұмысынан қайтқан беті. Мұны көрген сәтте есік алдында ойнап жүрген екі қызы құйындай ұша жөнеледі. Елігі бес жаста, Назгүлі мектеп табалдырығын биыл аттаған. Назгүлі қағылез, ерекше сезімтал. Мұны сарғая күтіп жүретіндей. Бірінші сол көреді. Ұшып келген қызын оң қолымен көтеріп алады. Оның ізін ала Елігі жетеді. Оны сол қолымен құшақтай көтереді. Бойын тіктеп, екі қызын көтеріп, мәз болып келе жатады. Сол сәтте шаңырақтың үлкені, төртінші сыныптағы Нұрбегі көріп қалып, ойынды тастай сала заулай жөнеледі. Арсалаңдап жетіп келіп, аңырып тұрып қалады. Әкесінің екі қолында екі қызы. «Кел, арқама мін», – деп еңкейе береді Зекен. Қуанып кетіп, арқасына бір-ақ қарғиды да мойнынан тас қылып құшақтап алады. Үш балапанын көтеріп келе жатқанын көрген Күлән есік алдында мәз болып тұратын. Қандай аяулы, бақытты күндер еді сол шақ.
Өткен күндердің аяулы шақтары-ай!.. Неткен ыстық еді… Бәрі бүгінгідей көз алдында…
* * *
Нұрбектің жігіт болған кезі. Нұрбек десе шығарда жаны басқа анасы елпілдеп, ұшып жүретін. Бар дәмдісін соның аузына тосады. Анасы екеуі сырлас достардай. Жарасымды әзілмен үйдің ішін шуаққа бөлейді.
– Балам, қашан келін түсіресің? Көрші-қолаң да көріп қалса: «Ұлың қашан үйленеді?» – деп маза бермейді.
– Тәте, өзбек қызын әкелсем… қалай қарайсыз? – Өзі ақсия күліп анасына қулана қарайды.
– Қой, қарағым, ала көйлек киген ол қызбен қалай сөйлесемін?! Қазақтың қызына не жетеді, шіркін!.. Жүр ғой сеңдей соғылысып. «Жігіт қайдасың», – деп.
– Тәте, қырғыз ше, қырғыз қызы?..
– Немене, жүрегіңді қырғыз қызы мазалап жүр ме?
– Жо-о-қ, сізбен ақылдасайын дегенім ғой. – Мойнын қисайта тағы да анасына қулана көз тігеді.
– Сен қылжақтағанды қой, келін тек қазақ қызы болсын, – деп тұжырым жасайды анасы. – Қазақ қыздары – керемет көрікті әрі ақылды. Әрине, ара-тұра арам шөп сияқтылар да кездесіп қалады. Көп ішінде не болмайды?
– Болды, анашым, келесі күзде керемет қазақ қызы келін болып түседі осы үйге. Шашуыңызды дайындай беріңіз.
Анасы емірене келіп самайынан иіскейді Нұрбегінің. Осындай жарасымды, жеңіл әзілмен шаңырақты думандатып отыратын.
Дариға-ай!.. Арманына жете алмай, үзіліп кетті… Оқыс келген ажал жұтып тынды. Сағынышқа айналған аяулы күндер-ай!.. Сағымдай бұлдырап алыста-а-ап барады… Қос мұңлық жер тоқпақтап қала берді…
* * *
Ай жаңасы. Маужыраған дала. Жауыннан кейін еркін тыныстап, бусанып жатыр. Алыста түнерген Арқарлы тауы түксие қарайды бұларға. Қос мұңлық сүзек болған жандардай сүлдері құрып ілби басады. Сол жақтарынан ат тұсамысының сылдыры жетті. Көп өтпей күрең аттың да сұлбасы көзге шалынды. Қос құлағын қайшылап оқшия қарап қалған. «Түн ортасында дала кезген, бұл не жүріс?!» дегендей одырая қарайды. Бір қыбырлап, бір тоқтап сүлделерін сүйретіп үйге де жетті-ау титықтап.
Шала қараңғы үйде күңіренген қос мұңлық. Сүйек кемірген улы қайғы есеңгіретіп тастаған. Сана да ауыр қайғыдан уланған. Екеуі де кейде не сөйлеп отырғандарын аңдамайтын күйде. Сандырақтап, шалықтап сөйлеп отырғандары. Кей-кейде үрейлі құбыжық көргендей, шүңірейген көздерімен бір-біріне осқырына, ақшиып келіп қарайды.
Жас баладай кемсеңдеген Зекен иегінен сорғалаған тарам-тарам жас. «Дүниеде ұрпақсыз өтуден ауыр қайғы бар ма екен?! Ұрпақ та қалмады-ау артында. Өз балаңа топырақ салудан ауыр қасірет бар ма, опасыз мына жалғанда?! Жалғыз ұлды жоғалту – неткен қасірет!..»
Бір кездері жамалына көз сүрінетін Күләннің жүзінде қазір сұлулықтың ізі де қалмаған. Айпара жүзден нұр тайған. Жағы суалған, көзі шүңірейген, белі бүкшиіп, қолы дірілдеуге көшті… Сүмбіл шашы уыс-уыс болып түсе бастады. Бір кездегі мойыл көз бозарып кеткен. Сол мойыл көзге қарап отырып қой жалындаған жастық дәуренде Зекеннің өлең оқитыны:
«Қара көз қарай берді дүркін-дүркін,
Көзімді қарықтырды сенің көркің.
Шашыңнан бір-бір талдап сүйер едім,
Қайтейін жетпейді ғой ғұмыр
шіркін…»
Дариға-ай, бәрі де түс сияқты. Өзекті өртеген өкініш…
Күлән түні бойы сандырақтап шықты. Қайта-қайта ұлын шақырып, есінен тана берді. Келесі күні жанұшыра дәрігер жетті.
– Шұғыл түрде ауруханаға жеткізу керек, – деді дәрігер көзі алақандай болып. – Қан қысымы тамыр тепкілеп тұр. Бір басында мың ауру бар сияқты… Әбден асқынып кеткен.
Дәрі жұтқызды, ине салды. Ауруханаға апармаса, өте қиын болатынын ескертті.
– Бармаймын ауруханаңа, – деп Күлән кесіп айтты. – Өлсем, жаным Нұрбегімнен артық емес.
Теріс қарап кемсеңдей жөнелді. Бір кездегі сымбатты жан аз күнде шүйкедей кемпірге айналды. Улы қайғы бар сымбатын жұтып қойған.
– Ауруханаға жатсаңыз, жан-жақты емдейміз, – деді дәрігер сенімді үнмен. – Әлі-ақ жазылып кетесіз.
Өлі тыныштық. «Сырқат жан ойланып жатыр, қазір баруға келісім берер» деп үміттене қарады дәрігер. Әлден уақытта ыңырси қиналған дыбыс шықты. Дәрігер елп етіп құлақ тосты.
– А-а-а… не дейсің? – деді әлсіз, дәрменсіз үнмен Күлән. – Бірдеңе дедің бе?
– Жазылып кетесіз деймін.
– Несіне жазылам? Жазылып керегі не-е-е енді маған?..
Күлән көзін жұма берді. Көзін жұмып жатып ол зеңгір көктен жарқ етіп жанған бір жұлдызды көрді. Нұрбектің жұлдызы екен ол. Әлде жұлдызға айналып кеткен Нұрбегінің нұрлы келбеті ме екен…
Құса құшқан қос мұңлықтың бірі әлгі жұлдыздың сәулесіне қолын соза берді.
Адам – жердің қонағы…
Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ
ПІКІРЛЕР2