Доктор Питер РОЛЛБЕРГ: «Қыз Жібек» фильмі қазақты әлемге таныт­ты
19.03.2024
439
0

«Мен қазақ киносы туралы кітап жазғанмын, саған біреуін бере­йін», – деді Джордж Вашингтон университетіндегі жетекшім Доктор Питер Роллберг. Джордж Вашингтон университетінің Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерт­теулер институтының (IERES) бұрынғы директоры болған ол қазіргі кезде аталған оқу орнының славян тілдері, кинотану және халықаралық қатынастар профессорының міндетін атқарады. Питер Роллберг сонымен қатар көптеген ғылыми жұмыстың авторы және редакторы. Оның зерт­теу кітабын оқып, қазақ киносын жіліктеп талдағанына қат­ты сүйіндім. Осы тақырыпта сұхбат­тасайық деген өтінішімді қабыл алғанына да ерекше қуандым.
– Қазақ киносы туралы кітап жазуды қашан, қай уақыт­тан бері ойға алған едіңіз?
– Мен 2012 жылы Джордж Вашингтон университетінің Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерт­теулер институтының директоры болып тағайындалдым. Міне, сол кезде Қазақстанның мәдениетіне, әсіресе, киносына, қазақ музыкасы мен әдебиетіне қызығушылық таныт­тым. Саясат­тану және тарих саласындағы әріптестерім кеңестік, посткеңестік кезеңде Қазақстандағы демократияландыру және ұлт­тық бірегейлік аспектілері бойынша ғылыми зерт­теулер жасады,сол бағыт бойынша жұмыс істеді. Бұл жағдай осы тақырыпқа келуіме тіптен итермелей түсті,бұрын ат ізін салмаған тақырыпта зерт­теу жасауға деген ынтам арта түсті,былайша айтқанда,менің сол кездегі жұмысым мен ынтам Қазақстандағы бізге беймәлім белгілі оқиғаларды зерт­теуге шабыт­тандырды.
– Қазақ киносы дегенде алдымен Шәкен Аймановтың есімі жиі аталады. Оның фильм­дері қаншалықты құнды деп ойлайсыз?
– Айманов 1930-1940 жылдары, әсіресе Шекспир пьесаларында үлкен сахна актері болды. Содан ке­йін ол театрдағы қызметі мен мансабын тастап, өзін толығымен киноға арнаймын деп шешті. Оның «Біздің сүйікті дәрігер» сияқты алғашқы фильмдері Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында және одан тыс жерлерде кеңінен таралды,оң бағасын алды. Маған оның барлық фильмі, комедиялары да, драмалары да айрықша әсер ет­ті, бірақ мен оның «Тоғысу» (1961) және «Ата-бабалар елі» (1966) фильмдерін жоғары бағалаймын. Бұлар – нағыз шедеврлер.
– Бір ұлт­тың мәдениетін басқа халыққа таныстырудағы киноның рөлі қандай?
– Бұрын фильмдер көрерменге сол елдің жағдайы, оның мәдениеті, менталитеті мен тарихы туралы ақпарат­тар беретін. Өкінішке қарай, бүгінде халықаралық нарықта Қазақстан сияқты елдердің фильмдерін табу қиын, өйткені олар коммерциялық бағыт­та емес. Ал кинофестивальдер көрерменге шетелдік фильмдерді ғана көруге мүмкіндік береді.
– Биыл Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осы орайда «Менің атым Қожа» фильмі туралы өз ойыңызды айтсаңыз?
– «Менің атым Қожа» (1963) Қазақстандағы ең танымал фильмдердің бірі болып қала береді. Бердібек Соқпақбаев повесінің осындай фильмге сәт­ті бейімделуі, негізінен, жас аудиторияға арналған болса да, оны барлық жастағы көрермен жақсы көрді, миллиондаған адам әлі де ұнатады. Бұл – еңбекке деген оптимистік көзқарас жайлы, қазақтың әзіл-қалжыңы мен төзімдігі туралы көп нәрсе айта алатын шығарма.
– Қазақстанға неше рет ат басын бұрдыңыз? Кімдермен кездесіп, пікір алмастыңыз? Өткенде Асанәлі Әшімовпен кездескеніңізді айтып едіңіз…
– 2017 жылы Қазақстанға барып, Сатыбалды Нарымбетов, Дәрежан Өмірбаев, Асанәлі Әшімов сынды режиссер, актерлермен кездесіп, сұхбат алудың сәті түсті. Мен олардың қазақстандық киноға деген өте адалдығын, тарихы мен бүгініне кіршіксіз көңілмен қарайтынын жоғары бағаладым. Олар қазақстандық көрермендер мақтан тұтатын ұлы артистер дегім келеді.
– Қазақ киносының жарық жұлдызы – әрине, «Қыз-Жібек» фильмі. Осы фильмдегі актерлер туралы айтыңызшы, сізге қай актер көбірек ұнайды?
– «Қыз-Жібек» – Қазақстанның ұлт­тық мәдениетін айдай әлемге кеңінен дәріптеген тұңғыш фильм. Сол себепті прокатқа шыққанда миллиондаған көрерменнің көңілін жаулады, тіпті бүгінге де­йін өз биігінен түскен жоқ. Бұл фильмдегі пейзаждар өміршеңдік пен мың бояулы көріністерге толы. Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы соншалықты сергектігімен, жігерлігімен тыңдаушыларға өзгеше әсер беретінін жасырмай айтқым келеді,әлі де солай. Фильмдегі оқиғаның романтикалық жағы да, трагедиялық жағы да бар. Түсірілімге қатысқандар басты рөлдерден бастап қосалқы рөлдерге де­йін жоғары деңгейде жұмыс істеді. Бекежан рөліндегі Асанәлі Әшімов пен Төлеген рөліндегі Құман Тастамбеков жақсылық пен жамандықты, жауынгерлік пен сатқындықты тамаша сомдай алды.
– Қазақ киносы туралы зерт­теу кітабыңызды жазу барысында қандай қиындықтарға кездестіңіз?
– Ең үлкен қиындық фильмдерді, әсіресе 1950 және 1960 жылдардағы кейбір беймәлім фильмдерді табу барысында туындады. Сол сирек фильмдердің DVD-дискілерін алуыма Қазақстандағы бірқатар әріптестер көмектесті.
– Қазіргі қазақ фильмдерін көресіз бе?
– Иә, қазақ режиссерлері түсірген жаңа фильмдерді Вашингтонда тұрып та қалт жібермей көремін. Маған Алдияр Байракимовтың «Паралимпиадашы» фильмі, сонымен қатар жақында шыққан «Шекер» сияқты шағын сериалдар қат­ты әсер ет­ті.
– Қазақ жазушыларынан кімдердің шығармасымен таныссыз?
– Маған классиктерден Абай, Әуезов, Жұмабаев ұнайды. Олжас Сүлейменовтің поэзиясы мен Әбіш Кекілбаевтың прозасын жақсы көремін.

Ағылшын тілінде сұхбат­тасқан –
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
Джордж Вашингтон университетінің ұсыныс етілген зерт­теушісі
АҚШ-тағы Абай орталығының координаторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір