БҮТІН ҚАЗАҚ БОЛМЫСЫН КӨРСЕТКЕН «БОРАН» ФИЛЬМІ
31.08.2023
1991
0

Сарыарқа кинотеатрында тұсауы кесілген «Боран» фильміне бардық. Көппен бірге көркем картинаны көрдік. Көрдік те сүйіндік. Социалистік екі лагерьде өмір сүрсе де қарға тамырлы қазақтың бүлінбеген бүтін болмысын, қандай саясат болсын ажырата алмаған ағайынгершілігін аңдадық. Ахаңдар, Жақаңдар «біртұтас Алашым» деп арқа тұтқан кесек халықтың мінезін сезіндік…
Осы көркем фильмнің режиссері, сценарист, актер, басқа да кино саласының мамандарын әңгімеге тартып, «Боранға» қатысты пікірін білген едік. Олар былай деді:


Сәбит ҚҰРМАНБЕКОВ,
режиссер:
– Бұл енді коммерциялық немесе тарихи кино емес. Бұл – өзіміздің қандасымыз, ағайынымыз туралы фильм. Мұны шығармашылығымның кредосы, өнердегі сара жолым десем де болады. Сырттағы ағайынды қандас десек те, оралман десек те, әйтеуір бәріміз бір қазақпыз. Есі дұрыс әр қазақ солай ойлауы керек. Мұндай идеологияны кешегі Шоқан Уәлиханов, Алаш арыстары жұрт көкейіне қондырып, соған жұмыс жасаған еді. Бізде сол ұлттық тұтастық – біртұтас Алаш идеясы бірде көтеріліп, бірде бәсейіп қалып жатады. Бірақ біз сол идеяны жоғалтпауымыз керек.
Тоқсаныншы жылдардың басында тәуелсіздігімізді алып, шекарамыз ашылып, сыртқа енді-енді шығып жатқанда мен де Қытайға, Түркияға, Шығыс Еуропаға бардым. Сондағы қазақтармен, қазаққа жақын түркі халықтарымен кездестім. Ұлт екенімізді, ел екеніміз ептеп сезіне бастадық. Әйтпесе, өзімізді Сәбеттің бір пұшпағы, Сәбетті құрайтын кішкене халықтардың бірі ретінде ғана сезінуші едік қой. Егемендік алғаннан бастап өзімізді ұлт ретінде сезініп, әсіресе шығармашылықпен айналысатын адамдар толғанып, толғайтын тақырыбымыз осы болды.


Мәселен, мені толқытып, әсерге бөлеген оқиғаның бірі – Ираннан келген қандастарымыз ұшақтан түсіп, қара жерге табаны тигенде отыра қалып, топырақты сүйгені. Сол көңіл толқыны «Оралман» фильмін тудырды. Ал «Боранға» – кезінде біздің жақта болған оқиға әсер етті. Адасып, шекара асқан жас жігітті өзін, кемпірін құрбандыққа шалып, ақсақал құтқарып қалады. Амалын тауып шекарадан өткізіп, еліне жібереді. Бұл біздің тамырлас, туыс, жақындығымыздың белгісі. Ол ақсақал бұдан зияннан басқа, ешқандай пайда көрген жоқ. Бұл оқиға қалай көңіліңді тербемейді, қалайша шығармашылыққа итермелемейді дейсің!.
Ұлттық идеология бізде әлі толық қалыптаспай жатыр. Өйткені халқымыздың жартысы өз тілінде сөйлемейді. Ал өз тілінде сөйлей алмайтын халық ұлт бола алмайды. Біз әлі толық қалыптаса алмай жатырмыз. Қалыптасудың тірегі – ұлттық идеология. Идеология деген заң емес, ол – бағыт. Біздің сол ұлттық бағытымыз кемшін тартып, біреудің жасығын асыл көреміз. Оны қалыптастыру үшін біз жағынып-жалтақтамай, ұлттық идеология жүргізуіміз керек. Өйткені біз тамырымызға талай балта шабылған халықпыз. Орнымызда болған соң оңалып, қайтадан түлеп келе жатқан халықпыз. Соны ұмытпауымыз керек. Елдік туралы әңгіме қозғасақ немесе мәселе көтерсек, тамырынан ажырап, жаттана бастаған қандастарымыз: «Бұл – национализм», – дейді. Жоқ, біз ешқашан әсіреұлтшыл болған емеспіз. Біз өзімізді-өзіміз сақтауымыз, құтқаруымыз керек. Қайтадан түлеуіміз керек. Ал ол үшін ұлттық идеология керек. Міне, сондықтан қазір жалтақтамай тілді, ділді, рухты көтеруіміз керек. Тіліміз төрге шықпай, ұлт бола алмаймыз. Сондықтан кино саласы, телеөнімдер болсын бәрін қазақша сөйлетуіміз керек. Кино саласында бұрыннан келе жатқан қазақша сөйлету үрдісі бар, сол дәстүр үзілмеуі тиіс.

Данияр Саламат,
кинорежиссер:
– «Боран» толықметражды көркем фильмі – кейінгі сәт Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының демеуімен түсірілген фильмдердің ішіндегі ерекшесі. Ол несімен ерекшеленеді? Кеше «Сарыарқа» кинотеатрында өткен фильмнің прокаталды тұсаукесер көрсетілімінің салтанатты бөлігінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шүкенов мырза: «Ербол Бораншы сценарийін жазып, продюсерлік еткен, Сәбит Құрманбековтың қоюшы режиссерлігімен дүниеге келген «Боран» фильмі – қазақтың «жаңа ұлттық кино толқынының» бастауы іспетті. Ол кейінгі уақытта «Кино орталығында» дүниеге келген ұлттық бояуы қанық Бақыттас Санитастың «Тезек», Кенжебек Шайқақовтың «Айқай», Данияр Саламаттың «Талақ» сияқты жаңа ұлттық фильмдер шоғырының көшбасшысы дерсің», – деген еді.
Құлаққа майдай жағатын шын сөз, нақ пайымдау. Ақиқатында, кейінгі кездері біртипті, бірсыдырғы, шалажансар (ұлттың жанын аңдай алмаса, шалажансар демей не дейміз) фильмдердің арасынан «Боранның» шоқтығы андағайлап көрінеді. Несімен? Тағы қайталаймыз: ұлттық бояуының қанықтығымен! Ұлтсүйгіштігімен! Мысал дейсіз бе? Айтамыз!
Фильмге Сәбет заманында Қытаймен шекаралас бір совхоздың (әлде, колхоз) жүргізушісі Құрмаш атты бозбаланың алыс шалғайдағы қыстауға жем апарар жолда боранда адасып, қытай шекарасына өтіп кеткен оқиғасы арқау болады. Жүк көлігінде суықтан үсіп, шалажансар жатқан уақытында оны «арғыбетте» мал бағатын ақсақал тауып алып, үйіне әкеледі. Ақсақалдың қыстауы шекара түбінде болғасын, қытай шекарасын күзететін сақшы да қыстауға келіп, жылынып, шай-суын ажыратып тұратын көрінеді, оған бозбаланы «қонақтап жатқан нағашымның баласы» деп таныстырады. Бірақ бозбала Құрмаштың түр-сипаты мен отырыс-тұрысы «жергілікті нағашының баласына» келіңкіремейтін еді… Қытай сақшысының күдігі айдалада аязға оранып, қаңтарылып қалған «сәбет мәшинесін» көргенде нықтала түседі.
Жә, фильмнің шиеленіс пен үнемі сақтықта ұстайтын сюжетін ашпай-ақ қояйық, несімен ерекшеленетінін айтайық…
Фильмнің шебер жымдасып, ұқыпты текшеленген оқиғалар тізбегі сізді бірден баурап алып, ұйығына шым-шымдап тарта береді. Тілсіз жау – боранның шеңгелінен босап шыққан Құрмаш бозбала шекара асып, қорқыныш пен күдіктің шеңгеліне түседі. Оның соңынан еліткен сіз де бір күдік пен қорқыныштан босап, екіншісін жамыласыз.


Бұл жерде екі әлем – екі дүние. Бірі – Советтер одағы компартиясының елесін қуған ел болса, екіншісі – Ұлы Мао режимінің елесін аулаған жұрт. Екі елде де дос аз, жау көп. Кеңес одағы мен Қытай елінің арасынан «ала мысық жүгіріп өткен» кезең болса керек, екі ел де тым сақ, аса кіді.
Осы «сүйкеніскен екі түйенің» ортасында саясаттың сары қылышы екіге айырған қазақ халқы қалып қойған. Арғы беттегі ақсақал бергі беттегі қазақ бауырым боранда үсіп өлмесін деп жанталасқанымен, шекара күзеткен хансу сақшысы үшін бұл – жау. Қайтпек керек? Ақсақал кемпірімен сақшыға қосылып, күнде таңертеңгілік Маоның суретіне қарап мадақ ән айтқанымен, атажұртын жүрегінен сылып тастай ала ма? Мао кітабын ұстап, хансу сақшысы қайталатқан анттарын айтқанымен, бауырын оққа байлай ала ма?
Қиын. Ақсақал мен кемпірі үшін жақыны – қазақ. Ол неге бұларға жау болуы керек? Шекара бұзса не бопты? Шекара деген не… Шекара деген сызық пен одырайған бағаналар емес пе жай ғана…


Фильмде екі елдегі жайт екі түрлі райда беріледі.
Сәбет еліндегі жұртта қайнаған тірлік, дегбірді алар мазасыздық бар.
Қытай елінде маңғаздық пен тұмсалық басым. Мұрты бұзылмаған табиғат. Жалғыз үй, жабырқау жұрт. Үнсіздік көп. Жапонның классик режиссері Канэто Синдоның алпысыншы жылдары түсірген әйгілі «Жалаңаш арал» фильміне тән үнсіздік пен тыныштықтың үні, «үшінші көз» де осы бөлікте. Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесі негізінде экрандалған режиссер Карен Геворкянның сол повесть аттас фильміндегідей этнографиялық нақтылық пен баян ғажап жанға жайлылық пен атмосфера тудырады. Өз атамекенінін өзге жұрт бауырына басқасын әйдік бір өгейсуді әлгі үнсіз әрекеттер жұбататындай. Үсіп қап, ес-түссіз жатқан Құрмаштың аяқ-қолын маймен сылауы, қара қойдың терісін бітеу сойып, терісіне салып бұлау жасауы – аса ыждаһаттылықпен, баяу көрсетіледі. Жан дүниелерінің алыста қалған бір бөлігін алақанға салып аялағандай, бар махаббаттары мен сағыныштарын соған төккендей бір күй.
Осы жерде сол «арғы бетте» сағынышқа малынып өскен жігіттер: фильмнің сценарийін жазған және продюсері Ербол Бораншыны және фильмнің қоюшы операторлары Жеңіс Екпін мен Есен Айтмұхаметті атап өтпесек болмас. Өздерінің аңсауды кешкен жан дүниелерінің сүзгісінен өткен бұл дүние – кәсіби шеберліктерімен қатар шынайылығымен құнды.
Фильмнің финалына тақау басын бәйгеге тіккен ақсақал жігітті шекарадан өткізіп салады. Осы жерде камера ұнғысы төбеге көтеріледі. Төменде жер мен елді, су мен көкті қақ бөлген – екіге бөлген темір көпір қарауытады… Иә… екі бөлік… бірақ олардың жандары бір еді…
Көпірден бергі бетке өткен жігіт көкірегіне өксік тығылып, күтіп тұрған әкесін қапсыра құшақтайды. Көп көрерменнің де көкіректеріне сол сәт лықсып бір запыран тығылады-ау…

Думан АНАШ,
журналист:
Табиғатта алай-түлей, ақтүтек, ат құлағы көрінбейтін, ұйытқыған, түтеген, ақ, қара борандар болады, оның жаяу борасын сияқты жеңілдеу түрлері де бар. Ал осы боран қоғамда соқса ше… Әлбетте, әр кезде әртүрлі бағыт алып, әр тараптың да әптер-тәптерін шығарады. Өйткені оның табиғаты – боран. Міне, тұсаукесеріне арнайы барған «Боран» фильмі осындай әсерде қалдырады. Кинокадрда табиғи боранды бере алмаса да, символика тұрғысынан атауын ақтап алған, яки замана боранының соғуымен сендіреді. Яғни социалистік лагерьдегі екі елде тұратын қаны бір, жаны бір бейтаныс адамдар – бостан өмірге құштар бейкүнә жандар. Ең бастысы, олардың адами ары мен болмысын шекара сызығы да бөле алмайды!
Фильмде жақсы кадрлар, бейнелі образдар, дәстүр мен тарих та көрініс тапқан, уақыт тегершігін кинотаспа кері айналдырғанда жадыңнан өше бастаған кей қымбат дүниелер еске түседі. Үсіген адамды жаңа сойылған қара қойдың тұлыбына орау, таудың ақ қар, көк мұзында көзді қарықтырмас үшін кекіл тағып алу сықылды қарапайым көрерменді таңғалдыратын бейнекөріністер ұтымды шыққан. Десе де режиссер мен оператор уақыт жағынан әр кезеңге «сапар шегіп» кеткен сықылды. Мысалы, алқам-салқам ауыл, би кешіндегі ән тоқсаныншы жылдарғы қирандыға айналған ауыл тіршілігін бейнелесе, қытайдағы қазақтардың өмірі тым арыдағы Мао Цзедунның режімімен сәйкестендірілген. Ал бұл кезеңде советтік ауылдардың тіршілігі тіпті де жұпыны емес-тін. Бірақ екі елде де адамдардың қатаң қадағалауда болғанын көрсететін кадрлар мұндай сәйкессіздікті жуып-шайып жібереді. Сондай-ақ сценарийде байқалмаса да, кадрда құлаққа түрпідей тиетін диалогтар бар, аздаған жасанды пафостарды алып тастап, көзбен көр де, түйсікпен түсін деген қағида әлдеқайда ұтымды болар ма еді?! Бұл – шекарадағы сай-салада сүйегі шашылып қалған қазақтардың қасіретті тарихын жүк қылған әжептәуір ойлы да ауыр кадр. Қызыл террор құрбандары. Расында, замана бораны қалай ұйытқыса да халық жасай береді. Оны қыратын тегеурінді күш – саяси режімдер, ал одан да қуатты дүние –қарапайым адамдарда қалатын қасиет – адамшылық, олар отқа салған сайын күшті болатын кірпіштей, суға салған сайын суарылатын алмастай!
Ең бастысы, фильмнің идеясы жақсы. Әйтпесе, біздің қоғамға кинотеатрда афишалары жарқырап тұрған ситком типтес кинолар өтімді ғой.

Ербол БОРАНШЫ, сценарист:
Бұл «Боран» фильмінің сценарийін жазуды 2015 жылдары қолға алған­быз. Сценарийге арқау болған сюжет былай. Ертеректе Зайсан ауданы жақта бір жігіт қыстың ат құлағы көрінбейтін боранды, бұрқасынды бір күні адасып, қытай шекарасынан өтіп кетіпті. Арғы жақта да өзіміздің қазақтар тұратыны белгілі. Әлгі адасқан жігіт сол ауылдың біріне табан тірепті. Адасқан жігіт ауыл ақсақалынан іздеп шыққан ауылын сұрайды. Ақсақал: «Үндеме, сен адасып, қытай жеріне өтіп кетіпсің», – деп оған мұны ешкімге айтпауды қадағалап тапсырады. Реті келгенде шекарадан аман-есен өткізіп тастайды. Оқиға – осы. Мен мұны дамытып, Сәбит Құрманбековпен бірге ақылдаса отырып, сценарийін жазып шықтым. Ешкім ешкімнен ештеңе дәметпейді. Баяғы қарға тамырлы қазақтың қанда бар қасиеті – бауырмалдық, ағайынгершілік, адамгершілік.
Фильмдегі оқиғаны 1970 жылдары болған қып көрсеттік. Көркем фильм болған соң, әрине, уақыттарды сәйкестірген тұстары да бар. Ең бастысы – бұл фильм көрермен көңілінен шығып, қолдау тауып жатса, еңбектің ақталғаны сол деп білеміз.

Мағжан ТҰРЫС, актер:
«Боран» фильмінің режиссері Сәбит аға Құрманбековпен жұмыс істеу мен үшін үлкен жаңалық, үлкен жауапкершілік болды. Художник, режиссер ол кісіден көп нәрсе үйрендім.
Мен өзі жалпы тынымсыздау адам едім. Осы фильмге түсіп, негізгі рөлді сомдау барысында төзімге, сабырға үйрендім. Сол қасиеттердің бойымда бар екеніне көзім жетті. «Негізі жақсы нәрсенің бәрі адам бойында болады» деген рас сөз. Тек соны оятып, жетілдіре білу өз қолымызда екен. Түсірілім қиын да қызықты сәтімен есімде қалды. Арқыраған аяз бен бұрқыраған бұрқасын боранда түсірілім жасау оңай болсын ба! Кейде тіпті шақылдаған сары аяз – нөлден төмен 40 градуста жұмыс істеу оңайға түспеді. Мұндайда сабыр мен төзім ғана көмектеседі екен, басқа амал жоқ. Киномыз көрермен көңілінен шығып жатса, әрине, оның артында осы картинаға қызмет қылған бүкіл ұжымның жанкешті еңбегі жатыр.

 

Дайындаған
Ырысбек ДӘБЕЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір