«Донор» фильмі жарыққа шықты
25.11.2022
888
0

17 қарашадан бастап, еліміздің барлық кинотеатрларында толық метражды «Донор» мелодрамалық көркем фильмі көрсетіле бастады. Осыған дейін «Күшік құда» комедиясымен, тағы басқа туындыла­рымен жұрттың ыстық ықыласына бөленген шығармашылық топтың бұл жолғы өнер туындысы қандай?

Фильм бүгінгі қоғамда болып жататын қарама-қайшылық пен әлеуметтік теңсіздікті қаз қалпында көрсеткен. Жалғызбасты Жарқынның (актер Қуандық Шәкіржанов) жалғыз қызын асырау барысындағы басына түскен қиыншылықтар арқылы бүгінгі замана тауқыметін айшықтай білуі режиссер Дархан Саркенов пен сценарий авторы, бас продюсер Дастан Қалды­баевтың оң ше­шімі болған. Рас, көркем фильм болғандықтан, қырып, жонып, мұртын басып, қажетті эпизодтарды қосыпты. Бір қарағанда, мінезі қатал, қалада өскен бизнесвумен Раушан Маратқызы (Баян Алагөзова) мен өн бойына кәуап түтінінің иісі сіңген, тек жалғызын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» аялап өсіріп жатқан Жарқын екеуінің бір-бірімен былайғы өмірде кездесе қоюы екіталай. Алайда ар-намыс пен тағдыр алдындағы шарасыздық осынау екі әлеуметтік топтың өкілдерін ағза алмастыру (трансплантация) клиникасында табыстырады. Орта мектепті аяқтап жатқан қызына (Ақниет Беласар) қажетті қаражатты тауып бере алмай пұшайман болған жігіт амалсыз бір бүйрегін сатуға бел буады. Оқиға желісі де осы жерден ширығып сала береді…
Баршаңызды «Донор» көркем фильмін көруге шақырамыз.

Берікхан Тайжігіт

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір