«Алматының бағы қандай…»
19.12.2023
1435
0

Ақын Талғат Ешеннің «Алматы вокзалы…» деп басталар лирикасын оқығанда сан жолаушы сапырылысқан Алматының вокзалы көз алдыға келетіні бар. Баяғыдан бар ескі, көне бекеттер. Санаңа бірден картиналар келеді. Анау-мынау емес, ғажап картиналар… Бір вокзал ғана емес, тарихын мың жылдықтардан алатын көне шаһарда не жоқ, бәрі бар. Қатпарлы тарихы, қалың естелігі есіңе небір дүниелерді салады. Аздап түгендеп көрдік…

  

   АЛМАТЫНЫҢ АЛТЫН ТӘЖІ

Қазіргідей ығы-жығы, көкке бой созған көп қабатты үйлер аз уақытта ару Алматыда тәж киген, Тәж Махалдай сәулетті құрылыс – «Қазақстан» қонақ үйі екенін ескі көздің бәрі біледі.
Арман қуып, Алматыға келген жас, қыдырып келген қонақ, жаһан кезген жолаушы осы сәулетті ғимараттың алдына арнайы келіп суретке түспесе, көңілі көншімес еді. Алатаудай асқақ ғимаратты фонға алған көне фото талай жанның сағынышына айналып, аяулы сәтті еске түсірер естелік болғанына талас бар ма! Баянсыз ғұмырдың бір сәтін ұстап қалған сол естелікке үңілгенде көңілің толқып, көкірегің аши ма?..
Сонау 1975-1977 жылдары салынып, қаланың көркем құрылысына айналған «Қазақстан» қонақ үйі туралы ойлағанда, еске осындай ескі фотолар түсетіні де қызық. Бұл ғимарат сәулет ескерткіші ретінде танылып, 1979 жылы республикалық маңызы бар нысандар қатарына кіреді. Қонақ үй 26 қабат, биіктігі 102 метр. 1977 жылдан 2008 жылға дейін Алматыдағы ең биік ғимарат саналатын қонақ үй – бәрібір Алматының алтын жұлдызы, алтын тәжі. Өйткені тарихта үлкен өмір, естелікте аттай желген аяулы ғұмыр бар.

Алматыдан сөйлеп тұрмыз…

Алматының арғы-бергі тарихына қатысты қызықты деректер өте көп. Бірақ соған біз жете мән бермейді екенбіз. Төмендегі жалқы жолдармен жазылған жылдар мен сандарды шолып отырып, осынау игілікті істерге қаншама қажыр-қайрат, қанша уақыт жұмсалғанын іштей аңғаруға болатын сияқты. Ендеше, Алматының шежіреге толы бірер бетін ақтарып, сіз де бір сәт саяхатқа шығып көріңіз:
1. Алматы қаласында орналас­қан телевизиялық мұнара сона­дай­дан менмұндалайды. Биіктігі 372 метрді құрайтын бұл объект әлемнің ең биік мұнараларының қатарына кіреді. 1984 жылы қолданысқа берілген мұнараның құны – 600 млн рубль болған.
2. Алматы метросы – Орталық Азиядағы екiншi, ТМД-дағы 16-жерасты жолы екені есіңізде жүрсін.
3. Алматы қаласында 1960 жылы Ұлы ақын Абай Құнанбаев­қа ескерткіш қойылды. Биіктігі 13,7 метрді құрайтын Абай Құ­нан­бай­­­­ұлы­­ның мүсіні ақынға арнап қойылған тұңғыш ескерткіш ретінде ерекшеленеді.
4. «Қазақстан» қонақ үйі — Алматы қаласының символдары­ның бірі. Ол – қаладағы жер сілкіну қаупі бар аймақта орналасқан, сейcмикалық жағынан берік, биіктігі 102 м алғашқы заңғар ғимарат.
5. «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешені әлемнің ең үздік трамплиндерінің қатарына кіреді.
6. Алматы қаласында орналасқан Орталық Мемлекеттік мұражай – еліміздегі ең көп адам қабылдайтын мұражай. Музейде 300000-нан астам экспонат бар.
7. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоға­мы 1934 жылы «Алматы кино-х­рони­ка студиясы» атауымен құ­рыл­ды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «Ленфильм» және «Мосфильм» киностудиялары Алматыға көшірілді.
9. Тәуелсіздік монументі – Қа­зақс­тан Республикасы Тәуелсіз­дігінің бес жылдығына орай Алматы қаласында салынған сәулет және мүсін өнер ескерт­кіші. Республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына кіретін Тәуелсіздік монументі қаланың символына айналды.

P.S. Телемұнарадан басталған деректерімізді радиомен түйіндегенді жөн көріп тұрмыз. 1921 жылы Орынбордағы өлкелік радиостанциядан өсіп дамыған Қазақ радиосы Алматыға келіп орныққаннан кейін, алғашқы хабарын «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» деп бастайтын болған.

Қала сәні – субұрқақ

Қарапайым субұрқақтардың маңайына жақындағаннан жаныңыз кіріп, тәніңіз рахаттана бастайды. Өйткені олар төңірегіне жәй су шашыратып қана қоймайды, салқын самал, саф ауа себелейді.

Қаланың ортасында сарқырама!

Сіз Алматының ТМД аумағындағы ең субұрқағы көп қалалардың бірі екенін білесіз бе? Әрине, 280 субұрқағы бар әйгілі Риммен таласу кім-кімге де қиын, алайда 125 фонтаны бар шаһар бұрынғы кеңестік кеңістікте саусақпен санарлықтай ғана.
Сан тарапқа тамырланып кете баратын арық-каналдар жүйесімен бірге бүкіл субұрқақ атаулы да Алматының басты ағын-суат көздері саналады. Олардың алдына қаладағы көгал дүниесін суару ғана емес, табиғаттың ең бір құрғақ та қапырық шақтарында ауаны тазартып, айналаға жағымды микроклимат тарату міндеті де қойылған. Бүгінде Алматыда шаһарымызды көріктендірудің оннан аса арнайы бағдарламасы жұмыс істеуде, соның ішінде қала арқылы ағып өтетін 20 шақты өзеннің ахуалын жақсартуға бағытталған «Алматы фонтандары» – «Алматы өзендері» жобасы да бар.
Алғашқы субұрқақ қаламызда 1948 жылы салынған екен. Қазіргі шаһар ортасында орналасқан Мұқан Төлебаев көшесі ол кездерде Фонтан көшесі деп аталыпты. Алматыда 2005 жылдан бастап арнайы Фонтан күні де аталып өтеді. Ол – 25 мамыр. Бұл күні қаладағы бүкіл субұрқақ жүйесі кешкі сағат 9-да бір мезетте дүр етіп іске қосылады. Алматы субұрқақтары негізінен сол мамырдың 25-інен бастап, қазан айының 25-іне дейін тұрақты жұмыс істейді. Таңертеңгі 10-да іске қосылатын олар түнгі сағат 2-ге дейін айналасына салқын самал таратып, тымырсық ауаны тазартып тұрады.

Мың бұралған биші фонтандар

Әл-Фараби даңғылы мен Навои көшесінің қиылысындағы Тұңғыш Президент саябағында күнде кешкісін, шамамен сағат 8 бен 9 аралығында субұрқақтардың «әнін» тыңдауға болады. Мұны қайдан көріп жасаған? Біздіңше, әлемдегі ең ірі фонтандар жүйесі – Протарас субұрқағының үлгісі бойынша.
Кипрдің оңтүстік-шығысындағы Протарас қалашығында күн сайын кешкі сағат 21.00-де әлемде жоқ әсем көрініс – биші фонтандар думаны көрсетіледі. Серейген биік, айрықша субұрқақтар түрлі-түсті лазер сәулелерінің көмегімен классикалық симфониялардың, салтанатты марштардың, басқа да музыкалық туындылардың ырғағы аясында алуан түрлі би үлгілерін көрсетеді: біресе еңкейеді, біресе шалқаяды, біресе тізерлейді, біресе секіреді. Штраус вальстерінің сазымен шыр айнала билейді, жиналған көпшілікті айран-асыр етіп, аспанға шапшиды…
Бұл – Жер бетіндегі ең ірі субұрқақтар жүйесі. Оның түрлі-түсті өрнектері мол 400 прожекторы, су шапшитын 18 мың 400 ұяшығы, аса қуатты 162 су сорғысы, 4 қозғалтқыш моторы, 4 заманауи компьютермен басқару желісі бар.
Биші фонтандар әлемге әйгілі курортты қала – Айя-Напаға таяу жерде орналасқан. Протарастағы биші фонтандар думаны – Жер жүзіндегі ғашықтар ең көп келетін орындардың бірі. Жігіттер қалыңдықтарына дәл осы романтикалық мекенде сөз айтуға тырысады екен. Алматыдағы Тұңғыш Президент саябағында орналасқан «әнші» фонтандар жүйесін де осы секілді жас жұбайлардың некелесу орны жасау туралы ұсыныстар бізде де айтылып жүр.

АЛМАТЫ МҰРАЖАЙЫ

Алматы мұражайы 2002 жылы құрылған, бұрынғы Верный балалар үйінің ғимаратында орналасқан. Музейдің 11 залында Алматы қаласының тұтастай тарихы сақталған. Мұнда аяқ басқан адам әсем Алматының әр кезеңдегі тарихымен таныса алады. Мысалы, «Ежелгі Алматы тарихы», «Ортағасырлық Алматы тарихы», «Қазақ мемлекеттілігінің бастауында», «Алматы қаласының Верный кезеңі», «ХХ ғасыр. Алматы» және басқа да кезеңдерді қамтиды.
Мұражай қорында 35 мыңнан астам экспонат бар. Олардың ішінде – бейнелеу өнері туындылары, қазақ этнографиясының бірегей жинағы, сондай-ақ қазіргі таңда Алматыда тұрып жатқан халықтардың этнографиялық бұйымдары, түрлі дәуірлер мен мәдениеттердің тұрмыстық заттары, нумизматикалық, фото және құжаттар коллекциясы бар.

АЛМАТЫДАҒЫ АЛҒАШҚЫ КИНОСТУДИЯ

Қазақстанда алғашқы киносеанс 1910 жылдары болған. Бұл – коммерсанттардың ақша табу мақсатындағы жұмысы болғандықтан ол қадам елде кино өнерінің таралуына, кино индустриясының орнауына да ықпалы болмаған.
Қазақстандағы киноның алғашқы қадамдары 1925 жылы жасалды. Бұл кезеңде Қызылордада өткен Республика кеңестерінің V съезінің хроникалық түсірілімдері жасалады. Сол жылы Қазақстан туралы алғашқы деректі фильм – «ҚАКСР-ның мерейтойы» түсіріледі.
1929 жылы Алматыда Жалпыресейлік «Востокфильм» тресінің өндірістік бөлімшесі болып саналатын алғашқы киностудия ашылады. Зертхана, монтаждық, мультипликациялық және жазбалар жасайтын цехтар салынады. Бөлімше өз күшімен «Соңғы хабар» деген жалпы атауға ие болған бірнеше хроникалық киножурнал жасап шығарады. Бірнеше қысқа метражды деректі фильм түсіреді. Олар: «Ауылдардағы кооперация», «Жаңа астана» (Алматы туралы), «Қызыл Әскер», «Жайлауға» және Түрксіб құрылысы туралы екі киноочерк еді.
«Востокфильм» тресінің өндірістік бөлімшесі құрушыларының ойы бойынша бұл бөлімше болашақта Алматыда жаңадан ашылатын киностудияға негіз болуы керек болған. Бірақ ол 1931 жылы жабылып тынады. «Востоккино» басшылығы жұмыстың бәрін Мәскеуге көшірді. Бөлімшенің жабылуына техникалық базаның әлсіздігі және кино сценарилердің болмауы себеп болады. Техникалық мүмкіндігі шектеулі студияда кино түсіруге талпынғанымен мамандарды сценарилердің жоқтығы тығырыққа тірейді. Ол кезде кинодраматургия қазақ көркем әдебиетінің жеке жанры ретінде дамымаған.
1934 жылы Алматы кинохроника студиясы ашылады. Кеңестік Қазақстан киножурналы мен деректі фильмдердің тұрақты шығарылымы қолға алынады. Кеңестік фильмдерді қазақ тілінде дубляждау жұмысы басталады.

АЛҒАШҚЫ ТРАМВАЙ

Алматы Қазақ ССР-і астанасына айналғаннан кейін қала тез өскен. 1927-1938 жылдары қала тұрғындарының саны бес есе көбейген. 1939 жылғы халық санағы бойынша қалада 222 мың адам тұрған. Ол заманда жұрттың көбі қала маңайындағы ретсіз салынған кенттерде тұрған. Қала кәсіпорындары мен мекемелерінде жұмыс істеген. Оларға жұмысқа барып-келу қолайсыз болады.
СССР қалаларының көбінде өзге көлік түрлерімен салыстырғанда, трамвай ең тиімді көлік саналған. Ол кезде жеке меншік көліктерге жұрттың қолы жетпейтін. Автобусқа қарағанда трамвайға көп шығын шықпайтын әрі пайдалану мерзімі ұзақ болды. Сол заманда көше тазалаушылардың мәселесіне айналған ат арбаға қарағанда трамвай экологиялық тұрғыдан да тиімді болды.
1930 жылдары советтің ірілі-ұсақты қалаларының көбі трамвай көлігіне көшіп, Алматы да бұл көшке ілесті. 1934 жылы тамыздың 23-і күні Алматы қалалық кеңесі президиумы трамвай жүретін трассаны, трамвай паркі мен шеберханалары салынатын орындар бюджетін бекітті. Трамвай жолы екі кезеңмен салынатын болып жоспарланады. Бірінші кезеңде екі жол төсеу көзделді. Бірінші желі – қалалық вокзалдан (қазіргі Алматы-2) басталып, Вокзальная көшесінің (қазіргі Абылай хан даңғылы) бойымен Ташкент аллеясына (Райымбек даңғылы) бұрылып, одан әрі Красноармейская көшесінің (қазіргі Панфилов) бойымен жоғары өрлеп, Лагернаяға (Шевченко көшесі) бұрылып, ары қарай Тараншыға (Байтұрсынов көшесі) дейін созылатын болды. Пастер көшесінен (қазіргі Мақатаев) басталатын екінші желі Қашқар (бұрынғы атауы) және Талғар (Қайырбеков көшесі) арасымен тартылатын болады. Екеуінің ұзындығы – 8,7 километр. Құрылыс жұмыстары 1936 жылы басталып, Алматыда трамвай 1937 жылы желтоқсанның бірі күнінен бастап, жүйелі түрде жүре бастайды.

Алматы әуежайы

«Самолет-ау, самолет,
Мені өзіңмен ала кет.
Төбем көкке тиіп мен,
Теңесейін биікпен…» – деген тақпақ болушы еді баяғыда. Алматы әуежайында отырған сәтте құс секілді «қанатымен ұшып, құйрығымен қонып» жататын «темір-құстарды» төсіне қондырған әуежай жайында білгің келіп, смартфонға сығалайтын кездерің де болады. Небір мәліметтер алдыңнан атып шығады.
1935 жылы құрылған Алматы әуежайының орталық стадион ауданында орналасқан шағын аэродром ғана екенін білесің. Әуежайдың жаңа ғимараты қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде Алматы-Мәскеу бағыты бойынша тұрақты ұшу басталғаннан кейін ғана салыныпты. ХХ ғасырдың 70-ші жылдары осы жерден ТУ-144 әуелайнер Алматы-Мәскеу бағыты бойынша ұшуын бастайды. Бұл КСРО кеңістігіндегі алғашқы тәжірибелердің бірі болады.
1990 жылға дейін әуежай Кеңес Азаматтық Авиация Департаментінің бөлігі, тәуелсіздіктен кейін (1991 жылы) «Алматы Әуежайы» болып қайта құрылды. Сол кезден бері әуежай тәуелсіз бизнес бірлік ретінде өз жұмысын жалғастырып келген. Кейін Халықаралық Алматы Әуежайы ЖШС болып аталды.
1998 жылы әуежай ұшып-қону жолағы (ҰҚЖ) жөндеуден өтіп, әуежай II категорияға ие болып, Халықаралық әуежай статусын алады. 1999 жылдың шілде айында әуежай ресторанында өрт болып, ысталып, бүкіл әуежай терминалы жанып кетеді. Жаңа терминалдың құрылысы 2004 жылы аяқталады. 2008 жылдың күз айында екінші ұшып-қону жолағы ашылып, жаңа ұшып-қону жолағына ICAO сертификаты беріліп, оған III категория беріледі. Жолақ сапасы мен онда орнатылған заманауи құрал-жабдықтар ұшу қарқыны бойынша әуе кемелерінің барлық түрін ешбір шектеусіз қабылдауға мүмкіндік алады. Алматы әуежайының жаңа ұшып-қону жолағы Орталық Азиядағы ең ұзын жолаққа жататыны айтылады.
Қазақстандағы ірі әуежай ішкі және халықаралық жолаушылар мен жүк авиатасымалдары бойынша елде алдыңғы орынды алады. Қиялында ұшпа-кілеммен ұшып, төрт төңіректі қыдырған қазақ бүгін Алматысында әр қиырға аттанып жатады… 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір