КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТІҢ КӨРКЕМ ШАҺАРЫ
19.12.2023
1161
0

Тарихқа тұтас бір халықтың тағдырын арқалап кірген қалалар болған. Алматы – сондай тарихқа келген һәм тағдырлы қала. Сол үшін Алматымызды ардақтауымыз керек, аялауымыз керек.
Азаттығымыздың отыздан озған жасын асқақ рухпен қарсы ала отырып, «Қазақ әдебиетінің» толайым нөмірін Тәуелсіздігімізді тал бесігіне бөлеген Алматы қаласының кешегісі мен бүгінгісіне арнадық.
Мархабат, мырза оқырман!
РЕДАКЦИЯДАН

Өткен ғасырдан бастап Алматы нағыз Әдеби қалаға айналғаны рас және солай бола береді де. Қазақ­стан Жазушылар одағының «Қазақ әдебиеті» газеті мен басқа да баспасөз орындары жырға қосып келе жатқан Алматының кешегісі мен бүгінгісін бір сәтке еске түсіріп көрейікші.
Иә, мұндайда Қазақ­стан Жазушылар одағының 1934 жылы алғаш өткен құрылтайы, «Жұлдыз», «Простор» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газетінің мерейтойлары, Мұхтар Әуезовтің және қазақ әдебиетінің басқа да классиктерінің бүкіл еліміз болып атап өткен ұлан-асыр мерекелері, сонымен қатар Азия және Африка елдері жазушыларының Халықаралық әдеби конференциясы (1973 ж.), басқа да әдеби игілікті де ізгілікті іс-шаралар еске түседі.
Міне, осының бәрі асқар Алатаудың баурайындағы ару Алматыда тұратын ақын-жазушылардың есінде мәңгілік қалатыны сөзсіз.
Қазақ мемлекетін ұзақ жылдар басқарып, халық сүйіспеншілігіне бөленген тұлғалы қайраткер Дінмұхамед Қонаев пен Еңбек Ері, әдебиетіміздің аса талант­ты тұлғаларының бірі Олжас Сүлейменовтің кіндік қандары тамған жері де – Алматы.
Ақын-жазушылар мен Алматы қаласы басшылығының арасындағы тығыз да үйлесімді ынтымақтастықтың арқасында осының бәрі алдағы жылдары да жалғаса беретініне сенімім мол. Тәуелсіздік мейрамы құт­ты болсын!

Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ,
ҚР Мемлекет­тік сыйлығының иегері

АЛАШТЫҢ АЛМАТЫСЫ

Бүкіл алаш баласының аңсарына айналған Алматы қаласының қандай айрықша қасиеті бар екен десеңізші… «Ауасы» дейін десек, Көктөбеге шыққанда шаһардың буалдырланған «көк көрпенің» құшағында екенін көреміз де, ойланып қаламыз. «Алмасы» дейін десек, баяғы баланың басындай апорт­тар азып-тозып, оларды қайтадан көптеп өсіру енді ғана қолға алынып жатқанын еске түсіріп, тағы мүдіреміз. «Адамдары» дейін десек те, «жылқы аласы сыртында, адам аласы ішінде» екенін білетіндіктен, бүгінде екі миллион­ға жуықтаған алматылықтарды қалған қазақтан алабөтен айрықшалаудың қисынын таппай қиналамыз. Әлде өзгеше «аурасы» ма екен?..
Қалай болғанда да, Қазақ­станның қай бұрышын мекендесін, кез келген қазақтың Алматыға қарап алаңдап тұратыны рас. Қызы мектеп бітірсе де, ұлы жұмыс іздесе де, тіпті немересін қыдыртса да, алғашқы таңдау міндет­ті түрде Алатау баурайындағы әсем қалаға түседі. Бәлкім, жүз жылға жуық республика орталығы болғаннан кейін әлі де елдің санасына ерекше ыстық па екен?..
«Гүл-қала, арман-қала»
Әйтеуір астаналық мәртебесін Арқадағы аршыған жұмыртқадай ақшаңқан шаһарға тарту етсе де, «гүл-қала, арман-қаланың» орны қазақ үшін қашанда бөлек. Кезінде алты алаштың барша ардагер ақсақал-қарасақалының басын қосқан, ұлт басына үрейлі заман туғанда исі қазақтың есінен осы иен даланың иесі өзі екенін шығармаған шырайлы шаһар бұл. Халқымыздың талай марғасқа ұлдарына пана болған, қазақтың қайран игі жақсылары мен жайсаңдарының ізі қалған іргелі мекен. Бүгінде самайын ақ қырау шалып, аяғынан гөрі таяғына көбірек сене бастаған әке-шешелеріміздің әрқашан әсерлене әңгімелер қызығы мен шыжығына, «махаббат қызық мол жылдарына» куә болған әсем Алматы емес пе бұл? Қала берді, өзгеге есесі кетіп, еркінен айрылып бара жатқанда, ұлт­тың есін жиғызған «Тәуелсіздіктің алтын бесігі» ғой бұл қала!
Халқымыздың тәлейіне жазылған қилы-қилы заман секілді, Алматының басынан да нешеме аумалы-төкпелі кезең өт­ті. Мұны арыға барып арып-ашымай-ақ, осыдан он шақты жыл бұрынғы ахуалдың ауанынан да аңғару қиын емес. Кезінде аға-апаларымызды «Алматының әні қандай, алмасының дәмі балдай…» деп шырқатқан тамаша шығармаларға арқау болған шаһардың әп-сәт­те сәнінен де, әнінен де, әрінен де айырылып (бәрінен айырылып қалмағанына бәрекелді дейік), жұрт­та қалған жұпыны ауылдың күйін кешкен кез­дер де кез­десті. Баяғыда Әсет Бейсеуов пен Тұманбай ­Молдағалиев­­ «жап-жасыл орман қала» деп әнге қосқан әсем қала сол өзіне көрік берген көгалын көлденең көк ат­тыға кесіп ұстатып, ажарын көмес­кілендіріп те алған мезгілдер болды. Сол ағаштардың орнын ішінен қолағаштай мұрын шығып тұратын ақша айырбастау пункт­тері, он метр сайын орналасқан жанармай құю стансалары, қалаған жеріне қалай болса солай қонжия кеткен казинолар басқан уақыт­тар да көз алдымызда. Бұған көрінген жерге көсілтіп сала берген ірілі-ұсақты базарларды, оның маңының адам айналып жүре алмайтындай қоқыс үйінділеріне айналғанын қоссаңыз, сол кезеңдерде Алматының елдегі ең лас қалалардың бірі болғанына көз жеткізесіз.
Оны айтасыз, «Алматы деу – орыс тілінің заңдылығына сәйкес емес, сондықтан шаһардың Алма-Ата деген «бұрынғы атауын» қайта қалпына келтірейік!» деген ұсқынсыз ұсынысқа қос қолын көтеріп, қосылғандардың қатарында қаланың қаңқасы қаланғаннан оны «Алматы» деп келе жатқан, «Алма-Ата» деген жасанды атауды мойындамайтын қазақтың Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев секілді танымал тұлғалары да бар еді. Бұл аз болғандай, Верный бекінісінің салынған жылын қаланың пайда болған уақыты деп белгілеп, «Алматының 150 жылдығын тойлайық!» деп аяқ-табағын көтеріп, алашапқын болған ағайындар да аз кез­дескен жоқ. Бір қуаныштысы, қазақтың жөн білер зиялы қауымы мен ұлт­тық мүддеге келгенде ұйыса кетудің сирек үлгісін көрсеткен бұқаралық ақпарат құралдары бұл екі ұсынысқа да лайықты уәж айтып, тоқтатып тастады.

Көлік біткен көсіліп
жүріп жатыр

Қазір Алматыда қазақтың рухын биіктететін, еңсесін тіктейтін іргелі іс-шаралар жиі және тұрақты атқарылып келеді. Бұған қоса «Жол картасы» жобасы бойынша жасалып жатқан жұмыстар да назар аудартарлық. Рас, баяғы әкімдердің кезінде де жол, аула жөндегіштер жыл сайын шұқыр-шұқанаққа шұқшия үңіліп жататын, бірақ бетін ғана жеңіл-желпі сылап-сипай сала ма, әлде басқа себебі бар ма, кім білсін, әйтеуір бір жағын жөндеп болмай жатып, екінші шеті екі кисең тесіліп қалатын кытай шұлығындай шұрық-тесік боп шыға келетін. Ал қазір кейінгі уақыт­та жөнделген көшелермен көлік біткен көсіліп жүріп жатыр. Сондай-ақ ит­тің күркесіндей қаптаған ұсақ дүңгіршектердің азайып, қалаған көше қиылысы мен бұрылысын сауда алаңына айналдырып жіберген берекесіздіктің де беті қайтып қалғанын айтуға тиіспіз.

* * *

…Бір өкініштісі, кейінгі уақыт­та исі алаштың игілігі саналатын шаһарды өздерінің тайпалық тақиясының шеңберіне лайықты етіп тарылтқысы келетіндер шыға бастапты. Олардың «Бұл – біздің жер, біздің қала!» деп келетін өзгені кеудеден итерер өктем сөздері жіліктің майлы басына майлы күйедей жабысып, айрылмай, қоңданып жүрген қоңсы елдің осындағы диаспорасына қарата айтылса мейлі еді. Керісінше, өздеріндей қазаққа, «айыбы» – Алатаудың етегінен алысырақта туған қандасына бағыт­талатын сияқты…
«Ит үреді, керуен көшеді» демей ме аталарымыз. Танымы танауының алдындағыдан аспайтын ат төбеліндей әулекі топтың ондай «әләуләйіне» қарамастан, Алматы – қазақтың қасиет­ті қара шаңырағы, әрі алаш баласын алаламай құшағын жайған жайсаң қалпында қала беретіні күмәнсіз.

Сәкен СЫБАНБАЙ

  АЙДЫНДАЙ БЕР, АЛМАТЫМ!

Ауылда 9-класта оқитын мектеп болмай 1963 жылы Алматыға келдік. Жатып оқитын мектеп-интернат іздеп. Алматыдағы 12-мектеп-интернат­тың жатақханасы Фурманов пен Фрунзе көшелерінің қиылысында екен. Жартылай жертөле үй. Оншақты бала топырлап бір бөлмеде тұрдық. Күн сайын бозалатаңнан сонау Горький паркі жақтағы мектебімізге қарай Панфилов паркі арқылы жөңкіліп бара жатамыз.

Алматыда өткен алпыс жылымыз осылай басталды. Алпысыншы жылдардағы Алматы ауылға ұқсайтын. Көшеде көлік аз. Алматының апорт­тары тура көшеде өсіп тұратын. Исі бұрқырап. Тротуарда сылдырап аққан бұлақ. Балалық әсерден бе, сол Алматы жүрекке тым жақын, жылы болды. Сондықтан да, алыс кетсек апорт жұпары аңқыған Алматымызды сағынатынбыз. 1995-2004 жылдары Прагада Азат­тық радиосында жұмыс істедік. Прага – ғажайып қала. Бірақ біз сарғайып Алматыны сағынатынбыз. Әуежайдан түскен сайын тура өз үйімізге келгендей болатынбыз. Бірінші Алматының қиқы-жиқы көшелерін көргенде елжіреп кететінбіз. Беу, Алматы! Жер бетінде жанға ыстық сендей мекен бар ма екен?! Алматыға бауыр басқанымыз сонша, бүгінге дейін басқа қалаға бара қалсақ күн өтпей Алматыға қашқымыз кеп тұрады. Алматысыз Қазақ­станды елестете алмаймыз.
1986 жыл. Желтоқсан. Алматының бас алаңы толған жастар. Жүректерінде – намыс. Көздерінде – жас. Қонаевты ғана емес, Кремль биліктен бүкіл қазақты лақтырғандай. Ел емессіңдер деп. «Қоянды қамыс, жігіт­ті намыс өлтіреді». Ал намыс буып алаңға шыққан жастар болса, Кремль шешіміне қарсы шығудың қаншалықты қауіпті екенін елер емес. Қауіп-қатерден қаймығар емес. Оларды аяған Роза апай ­Бағланова айқай салып тұр шырылдап, «Тараңдар! Құрисыңдар! Аямайды!» деп. Бірақ ашынып, жанығып алған жұрт ол басалқы сөзді тыңдар емес, тарқар емес. Ал алдарында Горбачев жіберген мұздай қарулы алыпсоқтар тұр. Қолдарында күрек. Ақыры, Роза апайдың айт­қаны келді. Кеш түсе, қалың әскер қазақ жастарына тап берді. Күректерін көтеріп. Алаң қанға боялды. Қып-қызыл шайқас басталды. Бір жағында – қарусыз жастар. Оған қарсы – қарулы жендет­тер. Жүздеген жас баудай түсті. Мыңдаған жас майып болды. Милиция бөлімшелеріне тоғытылды. Совет өкіметіне қарсы көтеріліс Алматыда бұрқ ет­ті. Бүкіл әлем БАҚ-тары шулап кет­ті. Өйткені бұл Совет Одағы аталатын қызыл империяның қабырғасына қарсы тас атқан алғашқы көтеріліс еді. Еш мызғымастай көрінген қызыл империя қабырғасы осы Алматы көтерілісінен кейін сықырлай бастады. Ақыры, шаңырағы шайқалып, 4-5 жылға жетпей құлап түсті. Желтоқсандықтардың қаны төгілген Алматының бас алаңында ата-бабамыз арман еткен Тәуелсіздік туы көтерілді. 1991 жыл. Тағы желтоқсан. Өмірге тәуелсіз Қазақ­стан келді. Тарихтың жаңа парағы ашылды. Қызыл империя күйрендісінің үстіне тәуелсіз Қазақ­стан тәй-тәй басып алғашқы қадам ат­тай бастады. Дүкендері жылан жалағандай ашқұрсақ Қазақ­стан. Бірақ біресе көк туына қол соққан, біресе төл теңгесіне қуанған, біресе елтаңбасына, біресе әнұранына мәз болған ашқұрсақ халық мойыр емес. «Мың өліп, мың тірілген», енді өлгені тіріліп, өшкені жана бастаған халық ешнәрсеге мойыр емес. Азат­тықтың ақ таңы атып, енді, дуылдасып, өз шаңырағын өзі көтеріп жат­ты. Қазақ­станның көк туын көріп қуанбай, қуарғандар болса миллиондап көшіп жат­ты. Жәй көшіп жатпады. «Көрерміз көктегендеріңді!» деп кекетіп кетіп жат­ты. Бұны біз өз көзімізбен көрдік. Тіптен Бзежинскийдің өзі бұл елдердің, Орталық Азия елдерінің тәуелсіз мемлекет болып аяққа тұрып кетуі екіталай деді. Күні ертең-ақ бұл аймақ, Орталық Азия шылқымбай соғыс ордасына айналып, бұндағы ұлт­тар бірінің басын бірі жұтады деп сәуегейленді. Әлем алдында.
Бзежинский айт­қандай болмаған­мен, Орталық Азия елдері ел болып аяққа тұрып кеткенше талай аласапыран күндерді бастан кешті. Дағдарыс Қазақ­станды да айналып өтпеді. 2022 жыл. Қаңтар. Әлеумет­тік әділетсіздік, ащы ішектей созылған жоқшылық кезінде дүрілдеп Желтоқсан өткен, одан кейін Тәуелсіздік туы тігілген басты алаңға жер қайысқан ашынған жастарды айдап шықты. Бұл жастар Алматыға сонау 90-шы жылдардан бастап, ауылда колхоз-совхоз тарап, жаппай жұмыссыздық басталғанда қалаға шұбырған жүздеген мың жастар еді. Ауылдан шыққан қазақ жастары болатын. Оларды Алматы құшақ жайып қарсы алмады. Олар базарларда тәшкі тасып күнелт­ті. Бірақ ол нәпақа тапқандары тамақтарына жетпеді. Олар қалада үй жалдап тұрды. Жоқшылық оларды банк табалдырығын ат­тат­ты. Басқа кім береді қаржыны?! Лажсыз несие алды. Сөйтіп, қарызға бат­ты. Банктер шектен шықты. Несие алғандардың мойнына ақылға сыймайтын процент­тер ілді. 10 процент­тен 25 процентке дейін. Еуропада банктердің аппетиті заңмен шектелген. 3-5 процент­тен аспайды. Қазақ­станда банктер басына келген процент­терді ілдіре берді, қарыз алушының мойнына. Оны төлей алмағандар тығырыққа тірелді. Мойнындағы қарыздан құтылудың жолы сол мойынды арқанға ілу деп білді. Алаңға қаңтар күндері осындай асқынған әлеумет­тік әділетсіздіктер айдап шықты Алматы жастарын. Бейбіт шерулер басталды. Сол екен әлеумет­тік әділет туралы әңгіме көтерген Қазақ­станның екінші президенті Қ.К.Тоқаевтың жаулары ол бейбіт шеруді арандат­ты. Алыстағы Әблязовтің құдайы берді. Барлық пәле өкімет­тен. Өкімет­ті төңкеру керек деген ұран тастады. Ол үшін мемлекет­тік мекемелердің күлін көкке ұшыруға шақырды. Сөйтіп, әлеумет­тік шеру Алматы алаңына жеткенше саяси шеруге айналды да кет­ті. Президент жауларының айтағымен олар жолда тұрғандарды жайпап өтетін тайфунға айналды. Тайфунға ғана емес, дүкен біткенді тонаушыға да айналып кет­ті. Алаңға жеткеннен кейін құқық қорғаушылармен бетпе-бет келді. Екі жақ бірін-бірі оққа байлап, ата бастады. Екі жақтан да шығын жүздеген адам болды. Президент резиденциясы, Алматы әкімшілік үйі отқа оранды. Қиратылды. Қарсы келгенді шерушілер қазық қылып жерге қақты. Бұ кез­де Тоқаевтың жаулары мемлекет­тік билікті тартып алу үшін Ақордаға кірді. Одан елден кетуді талап ет­ті. Тоқаев ОДКБ әскерін шақыруға мәжбүр болды. ОДКБ әскері Алматыға кіргенде бүлікшілдер елден қашып шыға бастады.
Айтпағымыз, Алматы сол бір қаңтар күндері тәуелсіздік тарихындағы ең бір ауыр қасірет­ті күндерді бастан кешті. Бірақ бұл әлеумет­тік дағдарыстан шыққан саяси дағдарыстың сабағы сұрапыл болды. Сұрапыл болғаны сол, әлеумет­тік әділетсіздіктің бұншалықты буырқануына себеп болған келеңсіздіктердің түп тамырына аяусыз балта шабуға тура келді. Яғни елде шапшаң саяси, экономикалық, әлеумет­тік реформалар жасауға билік мәжбүр болды. Елдің жарты байлығын иеленген 162 алпауыт екені айтылды. 1 млн-нан астам отандастарымыз 50 теңгеге қарап, тапқаны тамағына жетпей отырғаны айтылды. Азуын айға білеген алпауыт­тар Қазақ­стан байлығын шетел асырғаны ашық айтылды. Және сол алпауыт­тар заңсыз шетел асырған активтер мен млн-даған жер мемлекет меншігіне қайтарыла бастады. Әлі қайтарылып та жатыр. Осынау шапшаң реформалар нәтижесін халық көруге тиіс еді. Сондықтан халыққа арман болған бірнеше әлеумет­тік жобалар өмірге келді. Соның бірі – Қазақ­стан халқының 18-ге толмаған балаларына есепшот ашып, оған Ұлт­тық Қордан қаражат аударылатыны еді. Бұл жоба осы жаңа жылдан басталғалы отырғаны белгілі. Президент «Еститін мемлекет», «қарызсыз қоғам» туралы ұран көтерді. Бұл бастама қалың бұқара халық құлағына майдай жақты. Халық Тоқаевты жеті жылдық мерзімге қайта сайлады. Нәтижесінде, биыл ел экономикасы 5 пайыздық өсуді көрсет­ті. Ел бюджетіне қосылатын салықтың 5/1 бөлігін Алматы жинады. Яғни Алматы ел экономикасына үлес қосуда тағы да көш бастады.
Біз, Алматымызды мақтан етеміз. Тәуелсіздіктің туын көтергені үшін. Және байтақ отанымыздың рухани-мәдени астанасы болғаны үшін. Бірақ Алматы үшін алаңдаймыз. 1911 жылдың зілзаласын еске салып көшеде түйедей шөгіп жатқан үйтастарды көргенде қат­ты алаңдаймыз. Жаратқан Иеге жалбарынамыз, Алматыны осындай пәле-жаладан сақтай көр деп. Ей, Жаратқан Ие! Алматымызды сақтай гөр пәле-жаладан! Алматымыз айдындай берсін! Алматысыз Қазақ­станды елестету қиын.

Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақ­станның Халық жазушысы

ALMATY. АЛМАЛЫҚ. АЛМАТЫ

Ару Алматы. Әсем Алматы. Сүйікті Алматы. Мың мәрте айтылса да мың жасаған шаһардың шамын сөндірмей тұрған да осы сұлу сөз. Бұл сөз – адамдардың Алматыға деген аяулы махаббатының бір бекзат белгісі. Көп айтыла берсе кісіні жалықтыратын, дәмі кететін сөздер болады. Ал бұл сөздер анаңның аузымен айтылғандай, Алматыға арналған мыңдаған ән мен жыр арқылы да біздің санамызға әлдеқашан сіңіп, жүрегіміздің төріне орнығып алған. «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деген тәрізді жадымызда жаңғырып, жанымызды жылытып жүреді. Сол Алматы, біз кешегі 70-жылдары көрген Алматы бүгінде адам танымастай өзгеріп, көз алдымызда одан сайын абат­танып, айбат­танып барады. Әлемдік деңгейдегі инвестициялық, қаржы орталығына айналғаны өз алдына, бұрынғы үздік үрдісін сақтап, дала мен қала өркениетінің тоғысқан жеріне айналды. Бұл рет­те ұлт­тық құндылықтарға зор мән бере отырып, шаһардың рухани, мәдени дамуындағы іргелі ізденістерді атап өту керек. Соның бірі – жыл сайын оннан астам мемлекет­тен қатысатын «Ұлы дала көшпенділері ойыны», «Көктөбе опера», «Еңлікгүл» жобаларының дәстүрге айналып, жоғары деңгейде өтуі. Биылғы бір атап өтер жаңалық – күні кешеге дейін талай бұлақтың көзін ашып, жұмысын тоқтатқан «Жас қанат­тың» қайта қанат қағуы.
Бүгінде мұндағы оқу процесі заманауи талаптарға сай жаңғырып, кітапханалар ғажап үлгіде жаңартылып жатыр. Тіпті тәулік бойына жұмыс істейтін екі кітапхана іске қосылды. Оның үстіне мәдениет қызметкерлері жалақысының 30 пайызға өсуі бұл саланың жұмысына соны серпін берген. Сондай-ақ ғажайып үлгіде салынған мультимедиялық орталық кешегі, бүгінгі тарихтан сыр шертеді. Мұражайларға барушылар саны бірнеше есеге артқан.
Қалалық «Аманат» партиясының жанындағы «Мирас» мәдениет­ті қолдау қорының бұл саланы ілгерілетуге байланысты өз ой-ұсыныстарымен бөлісіп отыруының да ортақ іске тигізер пайдасы аз емес. Өзім үш мәрте депутат болып сайланған Алатау ауданында Сақ қорғандары орналасқан. Мұндағы тарихи этносаябақта жыл сайын әлгінде айт­қан «Ұлы дала көшпелілері ойынын» өткізу дәстүрге айналған.
Кейінгі жылдары Алматының рухани өрісін кеңейтіп, мазмұнын байы­тып келе жатқан осындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрын айрықша атауға болады. Әуелде жұртшылыққа мәдени орталық, клуб деңгейінде қызмет ете бастаған «Алатау» бүгінде үлкен сахналық қойылымдар мен бірнеше өнердің басын біріктірген, көрермені қалыптасқан іргелі ұжымға айналды.
Алматы – қазақтың байырғы интеллигенциясының, кешегі Ахаңдардың, Жақаңдардың табанының ізі қалған, кие, қасиет қонған жер. Қалада сол біртуарларымыздың рухына, бүгінгі айтулы тұлғаларымызға өз деңгейінде көрсетіліп жатқан шаралар да бір төбе, арнайы тақырыптың арқауы. Ұлылардың рухы жар болып, Алматы абат­тана, айбат­тана берсін!

Қали СӘРСЕНБАЙ,
Алматы қалалық мәслихатының үш шақырылымының депутаты

ЕЛДІГІМІЗДІҢ ТҰҒЫРЫН БЕКІТКЕН КИЕЛІ ШАҺАР

Мен Алматыға өткен ғасырдың жетпіс бесінші жылы, 17 жасар бозбала кезімде келдім. Содан бері ат­тай елу жылдай уақыт болған екен.
Жалынды жастық шағым, студент­тік жылдарым әсем қалада өт­ті. Алматыда менің шығармашылық өмірім қалыптасты. Қазақтың классик ақындарын көзім көріп, жандарында жүрдім. Ардақты ағаларыммен жақсы күндерде бірге жүріп, қамқорлығын көрдім, ақыл-кеңестерін тыңдадым. Алматыда 1980 жылы Политех­никалық институт­тың студенті кезімде «Бастау» ат­ты алғашқы жыр кітабым жарыққа шықты. Одан кейін де бірнеше кітаптарым осы Алматы баспаларынан шығып, оқырмандарыма жет­ті.

Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, одақтың Басқарма мүшесі, хатшысы атанып, шығармашылық еңбегімнің белестерінен өт­тім. Сүйікті қалам Алматының менің өмірімде орны ерекше! Алматыға бірнеше өлең-жыр арнадым.
Бүгінде менің сөзіме жазылған жүзден астам әсем әндер қазақтың дарынды әншілерінің орындауында әнсүйер тыңдарман жүрегіне жетіп, қуанышқа бөледі.
Жарты ғасырға жуық Алматыда тұрып, еңбек еткен жылдарымда тұңғыш рет алматылықтар мен қала қонақтарына арналған «Алматым – әнім, тағдырым» ат­ты жуырда шығармашылық ән-жыр кешім өт­ті. Қуанышқа кенеліп, көрермендер мен жырсүйер оқырмандардың құрметіне бөленген кешіме қолдау жасаған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев пен Алматы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаевқа ағалық алғысымды білдіремін.
Рухани ән-жыр кешімнің өте жоғары деңгейде өтуіне үлес қосып, атсалысқан «Алатау» дәстүрлі өнер театры ұжымына алғысымды айтамын!
Алматы… Бұл – тек қана шаһар атауы ғана емес, «қазақ» ат­ты таңғажайып халықтың, аяулы жұрт­тың асқақ арманын аялаған, үмітін үкілеген, бүгінде ұлы ұғымға айналған қасиет­ті мекен. Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі, елдігіміздің тұғырын бекіткен киелі мекен!
Тарихы мыңжылдықтарға кететін қаланың «Алматы» ат­ты киелі есімі әлі де талай ұрпақтың есінде сақталып, сезімін ғажайып күйге бөлері анық.
Гүл қала, арман қала – Алматы әр қазақтың жүрегінде!

Қасымхан БЕГМАНОВ,
ақын, Қазақ­станның еңбек
сіңірген қайраткері,
Қазақ­стан Жазушылар
одағы Басқарма
Төрағасының орынбасары

Ақ қанатты Алматым

«Ақ қанатты Алматым» – Қытай Халық Республикасының Ұлы Жібек жолындағы 100 қала бағдарламасы бойынша сол елдің тапсырысымен Алматыда басылған кітабым қытай тіліне де аударылды. «Фолиант» баспасынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзімен үстіміздегі жылы «Алматы» деген атпен қайта басылып шықты. Кітапта мың жасаған көне шаһардың ерте дәуірден күні бүгінге дейінгі сұлу бойжеткендей әдемілігі, тыныс-тіршілігі, тарихы хақында, мұнда тұрып еңбек еткен атақты адамдар өмірі, көз тартар ғимараттар туралы да жан-жақты қамтылған.

Осынау шағын мақаламды да осы кітаптың атауымен атауды жөн санадым. Көктөбенің биігіне шығып, шаһарға көз салар болсақ, шынында ол қанатын жайып жатқан алып құсқа ұқсайды. Ме­нің өмірімнің алпыс үш жылын өткізген сүйікті шаһарым еліміздегі ғана емес, әлемдегі ең әдемі қала екендігіне ешкім де күмән келтіре қоймас.
Жылдар жылжи берер, өз ғұмырында талай-талай қилы кезеңдерді, сәтті қадам­­дарды бастан өткізетін жеке адам­дар­дың тағдыры сияқты қалалар да аумалы-төкпелі кезеңдерді тарихынан өткізетіні ақиқат. Алматының талай-талай тәлейлі тарихын айтпай-ақ, сәулет­ті, сәнді қазіргі келбетінің өзі таң­ғалаларлық емес пе?!. Мұның бәрі жаз демей, қыс демей, күн демей, түн демей тер төккен алматылықтардың, әсіресе құрылысшылардың, шаһар көркінің тазалығына жауаптылардың, сан-саладағы қызметкерлердің еңбек­тері­нің жемісі ғой.
Басқа уақытты айтпағанда, өтіп бара жатқан 2023 жылдағы қадамына қарап-ақ көңіл көркейіп, көз қуанады. Қаламыз – еліміздегі ең ірі мегаполис қана емес, ел бюджетінің бас доноры, өндіріс саласының да қомақты өнім берушісі, қай саладан болса да көшбастаушы – драйвері саналатыны мақтаныш.
Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында мегаполистің түсімі 1 трлн теңгеден асып, еліміздің барлық өңірле­рі арасында абсолюттік рекордшы атанды. Шаһарда кәсіпкерлік сала­сында бұрын-соңды болмаған биіктік­ке жетіп, қыркүйек айында 113,1 мың жұмыс істеп тұрған компанияның бары анықталды.
Кез келген табыс ең алдымен еңбек­шіл жұртқа, сонан соң сол жұртқа жөн көрсетіп, жол сілтейтін басшылыққа да байланысты. Біз жоғарыда айтқан кітабымызда қаланың Верный аталған кезінен бастап бүгінге дейінгі барлық басшыларын атап, олардың соңында қалдырған жақсылы-жаманды іздеріне үңілгенбіз. Бүгінгі басшылыққа да халқы айта жүрер жақсы істерімен есте қалуларына тілектеспіз.
Тәуелсіздігіміздің көк байрағын алғаш­­қы болып көкке көтерген Ал­маты­­ның барша тұрғындарын айтулы осы мерекемізбен шын жүректен құттықтай­мын.

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, Мемлекеттік
сыйлықтың иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір