Жіппен тоқылған дала көріністері
13.12.2023
333
0

Осы жылдың 17-30 қазан аралығында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, ҚР Мәдениет қайраткері, Сәндік өнер кафедрасының профессоры Раушан Еркенқызының «Біз байқамайтын дүние» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті. Көрме осы қара шаңырақ – Қазақ ұлттық өнер академиясына аты берілген Қазақстанның мәдениет, әдебиет және өнер саласын дамытуға зор үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылды. 

      Күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, көп адам көңіл аудара бермейтін, тек жаны нәзік өнер адамдары мен кез келген дүниеге аса сезімталдықпен мән беретіндер ғана аңғаратын нәзік иірімдерді осы көрмеден тамашаладық. Көрменің «Біз байқамайтын дүние» деп аталуының бір себебі осында шығар деп ойладым.
Қазақ халқының маңдайына біткен заманауи суретшілер шоғырындағы ең жарық жұлдыздардың бірі, заманауи сәндік-қолданбалы өнерге еңбегі сіңген Раушан Базарбаева бұл салада өзінің ерекше қолтаңбасын да қалыптастырып үлгерген. Ол Жамбыл облысы Қордай ауданында туып өскен. 1980 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін (қазіргі таңда Орал Таңсықбаев атындағы Aлматы сәндік және қолданбалы өнер колледжі) бітірді. 1985 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) Сәндік өнер суретшісі мамандығы бойынша тәмамдап, ҚР Суретшілер одағы жанындағы «Өнер» көркемсурет-өндіріс шеберханаларында 5 жыл жұмыс істеді.


Өзінің табандылығымен, шығармашылық еңбегімен көзге түскен Раушан Базарбаева 1990 жылы ҚР Суретшілер одағына қабылданып, Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтында педагогикалық қызметін бастады. Бүгінде Раушан Базарбаева – 33 жыл педагогикалық және практикалық тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз, аталмыш академияның Кескіндеме, мүсін және дизайн факультетінің Сәндік өнер кафедрасының профессоры. 2013 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің көмегімен дарын иесінің шығармашылығы туралы үш тілде альбом-кітап жарық көрді.
Ұлттық болмыстан тамырланған туындыларын көрермен назарына ұсынып, 8 жеке көрмесін өткізген өнер иесі өз тәжірибесімен бөлісуден, әріптестеріне де, жас буынға да білгенін айтып отырудан жалыққан емес. Көркемсурет өнерінің түрлі жанрларын озық меңгерген суретші гобелен, батик, киізден жасалған паннолар, шым ши, оригиналды графика және т.б. техникалармен еркін жұмыс істейді. Осылардың ішінде Раушанның ең сүйікті жанры – гобелен. Бұл көрмеде суретшінің 16 гобелен жұмысы мен киізден жасалған панносы көрерменнің көзайымына айналды.


Оның ең танымал жұмыстарының бірі – «Желден де жүйрік» атты гобелені (2016 ж.). Қазіргі нарықтық заманда автордың рұқсатынсыз бірталай гобелен тоқушылар осы шығарманың көшірмелерін жасап сатуда. Бұл жайдың өзі шебер шығармаларының тек кәсіби шеберлер мен суретшілер арасында ғана емес, халық арасында да кеңінен танымал екенін айғақтаса керек. Аталмыш туындысында автор бала кезінде көріп, үлкен әсер алған, дала төсінде екпіндеп шауып бара жатқан қазақтың төрт түлігінің төресі, қасиетті жануар – жылқылар табынының көрінісін бейнелеген. «Қазақ ұлт болып қалғаны үшін ат пен анаға қарыздар. Осыншама кең байтақ жерді бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп, білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтап қалды. Бізге, ұрпаққа аманат етіп тапсырды. Осының бәрі желден жүйрік сәйгүліктердің арқасы, мойындауымыз керек», – деп жазған екен қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданында сахна өнері (театр актері) мен атбегілік өнерін қатар ұстап өмірден өткен Жұмахан Халықұлы. Ұйытқи соққан жел, желмен жарысқан жүйрік жылқылар өткен тарихтың бедерін ғана емес, қазіргі заманның, өмір ағынының жылдамдығын да астарлап тұрған секілді. Суретшінің өзге де көптеген композициялары динамизмімен ерекшеленеді. Мысалы, жылқылар мен бұғылар, ұшып бара жатқан құстар бейнеленген «Кеш», «Өткел», «Таң» атты гобелендеріне де айрықша динамизм тән.


«Уақыт өзені» гобеленін (2003) Раушан Базарбаеваның шығармашылық қолтаңбасының ең көрнектілерінің бірі деуге болады. Суретші бұл шығармасында терең философиялық негізге сүйене отырып, уақытша және мәңгілік, өтпелі және өміршең ұғымдарын көркемсурет тілімен кейіптеген. «Әр адамның өз уақыт өзені бар, өмірдің бос өткіншілігі мен өтпелілігінің артында жасырынған мызғымас мәңгілік қағидаттар бар. Ол – алдан өмірдің қандай сынағы тап келсе де, қандай екпіндегі толқын туласа да, адамгершілік, адамдық қасиеттерден айнымау», – дейді автордың өзі.
Тағы бір көрінісімен де, көркемдігімен де таңдандыратын шығармалардың бірі «Өткел» (1998) деп аталады. Мұнда автор бұғылар өтіп бара жатқан өткелді қызғылт сары және көк түсті бөліктерге бөліп, оларды адам өмірінде болатын белестермен астастыра байланыстырған. «Әр адамның жасына сәйкес өмірдегі оқиғаларын жыл мезгілдерінің, аптап ыстық пен суықтың өтпелі күйлерімен салыстыруға болады. Өзеннен өткенде тазару, жаңару құбылысы болатынындай, өмір өткелінен өткенде де адам баласының жаны түлеп, қайтадан жаңғырғандай күй кешеді». Бұл да – мақала кейіпкерінің өмірден түйген ойы.


Өз халқының шығу тегіне, мәдени табиғатына аса терең мән беретін Раушан Базарбаева Қазақстандағы петроглифтер тақырыбын да назардан тыс қалдырмаған. Ол бұл тақырыпты қызықты түрде түсіндіреді. «Күн жүзділер» атты гобеленінде кеңістік бірнеше жазықтыққа бөлініп, «екі күн жүзді құдай» галактикалар мен жұлдыздарды жағу кезіндегі керемет шығармашылық сәтінде суреттеледі.
Шебер шығармаларының тағы бір тұтас сериясы ежелгі сақ мәдениетіне арналған. «Сақ диадемасына импровизация», «Сақ сарыны», «Айдаһармен саяхат» триптихі (2016) туындыларында суретші өткен дәуірлердің белгілеріне айналған әйгілі археологиялық нысандарға өзінше интерпретация жасайды. Раушан Базарбаеваның осы сияқты бірқатар шығармалары Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының қорына алынған. Өнер мен білімді ұштастырып, жемісті еңбек етіп келе жатқан қылқалам иесінің қаламынан әлі талай шығармалар туатыны сөзсіз.

Жанна РАМАДАНОВА,
өнертану магистрі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір