«Ортеке» фестивалі қалай өт­ті?
13.05.2023
819
0

Қазақ­стан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі VI Халықаралық «Ортеке» қуыршақ театрларының фестивалін Алматы қаласында 21-29 сәуір аралығында өткізді. Аталмыш фестивальге Корей Республикасынан FFWANG театры, Грузиядан И.Гогебашвили атындағы мемлекет­тік кәсіби қуыршақ театры, Түркиядан «TIVATRO ТEMPO» (байқаудан тыс), Өзбекстаннан Ферғана облыстық қуыршақ театры, Қырғызстаннан Н.Шамурзаев атындағы Ош облыстық қуыршақ театры, Қазақ­станнан Алматы қаласының Мемлекет­тік қуыршақ театры, Астана қаласы әкімдігінің қуыршақ театры, Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры, Маңғыстау облыстық қуыршақ театры, Шымкент қалалық қуыршақтар мен жас көрермендер театры, Ақмола облыстық орыс драма театрының «KINDER THEATER» труп­пасы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясы («Қуыршақ театр актері» бөлімі 4 курс студент­терінің спектаклі) және Тотал театры қатысты.
Біздің қолымызға қалам алдырған мәселе осы фестивальдің олқы тұстарына байланысты болып отыр. Былтырдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын өткізетін Республикалық және Халықаралық («Орталық Азия елдерінің театр фестивалі», «Ортеке» екі жылда бір рет өтеді) театр фестивальдерін өз қарамағына қарайтын театрларға бөліп берді. Өткен жылы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлт­тық драма театры Орталық Азия елдерінің Халықаралық VIII театрлар фестивалін, Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театры Қазақ­стан драма театрларының Республикалық XXVIII фестивалін өткізуге атсалысты.     
Биылғы «Ортеке» театр фестивалі министрлік тарапынан Республикалық Мемлекет­тік академиялық корей музыкалық комедия театрына тапсырылған екен. Шынын айту керек, Алматы қаласында екі бірдей өнердің қара шаңырағына айналған М.Әуезов атындағы Қазақ ұлт­тық драма театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театры тұрған кезде «Ортеке» қуыршақ театр фестиваліне корей театрының жауапты болуы естіген құлаққа да, көрген көзге де біртүрлі әсер қалдырды. Негізі фестиваль қуыршақ театрларына арналғандықтан да Алматы қаласының Мемлекет­тік қуыршақ театрының еншісіне лайық. 90 жылға жуық тарихы бар бұл театр министрлікке қарамаса да, фестивальдің өзіне тән ерекшелігін ескеріп, Алматы қаласының әкімдігімен келісім-шарт жасасып, тығырықтан шығу жолы қарастырылса жөн болар еді. Өйткені «Ортеке» – халқымыздың ұлт­тық келбетін танытатын фестиваль. Біздің мемлекетіміздің алдында еліміздің ұзақ ғасырлар бойы жасаған мәдени мұрасы мен өнерін түгендеп алу, оны бүгінгі заманның игілігіне жарату тәрізді маңызды міндет­терді іске асыру өткір қойылып отырғанын бәрімізге жақсы мәлім. Ал біз болсақ, өз елімізде, өз жерімізде отырып ұлт­тық рухымызды асқақтататын «Ортеке» фестивалін корей театрында өткізуіміз елдігімізге сын болды. Алыс-жақын шетелден келген фестиваль қатысушыларына ішкі мәселемізді айтып отырмаймыз ғой. Олар «Ортеке» деген кезде көз алдарына қазақтың рухы мен жанын елестетіні сөзсіз.
Біз Мемлекет­тік академиялық корей музыкалық комедия театрының ұжымын кінәлап отырған жоқпыз. Олар халқымыздың салт-дәстүрін қадірлеп, үнемі құрмет­теп жүреді. Бірақ бұрын халықаралық деңгейде үлкен іс-шара ұйымдастырып көрмеген корей театры өздерінде мүлде тәжірибе жоқтығын көрсетіп, ұйымдастыру тарапынан көптеген кемшіліктер жіберді. Біріншіден, бес күнде өткізуге болатын фестивальді тоғыз күнге дейін созған. Бұл мемлекет қаржысын босқа шашу. Ұйымдастырушылар қуыршақ театры спектакльдерінің ұзақтығы 40-50 минут­тан аспайтынын ескермеген. Яғни, бір күнде үш спекталь көріп, арасында шеберлік сыныптар мен дөңгелек үстелдер өткізуге уақыт артығымен жетуші еді.
Екіншіден, Корей театрының сахнасы қуыршақ қойылымдарын қоюға сәйкес емес. Соған байланысты осы театрда көрсетілетін спектакльдердің біразы Мемлекет­тік қуыршақ театрына ауыстырылды. Нақтылап айт­қанда, қуыршақ театры түріне, оны қимылға келтіру тәсіліне қарай бірнеше топқа жіктеледі: қол қуыршақтары (перчаточные куклы), сырықты қуыршақтар (тростевые куклы), жіп­пен қозғалатын қуыршақтар (марионеточные куклы), көлеңкелі қуыршақтар (теньевые куклы) т.б. Осыған қарап-ақ, корей театр­ының сахнасы қуыршақ спектакльдеріне арналмағанын дәлелдеп жатудың өзі артық. Осындай көп жүйелі, көп түрлі, көп салалы қуыршақ театр өнері күрделі техникалық жабдықтауды қажет етеді. Олай болса әлемнің әр түкпірінен фестивальге қатысуға келген өнер шеберлеріне спектакль көрсететін сахна талапқа сай болуы тиіс.
Үшіншіден, фестивальдің нақты критерийі жасалмаған. Кішкентай көрермендерге арналған (3-5 жас) қуыршақ спектакльдерімен бірге, сан ғасырлық тарихы бар дәстүрлі алаңдық қуыршақ театр спектаклі және үлкендерге арналған қуыршақ спектаклі (18 жастан жоғары) де араласып кеткен.
Төртіншіден: Халықаралық, Республикалық, аймақтық деңгейде өткізілетін фестивальдерге қатыстырылатын спектакльдер міндет­ті түрде алдын ала театртанушылардан жасақталған сараптамалық комиссия­ның талқылауынан өткізілуі қажет болатын. Барлығымыз жақсы білеміз фестиваль – үздіктер жарысы, яғни тәжірибе алмасу үшін жасалады. Бұл нағыз кәсібиліктің жоғары деңгейін көрсетіп, бәсеке көрігін қыздыратын жарыс деп қарағанымыз жөн. Кез келген фестивальдің негізгі мақсаты – театр өнерінің жетістіктерін көпшілік алдында таразыға тартып, кәсіби салмағын бағамдау, бүгінгі театр өнерінің қай бағытқа ойысып бара жатқанынан хабардар ету. Ал, аталған фестивальге қатыстырылған спектакльдердің бір-екеуі болмаса бүгінгі қуыршақ театрында болып жатқан жаңа үрдістермен, қуыршақтарды жасаудағы жаңа технологиямен таныстырды деп айта алмаймыз.
«Бір шерім мың шерімді қозғайды» дегендей былтырғы Халықаралық Орталық Азия елдері фестивалінде көрсетілген қойылымдардың көркемдік деңгейінің өте нашар болғанын әлі ұмытқан жоқпыз. Себебі, ұйымдастырушылар өзге Республикалардың Мәдениет министрлігімен алдын ала жұмыстар жүргізбеген. Содан барып, фестиваль уақыты жақындаған кезде олардан келіп түскен спектакльдерді амалсыз қатыстыруға тура келді. Бұл — «Ортеке» фестивалінде де қайталанды.
Бесінші мәселе, осындай Халықаралық театр фестивальдерінің қазылар алқасының құрамына үнемі шетелден театр сыншылары мен актерлерді немесе режиссерлерді қосады. Бұл жолы қазылар құрамында Корей Республикасынан режиссер, ГИТИС-тің түлегі Кан Тхе Сик, Түркия Республикасынан қуыршақ театрының актрисасы, Tempo театрының жетекшісі, Анкара Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің директоры Мариана Юдже, Грузиядан театр сыншысы, Шота Руставели атындағы Грузия мемлекет­тік театр және кино университетінің профессоры, Phd докторы Лаша Чхартишвили болды. Бұл мамандардың біліктілігіне дау айтпаймыз. Дегенмен қуыршақ спектакльдерін талдаған кезде ең бастысы қуыршақтардың жүргізілуі, қуыршақпен бейне жасаудың ерекшеліктері, қандай қуыршақтармен өнер көрсетіліп жатқаны туралы нақты айтылуы тиіс еді. Бірақ өкінішке қарай, спектакльдің сыртқы пішініне көбірек мән беріліп қуыршақ театрының өзіне тән ерекшелігіне қатысты талдаулар болған жоқ. Фестивальдің соңғы күні көрсетілген Алматы қаласының Мемлекет­тік қуыршақ театрының «Мен бір жұмбақ адаммын. Абай» спектакліне шетелдік үш сыншы да пікір айтудан бас тарт­ты. Ұлы Абайдың даналығын әр қырынан көрсететін А.Зайцевтің бұл спектаклі фестивальдің көрігін қыздырды. Театр қуыршақтарды ойнатумен бірге, драма театрының үлгісінде ойын көрсетуі – елеулі құбылыс болғанын атап өтуіміз керек. Қуыршақ театрының бар мүмкіндігін асқан шеберлікпен пайдалана білген режиссер актерлер мен қуыршақтарды, би мен пантомиманы, сөзді, жарықты, дыбысты, музыканы, сахналық эффектілерді де орынды қолданған. Ақын әлеміне терең сүңгіп, шығармашылық тұлғаның жан азабын небір символдар мен метафоралар арқылы өрнектеген режиссердің бейнелі шешімдері еш қиындықсыз оқылып тұрды. Бірақ Кан Тхе Сик пен М.Юдже мұндай спектакльді ұқпағандарын алға тартса, Л.Чхартишвили «бұл спектакль туралы ойымды басқа фестивальде айт­қанмын» деп сөйлемеді. Керісінше, отандық театр сыншылары А.Еркебай мен М.Жақсылықова аталған спектакльді кәсіби тұрғыда жан-жақты талдап берді.
Бұған дейін де елімізде өткізілген Халықаралық театр фестивальдерінде сырт жақтан келіп пікір білдіріп жүрген театр сыншыларының қалай сөйлейтіндерін талай рет тыңдадық. Біздің театртанушылардан асып талдау жасаған ешқайсысын көрмедік. Тіпті Еуропа мемлекет­терінен келген театр сыншыларының спектакль біте салысымен пікір айтудан бас тартқандарын да көзіміз көрген. Содан кейін фестивальде қазылар алқасының мүшесі болған шетелдік театр сыншылары жарты бет мақала да жазған емес. Ал отандық театртанушылар қазақ театр өнерінің даму бағыты туралы қалт жібермей зерт­теп, ғылыми-зерт­теу жұмыстарын жүргізіп отырғандықтан да еліміздегі әрбір театрдың тынысын жақсы біледі. Бір сөзбен айт­қанда, Бағыбек Құндақбайұлы мен Әшірбек Сығай негізін қалаған қазақ­стандық театр­танушылық мектептің мықты екенін мойындайтын кез жет­ті. Қазақ театр сынының қос алыбы «өзгелерге күніміз түспесін» деп осыдан 33 жыл бұрын «Театртану» мамандығын ашты. Өкінішке қарай, бізде өз мамандарымызды менсінбеушілік қалыптасқан. Спектакльді талдай алмаса да басқа мемлекет­тен шақырылған сыншыларға әулиедей табынып, бастарын иіп отырғанын көрген кезде «қайнайды қаның, ашиды жаның» деген Абайдың сөзі еріксіз еске оралады. Өзгелерге бас шұлғи беретін құлдық психологиядан арыла алмай жүрміз. Дәл қазіргі кезде Орталық Азия бойынша Қазақ­стан театртанушы мамандар даярлауда алдыңғы орында тұр. Оны бізбен араласып жүрген өзге мемлекет­тердің театр қайраткерлері әлдеқашан мойындаған. Сөзіміз дәлелді болу үшін бір ғана мысал келтірейік, Қырғызстанда 1-2 ғана театртанушы бар. (Олардың өзі бізден бітірген). Өйткені оларда бұл мамандық оқытылмайды.
Қазақ­станда «Театр сыншылар бірлестігінің» жұмыс жасап жатқанына бесінші жыл болды. Бүкіл театр сыншылары еліміздегі кез келген театрдың хал-күйін бес саусағындай біледі. Мұны айтып отырған себебіміз, әлемдік театр өнерінде фестивальдің қазылар алқасының мүшелігіне тек қана театр сыншылары бекітіледі. Біздің елімізде де, фестиваль жұмысын сараптауға кілең театр сыншыларын енгізетін кез келді. Әркім өз мамандығымен айналысса, істің нәтижелі болатыны әлімсақтан аян. Әйтпесе, бірер жылдан кейін кейбір театр директорлары фестивальді «меншіктеп» жеке монополия жасап алса таңғалмайтын боламыз.
Бүгінгі таңда қазақ театрының әлемдік мәдени кеңістікте бәсекелестік деңгейіне жету үшін әлі талай жұмыс істеу керектігін елімізде өтіп жатқан театр фестивальдері дәлелдеді. Біз дүниежүзілік театр кеңістігіне еркін шығу үшін міндет­ті түрде біріншіден: фестивальдің ұйымдастырушылық-менеджерлік негізін күшейтуді, екіншіден, фестиваль критерийін жасауға театртанушыларды қосуды, үшіншіден, фестивальге қатыстырылатын спектакльдерді іріктеуді кем дегенде бір жыл бұрын бастауды қолға алу керекпіз. Өзге мемлекет­терде театртанушылар әр елге арнайы барып, фестивальге қатысуға ұсыныс жасаған театрдың спектаклін көріп, басқа да қойы­лымдарын қарап, елеп-екшеп, іріктеп барып фестиваль бағдарламасына қосады. Осы жүйені біз де қабылдауымыз керек. Фестиваль­ді ұйымдастыратын дирекция театр­­ сыншыларынан құрылып, жыл көлемінде жұмыс жасауы тиіс.
Қорыта айт­қанда, елімізде өткізілетін әрбір Халықаралық театр фестивалі теа­тр өнері саласындағы ынтымақтастық пен достық байланыстарды нығайтып, театр өнерінің көркемдік көкжиегін кеңейту болып табылады. Олай болса, бұл фестивальде жіберілген олқылықтарды келесі фестивальге дейін жөндеуді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің құзырындағы театр саласымен айналысатын жауапты лауазым иелері қадағалауға міндет­ті.

Бақыт НҰРПЕЙІС,
өнертану докторы, профессор, театртанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір