Айтыс-тартыс болмаса, сайлаудың сәні кірмейді
Саясатты оңғақ ойынның бір түрі деп білеміз. Өйткені саясатқа құбылу тән. Бүгін – былай, ертең – алай дегендей… Сондықтан саясатпен айтылған сөздер мен саяси ұрандардың өзгеріп тұруы да заңды. Әйтсе де, саясат – өнер, саясат – өмір. Саясатпен әркім-ақ шұғылдануға ерікті. Саясат ешкімнің меншігі емес. Елімізде өтіп жатқан сайлауалды науқаны бізге осы жайтты ұзақ жылдардан кейін ұқтырған сияқты. Бұған мажоритарлық сайлау жүйесі мүмкіндік туғызғанын осы арада екпін түсіре айтуға тиіспіз. Оның үстіне ҚР Сайлау туралы заңының 2-бабында (Сайлау бостандығы): «Республикадағы сайлау Республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркiн жүзеге асыруына негiзделедi» деп нақты көрсетілген.
Осы бапты және жалпы Сайлау жайындағы заңды мейілінше пайдалануға ұмтылған қоғам белсенділері бұл күндері сайлау науқанының көрігін қыздыруда. Көптен бері мұндай сайлауды көрмеген ел іші де әрбір үміткердің сөзі мен ісіне елеңдеп, қара басының емес, қалың бұқараның талап-тілегіне саятын арыз-арманын күн тәртібіне қойып-ақ жатыр.
Партия жетекшілерінің арасында республикалық телеарналардан бірнеше рет теледебаттар ұйымдастырылды. Бұрын билік партиясы атанған «Нұр Отанның» алдында бүгежектеп тұратын партия өкілдері қазіргі «Аманатты» аламанға шақырып, ойларын ашық айтуда. «Экономикалық дағдарысқа, саяси тоқырауға сендер кінәлісіңдер!» – дейді олар. Есесіне, «Аманаттың» да саяси оппоненттерінің бетін қайтаратын уәжі мен дәлел-дәйегі бар.
Саяси тартыс – саяси партиялардың ғана емес, жекелеген үміткерлердің де арасында көрініс тапты. Мысалы, тәуелсіз кандидат Арман Шораев Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаевты саяси сатқын деуге дейін барды. Сөйтіп, оны ашық дебатқа шақырды. Ертісбаев та өз кезегінде үнсіз қалмай, Шораевқа қоса Гүлжан Ерғалиеваны да қаржылық топтардан астыртын ақша алады деп айыптады. Ал ақын Хамиттың ашулы қызы Гүлжан Ерғалиева Ертісбаевты «коллаборционист» деп салды. Онымен қоймай, халықты Халық партиясына қарсы дауыс беруге шақырды.
Жетісуда ақын, қандастар көшінің қыр-сырын жақсы білетін Ауыт Мұқибек бәсекелесі Руслан Қожасбаевты дебатқа шақырып жүр.
Біз аттары аталған азаматтарға тегін жарнама жасап отырған жоқпыз, сайлаудың «сәнін» келтірген солар болған соң, азды-кем шолу жасаған болдық. Әрине, сайлау тартысты өтуі керек. Үміткерлер мен саяси партиялардың арасында тартыс болмаса, айтыс болмаса, оның несі сайлау? Алайда, ұзақ жылғы үнсіздік, азаматтардың саяси белсенділігінің шектелуі – Мәжіліс пен Мәслихат депутаттарын сайлауалды науқанына ептеп көлеңкесін де түсіріп келеді. Неге десеңіз, саяси партиялардың ел ішін аралауы, еңбек ұжымдарымен кездесулері, бағдарламаларын таныстыруы бәз-баяғы қалпында. Бірақ көштің жүре түзелеріне бек сенгіміз келеді. Сайлаулар қоғамға аса керек науқан. Сайлау – халықтың саяси ерік жігерін ұштайды, билікке бақылауды күшейтеді. ҚР-ның өзгертіліп, толықтырылған, жаңарған Ата Заңы мен Сайлау туралы заң біздің қоғамға осындай мүмкіндік сыйлап отыр.
Д.Қасенұлы