ПОЭЗИЯ – ӨНЕРДІҢ БИІК ШЫҢЫ
15.03.2023
1312
0

2020 жылдың 1 тамызы мен 10 қазаны аралығында Колумбияның Медельин қаласында әлемдік деңгейде маңызы бар 30-шы халық­аралық поэзия фестивалі өт­ті. Бұл шараға 103 елден 200 ақын қатысқан.
Осыған орай назарларың­ызға фестивальдің негізін қалаушы, ақын, Нобель сыйлығының бір нұсқасы саналатын «Үлгі боларлықтай өмір салтын ұстанғаны үшін» сыйлығының лауреаты Фернандо Рендон мен ақын, Кембридждегі халықаралық поэтикалық фестивальдің ұйымдастырушысы Ричард Береншартеннің поэзияның мәні мен мағынасы туралы мақаласын ұсынамыз.

Фернандо РЕНДОН

70 күн шалқыған поэзия

Террорға қарсы поэзия

Колумбия екі жүз жыл бойы азамат­тық соғыс, геноцид, жаппай адам өлтіру, саяси қарсыластардың көзін жою, зорлықпен эскпроприация жасау және миллиондаған адамдарды күшпен көшіру, азғантай адамның уысынан шықпаған билік секілді террордан көз ашпады. Бұл оқиғалар тоталитарлы режимдердің кезек-кезек келуіне ықпал ет­ті. Әлдебір отбасылардың үрім-бұтағы мемлекет­ті меншіктеп алды, әскерилерді қарсы шыққан халыққа айдап салды, кедей қылды, сауатсыздандырды, жұмыссыздық белең алды, антисанитария жайлады. Бір өкініштісі, мұндай жағдай біраз елде бар. Зұлымдықты жеңуге болады, бірақ оның түрі көп. Өткен жарты ғасырда миллиондаған адам қаза тапты. Тоқтаусыз құлдырап келе жатқан әділетсіз жүйенің кесірінен туындаған әлеумет­тік теңсіздік салдарынан елге наркотрафик еніп кетіп, мемлекет­ті әлсіретіп жіберді. 1991 жылы мафия Медельинді бомбалағанда дәл осындай жағдай болып еді. Дегенмен сол уақыт­та Медельинде Халықаралық поэзия фестивалі құрылды. Соғыс әлі жалғасып жат­ты.
Поэзия өрт ішіндегі үндеместердің сөзі, поэзия нәпақасыз қалған және қор болған адамдардың зарын көрсетеді. Медельинде пайда болған поэтикалық қозғалыс – барлық террорлық әрекет­терге қарсы жауап. Поэзия халықты жап­пай көшеге, алаңға шығуға шақырып, әлемнің ортақ екенін, адамдардың бір-біріне бауыр екенін, сондай-ақ азаптың ауқымдылығын көрсет­ті. Осылайша поэзия мұң мен зарды басатын дәріге айналып, адамдарды жұмылдырды. Поэзия – қазіргі ауқымды цифрлы әлемде барлық кеңістікке тарады. Оны ағылшын ақыны Ричард Берренгартен «Жүріңдер, бірігіңдер» ат­ты еңбегінде айтпақшы: «Медельин поэзияның адамзат еркіндігінің негізгі элементі екенін көрсеткен құбылыс».

Поэзия – заңдылықтардың көрінісі

Табиғат заңдылықтарға тәуелді. Поэзия – күллі ғаламның, жыл мезгілдерінің, табиғат құбылыстары мен тіріжандылардың сөзі. Ол барлық тіршіліктің мәңгілік сипатын көрсетеді. Алғашқы қауымдар әлі күнге дейін ата-бабаның әндері мен билері, халық медицинасы, сол күйі сақталған салт­тар арқылы бізге жеткен поэзияға арқа сүйеген. Поэзияның жүрегі адамдар жер бетінде пайда болғаннан бері лүпілдеп соғып тұр. Оның алғашқы дәстүрлері мен әпсаналары сақталған. Мифтік поэзия болашақ үшін әлі де азық бола алады. Медельиндегі поэзия фестивалі құрылған отыз жылдан бері оған 175 елдің 1700-ге жуық ақыны қатысты (Ричард Беренгартен: «Поэзия әлемнің кез келген мәдениетінде инклюзивті орталық элемент»). Ақындар жүз шақты тілде өлең оқып, ән шырқап, өзінің әділдігіне сенімді Колумбия халқына қолдау көрсет­ті. Поэзия бейбітшілік пен әлемді сүйетін бар халықты құшағына алған, бір аспан астында жақсылық үшін күрес толастамайтынын көрсет­ті.

Жоқтан бар ет­тік

 Алғашқы Медельин поэзия фестивалі жоқ жерден пайда болды, әлде бір барда, телефон дүңгіршіктерін пайдаланып, өткен ғасырдың соңында қайдан пайда болғаны белгісіз достар бомба мен оқтың ортасында поэтикалық туыстық пен рухын желеу етіп, тойлауға бел шеше кірісті. Әлем мен елде сезілген азап пен қайғының ортасында, адам білмес Медельиннің бір түкпірінде фестиваль менмұндалап тойлана бастады. Фестиваль бәріне көндігуді, кесірі көп нигилизмді, әзіл арқалаған скептизмді, бәсекелестік өршіген индивидуализмнен іргені алшақ салып, өлімді қасқайып қарсы алатын, адамдардың ажалы мен қор болуын тоқтатуға бел шешіп кіріскен өз принциптерін биік қойды. Біз басынан бастап өз жеңісімізге сенімді болдық. Өйткені біздің қолымызда қауқарлы қару – поэзия бар болатын. Сен-Джон Перс: «өмірдің өз-өзінен бас тартуы мүмкін деген қате пікір» деп жазады. Поэзия тілі осындай сенімге негізделген. Түс көру де өлімнің барлық формасын талдап, жаңа қызығушылықтарға жол ашады. Ажал өмірден құрбандық талап етеді. Өмір – ажал қордалаған жерде қайта өсіп шығады.
Отыз жыл бойы Медельиндегі поэтикалық өмір қайнап жат­ты. Фестиваль қаржылық кедергілер мен ресми қатерлерге, қуғындауға, ақпарат құралдары тарапынан жасалған қарсы насихатқа және мәдени қарсылыққа төтеп берді. Шараға әлемнің өз заманының ұлы ақындарының көбі қатысты. 2011 жылы бұл қалада поэзияны ынталандыруға бағыт­талған, ақындар арасындағы диалогтарға ықпал ететін бүкіләлемдік ақындар қозғалысы пайда болды. Осы ауқымда барлық құрлықтарда ондаған фестивальдар өт­ті.
2020 жылы пандемия болып, билік бізді үйге қамап тастады. Соған қарамастан әлем ақындары арасындағы өзара байланыс бұрынғыдан да күшейе түсті. Планетаның әр түкпірінде мыңдаған поэзия алаулары тұтанды. Фестиваль өзінің алғашқы отыз жылдығын теңдессіз акциямен атап өт­ті. 1 тамыздан 10 қазанға дейін 103 елдің 200 ақыны 132 поэтикалық оқу мен диалог өткізіп, оны 385 мың көрермен (өнер бәріне ортақ) тамашалады. Фестиваль әр тілдегі поэзияның біртұтас болуына мүмкіндік жасады. «70 күн бойы Медельинде су жаңа жер серіктік интернет-технологияларға қолданып, ұйымдастырушылар ғаламдық деңгейде ашықтықты көрсетіп, жеке адамдар мен бұрынғы және заманауи ақындардың мыңдаған арманын әлем халқына сәт­ті жеткізе алды» (Ричард Беренгартен). Ақындар ата-бабасының жадысын мұраға алады және оны қайта жаңғыртады, олар – адамзат жетістігіне деген сағыныштың айнасы секілді. Осылайша жоқтан бар жасалады, ал поэзия өз қызметін атқара береді.

Барлық өлеңнің түбі бір

Ежелгі анонимді поэзия – қуат­ты жүйенің бір саласы. «Иллиада» мен «Одиссея» Гомер қиялының жаңғырығы емес. Ауызекі тілде тараған дәстүр, тіл мен тарих – халыққа тән. Ұлы поэманы миллиондаған тіршілік иесі жазды. Гильгамеш туралы эпос, әдебиет­тегі тұңғыш эпикалық поэма, көптеген халықтардың мифтік зерт­теулерінің ежелгі жаңғыры. Гильгамеш ажал қаупінен арылу үшін су өсімдігін («уршанаби», кәрі жасқа айналады) іздейді. Өз бауыры Энкиданың қазасын сегіз күн жоқтағаннан кейін ол мәңгілік өмір сүруге бел шешеді. Теңізден бір қамыс табады. Алайда ол қамысты жылан тартып алады. Поэзия осылайша ажалға қарсылықты, адамзат­тың рухани қауқарын паш етеді.
Барлық өлеңдер бір-бірімен байланысты. Бір-бірін толықтырып тұрады. Яғни органикалық тіршіліктің прообразы. Олар барлық замандардың үрейі мен түсінен, қиындықты жеңіп шығуға деген үміті мен тілегінен қалыптасады. Жер мен ғалам сияқты кәрі жасқа айналады. Оған тіл мен поэзия тікелей әсер етеді.

Поэзия – баба сөзі, жер сөзі

Медельин поэзиясы бастапқы жады мен өмірдің таусылмас қайнарын паш ет­ті. Фестиваль құрылғалы бері бабалар дауысын тыңдауға, табиғат пен планета өмірін қорғауға шақырды. Біз жермен тығыз байланыстымыз. Өмір қайта жалғасады. Осыдан бастап қалада шағын ағаш үйлері бар, жарығы көмескі саябақтар болмайды. Орман ішінде жаңа қалалар бой көтереді. Біз тауларға, жазықтарға, өзендер мен мұхит­тарға ие болмаймыз. Біз ата-аналар мен балалар сияқты бір-бірімізбен бірге жақын болуымыз керек. Біз тіршілікке қамқор болуымыз керек, себебі тіршілік дегеніміз – біз. Поэзия – тіршілік тілі. Біздің сөздеріміз жалғыз тағдырымызды жоққа шығара алмайды. Алғашқы қауымдардың дәстүрі – біз үшін таптырмас мектеп. Олар бізге барлық тіршілік иесінің өмірін қастерлеуді үйрет­ті.


Ричард БЕРЕНГАРТЕН

ПОЭЗИЯ ДЕГЕНІМІЗ – ҮЗДІКСІЗ ҚОЗҒАЛЫС

1. Жаһандық COVID пандемиясы кезінде Медельиндегі халықаралық поэтикалық фестиваль нағыз гуманитарлық-мәдени фестивальге айналды. Осылайша әлемдегі өзге поэтикалық фестивальдер үшін биік деңгейдің не екенін көрсет­ті.
2. Заманауи халықаралық поэтикалық фестивальдер қозғалысы алпысыншы жылдардың басында басталды. 2020 жылы 70 күн бойы жаһандық поэтикалық шараларды ұйым­дастыру үшін Медельин фестивалі жерсерікті ғаламтордың мүмкіндігін пайдаланып, халықаралық поэтикалық фестивальдерді өткізу барысын жаңа деңгейге шығарды. Оған 100-ден астам елдің 200-ден астам ақыны қатысты. Осылайша Медельин жекелеген ақындардың көптеген буынға ұласатын арманы мен ойын еститін алаңға айналды. 2020 жылы өткен 30-фестивальдің өте әсерлі болғаны да сондықтан.
3. Адам болу – тіл үйрену, пайдалану, оқу және мұра ретінде қалдыру. Бұл дегеніміз – тіл аумағында өмір сүру, тіл арқылы танылу (ең алдымен ана тілің арқылы), тіл арқылы уайымға бату, зерт­теу және әлемді түсіну және әлем арқылы тілді түсіну, сондай-ақ тіл арқылы ойлау, ойыңды жеткізу, өзгенің сезімін түсіну ғана емес, тілдің хикметіне бөлену, ләззатқа бату. Поэзия әу бастан тілге байланғандықтан, адамдығымыздың көрінісі осы поэзия өнерінде бейнеленеді.
4. Бұның (фестивальдің) өзегі – қозғалыстың өзін бейнелейді және қарым-қатынастағы еркіндіктің қуа­нышы мен қуаныш еркіндігін біріктіреді. Өмірдің өзі – қозғалыс. Екі еселенген қуаныш пен еркіндікті тіл арқылы бейнелеу және бөлісу кезінде поэзия ауызекі тілдің шеңберінен шығып кетеді. Сол үшін поэзия – тілдің би үстіндегі сәті десек болар.
5. Осылайша Медельин әлемдегі өзге фестивальдер секілді поэзияны басты нысан етіп алып, адамзат рухын тойлайды. Ол былай тұрсын, поэзияда жырланған рух поэзияның өзімен шектелмейді. Тамыры тереңге кеткен поэзиядағы қуат жаппай жайылып, тіршілік атаулының бәріне тарайды. Поэзия бұл – тіршіліктің бүршік жарғаны. «Поэзия, – дейді Уильям Вордсворт, – бар білімнің демі, мамықтай жұмсақ рухы; әр ғылымның бойында бар құштарлық» (лирикалық балладаларға алғысөз). «Поэзия – мәңгілік өмір салты, оның мәңгілік мәнінен көрінетін бейне», – деп жазады Перси Биши Шелли. Өмір, ғылым, өмір сүру салты, қайта гүлдеу – Медельиннің даңқын асқақтатын қасиет.
6. Вордсворт пен Шеллидің айтқанына қосарым – поэзия рухы меймандос, дархан әрі қонақжай рух. Дархандықтың өзі жан-дүниенің байлығын білдіреді. Сондай-ақ жүрегі таза, кең, жомарт әрі нәзік рухтың көрінісі бұл. Поэзияның жұмбағы осы дархандықтан басталады десек, оның өзі ашық әрі асқан құдіретке ие. Ондағы мағына жеке бір адамға ғана тән қасиет­терді де, жалпыға ортақ мәнге де ие. Мәтін өткен шақта, қазір, болашақта жазылса да өлең ағылшын тіліндегі жаныңда болу және сыйлық секілді сөздердің бар мағынасындағы сипақта ие. Поэзия рухы өзіне ұмтылған әркімге қолұшын созады, сондай-ақ поэзия рухы тілегіңді қабыл алады. Медельин поэтикалық фестивалінің рухы да дәл осы мағынадағы қасиет­терге ие.
7. Бұның бәрі Медельин фестивалінің инклюзивті екенін ғана көрсетпейді, оның инклюзивтігі одан әрі ширап, тереңдеп барады. Бұл дегеніміз – Медельинді сипат­тауда нақты анықталған, актуальды тұрғысынан ғана қарамай, ауқымы, амбициясы, тереңдігі, болашаққа сақтап келе жатқан, өзі соған шақыратын құндылықтары жөнінен де қарау керек. Бұл, ЮНЕСКО адамзат­тың рухани құндылығы деп көрсеткен сипатқа ие нәрсе. Мұның бәрі – пәтерді жалға алу, күтім жасау, қорғау секілді өзара сенімге құрылған.
8. Оған қоса инклюзивтігінің арқасында бүгін Медельин фестивалінің жетістігі – поэзия әлемнің әр мәдениетінің негізгі элементі, әр жеке мәдениет­тің негізгі элементі екені, оған байлаулы әрі қайталанбас шығарма екені белгілі бола тұра өлеңдердің бәрі дерлік бір үлкен поэманың бір бөлімі екенін көрсете алуы. Бұл адамзат­тың табиғат­тағы, табиғат­тың адамзат­тағы жалғыз әуенді поэмасы және оны қиял арқылы айту керек. Октавио Пас (1914-1998) және басқа көптеген ақындар өмір бойы шығармашылығында айтып келген көзден таса қалған бұл шындықты Медельин фестивалі өңге айналдырды.
Палеолит кезеңінен бері поэзия адамзат қауымының бір бөлігіне айналды, поэзияның әлдебір формасын білмейтін қауым болмады. Дегенмен поэзия белгілі бір нәрсеге байлаулы болса да, әртүрлі бейнеде, транстарихтық, шектен тыс ойларда да әрдайым ашық еді. Мен бұл жерде діни мағынадағы санадан тыс түсініктерді айтып тұрған жоқпын. Мен бұл өмірдің өзге жағы туралы сөз қозғап отырмын. Бұл – барлық кезеңдердегі адамдарға ортақ нәрсе.
Бұл барлық дін мен философияның бастауына айналған тәжірибе деп ойлаймын. (Өзге дауыс: заманауи поэзия туралы эссе – 153-154).
Медельин адамдардың жасына, тегіне, жынысына, тіліне және басқа да деректерге қарамайтын бәріне тие­сілі поэзияның біртұтас өнер екенін көрсет­ті. Бізді біріктіретін де бөлетін қасиет­тер: сенім, этникалық бөлініс, таптық көзқарас, табыс, мәртебе және т.б. Басқаша айтқанда, Медельин поэзия фестивалі поэзия рухының өзі тек бір ғана қауымды емес, барлық адамдар қауымдастығын, бар тіршілікті, барлық материяны, барлық энергияны қорғайтынын айқын дәлелдеп берді. Бұл инклюзивтіліктің «өзінен тыс» деп аталатын мағына ие болуы парадокс секілді көрінуі мүмкін. Демек, ол – әмбебап
9. Жоғарыда өмір – қозғалыстың өзі деп сипат­талған төртінші мәлімдемені алайық: Медельин поэзия жеке адами қиялда тамырын тереңге жайғанының арқасында, ХІХ ғасырдың басындағы романтик ақындар (мысалы, Блейк, Байрон және Шелли) жырлаған адам еркіндігінің негізгі элементі екенін көрсет­ті және поэзия әділетсіздікке қарсы сөйлейді, жапа шеккендердің атынан сөйлейді.
10. Осылайша Медельин поэзияның әлемді қорғау, мәдениет­тілік, ар, өзіңді сыйлау, өзгеге құрмет, махаббат, табиғи теңдік, үйлесім, адамға ғана тән емес, өзге бар тіршіліктің физикалық, психикалық, эмоционалды әрі рухани (haleness, wholeness) аспектілерінің байланысы секілді, осы күндегі ғана емес, барлық кезеңдегі ең ғажап қозғалыстардың маңызды бейнесі екенін тағы да дәлелдеді. Сондай-ақ Медельиндегі ақындар қауымының жиыны уақыт өте өсіп келеді және барлық ақындар мен адамдарға тарап жатыр. Бұл жиын үлкен бірлестікке айналған.
11. Бұл тұрғыда Медельин фестивалінің маңызды аспектісінің бірі – балалар мен жастарды өлең оқуға, тыңдау­ға, жазуға баулу, сондай-ақ олардың қиялдау, шығармашылық ойлауына жол ашу. Ағылшын ақыны Энтоны Рудольф айтқандай, бұл дәйектің бәрін қамтығанда «поэзия болашақты болжайды, үздіксіз қозғалысты меңзейді» (екі бокалдағы вино 45). Болашақты болжау дегеніміз – болашаққа сенім үшін күресу ғана емес, Жер ғаламшарындағы барлық тіршілік атаулының болашағын қорғау жолында үлес қосу.
12. Поэзия жасау және оны оқу – өткенің мен бүгінің және болашағыңа деген асқан қамқорлықтың белгісі. Материалды және рухани мұра тұрғысынан қарасақ, поэзияның салтанат құруы – болашақ жолындағы әрекет. Өткенің, бүгінгің, болашағың Медельин поэтикалық фестивалінде жоғары бағаланады.

Әзірлеген
Абзал СҮЛЕЙМЕН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір