«Көрген түсіңе мән бер…»
07.03.2023
526
0

Жазушы Мағира Қожахметованы оқырманға таныстырып жатудың қажеті жоқ шығар. Аса таңсық әрі танымдық проза жанрында ерекше туындыларымен танылып жүрген жазушы «Түс саяхаттар», «Адам құпия» сияқты кітаптарымен әдеби ортаны дүр сілкіндіргені ақиқат. Соңғы кездері М.Қожахметова балалар мен жасөспірімдерге арналған «Балбұлақ» журналын шығарып жүр. 

– Мерекеңізбен, көктемнің алғашқы күндері «Қазақ әдебиеті» өзіңізді әңгімеге тартуды жөн санап отыр…

– Рақмет. Рас, көктем деген керемет қой. Бірақ шынымды айтсам, 8-наурызды өз басым мереке деп санамаппын. Бірақ іні-қарындастарым құттықтап жатады.

– Былтырғы «Шашылған энциклопедиядан» соң баспасөз бетінде көрінбей кеттіңіз…
– Дәл қазір қат-қабат шаруадан бас көтере алмай жүрмін. Сондықтан сенімен ұзақ сөйлесуге мұршам да жоқ. Жеке жобам бойынша 22 жылдан бері шығарып келе жатқан «Балбұлақ» балалар журналы мен танымдық, медициналық «Дертке дауа» газетінің кезекті сандарын дайындап отырмын.
«Балбұлақ» менің тағдырыма, хоббиіме айналды. Үлкендерден көңіл қалғанда… күнәдан пәк балалар әлеміне саяхаттаған да – дертке дауа.
Жазира деген қызға өзінің көрген түсінің мазмұнын жаздырып, суреттерін салғызғанмын. Жазираның жазғандары мен суреттері сондай сәтті шығып, оқырманға жол тартты. Мұндай тапсырманы қайбір жылы Ақтөбе облысы, Қандыағаш қалалық жалпы білім беретін № 1 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Аманжолова Аружан Ғалымжанқызы елгезектікпен дайындап, бір топ баланың көрген түстерін жазғызып, суреттерін де жариялағанбыз. Балалар бірден қызығып, манадай жауаптар жаза бастады. Назар салыңызшы:  
«Бұл әсем үйді мен түсімде көрдім. Не деген ғажап десеңізші, қалқыған бұлттардың ортасында тұрған үй!
Жангүл Жүсіпова,
6 сынып оқушысы».

«Мен түсімде анам сыйлаған көйлекпен жүр екенмін. Өзім тігін машинасымен әр түрлі киім тігіп отырмын. Бір кезде мен отырған дүкенге бір топ адам кіріп келді. Сөйтіп, олардың бәрі маған тапсырыс бере бастады. Мен қолдан шаш қыстырғыш, көйлек, жейде, тағы да басқа заттар тігіп жаттым. Ұйқымнан оянған сәтте, ойыма бір идея келді. Мен өскенде, дизайнерлік шеберхана ашамын.
Аружан Самбекова,
7 «б» сынып оқушысы».

«Түсімде өзім осындай супермен боп жүремін. Көбінесе мстительдерді (сірә, кек алушы дегені болар. -ред) көремін. Бәрін жеңетіндей мықты сияқтымын.
Керей Айбек 6 «а» класс оқушысы».
«Түсімде хан болып жүргенімді көрдім. Мен үлкен алтын төрде отырмын. Анадай жерде маған тиіскен құлдар жүрген сияқты. Әлден уақытта «Санжар, кешірші», –  деп кешірім сұрап жатты… Кенет анам мені оятып, «сабаққа кешігесің, тұр» деді.

Санжар Болат,
7 «б» сынып оқушысы».
«Аспаннан ақша жауып, машиналар ұшып жүр. Бір кезде аспан қып-қызыл боп кетеді. Метеорит құлап, басқа жат планеталықтардың тарелкасы ұшып жүр. Өзге ғаламшарлық маған: «Менің сағатымды табуға көмектессең, мен сенің арманыңды орындаймын», – дейді. Сөйтіп оның сағатын тауып бердім. Ол маған көптеген бағалы сыйлықтар берді. Және оның өз еліне қайтып кеткенін бақылап тұрдым.
Дильназ Абдрахимова,
7 «б» сынып оқушысы.

«Айға сапар шегіп, жақыннан көруді армандайтын едім. Түсімде өзімнің арманыма сапар шегіп, қатты қуандым. Сенесіздер ме, түсімде Айда болдым! Бірақ та бұл менің түсім болып шықты».
Жанна Жолбаева,
7 «б» сынып оқушысы».

– Тапсырмаңыз балаларға қатты әсер еткен екен ғой…
– Иә, міне, осылай басталып, жалғаса береді балақайлардың шығармашылық алғашқы ізденісі. Көрген түстері құйтақандай түрлеріне қарамастан, тың идеяға бағыттайды, қиялдарын шарықтатып, ойларын байытады, қысқа-нұсқа нақтылыққа үйретеді. Енді осы түстерді сәл үлкендеуінен қалай жорып түсіндіруін сұрап, ішкі сана, сезімдерін байытып қалыптастырудың мүмкіндіктерін де іздеуге болар еді. Осындай небір ғажайыпқа тұнған әсерлері келешектерін айқындап, мінез, қылықтарын қалыптастыратынына сенемін. Ал салған суреттері қандай ғажап десеңізші! Балақайларға «Көрген түсіңе мән бер» деп, жүйелі түрде жариялауға тырысқаныммен, ұдайы сәті түсе қоймайды. Тәрбиеші,  ұстаз, ата-аналардың пәлендей қолдамайтынына қынжыламын. Жақында ғана Алматыдағы Мәжит Бегалин атындағы №120  гимназияның 4 «ә» сынып оқушыларымен кездесіп, арман-тілектерін тыңдадым. Қандай түс көретіндерін сұрағанымда, жүздері жадырап, шетінен айта бастады. Тіпті кейінірек сынып жетекшісі Венера Құсайынованың бақылауымен көрген түстері бойынша сурет салғызып, журналда шығаруға уәделестік.

– «Түс саяхаттар» деген кітабыңызды да оқырман қауымның жылы қабылдағаны есте…
– Түс деген – құпияға толы құбылыс.
Балалардың түстерін З.Фрейд бүлдіршіннің жан тыныштығын сақтайтын түнгі қамқоршыға теңеп, ұйқыда көргенінің күндізгі жәйттерге әсері – өкініш, орындалмаған тілек, сағыныш, ашу, ызадан құтылуға көмектесетінін жазған болатын. Қалай десек те, баланың түсі оның өмірінің бір бөлшегі, қиялы мен ықыласынан, қорқынышынан, арман, тілектерінен ұдайы хабар береді. Сондықтан ата-ана, тәрбиеші, ұстаздар жеткіншектерге мейлінше көңіл бөліп, тыңдай білуі қажет.

– Адам көрген түсін құпия ұстауы керек деген де түсінік бар емес пе?
– Менің ойымша балаға көрген түсін айтқызып, сурет салғызудың маңызы зор. Қандай тұйық баланың өзі мұндайда жадырап шыға келеді. Пікірін ашық айтуға дағдыланады, ішінде жасырынған түйткілге жол ашылады. Қиялы шарықтап, шығармашылыққа бейімделеді. Тұншыққан қабілеті оянады.
Балалық шақта көрген кейбір түстің тұтастай тағдырды айқындайтыны да ұшырасады. «Алтыншы сыныпта оқып жүргенде көрген түсімді ешқашан ұмытпаймын, – дейді Жидегүл Әбдіжәділқызы, – ауылда тұрдық, тіпті сыртқа шығып, қала көрген емеспін. Түсімде көп қабатты үйлерді, кең көшелерді аралап жүрмін. «Мұндай да керемет болады екен ғой» деймін қатты таңырқап. Көп қабатты зәулім сарайға жақындап, табалдырығынан аттаймын. Бірінші қабаттың есік алдындағы кісі кітапхана жәшікшелері тәрізді қаз-қатар тізілген картотекаларды тез-тез саусақтарымен ақтарып, мұқият қарап, менің фамилиямды іздейді. Орнымнан қозғалмай біршама кідірдім. Әлден уақытта «Бұ жерде жоқ екен, өте бер, тұрма мұнда, екінші қабатқа көтеріл» дейді бұйыра сөйлеп. Жалт-жұлт әйнек, есік, терезелер, бәрі таңсық, ертегі сияқты, сөйтіп екінші қабатқа жеттім».

– Қазір Жидегүлдің өзі үлкен азамат, қаламгер. Бала күнгі түсі қабыл болған екен ғой?
– Қуанышты сезіммен оянған Жидегүл сонда он бір, он екі жаста болса керек. Оқу озаты, балалардың «Ұлан» газеті мен «Ақ желкен» журналына алғашқы өлеңдері жариялана бастаған. Осы түсінің мәні бірнеше жылдан кейін университеттің журналистика факуль­тетіне қабылданғанда айқындалды. Дәл сол түсіндегі көшелер, көп қабатты үйлер – Алматы қаласы, зәулім сарай – Қазақтың мемлекеттік университеті: ал, журналистика факультеті расында екінші қабатта боп шықты. Қазір Жидегүл филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Радио, тележурналистика, тікелей эфирдің қыр-сырын студенттерге үйретіп, талай оқулық, кітаптар жазған. Ақындығы және бар. Жан-жақты қабілет иесі. Жидегүл Әбдіжәділқызының балауса кезіндегі сол бір түсінің кинодағыдай бояуының қанықтығы сонша, қанша уақыт өтсе де күні бүгінгідей көз алдыңда тұрады.

– Әмсе, жақсы түсіміз қабыл болғай!
– Алда-жалда зер салсақ, осыған ұқсас түстер әрқайсымыздың санамызда тұншыға  мүлгуі мүмкін. Алматы қаласы көшелеріндегі газет-журналдар сатылатын дүңгіршектерді (киоск) тұңғыш рет көргенімде, бұлардың кішкентай кезімде түсімде әлденеше рет қылаң бергені есіме оралып, қатты қайран қалғанмын. Осы жазып отырғаным отыз, қырық жылдан бері тиіп-қашып жариялап жүрген «Түс – саяхаттар» циклының балаларға арналған тарауы болса керек. Ендігі тұста бұны – ғылыми тұжырымды айналымға, іс, тәжірибеге жалғастырып, балабақша, бастауыш сыныптарға түс көріп, мазмұнын жазу, суретін салу сағатын енгізудің жолын табуым қажет.
– Тамаша идея. Тағы да қандай жоспарыңыз бар?
– Тек ол ғана емес, жеке жобамыз бойынша қазақ ертегілерінің, батырлар жырының желісімен (ішінде тіл үйрену­дің тың әдісі бар) талантты суретші, ұстаз Айгүл Хакімжановамен бірігіп дайындаған «Балаларға арналған текшелер ойыны» мен «Қуыршақтарды киіндіру ойыны» жинақтарымды да он жеті жылдан бері айналымға түсіре алмай қойдым. Сол жинақтарды қаржы тауып, өзіміз шығарсақ дейміз!
– Игі істеріңізге сәттілік тілеймін.
– Рақмет

  Сұхбаттасқан
Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір