ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАН ЕДІ
Кез келген қоғамның қай заманда, қай кеңістікте болмасын қайырымды, әділетті, ізгілікті болуы ең алдымен сол қоғамда өмір сүретін оның белсенді, көзі ашық, көкірегі ояу мүшелеріне байланысты. Олар осы қағидаттарды болмысына берік бекітіп, басқалардың да осындай талаптарды қатаң сақтауымен тығыз байланысты болатынын дәлелдеп жатудың еш қажеті жоқ.
Адами қасиеттерді ата-ананың қанымен, тәрбиесімен бойына сіңіріп, соны айналасындағылармен қарым-қатынас барысында таныта білетін ізгілікті жандар әрине бар. Ондайларды жаны жайсаңдар қатарына қосамыз. Біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз – София Тұланқызы Жұмағұлова сондай аяулылардың бірі еді. Софиямен қызметтес, әріптес болып, жақын араласқандардың бәрі оның ішкі дүниесінің алғаусыз екенін сезінер еді. Оның сыртқы көркем келбеті мен ішкі әлемінің астасуы әрин,е сирек кездесетін адами болмыс. Өкінішке қарай ол жарты ғасырдан астам уақыт отасқан жары – профессор Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұловтың көз алдында ана дүниеге аттанып кете барды.
София Тұланқызы ортамызда жүргенде біз оның 75 жасын арқа-жарқа тойлап жатқан болар едік. Әкесі Тұлан Ахметов – соғыс ардагері, Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы. Совет және шаруашылық салаларында басшылық қызметтер атқарған. Кейін Алматы халыққа тұрмыстық қызмет көрсету министрлігінде көп жылдар жауапты міндеттердің тізгінін ұстайды. Жұбайы Мукарама Садыққызымен қол ұстаса жүріп, ұл-қыз тәрбиелеп өсіреді. Ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірлерінде сан-салалы қызметтер атқарады. Солардың бірі – София Алматы қаласындағы №40 мектепті бітіргеннен кейін, 1966 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті (бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті) тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1971 жылы үздік бітіреді. Қызығы көп сол бір студенттік жылдарда София Тұланқызы өзінің болашақ өмірлік серігі Қалқаман Жұмағұловты жолықтырады. Екеуі де бір курстың оқу озаттары еді. София Тұланқызы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Өз тобының комсоргы, факультеттің «Тарихшы» студенттік газетінің редколлегия мүшесі, студенттік ғылыми ұйымы Кеңесінің мүшесі болады. Тарих факультетін үздік тәмамдаған жұбайы Қ.Жұмағұлов факультеттегі Жалпы тарих кафедрасының оқытушы кызметіне бірден қабылданады. Мамандығы мен қызметіне адал Қалқаман Тұрсынұлы жарты ғасырдан астам уақыт факультетте ұстаздық қызмет атқарып келеді. Бұл күндері ол – белгілі тарихшы-ғалым, Отан тарихы мен әлем тарихының көрнекті ірі маманы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА құрметті академигі, Германияның Геттинген университетінің құрметті профессоры. «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының құрметті азаматы. «Майдандағы жеңістің артында тыл тұрады» демекші, әр азаматтың жетістіктерінің тілекшісі отбасы мен жұбайы екені рас. Қалқаман Тұрсынұлының ғылымдағы биіктерді игеруіне София Тұланқызының да қосқан үлесі зор. Оны Қалекеңнің өзі де әрдайым тіліне тиек ете жүреді.
София Тұланқызы да еңбек жолын факультетте бастады. Ол осындағы Қазақ ССР тарихы кабинетінің меңгерушілігінен, көп ұзамай университеттің гуманитарлык факультеттері оқу бөлімінің бастығы қызметіне ауысты. Өз міндетін жауапкершілікпен әрі сапалы атқаруымен ғылыми орта назарына іліккен ол Шеттілдері институтының (қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті) оқу бөлімінің бастығы қызметіне шақырылады. Ал кейінірек София Тұланқызы Алматыдағы Республикалық Орталық музейде бөлім бастығы, директордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Қай жерде, қандай қызметте болса да София Тұланқызы кәсіби білім мен шеберлігін танытып, адамгершілік қасиеттерімен көпшілік құрметіне бөленді.
Ұлттық университетте жаңа мамандықтардың ашылуына байланысты ол 1996 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Археология және этнология кафедрасының аға оқытушы қызметіне қайта шақырылып, маман ретінде «мұражай ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығының ашылуына және оның қалыптасуына зор үлес қосты. Он жыл бойы студенттерге негізгі базалық пәндерден дәріс оқып, тәжірибелік жұмыстарды да қатар жүргізді. Оқыту, тәрбие жұмыстарына белсене араласқан ол бірнеше медальдармен, мақтау грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды. 2006 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін оқытушылық қызметтен қол үзген жоқ.
Университетте әріптес, екі кафедрада бірге қызмет атқарыса жүріп, София Тұланқызымен өте сыйлас болдық. Оған жансерігі Қалқаман Тұрсынұлы мені жерлесің әрі інішегің деп таныстырғанда София балаша қуанғаны әлі есімде. Сол кезден бастап ол мені өзіне іні санап, іш тартып жүрді.
София Тұланқызы – құрметті ұстаз, ең алдымен, жұбайының сүйікті жары, отанасы. Ұлы Санжар мен қызы Жаннаның мейірімді анасы, немерелері Карина, Сабина, Әлихандардың мерейлі әжесі болды.
Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай, София Тұланқызының өмірден өткеніне де жеті айдың жүзі болыпты. Арамызда жүрсе, ақпан айының басында жетпіс беске толар еді. Тағдырға не шара, отбасына амандық тілейміз.
Берекет КӘРІБАЕВ
ҚР ҰҒА академигі,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің профессоры,
тарих ғылымының докторы