ЕСКІ ЖЫЛДЫҢ ЕСЕБІ
Хош, сонымен 2022 жылға қош айтқалы отырмыз. Ескі жыл есіркегей! Жаңа жыл жарылқағай! Келер жылдан үміт көп. Ал өткен жылға…
Әрине, «өткенге өкпе жүрмейді» (Әбіш Кекілбайұлы). Тек… тек қаңтарда қаңтарылып қала жаздағанымыз болмаса. Біздің осы мақаланы жазу үшін қолымызға қалам алған себебіміз жыл бойы он бір мәрте шыққан жастар шығармашылығына арналған «Жас Тұлпар» қосымшасының жылдық қорытындысын Мәртебелі Оқырманға жеткізу еді. Әуелі осынау қосымшаның айына бір-ақ рет шығатынын тағы да бір ескертуді жөн санаймыз.
Ал бұл аралықта қолына қалам ұстаған жастардың шығармашылығын, сан алуан салада көзге түсіп, өз ісінің маманына айналған көгенкөздердің бәрін дерлік қамтуға тырысып баққанымызбен, көлемі шектеулі ЖТ-ның мүмкіндігі жетпегені де рас. Кем-кетіктеріміз бен қате-кемшіліктерімізге түсіністікпен қарайтындарыңызға сенеміз. Ендеше, есебімізге назар салыңыз.Жастар елімізде, әлемде болып жатқан түрлі-түрлі өзгеріске бей-жай қарай алмайды. Жер-жаһанның қуанышы мен қасіреті, шаттығы мен қайғысы бірінші жастардың жүрегіне сәуле түсіреді, тырнағын батырады. Сондықтан да «Жас тұлпардың» биылғы алғашқы санының шымылдығын «Бүлікшіл адам: Жастар ел болашағына неге сенбейді?» деген тақырыппен «Алқа» отырысы түрді. Онда «Жастар ел болашағы нұрлы боларына неге күмәнданады? Бүгінгі билікке неге сенбейді? Өз елінде өгейсулерінің түпкі себебі неде? «Ашулы жастарды» әлеуметтік проблемалардан басқа не толғандырады?» секілді сұрақтардың жауабын табуға тырыстық. Бұдан бөлек, сол санда кеңес өкіметінің «жаназасы» боп шырқалған «Перемень» әнінің авторы, ақын, әнші Виктор Цойдың өлеңдерінің де жас аудармашының (менің – автор.) тәржімесімен ұсындық. Сонда жарияланған «Қаралы қаңтарда» жазылған жас ақындардың өлеңдері де қыршынынан қиылған жастардың рухына тағзым еді.
Аударма дегеннен шығады, осыған дейінгі қосымшаның он бір санында бес тәржіма жарық көрді. Олар – өлеңдер мен ертегілер және Түрік жаңа заман прозасының өкілі Гүлшен Фұнданың әңгімесі. Шүкір, қазір аудармашылардың саны артқан. Олар қадари-хәлінше классикалық шығармалардан бастап, кеше ғана Нобель сыйлығын алған ақын-жазушылардың туындыларын да аударып жүр. Ал аудармалардың сапасына, көркемдік өрісіне әдебиеттанушылар мен тіл ғалымдары назар аударса деген ниет-тілегіміз бар.
ЖТ-дың биылғы он бір санында жиырма екі жас ақынның өлеңдерін жалпақ жұртқа жариялаған екенбіз. Авторлардың бәрі де – қазақ әдебиетінің үдерісін бақылап жүретін, өлеңсүйер оқырманға белгілі немесе тырнақалды туындыларымен-ақ талантын танытқан ақындар. Кейбірін сол өлеңдерге жазылған сын-мақалалармен қатар бердік. Бұған қоса, республикалық деңгейде ұйымдастырылған мүшәйраларда топ жарған өлеңдерді де бөліп-жармай ұсындық.
ЖТ бетінде жас авторлар мен жас қаламгерлердің шығармашылығына арналған орта буын қаламгерлердің мақалалары жарық көрді. Сонымен қатар, «жас тұлпарлардың» да дүниелері шығудай-ақ шықты. Олардың тақырып аясы да кең. Кино өнері, музыка өнері, әдебиет пен мәдениет жайы, ЖТ-да жарияланған өлеңдер мен әңгімелер турасындағы сараптама, сын, танымдық дүниелер қамтылған.
Өкінішке қарай, биыл прозадан жеті шығарманы ғана алдарыңызға тарттық. Неге бұлай? Бұған, біріншіден, жастардың көлемді шығармаларға құлаш ұруы себеп. Бұл, әрине, қуантады. Екіншіден, редакциямызға келіп түскен әңгімелердің көбінің сапасы сын көтермейді. «Ауруын жасырған өледі» деген, тілі жұтаң, ойы көмескі, образы қашалмаған, кейіпкерінің жандүниесін аша алмаған, оқиға мен қызыл сөзді қызықтап «бұрқырата берген» шығармаларды оқырмандардың назарына ұсынуға ұялдық. «Әттеген-айымыз» – осы.
Екі эссе жарияладық. Ненің қалай екенін бөгенайынан танитын оқырмандарымыз болмаса, біздің өзіміз қосымшаға шығарған дүниелерге баға беруіміз әбестік болар.
Ертегілер де назардан тыс қалған жоқ. Жоғарыда келтіргеніміздей, ондаған дүниежүзі халықтарының ертегілері орыс тілінен аударылып берілді. Одан басқа, жас қаламгерлер Айым Алтайқызы мен Азамат Әбілқайырдың ертегілерін де газет бетінен оқыдыңыздар.
Түрлі тақырыптағы сауалнамалар жүргіздік. Қолына қалам ұстаған өскелең ұрпаққа өнеге, сабақ болсын деген ниетпен аға буын жазушылардан шығармашылық жолы, жастық максимализмі, жазуға ынталандырған немесе керісінше, жазудан алыстатқан жағдайларды сұрадық. Жас авторлардан бүгінгі әдеби үдеріс төңірегіндегі, қазақ әдебиетінің қазіргі ахуалы туралы ойларын білдік. Сауалнамалардың саны – үшеу.
Емен-жарқын сұхбат та құрдық. Жалпы саны – бесеу. Кейбірі «Әңгіме туралы әңгіме» айдарымен жарық көрді. Онда авторлардың әңгімесіне, нақтырақ, әңгімедегі штрихтар мен детальдарға, кейіпкерлер мен қолданған әдіс-тәсілдеріне, шығармасындағы үлкен жазушылардың әсеріне тоқталып, шығармашылық шеберханасын ашуға ұмтылдық.
Міне, барыс жылындағы барысымыз осылай болды. Айтарымызды ірікпедік, бірақ көкіректе сайрап тұрған тақырыптар қаншама! Редакция ұжымымен ақылдаса отырып, елуге тарта автордың жазған-сызғанын дер шағында «жарқ еткіздік», дегенмен бізге жетпегені, біздің қолымыз жетпегені нешеме! Әртүрлі бағытта жазатын жас қаламгерлерді қатар жарияладық. Тарих-төреші көп өтпей-ақ іріктей, сұрыптай бастайды. Уақыт сынынан сүрінбей өткені ғана әдебиет айдынындағы ғұмырын жалғастырар. Бастысы, Абай айтқан талап та, еңбек те, терең ой да бар. Қалғанын қадірменді оқырманның еншісіне қалдырдық.
Санаулы күндерден соң жаңа жылдың ақ парағына сия жұқтырамыз. Қаламға серт!
Асылан Қуанышұлы