БІЗ СОНДА КІМДІ АЛДАП ЖҮРМІЗ?
05.11.2022
786
0

Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының 30 жылдығы аясында КСРО халық артисі, профессор Х.Бөкееваның туғанына 105 жыл толуына орай алғаш рет I Республикалық моноспектакльдер фестивалі өтті.

Ала-құла он қойылым

Алғашқыда моноспектакльдер фестиваліне шақырту алғанымда таңғалғанымды жасырмаймын. Өйткені фестиваль деңгейінде өткізердей моноспектакльдердің саны көп пе деген ой қылаң ете қалды. Кейін қолымызға тиген бағдарламадан Толғанай, Медея, Гамлет, Лир секілді күрделі рөлдердің барын көрдік. Жанында серіктестері болған күнде де түбегейлі ашылуына көне бермейтін мұндай ірі пландағы кейіпкерлер жалғыз адамның орындауында қалай шығар екен деген уайым болмады емес, болды. Қойылымның ауыр жүгін бір сағат бойы бір өзі көтеріп жүру – шын мәнінде қиынның қиыны. Оның оңай емес екені орындаушы түгілі, талдау барысында бізге де қатты сезілді. Сондықтан «бәрі де зор шабытпен ойнады, естен танарлық өнер көрдік» деп өтірік көлгірсімей-ақ қояйық. Онсыз да отыз жыл бойы сәл жеткен жетістігімізді әсірелеп айтып, әбден тоқмейілсіп қалғандаймыз.
Моноспектакльдер фестивалінің шымылдығын бірінші болып ашқан – Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры, Ж.Ануйдың «Медеясы» (режиссері Қ.Қасымов). Өз басым «Медеяның» мазмұн жағынан қазақ сахнасында қойылуын аса қаламасам да, көп актриса армандайтын және олардың шеберлігін көрсететін рөлдердің бірі екенін түсінемін. Медея рөлінде Б.Қожамұратованы сахнадан көргенде бірден көзге жылы ұшырады. Түр-тұлғасы келіскен, сыр-сипаты бар актрисаның бастапқы эмоциясына қарап, расымен де оның Медеясы сиқырлы күшке ие екенін сезінгендей болдық. Бірақ әуелгі эмоциясын бәріне көнетін, төзетін әйел­дің әрекетіне төгіп тастағаннан кейін, кешіре алмайтын опасыздыққа келгенде қуат көзі әлсіреп кетті. Яғни Ясонға деген сезім, мейірім, реніш, ыза, жек көру, кек алу деген секілді сатылары бір сарынды жүріп отырды. Ішкі арбасу, арпалысудан гөрі тән құштарлығына жиі көңіл бөлгізген режиссердің шешімі болмаса, былай актриса Бақытгүл Медеяның ойлану, толғану сәтіне тоқталар мүмкіндігі бар екенін білдік.
Екінші спектакль – М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры, Қ.Бегмановтың «Менің Мұстафам» драма-диа­логы (режиссері Ә.Рахимов). М.Шоқай – бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған біртуар азамат екенін білеміз. Барша түркі жұртының тәуелсіздігін аңсаған күрескер туралы танымдық жақсы спектакль болғаны рас. Оны жеткізуде тәжірибелі актриса аянып қалған жоқ. К.Шаяхметованың сөйлеу мәнерінің тазалығына, үн нақышына тәнті болып отырдық. Дейтұрғанмен актриса ойнында бір түспен боялған тұстары көп болды. Оның басты себебі, пьесадағы өмірбаяндық сарынның басым болғаны. Оқырман үшін өзекті мәселені көтеру бар да, оны көрермен тұрғысынан шешу бар. Яғни көркем шығармадағы келелі мәселелерді сахна мүддесіне сай шешу жағы көмескі тартқан. Көп перделі суреттер баяндама күйінде қалғанын ашып айтуға мәжбүрміз.
Үшінші спектакль – М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры, Д.Исабековтың «Актриса» драмасы (режиссері Г.Қамысбаева). Сахнада тор. Бірден назарыңды аудартып, ойға тастайды. Сол тордың ішіндегі актриса өзінің күйзелісін көрсетіп-ақ жүр. Бірақ өмір мен өнердегі Айгүлдің ара-жігін айыру қиын болды. Тордың ішінде, сыртында бірнеше актриса ойнап жүрсе де бір Асанованың образын қоюлата алды деуге келмейді. Оқиғаға аса киліге бермейтін, көзге ерсі көрінетін оғаш қимыл-қозғалыстар кездеседі. Әр көріністе асығыстық, шалағайлық бар.
Төртінші спектакль – С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры, О.Бөкейдің «Қауіпті будан» монодрамасы (режиссеры А.Салбан). Бастапқыда Таған рөліндегі актер Б.Киекбаев өзінің ұзын плащымен, қобыраңқы шашымен микрофонға келіп, әңгімені бірден бастап кеткен тәсіліне қызыға ден қойдық. Әңгімедегі тебіреністер көкейге қонымды. Оған тілеулес болып отырасыз. Сосын қалай авансценадан ұзады, солай көріністер де көмес­кілене бастады. Ортада араның қанаты, қылыш, кітап, домбыра, үстіндегі киімдер, тағы басқа детальдардың қолданысқа ие болғанымен илеуі қанбай жатқанын байқадық. Заттан-затқа тез көшуіне актердің көңіл күйі ілесе алмай жатты. Онымен қоса, кейіпкер Тағанның күрделі иірімдерінің айқара ашылуына асқақ дауыстың жетпей жатқаны да жасырын емес. Кезінде ұлы сахна реформаторы К.С.Станиславский бірде Италияның атақты трагигі Т.Сальвиниден: «Трагедияны ойнау үшін не керек?» деп сұрағанда, Сальвини: «Дауыс, дауыс тағы да дауыс» деп жауап беріпті. Жалпы, адам дауысы – жүрек тебірентер әсем ойды, қайғы кернеген ашуды, дұшпанға деген қайырымсыз ыза-кекті жеткізетін құрал күші екенін еске мықтап ұстаған абзал.
Бесінші спектакль – Шығыс Қазақстан облыстық драма театры, А.Рақыштың «Тегімді менің сұрама» монодрамасы (режиссері Е.Хасенов). Спектакль атауы өте өзекті, бүгінгі жасанды ұрықпен туылған жастардың тағдыры. Тақырып жақсы, тек тарқатылуы жағынан әжептәуір осал тартқан. Мысалы, Әмір өзінің жиырма бес жасқа толғанын тойлап жатады. Сұлушаш атты жүріп жүрген қызы бар. Бір уақытта оған «сен, жиырма бес жасыңды тағы да әкесіз қарсы алып жатырсың ба, тексіз?!» деген жайсыз хабарлама келеді. Ал Әмір оған бір хабарласып қояды да, ары қарай түк болмағандай тойлатып жүре береді. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанды. Актер М.Разханов «тексіз» деген ауыр сөзге аса мән бермейді. Бар жасаған әрекеті –анасынан, әжесінен сұрайды, болды. Ол сөзді әйел жазып жатыр ма, еркек жазып жатыр ма, не үшін жазып жатыр деп жанұшыра іздеу жағы, табу жағы жетімсіз. Драманың өн бойында мінез жоқ, тартыс жоқ. Шиеленіс жоқ жерде сюжет желісі шикі келері айтпаса да түсінікті. Оны пісіп-жетілдіру жолында режиссердің де, актердің де еңбегі нәтижесіз болды демеске амал жоқ.
Алтыншы спектакль – Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка драма театры, У.Шекспирдің «Король Лир» спектаклі (режиссері Ә.Ақанов). Режиссер қоғам және отбасы тағдыры жайлы үлкен әлеуметтік ойларға жетелейтін бұл қойылымды сахналық безендіру арқылы кілтін жақсы тапқан. Лир қыздарымен жеке-жеке сөйлескенде сол лампалар кезек-кезек жанып, диалогтың жүріп жатқанын әдемі көрсеткен. Көз тартарлық сахналық үлгі-бедері бар болғанымен, бірақ соған лайықты актердың шығармашылық белсенділігі жетпей жатты. Б.Шәнім Лирдің патшалыққа тән табиғаты, әкелік мейірімі, сосын сенімі, үміті, өкініші тектес белгілерін беруде алдын ала саралау мен іштей толғанысқа терең бармағаны байқалды.
Жетінші спектакль – ШҚО «Дариға-ай» жастар театры, Ш.Айтматовтың «Ізде» сюрреализмі (режиссері Г.Адай). Актер Е.Қасымбековтің сахнада өзін еркін ұстауы ерекше ұнады. Сөз жеткізудегі талпынысы да жаман емес. Спектакль режиссурасының бір ерекше жетістігі – кішкентай детальдар туындымен біте қайнасып бірігіп кетеді. Сахнадағы саты, жуан арқанды қадауы, байлауы, айналдыра құдық ретінде пайдалануы оқиғамен қоса-қабат өріліп отырды. Десек те, «Ақ кеме» шығармасынан алған актердің (оқырманның) әсері сюрреализм жанрына сай деп айту қиын. Жалпы, біз жанр мәселесін жіті түсіне алмай келеміз. Осыдан барып бір спектакльде барлық проблемаларды шешпек боп, әр нәрсені тықпалаймыз. Ананы да, мынаны да айт­қымыз келгенімен, негізгі мақсатымыз орындалмай шығады. Жанр табиғатына тән адам образына тереңдей алмаған соң, оқиға қуып кететініміз осы қойылымда көрініп тұрды.
Сегізінші спектакль – Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры, У.Шекспирдің «Гамлеті» (режиссері М.Хабибуллин). Оқиға тордың ішінде өтеді. Әкесі түсіне кіретін жерден спектакль басталады. Түс көру барысында Б.Телеуғалиев денесін тоқ ұрғандай дірілдеп жатуы, сосын оянған бетте айқайға басуы алдағы болар барлық актілерден хабар беріп қояды. Бірыңғай жасалған бейнеден актер Бағдат бірде Палони, бірде Клавдийге ауысуы көп жағдайда карикатуралық қимылдарға кетіңкіреп қалды. Актер Гамлеттің мінез-құлқына тән әрбір қалтарысты дөп басты деуден гөрі Шекспир мәтінінен оқылым жасады деуге көбірек келетін секілді. Режиссердің формалық шарттарын игеруде шабандық танытқанымен, Шекспир мәтінін жеңер тұста жас актердің өмірлік тәжірибесі жетпей тұрғаны көзге ұрып тұрды. Сосын спектакль барысында, ішке түскен күйікті төбеден аққан сумен басып отыруы басында дұрыс көрінгенімен, кейін сол көріністің дәл солай бірнеше рет қайталануы – көрерменді жалықтырғандай болды. Бірақ көңілге демеу боларлық бір тұсы: қоғамдағы таққұмарды, билікқұмарды, лас пиғылдарды – ұзын үстелді, екі орындықты, суреттерді, шынжырларды пайдалану арқылы сәтті бейнеледі, әсіресе басында алмаларды бір тістеп лақтырып тастап, соңында оларды адамдардың бас сүйегі ретінде ойнатылуы тіпті әсерлі.
Тоғызыншы спектакль – Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Ш.Айтматовтың «Ана мен Ала» драмасы (режиссері А.Салбан). Көрушінің көңіліне бірден ұялай кететін сахна төрінде бір зат бар. Ол – тігін машинасы. Ол – өмірдің де, өнердің де үздіксіз қозғалысы. Өмірдің қилы тағдырын бастан кешірген Толғанай мен Әлиман екі жақтан шығып, демін ішіне тартып тұрған затқа жақындайды. Екеуі де бетінде қалыбы бар бұл құбылысқа ұзақ қарап тұр. Бір мезетте ашуға ұмтылған енесін итеріп жібереді, себебі ол затқа жолатқысы жоқ келіннің. Оны ашса бір сұмдықтың болатындай сезеді, сезсе де, тағдырға қарсы тұра алар шама жоқ. Сонымен ашылады, осылай спектакль басталады. Бірден айта кетейік, қос актрисаға қол ұшын созып тұрған декорация да, әуен де жоқ. Бар құралы – өмірдің диірмені іспеттес тігін машинасы мен түрлі түсті жіптер ғана. Мұндай символикалық тәсілдер шығарманың идеялық-көркемдік мазмұнын терең ұғынудан туған тапқырлық дер едік. Сахнаның ортасында титтей болып көрінгенімен, ауқымы кең бұл детальдің төңірегінде жанқияр тартыс дәрежесі көтеріліп жатады. Бір үйден біртіндеп кетіп жатқан ер-азаматтардың белгісі ретінде төрт түрлі жіптерді ойната түсуі де сахнаның көркемдігін кедейлендіріп тұрған жоқ. Соғыстың қанды шеңгеліне іліккен ер мен перзенттері үшін зар илеген шерлі ананы актриса Б.Жұмағұлованың еңбегін ерекше атау керек. Ол – Толғанайдай күрделі образға өз тұсынан жаңа бояу-өрнек қосқан. Тек бір ескертетін жайт, Жұмағұлованың ойынында трагедиялық үн аздау. Оған себеп: бірінен кейін бірі келіп жатқан қайғылы хабардан біртіндеп мүшкіл халге түсудегі этаптарды ескермеуі. Ал жас актриса Ж.Тұрашева Әлиман бейнесіне даралық сипат беруге барын салып жүргенін байқадық. Кейіпкердің ішкі дүниесіне енудегі талпынысына шын сүйсіндік.
Оныншы спектакль – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры, Қ.Мұраттың «Қуыршақ» психологиялық драмасы (режиссері Р.Жанаманов). Драматург Қолғанат қуыршақ арқылы рухани бишаралықты жақсы көтерген. Қоғам және адам тағдыры қамтылған керемет шығарманы місе тұтпай, өздері қайта жазып шыққан көрінеді. Орынсыз өзгертулерге көп барған. Актер Б.Момынжанов кейіпкер болмысын ашпақ түгілі маңына жақындаған болса айтар едік. Актерлік өнерінен ерекшелік көрмедік. Көрермен көңіліне қозғау салардай соншалықты көреген шешім де жоқ. Не айтқысы келгені түсініксіз.

Айқын сөз аз, адуын айғай көп

Міне, сөйтіп, кішігірім пішіндегі қойылымдарда көзге оғаш көрінген кемшілік аз болмады. Қатты қынжылтатыны, бұл кемшіліктердің көпшілігі сахнамызға айықпас дерт болып жабысып алғанына көп болды. Ал ол дерттер туралы мұндай мерекелік фестивальдерде әңгіме қозғау әбестік көрінеді. Қозғалса да мерекеге жиналған елдің көңіл күйін түсірмейін деп байқап-байқап, сипап-сипап айтылады да, оның өзі артынша болатын мақтау-марапаттаулардың көлеңкесінде қалып қояды. Демек, талданып, сарапталып, өз бағасын алмаған соң да кемшіліктер сахнаға әбден бой үйретіп, бір фестивальден екіншісіне сүйретіліп келе береді. Бір-бірімен шимайланып қалған сол түйіндерді шама-шарқымыз келгенше тарқатып көрейік.
Әуелде, бір-екі актерден басқасының сөзін түсіне алмай, әбден әбігерге түстік. Мұның асқынғаны сонша, сөзден өші бардай жұлып-жұлмалап, бүтін сөйлемді жауапсыз жеткізіп жатқанына кәдімгідей ашу-ызамыз келіп отырды. Классикалық үлгіде жазылған ғажап кейіпкерлердің киімі мен гримі онсыз да өзгеріп жатыр, тым болмаса автор мәтініне қиянат жасамаса екен дейміз. Белгілі театр сыншысы Ә.Сығайдың «…сахнаға шығады да, апыр-топыр біреудің жазып бергеніне жаны да ауырмайды, жүрегі де селк етпейді. Ал мен мәтінді айтқанда, қан қысымы көтеріліп, жаны ауырып, жүрегі шаншып, сөз азабын тартқанын қалар едім» деген сөзіне біз де қосыламыз. Әуезовті Әуезовше, Чеховты Чеховше, Шекспирді Шекспирше неге сөйлетпеске? Сан дыбысты, сан бояулы болған өздеріне де, көрушіге де қызықты емес пе? Өкінішке қарай, бұл кемшілік бүгінгі қазақ актерлерінің бәріне де ортақ болып тұр. Актерлік өнердегі сахналық тіл дәстүріне қатаң қарау мезгілі жеткен сияқты.
Ашығын айту керек, анық сөз, айқын дикция, кідіріс, екпін, тыныс белгілері деген түсінік аз. Есесіне, бір мақамдағы адуын айғай көп. Жай сөз жоқ, шығады да айғайлайды. Соның салдарынан дауыстағы табиғилықты жойып, үннің тарғылданып шығуына ұрынып жатады. Драматург пен режиссердің түпкі мақсатын жұртқа жеткізуші негізгі тұлға актер екенін өздері жақсы білсе де, дауыс пен бет-пішін құбылтуға келгенде әйтеуір сараңдық танытады. Құдай-ау, біз тіпті Қаллекише сөйлеп, Елубайша тебіренсін деп жатқан жоқпыз ғой. Тек мәтінді бірсыдырғы оқып бермей, сәл де болса сөз салмағына мән берсе екен дейміз. Бар болғаны осы! Ал біздікілер, жүгіріп жүріп дайындалатындықтан, ойланып емес, айғайлап, әзер үлгеретін сыңайлы. Одан қала берді, эмоцияны үнемдеп бере білудің орнына бәрін лақ еткізіп жайып жібереді. Сезімнің не артық, не кем кетуі қазақ сахнагерлерінің актерлікті түрлі техникасымен түбегейлі меңгере алмай жүргенінен болар деп ұқтық. Осының барлығы – айналып келгенде білімнің аздығынан, ізденістің әлсіздігінен. Бірдеңе десең «ізденіп жатырмыз ғой» дейді. Ізденістің де ізденісі бар. Тиіп-қашқан, бірді-екілі емес, жанкешті ізденіс керек. Тынымсыз ізденістің болмауынан режиссердің берген бағыт-бағдарынан ары актерлер өзінше шалықтай алмай, басқа бір мәнсіз нысанаға бет алып, ой арнасынан ауытқып, адасу салдарынан рөлдер әлемі шыншылдық деңгейге көтеріле алмай жүр.
«Осынша әңгіме айтқызатындай, оралдықтар неге ондай спектакльдердің өтуіне жол берді?» дерсіздер. Тағы да айта кетейік, моно фестивалі алғаш рет қолға алынып жатқан соң, келген спектакльдерді таңдауға мүмкіндік болмаған. Іріктелер болса екі-үш спектакль ғана қалар еді, ал ондай санмен фестиваль өтпейтіні белгілі. Сондықтан «біссіміллә» деп басталған алғашқы жұмысқа қатты қуанғанымызды жасырмаймыз. Ал сылбыр оқылып, көңілге селдір тоқылатын спектакльдер бірінші рет іске асырып жатқан Орал театрында емес, бірнеше мәрте фестиваль ұйымдастырып жүрген, жөн-жоралғыны жақсы біледі деген мәртебелі театрларының өздері кейде жең ұшынан жалғасып жатқан жолдас-жоралыққа салып жіберетінін көзіміз көріп жүр. Жарайды, ағайыншылыққа салып, өз араларында іріктей салсын, я болмаса арнайы сарапшыларға таңдатсын дейік, қысқасы, қандай жолмен болса да қатысушылар тізіміне кіргізді делік. Ендігі мәселе, спектакльдің көркемдік деңгейі қалайда сөз етілері рас қой. Рас болса, сынақтан өтетінін білетін режиссер-актерлер жанын салып неге жұмыс істемейді екен деген заңды сұрақ туады. Додада кемшіліктер көп айтылмауы үшін қойып кеткен режиссер болса, оны қайта шақырып, кем-кетігін толтырып, көркемдік жетекшілері бас-көз болып одан ары кеңітіп, дамытып келу – солардың тікелей міндеті емес пе? Айналып келгенде жақсы сөз де, жаман сөз де сол театрға келерін біледі ғой.
Ол аз десеңіз, келген спектакльдердің ішінен премьерасы сол фестивальде ойналып жатқанын да байқап жүрміз. Сөйтіп, жарытып репетиция жасалмаған «ұлы жобамен» қазылар алқасы мен көрерменнің алдына шыға салу әдетке айналып барады. Кейіпкерінің айтпақ ойын, автордың идеясын, әрбір сөздің астарын ашудың орнына «сөзімнен шатасып қалмасам екен» деп тұрған актерлерден қандай сапа, шеберлік күтуге болады? Ал оларды олпы-солпы күйінде жібере салған театр басшыларына не айта аламыз?
Не десек те, өнер адамдарында намысты жану жағы кемшін түсіп жатқанына да өзіміз кінәліміз. Бұған нақты дәлел келтірейік. Кез келген фестивальде бас жүлде, 1, 2, 3 орын және түрлі номинациялар болады. Бұлар бекітіліп қойған соң, еш өзгерте алмайсың. Ал сосын не істейсің, орын бөлерде шақша басың шарадай болады. Бұл жерде қазылар алқасы мүшелерін де қатты кінәлауға болмас. Талап солай! Енді «талап солай» деп ары қарай да қарап отыра беру болмас, бәйгеге қосылғандарының ішінен озғанын таңдап, сәйгүліктерді ғана сапқа тұрғызу үшін бұл талапты бұзу керек деп ойлаймын. Келгеннің бәріне бір-бір күлше тарату өнерді жарылқауға жатпайды. Керісінше, өздеріңіз көріп отырғандай, кесірі тиеді. Себебі олар пәлен фестиваль­де осындай жүлде алдық деп артынша күпініп, дауылдатып жүреді. Құдай басқа сала көрмесін, амандасуларының өзі – кеудесіне нан пісе жаздап сыздап тұрған сөздер. Қайдан білсін, берілуге тиіс болған соң амалдың жоқтығынан берілгенін. Жақсы, алсын дейік. Тым болмаса талқылауда айтылған сын-пікірлермен жұмыс істесе, мейлі ғой. Жоқ, дәл сол кемшіліктерімен келесі фестивальге қатысып жатады. Бұл не сонда, менсінбеушілік пе?! Ал фестивальді ұйымдастырушылар мен олар құрған қазылар алқасы айтылған пікірлерге жүрдім-бардым қарайтынын білсек те, қолпаштап, марапаттауды қояр емеспіз. Біз сонда кімді алдап жүрміз?! Ондай өнердің бізге берер өнегесі қандай?
«Лайықты болмаса, айтыңыздар, ол орындарды алып тастайық» деп алғаш айтқан осы оралдықтар. Біз оған қуана келістік. Сөйтіп, орындарды алып тастап, үздік номинацияларға төмендегі өнерпаздарды лайық деп таптық. «Үздік сценографияны» – «Король Лир» спектакліне, «Үздік режиссураны» – «Ана мен Ала» спектаклінің режиссері А.Салбанға, «Үздік әйел бейнесін» – Медея рөліндегі актриса Б.Кожамұратоваға, «Үздік ер адам бейнесі» – Гамлет рөліндегі Б.Телеуғалиевке берілді. Ал театр 30 жылдығының арнайы жүлдесі Ш.Айтматовтың «Ізде» сюрреализмін алып келген (режиссер Г.Адай) Семей облысының «Дариға-ай» жастар театрына тапсырылды.
Бір қызығы, Батыс Қазақстан облыстық театры өздері ұйымдастырып жатқаннан кейін фестивальге қатыспауды жөн көріпті. Бірақ мұны құп көре қоймадық. Қатысу керек. «Тек қай театр ұйымдастырып жатыр, сол театрдың қанжығасы алдымен майлануы керек» деген ұғымнан арылсақ екен. Әйтпесе төрағаларды айналшықтап шықпай алғызғандарды да, бермесең үстінен екінші Гран-При бергізгендерді де, былайша айтқанда, бір тойда екі жар-жардың болған сұмдықты да көргенбіз. Көп жағдайда ұйымдастырушы тарапынан шешіліп, қалғаны бас шұлғып, қоштап отыратыны шындық. Әділ пікір айтылсын деп ресми мамандарды тағайындаған соң, олардың ісіне сеніп, ішкі шаруасына араласпаған жөн болар.
Сосын тағы айтпасқа болмайтын бір жайт – қанша байқап жүрміз, қазылар құрамына кірген драматург, режиссер, актер ағайындарымыз қойылымның жетістігін айтып, кемшілігіне келгенде үні бәсеңдеп, кібіртіктеп қалады. Я болмаса, араларында бір-екі сыншы отырса «сыншы бәрін айтады ғой» деп соларға бар салмақты арта салады. Ол жақсылықтың нышаны емес, тіпті өнерге жасалып жатқан жанашырлық та емес. Осы табиғатымызға жат жасқаншақтықтан, көңіл жықпастықтан қашан арылар екенбіз деген ой жиі мазалайды. Әр адам өз мамандығына қатысты спектакльдің қырық қатпарлы астарына үңіліп неге айтпасқа? Көзге томардай боп көрініп тұрған кемшіліктерді көргіміз келмей, «менің замандасым, менің шәкірттерім ғой» деп үнсіз қала берсе, онда қазылар қатарында отырудың да қажеті аз болар. Берілген міндет ортақ болғаннан кейін өтімді пікір қалдыру да парыз шығар. Адамдардың осы рухани немқұрайдылығы түптің түбінде халықтың бейруханилануына апара ма деп қорқамын.
Моноспектакль фестивалін ұйымдастырған БҚО театрының директоры Н.Тасболатов пен көркемдік жетекшісі Н.Жұбатова бастаған қызметкерлерге дән ризамыз. Театр өнерінің өрісін кеңейтуге бағытталған аталмыш рухани шараға жоғары жақтан қолдау мүлде болған жоқ, театр өз қаржысымен жүзеге асырды. Бұл – үлкен ерлік! Моноспектакльдерге қазақ сахнасына үн қосуына мол мүмкіндік берген театр басшыларына мың алғыс! Игі бастама әрі қарай жалғасын тауып жатса, құба-құп…

Айзат КАДЫРАЛИЕВА,
театртанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір