ЖАЛҒЫЗДАР МЕКЕНІ
22.01.2016
1822
1

DSC_0208Дүниежүзі халқы урбандалып бара жатқан бүгінгі күні қала мен қалалық өмір салты біздің негізгі тақырыбымызға айналып келеді. Қаланың басты проблемасының бірі жалғыздық екенін қала социологиясын зерттеуші мамандар да, адам табиғатына үңілген қаламгер қауым да айтудайын айтып, жазудайын жазып-ақ келеді. Үлкен орталықтарға ағылған америкалықтардың қалалық болуға ұмтылысы, отбасылық құндылықтардың өзгерісі мен өзімшілдігін романдарының негізгі тақырыбына айналдырған Теодор Драйзердің кейіпкерлері де жалғыз еді. Ол енді АҚШ-тағы проблема ғой деп жүргенімізбен, сол жалғыздық тақырыбы, жалғыздардың өзімшілдігі мен көптің жалғыздана түсуі мәселесі бүгінгі күні біздің де өміріміздің өзегіне айнала түскендей.  


Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы мем­ле­кеттік академиялық Балалар мен жасөс­пірімдер театрында сахналанған Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» дра­ма­сындағы кейіпкерлер де – жалғыздар. Әр­қайсысы өзін ғана  қасірет көрген, сұм­дық зәбір-запа шеккен деп есептеп, тек қа­на өзін аяйды, өзіне ғана жаны ашиды. Сөй­теді де өзгелердің неге өзіне жаны ашып, неге өзіне ғана көмектеспейтінін ай­тып шағынады. Өзгенің жанына үңіліп, оның да өз аяулысы, өз қасірет-қайғысы бар екенін тіптен түсінгісі келмейді. Өйт­кені, өзгеге қамқорлық жасау әрекеті оның түсінігінде жоқ, уәде – Құдай аты екені ойы­на кіріп те шықпайды. Жақын туысқа, бауы­рға деген өкпе жинала-жинала келіп, кек­ке айналған, сөйтіп, бауырмалдықтың ор­нын біртіндеп жеккөрініш басып, көп ішін­дегі жалғыздарға айналғанын аңғар­маған.

Олардың бауыр екенін, туыс екенін ұмыт­тырмайтын бір орын бар. Ол – қара шаңырақ. Бір кездері бірі ауырса екіншісі тү­німен көз ілмей күзетіп шыққан, бірі қи­налса екіншісінің жаны үзіліп түсуге бейіл, осы күні сол бауырмалдықтың жіңіш­ке жібі үзілуге шақ қалған бір үйдің ба­лаларын әзірге біріктіріп тұрған, қандас еке­нін қайыра еске салатын орын – осы Үлкен үй. Бұл қара шаңырақта отырған жа­ны нәзік, арманшыл, сол арман­шыл­ды­ғынан (ғарышкер болам деп – ағаш басына шы­ғып, ұшуға талпынып, жазым болып, мү­гедектің арбасына таңылған) зиян шеккен Мақсат пен ұлын ұяға, қызын қияға қон­дырса да қолын жылы суға мала алма­ған және бейнетінің зейнетін сұрау ойына да кіріп шықпаған Ана – мейірім атаулы­ның жалғыз ұясындай. Бір кездегі бауыр­мал­дықты, татулықты, ізгілікті қайта аң­са­ған Мақсаттың бар ойы – бағзы тату-тәтті өмірге оралу…

Бір отбасындағы оқиға арқылы қоғам­ның дертіне үңілген бұл драма бұдан жиыр­­ма жыл бұрын жазылса да, бүгін де өзі­­нің өзектілігін әлі жоғалтпаған. Әрине, жиыр­ма жыл бұрын жазылғанын байқа­татын тұстар бар…

Біздің айтқымыз келетіні – мейірім мен ізгілік те күтімді қажет ететіні жайлы әң­гіме. «Күтімсіз гүл де солады, ағаш та қу­райды. Мейірім нәрін молынан сіңірген мәуе­лі ағаш жемісін көбірек салады. Күре тамырдан тараған қуат күшін әр бұта өзіне қажетті мөлшерде ғана қабылдай алмаса, жапырақ сарғаяды, бұта да сынады, алып ағаш та құлайды. Адам да солай… Береке-бір­лік, татулық болмаған отбасында жү­рек­тің жылуы қайдан болсын?!» Сірә, Мұрат Ахмановтың қойылымы осы ойды меңзесе керек… Шынымен, кіл жалғыздар мекеніндегі мейірім мен бауырмалдықты аялай алмай жүр ме екенбіз?..

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір