Кеудесіне періште қонған ақын
16.10.2022
658
0

Жарты ғасырдан аса – 54 жыл бірге ғұмыр кешкен жан жарым, ақын Рафаэль Ниязбектің қайтыс болғанына да жыл толды. Иманды болғыр Рекең балажан адам еді. Жазу жазып отырса да, тастай салып немерелерімен далаға шығатын. Рекең «ұл немере керек» деп ұлынан ұрпақ сүйгісі келетін. Мен оны жұбату үшін «Сен – елу төрт кітаптың авторысың, қазірдің өзінде атың жер жарады. Сондықтан сенің тегің өлмейді, жасай береді» дейтінмін. Содан кейін сирек айтатын болды.

2022 жылы 20 наурызда қайтыс болғанына жарты жыл толғанда «Өзіңсіз өткен жарты жыл…» деген естелігім «Қазақ әдебиеті» газетіне шықты. Таныстардың біразы қоңырау шалып құттықтады, мақтады. Тойды бөліссе қуаныш көбейіп, қайғыны бөліссе қайғы азаяды екен. Рекең марқұм бізге бәрін жасап, дайындап, «жақсы өмір сүріңдер» деп кеткен екен-ау. Иә, шаруаға жоқ еді, бірақ бәрін тауып, ұйымдастырып беретін, ал мен ұқсатып, оған «ал балық, аузыңа сал балық» деуші едім. Мен өзіме сын көзбен, елге түсіністікпен қараймын, адамдарды Рекең сияқты жақсы көріп, жақсылық жасап, бәрін өзімдей санап сыйлаймын. «Жақсы сөз – жарым ырыс», жақсы сөз айтсаң жамандық қашады.
Биылғы 13 мамырда Рафаэль мен Жәркен Бөдеш, Шөмішбай Са­риев, Есенғали Раушан, Аманхан Әлімнің еске алу кештері Қазақстан Жазушылар одағының залында болды. Тақырыбы «Бақұл бол, халық сені ұмытпайды…» деп аталған. Балаларыммен, Мәлика немереммен бардым. Одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулет жылы естелік айтып, сөз сөйлеп, ақындардың жарларына – бізге құрмет көрсетіп, қамзол кигізді. Бес ақынды «бес жұлдызға» теңеп, тірі кезінде «классик» атанғандар деп, жоғары бағалады.
18 мамырда ҚР Жазушылар одағында әдеби жыл қоры­тын­дысында жазушы Өтеш Қырғызбай Рафаэль Ниязбектің Д.А. Қонаев туралы жазған «Көсем» атты тарихи романын мақтап былай деді: «Кейнінгі жылдары деректі проза ұлттық әдебиетте алдыңғы сапқа шығып, нағыз жауынгер жанрға айналды. Деректі прозаның өткен жылғы озық үлгісі ретінде көрнекті ақын, танымал жазушы Рафаэль Ниязбектің халқымыздың біртуар ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы «Көсем» атты тарихи романын атап өтер едік. Романның алғысөзінде жазылғандай, кезінде Қонаев ақсақалдың тәрбиесінде болып, қызметі өсіп, елге танылған, кейіннен ұлы тұлға қызметінен шеттетілгенде оған қарсы әрекет еткен пенделердің әлі күнге биліктің төңірегінде жүргеніне және олардың тарапынан келер қарсылыққа қарамастан, Рафаэль Ниязбек нар түйенің жүгін көтеріп, рухани тәуекел іске барған…».
Өтеш Қырғызбай өз баяндамасында: «Сонымен қатар романда сол кезде ел билігіне араласқан өзге де тарихи тұлғалардың көркем бейнесі жан-жақты сомдалып, көпшілікке беймағлұм болып келген оқиғалар қаламгер назарынан тыс қалмайды»,– деп атап өтті.
13 тамызда Тараз қаласында Д.А.Қонаевқа қоладан жасалған ескерткіштің ашылуына бардым. Рекеңнің шығармашылығын бағалаған Халықаралық Қонаев қоры «Мерей» орденін маған табыстады. Ертеңінде «Аристо» кафесінде Рекеңнің туыстары мен араласып жүрген таныстарын шақырып, Құран оқыттым. Тараздан келе сала Рекеңнің жылдық асын «Нони» мейрамханасында өткіздік. Астанадан арнайы келген ҚР Президентінің кеңесшісі, жазушы, аудармашы Мәлік Отарбаев Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жолдаған сәлемін жеткізді. Рекеңмен жақсы араласқан адамдар жылы естелік айтты. Қонаев атамыздың дәрігері, Ахат Аминұлы Рекеңді де бірнеше жыл балмен емдегенін тілге тиек етті. Генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев пен Әмір Құлмаханов барлық керек-жарақпен қамтамасыз етті. Асқа қатысқан ағайындарға зор ілтипат білдіремін. Тәуба!
Рекең – кеудесіне періште қонған ақын. Соны біліп, бағалап жатқан адамдарға Алланың нұры жаусын!

Гүлжан МҰХАМАДИЕВА,
ақынның жары

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір