«КҮЙ ТӘҢІРІ – ТӘТТІМБЕТ» САЗЫНЫҢ БҮГІНГІ КӨРІНІСІ
26.08.2022
1113
0

Секеннің күйлерінің дені – құрылысы жағынан шертпе күй. Ал шертпе күйдің ырғақ-үні ешқашан қарапайым болмайды. Сондықтан оның кез келген күйі бітімі жағынан өте күрделі, композициясы кемел туындылар қатарына жатады. Қазақтың күйшілік мәдениетінде Секеннің орны бөлек. Ол «Күй тәңірі Тәттімбет» сазының бүгінгі көрінісі. Тәттімбеттің қосбасарлы сарыны қонған. Ар жағы Байжігіттен ауысқан шығыстың шыңырау сазы және бар. Төлеген Момбековтің қолынан күй үйренген, батасын алған. Сондықтан онда Төлегеннің де лиризмі көп байқалады.

С.Тұрысбектің шығармашылығын біраз адам зерттегенін білемін. Солардың көбі қызыл сөзді сапырып, құрғақ мақтаудан, шеберлігіне тамсанудан ары барған жоқ-ау. Ал енді күй білгірі Ақселеу Сейдімбек Секен сазгерлігі жайлы көлемді зерттеу мақала жазды. Ол мақала, ұмытпасам, «Жұлдыз» журналына шыққан. Мен де «Шертпе күйдің төрт мектебі» атты кітабыма Секеннің жаңа дәуірдегі күйшілік сипатын жазғанмын. Секен шығармашылығы тақырыбындағы магистрлік жұмыстар және бар.
Секен бір сөзінде «Күй өнеріндегі бір кемшілік – оны эстрадаға салып орындау дер едім» депті. Күйдің эстрадамен елге кең танылатынын айтатындар бұл сөздің сырын ұқпай жатады. Шынымды айтсам, бұл жағдайды өзімен отырып, арнайы талқылаған емеспін. Сондықтан жорта айта салу қиын. Мүмкін ертеректеу кезде айтқан болар. Соңғы кезде Секеннің шығармалары да эстрадалық өңдеумен орындалып жүргенін аңдап жүрміз. Композитор-өңдеуші Ринат Ғайсинмен де шығармашылық қатынасы бар. Осы жағдайларды қоғамдай келгенде Секен эстрадалық бағыттарға да қалам тербей бастады және тәп-тәуір жетістіктерге қол жеткізді. Болат Мажағұловпен бірге түскен бейнебаяны өте сәтті шыққан деп санаймын.
Оның күйлерінде сыбызғы, қобыз аспаптарында кездесетін байырғы техни­калық тәсілдер, дәстүрлі амалдар жиі кездеседі. Мысалы, «Балауса» күйі сыбызғы мен домбырада тең орындала береді. Сонымен қатар оның заманауи композиторлық бағыттардағы жаңаша ізденістері де көзге ұрып тұр. Осы есептен болар, «Көңіл толқыны», «Ақжауын» сияқты күйлері фортепиано, баян, гитара аспаптарының репертуа­рына енген.
Бүгінде жастар ғана емес, ақсақалды аталар мен ақжаулықты әжелер де күй тыңдамайтын заман туды ғой. Бұл – өнердің саяси стратегиясына қатысы бар мәселе. Ақыры қайырлы болар деп үміттенеміз. Дегенмен көпшіліктің көңілінен Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» мен Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымы» сияқты жауһарлар ешқашан өше қоймас. Халықтың жүрегінен орын алған осындай күйлер ғасырларға жалғаспақ. Секен жан-жақты жаза алатын композитор. Ол оркестрге, жеке домбыраға, сыбызғыға, сырнайға арнап сәтті шығармалар жаз­ған. Ал ән саласында да тамаша жетіс­тіктерге жеткенін айтпасқа болмайды. Мақпал Жүнісова, Дәлел Уаш, Гүлмира Сарина, Гүлзира Бөкейхан сияқты әйгілі әншілердің репертуарында Секен әндері үнемі шырқалады.
А.Сүлейменовтың Секен Тұрысбековке арнаған «Секен асу» атты күйі бар. Секен бұл күйдің аудиотаспасын осыдан он шақты жыл бұрын маған көрсетіп еді. Кәдімгі ескі магнитофон кассетасы. Кабинетінде бірге тыңдадық. Жұрттан ұялып, жарияламай жүреді екен. Себебі «Асқар Сүлейменов інісі Секенге арнап күй шығарыпты» деген сөзді әркім әртүрлі қабылдауы мүмкін ғой. Аудиотаспада Асекең өзі сөйлеп, інісінің мәртебесін асырып, осы күйді арнағанын айтады. Сөйтеді де Сүгірдің үлгісімен «Секен асуды» шертіп береді. Мен күйді үйреніп, бір-екі концерттерде, телехабарларда орындадым. Нотаға жаздым, оркестрге де өңделді. «Секен асуды» хрестоматияға енгізгем. Қаратау өңірінің күй антологиясын жинақтағам. Алдағы уақыттарда қаржы болса шығып қалар. Мұнда Асекеңнің күйді қалай құрметтейіні де байқалады. А.Сүлейменов «Жақсы домбыра – жаман қатын секілді айғайлап, себеп іздеп тұрады» деген сөзі халық арасына кең таралып кетіпті. Секеннің домбырасы өте қымбат мүлік – Эммануил Романенконың аспабы. Үні – алқоңыр. Сол домбыраны қолына алып шерту үшін Асқар Сүлейменов үйіне арнайы келетін көрінеді. Сондағы Асекеңнің сүйсініп айтқаны ғой.
Нұрғиса Тілендиевтің де «Менің күйлерімнің біріне-бірі ұқсап кететін жерлері бар. Мен кейде өз-өзімнен ұрлаймын» дегені бар екен. Бұл сөз де халық арасында көп тарап, бұрыс ұғымға итермелеп жүр. Анығын қарасақ, Нұрағаң ешкімнен, тіпті өзінен де ешқандай әуен, сарын ұрламаған. Кезінде киноға, камералық оркестрлерге жазған шығармаларын қазақ оркестріне қайта өңдеп, лайықтап жазған. Сол кезде айтылған сөз болар. Секен де сондай, ол алғашқы күйлеріндегі мотивтерді ешқашан қайталамайды. Күйдің жырауы ғой, аузына Алла не сөз салса соны айтады. Оның күйлері келісімі жарасқан кілең төлтума туындылар, бір-біріне ұқсамайды. Авторлық стиль туралы әңгіме басқа болса керек. Шығармашылығының шарықтау шыңы – «Көңіл толқыны». Бұл күй ғасырларға бойлай алатын ұлы сарын.
Күйді қабылдауда әр адамның әсері әртүрлі. Біреу патетиканы, біреу лириканы сүйеді. Жалпы біздің тыңдарман көзінің жасын сыққан минорды көбірек ұнатады. Өмірі солай болған соң қайтпек? Не көп, жанына сырт­тан жұбаныш іздейтіндер көп осы күні. Ал енді, Секен күйлері «жүректі суырып алатындай, үздікпе» деген пікірге қосыла алмаймын. Себебі оның жүрегінен шыққан туындылардың дені – қаһармандық, ерлік, туған жерге деген махаббатты суреттейді. «Күлтегін», «Көкбөрі», «Ұлы дала» күйлері соның дәлелі. Мысалы мен Секеннің күйлерінен жігерлі интонацияларды көп аңғарамын және соның мол болғанына қуанамын. Жастық шақтағы сүйіспеншілік тақырыбындағы интонациясы – махаббат пен шаттықты жырлайды. Бүгінде Секеннің насихаты ешкімнен кем емес. Күйі қазақтың жүрегінде. Халқының шексіз махаббатына бөленген бақытты өнерпаз. Алла Секенге соған парапар бақ пен береке берген.

Жанғали ЖҮЗБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір